Toggle Dropdown
«Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 маусымдағы № ҚР ДСМ-52 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 маусымда № 28525 болып тіркелді
Редакция 26.10.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
1) «Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-29 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17769 болып тіркелген);
2) «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шiлдедегi № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 14-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20935 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 16 маусымдағы
№ ҚР ДСМ-52
бұйрығымен бекітілген
«Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары
1. Осы «Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленді және әкімшілік және тұрғын ғимараттарға (жатақханаларға) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жатақхана – еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың, оқу кезінде студенттердің (курсанттар, аспиранттардың) және білім алушылардың, сондай-ақ жатақхананың меншік иесімен немесе иесімен шарты бар басқа да адамдардың тұруы үшін арнайы салынған немесе қайта жабдықталған тұрғын ғимараты;
2) тұрғын ғимараты – негізінен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардан және ортақ мүлік болып табылатын өзге де бөліктерден тұратын құрылыс.
2- тарау. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарды (жатақханаларды) салу үшін жер учаскесін таңдауға, жобалауға, жаңаларын салуға, қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға және кеңейтуге, жөндеуге және пайдалануға беруге, күтіп-ұстау мен пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
3. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарды (жатақханаларды) салу үшін жер учаскесін таңдау, жобалау, жаңасын салу, қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау және кеңейту, жөндеу және пайдалануға беру, күтіп-ұстау мен пайдалану Ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес бекітілетін санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің (бұдан әрі – нормалау құжаттары) талаптарына және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-16) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің (бұдан әрі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер) талаптарына сәйкес айқындалады.
Әкімшілік ғимараттарға мемлекеттік, шаруашылық, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің басқарушы аппаратының жұмысы үшін орта құрудың ортақ сәулеттік міндетімен біріктірілген құрылыс, оның ішінде кеңселер жатады.
4. Ғимараттарды жобалау, реконструкциялау, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау және пайдалану кезінде тұрғын ғимараттардың цокольдық және (немесе) жертөле (жерасты) қабаттарында және ғимараттар төбесінің (шатырының) астындағы соңғы техникалық қабаттарында тұрғын үй-жайларды орналастыруға тыйым салынады.
5. Қоғамдық және (немесе) тұрғын ғимараттарды жобалау, реконструкциялау, орналастыру және бағдарлау кезінде гигиеналық нормативтерге сәйкес үздіксіз инсоляция сақталады:
1) тұрғын ғимараттардағы, жаңадан салынатын және қоныстану аумақтарын қайта жоспарлау кезінде гигиеналық инсоляцияның ұзақтығы әрбір есептелген тұрғын бөлмесі үшін жеке:
- 1-3 бөлмелі пәтерлердің кемінде бір тұрғын бөлмесінде;
- 4 немесе одан да көп бөлмелі пәтерлердің кемінде екі тұрғын бөлмесінде қамтамасыз етілуге тиіс;
- жатақханада тұрғын бөлмелердің 60 пайызын құрайды;
2) солтүстік аймақ үшін (58° – 48° солтүстік ендік географиялық ендіктер ауқымында) 22 наурыз бен 22 қыркүйек аралығында күніне кемінде 2,5 сағат;
- оңтүстік аймақ үшін (солтүстік ендіктен 48° оңтүстігіне қарай) 22 ақпан мен 22 қазан аралығында күніне кемінде 2 сағат қамтамасыз етілуге тиіс;
1) және 2) тармақшалары бойынша ескертпе:
Көп қабатты (тоғыз және одан да көп қабат) құрылыс және тығыз орналасқан құрылыс жағдайларында кезеңдердің бірі кемінде 1 сағат болуы тиіс, тұрғын және (немесе) қоғамдық ғимараттарды инсоляциялау бір реттік үзілуіне жол беріледі. Бұл жағдайда есептелген үй-жайды жиынтық инсоляциялау ұзақтығы 0,5 сағатқа ұлғаюы тиіс.
3) үздіксіз инсоляцияның 3 сағаттық ұзақтығы мектепке дейінгі ұйымдардың ойын және топтық бөлмелерінде, мектеп-интернаттардың жатын үй-жайларында, тұрғын ғимараттардың балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарының ойын құрылғылары, мектепке дейінгі ұйымдардың топтық алаңдары, спорт аймағы, жалпы білім беретін мектептер мен мектеп-интернаттардың демалыс аймақтары аумақтарында қамтамасыз етіледі.
