• Мое избранное

Отправить по почте

Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 3 маусымдағы № 180 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 7 маусымда № 28399 болып тіркелді

Редакция 18.03.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидалары бекітілсін.
2. «Жерге орналастыру жобасын әзірлеу жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 мамырдағы № 379 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11370 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. «Жер қатынастары саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 782 бұйрығымен бекітілген өзгерістер енгізілетін жер қатынастары саласындағы бұйрықтар тізбесінің 12-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13093 болып тіркелген) алып тасталсын.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е. Карашукеев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгi
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2022 жылғы 3 маусымдағы
№ 180 бұйрығымен
бекітілген
Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
1-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.02.2024 жылғы № 82 Бұйрығына сәйкес (06.09.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 18.03.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) әзiрлеушi – жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) бөгде жер учаскесі – басқа жер учаскесінің ішінде орналасқан жер учаскесі;
4) жер комиссиясы – жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарау және қорытындыларды дайындау үшін Кодекстің 43-бабына сәйкес құрылатын жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган;
5) жер комиссиясының оң қорытындысы – комиссияның жер учаскесіне құқықтар беру туралы хаттамалық шешім нысанындағы қорытындылары;
6) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – уәкілетті орган);
7) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне шектеулер, ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;
8) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган – жер қатынастары саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – орталық уәкілетті орган);
9) жер учаскесі – Кодексте белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін тұйық шекаралар ішінде бөлінген жер бөлігі;
9-1) жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЖМБМК АЖ) – жүргізу тәртібі осы Кодексте және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын жер және құқықтық кадастрлардың мәліметтерін қамтитын ақпараттық жүйе;
2-тармақ 9-1-тармақшамен толықтырылды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 06.09.2023 жылғы № 326 Бұйрығына сәйкес (өзгерту 22.11.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
10) Тармақша алып тасталды (ескертуді қараңыз)
10-тармақша алынып тасталды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 06.09.2023 жылғы № 326 Бұйрығына сәйкес (03.06.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 22.11.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
11) сервитут – бөтен жер учаскесін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы;
12) үшінші тұлғалар – жерге орналастыруды жүргізу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi қозғалатын тұлғалар.
3. Жерге орналастыру жобасын әзірлеу мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскесіне құқық беру кезінде және қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру кезінде жүзеге асырылады.
4. Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік меншіктегі жерлерден жер учаскесіне құқық берген кезде жаңа жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлеу жер комиссиясының оң қорытындысы және жер учаскесін беруге мүдделі тұлғаның (бұдан әрі – тапсырыс беруші) жерге орналастыру жобасын әзірлеуге арналған өтініші негізінде орындалады.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 06.09.2023 жылғы № 326 Бұйрығына сәйкес (03.06.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 22.11.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Жерге орналастыру жобасын әзірлеу кезінде жер учаскесiн алдын ала таңдау актiсiнде көрсетiлген жер учаскесiнiң орналасқан жерiн өзгертуге жол берiлмейдi.
5. Қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру кезінде жерге орналастыру жобасын әзірлеу жер учаскесін ретке келтіруге мүдделі тұлғаның (бұдан әрі – тапсырыс беруші) өтініші негізінде, және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болған жағдайда орындалады.
Қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру бойынша жерге орналастыру жобаларын әзірлеу:
1) жер учаскесін бөлу;
2) жер учаскелерін біріктіру (қосу);
3) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою;
4) жер учаскесінің (шекараның) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерту;
5) желілік объектілер, оның ішінде темір, автомобиль жолдары, бұрылыс жолақтарымен бірге жер беті, жер үсті және жер асты құбырлары, әуелік электр желілерінің тіреулері, кәбілді электр желілерінің жер беті құрылысжайлары алып жатқан жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын өзгерту кезінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасын жасау тәртібі
6. Жерге орналастыру жобасын жасау рәсімі мынадай бірізділікпен жүзеге асырылады:
1) дайындық жұмыстары (камералды және танаптық);
3) жерге орналастыру жобасын жасау;
3) жерге орналастыру жобасын қарау және келісу;
4) жерге орналастыру жобасын бекіту.
1-параграф. Дайындық жұмыстары (камералды және танаптық)
7. Дайындық жұмыстары кезеңінде жоспарлы-картографиялық материалдарды іріктеу, мемлекеттік жер кадастрында, жерге орналастыру, қала құрылысы, орман орналастыру, геодезиялық және картографиялық құжаттамаларда қамтылған жер учаскесі туралы мәліметтерді жинау және зерделеу орындалатын камералды жұмыстар жүзеге асырылады.