• Мое избранное
Внимание! Документ утратил силу с 17.04.2023 г

Отправить по почте

Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы № 2 Қаулысы

Осы Қаулы күшін жойды 2023 жылғы 17 сәуірден бастап ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 14.04.2023 жылғы № 3 Қаулысына сәйкес 
Редакция 25.05.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының (бұдан әрі - КВИ) таралуының алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының халқына КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритміне сәйкес КВИ-ге қарсы профилактикалық егулер ұйымдастырылсын және жүргізілсін.
2. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасында халықты коронавирус инфекциясына қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритмі (бұдан әрі - Алгоритм) бекітілсін.
3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Коронавирус инфекциясының профилактикасы бойынша вакциналарды сақтау және тасымалдау регламенті (бұдан әрі - Регламент) бекітілсін.
4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, көліктегі санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің (бұдан әрі - аумақтық департаменттер) басшылары облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен бірлесіп:
1) Алгоритм мен Регламентті КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді жүргізуге жауапты денсаулық сақтау ұйымдарына жұмыста басшылық алу үшін жіберуді;
2) КВИ-ге қарсы профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу бойынша аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде медицина қызметкерлерін оқытуды жүргізуді қамтамасыз етсін.
5. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық департаменттері мен аумақтық білім басқармаларымен (бұдан әрі - білім басқармасы) бірлесіп КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайындық және оны жүргізу жөніндегі іс-шараларды жедел жоспарлау және үйлестіру үшін денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінде жұмыс топтарын құруы, іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет.
6. Егілуге жататын адамдардың санына сәйкес егу бригадаларының қажетті саны, вакцина, шығыс материалдары, тоңазытқыш жабдықтар, автокөлік саны есептеледі.
7. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары аумақтық департаментпен және білім басқармасымен бірлесіп облыс орталығының жауапты мамандарының қатарынан әрбір аудан, қала бойынша КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу жөніндегі іс-шараларды үйлестіретін жетекшіні тағайындайды.
Бұл ретте халықпен жұмыстың ұйымдастырылуына, оның ішінде азаматтарды, кәмелетке толмағандардың ата-аналарын немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың өзге де заңды өкілдерін ақпараттандыруға назар аудару қажет.
8. Тағайындалған жетекшілер:
1) егілуге жататын халықтың КВИ-ге қарсы вакцинациялауға дайындығын бағалауды;
2) әрбір егу бригадасының дәрігермен, егу мейіргерімен және тіркеушімен жасақталуын;
3) вакцинаны тоңазытқыш жабдықтарында сақтау және тасымалдау қағидаларының сақталуын;
4) вакциналарды сұйылтудың, сондай-ақ заттаңбадағы вакцинаны сұйылтудың уақыты туралы белгінің дұрыстығын;
5) егу бригадасының жұмысын бақылауды және қажет болған жағдайда анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюды ұйымдастыруды;
6) вакциналармен жұмыс, егу техникасы, егуге рұқсатты дұрыс анықтау, вакцина енгізілгеннен кейін иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер (бұдан әрі - ИКҚК) бойынша медицина қызметкерлерінің білімін бағалауды;
7) егу пункттерінде шұғыл көмек көрсетуге арналған препараттардың және ИКҚК (коллапс, анафилактикалық шок) дамуы кезінде алғашқы көмек көрсету жөніндегі қажетті нұсқаулықтардың болуын;
8) ИКҚК жағдайларын тергеп-тексеру жөніндегі аумақтық комиссиялардың болуын және қызметін;
9) стационарларда ИКҚК-ның тіркелмеген жағдайларын анықтауды қамтамасыз етеді.
9. Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:
1) вакцинаны сақтау және тасымалдау шарттарын сақтауды, сақтаудың температуралық режиміне байланысты вакцинаны сақтау мерзімдерін сақтауды (аса төмен температурада - минус 60°C-тан төмен; төмен температурада - минус 15-25°С; плюс 2-8°С);
2) егу бригадаларының даярланған мамандармен толық жасақталуын (дәрігер/фельдшер, вакцинатор, 2 тіркеуші);
3) егу бригадасын вакциналармен, шприцтермен және басқа да егу материалымен, термоконтейнерлермен, салқындату элементтерімен, егілетін адамдарды тіркеуге арналған журналдармен және медициналық қалдықтарды қауіпсіз жоюға арналған қораптармен жарақтандыруды;
4) медициналық қалдықтарды жинауды, қауіпсіз жерде сақтауды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыруды;
5) вакциналардың қалдықтарын күн сайын алу, вакциналармен, термометрлермен қамтамасыз етілуді, суық тізбек шарттарының сақталуын бақылау, күрделі жағдайларды шешуді қамтитын вакциналардың сақталуына және қозғалысына жауапты адамды/адамдарды тағайындауды (болмаған жағдайда);
6) жарақтандырылған егу бригадаларын уақытша (көшпелі/жылжымалы) вакцинация пункттеріне жіберуді қамтамасыз етсін.
10. Аумақтық білім басқармаларының басшылары денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп:
1) пандемия жағдайында КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың маңыздылығы туралы педагогтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;
2) жасөспірімдер арасындағы КВИ-ге қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдермен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді;
3) жасөспірімдерді КВИ-ге қарсы вакцинациялау қажеттілігі туралы және осы жас ерекшелік тобының психологиялық-эмоциялық ерекшеліктерін ескере отырып хабардар етуді, психологтарды тарта отырып, жасөспірімдердің психологиялық-эмоционалдық тұрақсыздығы салдарынан иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің профилактикасы бойынша жұмыстар жүргізуді;
4) жасөспірімдерді вакцинациялау үшін тиісті үй-жай бөле отырып, білім беру ұйымдарында егу пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды, үй-жайлардың ішінде жылыту, жарықтандыру, сумен жабдықтау, желдету бойынша жағдайларды қамтамасыз ете отырып, егілгендерді медициналық бақылауды (мүмкіндігінше білім беру ұйымының бірінші қабатында) қамтамасыз етсін.
11. КВИ-ге қарсы вакцинациялауға тартылған медицина қызметкерлері (дәрігер/фельдшер, вакцинаторлар):
1) КВИ-ге қарсы профилактикалық егулер жүргізуге рұқсаты - кейіннен аттестаттай отырып, арнайы оқытудан өткені туралы куәландыратын құжаттың болуы;
2) вакциналармен жұмыс істеу қағидаларын сақтауға;
3) профилактикалық егулерді жүргізу алдында вакцинация жүргізуге көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді есепке алуды қамтамасыз етуге;
4) COVID-19 пандемиясы кезеңінде профилактикалық егулерді ұйымдастыру және жүргізу алгоритміне сәйкес вакцинацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауға (Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 38 қаулысына);
5) салқын тізбектің барлық талаптарын сақтауға, вакциналарды сақтаумен байланысты барлық проблемалар мен бұзушылықтар туралы басшылықты дереу хабардар етуге міндетті.
12. Мына:
1) «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысының;
2) «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы № 46 қаулысының;
3) «Қазақстан Республикасында халыққа COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы ревакцинациялау жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері міндетін атқарушының 2021 жылғы 15 қарашадағы № 49 қаулысының күштері жойылсын.
13. Тиісті аумақтың, көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, төтенше жағдайлар органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары осы қаулының орындалуын бақылауды қамтамасыз етсін.
14. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
15. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Е. Қиясов
Қазақстан Республикасының
Бас мемлекеттік
санитариялық дәрігерінің
2022 жылғы «13» қаңтардағы
№ 2 қаулысына
1-қосымша