Спорт аймағының, жалпы білім беретін мектептердің және мектеп-интернаттардың демалыс аймағының 50 % алаңында 2,5 сағат үздіксіз инсоляцияға жол беріледі;
4) жылдың ыстық кезінде үй-жайларда инсоляцияның артық жылулық әсерін шектеу ғимараттың тиісті жоспарлануымен және бағдарымен; күннен қорғау құрылғыларын қолдана отырып аумақтарды абаттандырумен, қажет болған жағдайда ауа баптау және ішкі салқындату жүйелерімен қамтамасыз етіледі;
5) аумақты инсоляцияның жылулық әсерінен шектеу арнайы көлеңкелеу құрылғысымен және оңтайлы көгалдандырумен ғимараттан көлеңкелеу арқылы қамтамасыз етіледі;
6) Мектепке дейінгі, жалпы білім беретін ұйымдардың және мектеп-интернаттардың оқу үй-жайларында инсоляцияның ұзақтығы үзіліссіз, мынаны:
солтүстік аймақта 2,0 сағат (солтүстік ендікте 48° солтүстікте) және одан артықты;
оңтүстік аймақта 1,5 сағат (солтүстік ендікте 48° оңтүстікте) және одан артықты құрайды.
Жалпы білім беретін ұйымдарда көрсетілген инсоляция орта және жоғары сыныптардың оқу үй-жайларының 60 пайызына үшін қабылданады.
6. Тұрғын ғимараттарды жобалау және реконструкциялау кезінде бір адамға тұрғын алаңның өлшемі 15 шаршы метр (бұдан әрі – м2 ) және одан артықты құрайды.
7. Әкімшілік ғимараттарды жобалау және реконструкциялау кезінде үй-жайлардың алаңы бір қызметкерге 6 м2 , кресло-арбаларды пайдаланып жұмыс істейтін мүгедектер үшін 7,65 м2 есебімен қабылданады.
8. Жұмыс орындарын ірі габаритті жабдықпен жарақтандыру және жұмыс үй-жайларында ұжымдық пайдаланылатын жабдықты (электрондық есептеуіш машиналар терминалдарын, микрофильмдер көру аппараттарын және ұжымдық пайдаланылатын соған ұқсас жабдықты) орналастыру кезінде үй-жайлардың алаңы жабдықты пайдалануға арналған техникалық құжаттарға сәйкес ұлғайтылады.
9. Жатақханаларды жобалау және реконструкциялау кезінде тұрғын бөлмелердің алаңы бір адамға кемінде 6 м2 есебімен айқындалады.
10. Жатақханалардың әр қабатында санитариялық тораптар, қол жуатын орындар, асүйлер көзделеді.
Жатақханалардағы санитариялық-техникалық аспаптардың саны сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес көзделеді.
Әкімшілік ғимараттарда және (немесе) жатақханаларда санитариялық тораптарға қойылатын, оның ішінде халықтың қимыл-қозғалысы шектелген топтары үшін талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес көзделеді.
11. Әкімшілік ғимараттарда және (немесе) жатақханаларда демалуға және тамақ ішуге, жеке және арнайы киімді сақтауға арналған бөлмелер немесе орындар, себезгі, санитариялық тораптама бөлінеді.
12. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарда:
1) санитариялық тораптарды тұрғын бөлмелер үстінде орналастыруға;
2) қоқыс камераларын тұрғын үй-жайлар астында орналастыруға;
3) қоқыс құбырларын тұрғын бөлмелерге жанастыруға;
4) тұрғын үй-жайларды мақсатынан тыс пайдалануға жол берілмейді;
5) осы Санитариялық қағидалардың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген есептеулерге сәйкес келмейтін үй-жайларды пайдалануға тыйым салынады.
13. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) үй-жайларын әрлеу үшін олардың сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдарын пайдаланады.
Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарға (жатақханаларға) кіретін жердегі және баспалдақ алаңдарындағы еден тайғақ, сондай-ақ деңгейі әртүрлі болмайды.
14. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) қолжетімділігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы, оның ішінде халықтың қозғалысы шектеулі топтары үшін мемлекеттік нормативтердің талаптарын сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.
15. Лифт шахталары шахталардың сыртқы және ішкі қоршау конструкциялары дыбыстан оқшауланған жағдайда тұрғын емес бөлмелермен көрші орналастырылады.
16. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарға (жатақханаларға) кіретін жерде қоқысқа арналған урналар және аяқкиімді тазартуға арналған торлар орнатылады.
17. Тұрғын ғимараттарында әкімшілік үй-жайларды, оның ішінде кеңселерді, сауықтыру және ойын-сауық мақсатындағы ұйымдарды, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мекемелерін, қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін, мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру ұйымдарын, басқарма, ақпарат және байланыс мекемелерін орналастыру кезінде:
2) көршілес және (немесе) жоғарыда жатқан тұрғын үй-жайларды дыбыстан оқшаулау бойынша іс-шараларды әзірлеу;
3) тұрғын үй-жайлар үшін гигиеналық нормативтердегі көрсеткіштерден аспайтын, шу және діріл тудырмайтын инженерлік технологиялық жабдықты қолдану көзделеді.
18. Жобалау кезінде балаларға арналған ойын алаңдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26447 болып тіркелген) «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес магистралды көшелерден, коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындардан, гараждардан қашық оңаша жер учаскелерінде орналастырылады. Ойын алаңдарының аумақтары арқылы қалалық (селолық) мақсаттағы инженерлік коммуникациялар (сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау) өтпейді.
19. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарға (жатақханаларға) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 27 мамырдағы № ҚР ДСМ-47 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22833 болып тіркелген) «Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынулары (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек және скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен белгілінеді.
Сырқаттанушылықтың тұрақты өсуі кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 38 және 104-баптарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен әкімшілік және тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) қызметіне (кәсіпкерлігіне) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізіледі және орындалуға жатады.
20. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарға (жатақханаларға) іргелес аумақ абаттандырылады, кіретін жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың қатты жабындысы болады, таза ұсталады.
21. Кодекстің 45-бабы 5-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері тұрғын аудандағы сыртқы көздерден болатын шу деңгейіне санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізеді.
Шудың сыртқы көздеріне шу деңгейі өлшенетін үй-жайлары бар ғимараттың сыртында немесе оның аумағында не оның шегінен тыс арнайы мақсаттағы үй-жайларда немесе ашық орналасқан көздер жатады.
22. Қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 бұйрығы сәйкес бекітілген «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21934 болып тіркелген) сәйкес реттеледі.
23. Әкімшілік ғимараттар мен жатақханалардың үй-жайларын жөндеу олардың тозуына қарай жүргізіледі.
24. Әкімшілік ғимараттар мен жатақханалардың барлық үй-жайлары қолдануға рұқсат етілген жуу құралдарын қолдана отырып күнделікті ылғалды жиналады.
25. Жабдықтарды, мүкәммалды, әкімшілік ғимараттар мен жатақханалардың үй-жайларды жуу және дезинфекциялау үшін технологиялық нұсқаулыққа, дайындаушының қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес қолдануға рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдаланады.
26. Жылыту радиаторлары жинау үшін жеңіл қолжетімді болып көзделеді.
27. Үй-жайлар фрамугалар, желкөздер немесе желкөздермен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы желдетумен қамтамасыз етіледі.
28. Санитариялық тораптарды жинауға арналған жинау мүкәммалына (шелек, швабралар) сигналды таңбалау жазылады, жинау мүкәммалы (шелек, швабралар, шүберек) мақсаты бойынша пайдаланылады. Жинау мүкәммалын сақтау үшін үй-жайлар (немесе орын) бөлінеді.
29. Жатақханаларда жұмсақ мүкәммал (матрастар, жастықтар, көрпелер) эпидемиялық көрсетілімдер бойынша нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес дезинфекцияланады.
30. Матрастар ластануына қарай, бірақ айына 1 реттен кем емес жуылып тұратын матрас қаптармен қамтамасыз етіледі. Төсек-орын тысын ауыстыру ластануына қарай, бірақ күнтізбелік 7 күннен сиретпей жүргізіледі. Жұмсақ мүкәммал дайындаушы көрсеткен пайдалану мерзіміне сәйкес не тозуына қарай ауыстырылады.
31. Төсек-орын жабдықтарының жиынтықтары (матрас қаптар, жастықтар, көрпелер), таза төсек-орын қойма үй-жайларында шкафтарда (стеллаждарда) сақталады.
32. Жатақханалардың асүйлерінде күнделікті және толуына қарай босатылып тұратын тамақ қалдықтарына арналған тығыз жабылатын сыйымдылықтар орнатылады.
33. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) жертөле (жерасты) үй-жайлары құрғақ, жарықтандырылған және таза ұсталады.
Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) жертөле (жерасты) үй-жайларында су ағу, авариялар және коммуникациялардың бітеліп қалуы уақтылы жойылады. Авария жойылғаннан кейін жертөле үй-жайларындағы кәріз желілерінде профилактикалық дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіледі.
34. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардағы (жатақханалардағы) дезинфекциялық, дезинсекциялық және деразитарлық іс-шаралар нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
3-тарау. Әкімшілік және тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, жарықтандыру, желдету, ауабаптау жүйелеріне, микроклиматына, физикалық факторларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
35. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарда (жатақханаларда) шаруашылық-ауыз сумен, ыстық сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, жарықтандыру, желдету және ауабаптау жарамды күйінде көзделеді.
36. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттар (жатақханалар) нормалау құжаттарында белгіленген талаптарға сәйкес қауіпсіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
37. Селолық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көзделеді.
38. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылады. Ыстық және суық су тұратын жерлердегі, медициналық мақсаттағы үй-жайлардағы барлық ванналарға, себізгілерге, кір жуатын орындарға, қолжуғыштарға, сондай-ақ ас блогындағы технологиялық жабдықтарға жүргізіледі.
Технологиялық және шаруашылық-тұрмыстық мақсаттар үшін сумен жылыту жүйесінің ыстық суы пайдаланылмайды.
39. Селолық елді мекендерде әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарды (жатақханаларды) кәрізделмеген және ішінара кәрізделген жерлерде орналастыру кезінде жергілікті су бұру құрылғысы көзделеді. Сарқынды суды қабылдау әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттар (жатақханалар) аумақтарындағы шаруашылық аймақта орналасқан, гидравликалық бекітпелері бар қақпақтармен (сифондармен) жарақталған ортақ немесе бөлек су өтпейтін жерасты сыйымдылықтарына (қазылған шұңқырларға, тұндырғыштарға) жүзеге асырылады, оларды тазарту толуына қарай уақтылы жүргізіледі.
Сарқынды суларды ашық су айдындарына және іргелес аумаққа шығаруға, сондай-ақ сіңіретін құдықтар орнатуға рұқсат етілмейді.
40. Қойма және тұрмыстық үй-жайларда су бұру үшін кәріз тікқұбырларын сыланған қораптарда жүргізеді.
41. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттар (жатақханалар) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерімен жабдықталады. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзі болмаған жағдайда дербес қазандық немесе алтернативті жылумен жабдықтау көздері көзделеді.
42. Селолық елді мекендерде пешпен жылытуды орнатуға рұқсат етілмейді.
43. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарда (жатақханаларда) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26831 болып тіркелген) бекітілген Адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтеріне (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-15 бұйрығы) сәйкес табиғи және жасанды жарықтандыру көзделеді.
44. Табиғи жарықтандырусыз адамдар үнемі болмайтын (қысқа мерзім болатын) қосалқы үй-жайларды орналастыруға рұқсат етіледі: санитариялық тораптар, себезгілер, жуынатын орындар, қоймалар, қосалқы және осыған ұқсас үй-жайлар.
Адамдар үнемі болмайтын (қысқа мерзім болатын) үй-жайларға адамдардың 2 сағаттан аз болуы көзделген үй-жайлар жатады.
45. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарда (жатақханаларда) желдету және ауа баптау жүйелері көзделеді. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттарда (жатақханаларда) желдету және ауа баптау жүйелерін жобалау нормалау құжаттарының және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
46. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) үй-жайларында микроклиматтың параметрлері № ҚР ДСМ-15 бұйрығына сәйкес қамтамасыз етіледі. Тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) үй-жайлары ауасындағы химиялық заттардың шоғырлануы нормалау құжаттарында белгіленген ластаушы заттардың орташа тәуліктік рұқсат етілген шекті шоғырлануына (бұдан әрі – РЕШШ) сәйкес келеді, ал орташа тәуліктік РЕШШ болмаған кезде ең жоғары бір реттік РЕШШ-ге немесе болжамды қауіпсіз әсер ету деңгейлеріне (БҚӘД) сәйкес келеді.
47. Тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) үй-жайларында ауа алмасу жиілігі № ҚР ДСМ-15 бұйрығына және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтеріне сәйкес келеді.
48. Әкімшілік және (немесе) тұрғын ғимараттардың (жатақханалардың) үй-жайларында инфрадыбыстың, дірілдің және шудың рұқсат етілетін деңгейлері № ҚР ДСМ-15 бұйрығына сәйкес келеді.
49. Айнымалы тоқтың әуемен электр беру желісінің 50 герц өнеркәсіптік жиіліктегі электр өрісінің кернеуі жер бетінен 1,8 метр биіктікте метріне 1 киловатты және одан азды құрайды.
50. Физикалық факторларды өлшеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітілетін әдістемелер бойынша орындалады.