Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 955 бұйрығы
Редакция 03.05.2019 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының басқару қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының регламенті (бұдан әрі - Регламент) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жойылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің өзгерістер енгізілетін бұйрықтар тізбесі осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, комитеттердің төрағалары, департаменттердің және дербес басқармалардың бастықтары Регламентті жеке құраммен зерделеуді және оны мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттерінің, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың бастықтары Регламентті зерделеуді ұйымдастырсын және оның негізінде бір ай мерзімде өз аппараттарының Регламентін әзірлесін және бекітсін.
6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасарларына және Штаб-департаментіне және Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасына жүктелсін.
7. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2018 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 955 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының
РЕГЛАМЕНТІ
1. Осы Регламент Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, Министрлік туралы ережеге және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оларға жүктелген функцияларды орындау процесінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) орталық аппаратының қызметінің жалпы ережелерін белгілейді.
2. Осы Регламентте белгіленген талаптар Министрліктің, оның ведомстволары, аумақтық органдары мен бөліністері, ведомствоға қарасты ұйымдар мен мекемелердің барлық қызметкерлеріне қолданылады.
3. Министрдің қызметін ақпараттық-аналитикалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді Штаб-департаменті (бұдан әрі - Штаб), Министрлік орталық аппаратының - комитеттер, департаменттер, Министрліктің дербес басқармалары (бұдан - әрі қызметтер) өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.
4. Ішкі істер министрлігі туралы ережені әзірлеуді, мониторинглеуді және түзетулерді уақытылы енгізуді Заң департаменті жүзеге асырады.
5. Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөліністері туралы ережені әзірлеуді, мониторинглеуді және түзетулерді уақтылы енгізуді Кадр саясаты департаменті «Мемлекеттік органдарының құрылымдық бөліністерінің ережесін әзірлеу бойынша қағидаларына» сәйкес жүзеге асырады (Үкіметтің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1125 қаулысымен бекітілген).
6. Құпия және құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыруды және жүргізуді, Министрлікке немесе оның басшылығының мекенжайына жіберілген хат-хабарларды қабылдауды, өңдеуді және таратуды, оның ішінде ашық байланыс және деректерді беру арналары бойынша келіп түсетін хабарламаларды Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасы (бұдан әрі - ҚҚЕБ) жүзеге асырады.
7. Министрліктің орталық аппаратында барлық құпия жұмыс түрлерін жүргізу кезінде құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың жүзеге асырылуын әзірлеу, іске асыру және бақылауды, сондай-ақ ашық байланыс және деректерді беру арналары бойынша келіп түсетін хабарламаларды өңдеуді және таратуды Екінші арнайы басқарма жүзеге асырады.
8. Министрліктің бөліністері өз құзыреті шегінде тиісті Ережелермен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен белгіленген қызметін жүзеге асырады.
9. Министрдің, Министрдің орынбасарларының тапсырмалары бойынша соттарда Министрліктің мүдделерін білдіруді және қорғауды Заң департаменті және талқылау мәні болған мәселелер құзыретіне кіретін қызмет жүзеге асырады.
10. Халықаралық ынтымақтастық саласында, сондай-ақ халықаралық құқықтық жұмысын ішкі істер органдары жүйесінің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді және үйлестіруді Штаб жүзеге асырады.
11. Министрліктің ішкі жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен анықталады.
12. Осы Регламентте қолданылатын негізгі терминдер:
1) мониторинг - жиын, жүйелеу, есептер мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді, жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру барысы туралы ақпаратты талдау және жинақтау;
2) бақылау - жоғары инстанциялардағы, Министрлік басшылығының тапсырмаларын, сондай-ақ басқа да директивті құжаттарды сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған кезең-кезеңмен бақылау іс-әрекеттерін жүзеге асыру бойынша шаралар жиынтығы;
3) бағалау - құжаттарды, тапсырмаларды және тағы басқаларды іске асыру тиімділігі мен нәтижесіне жету дәрежесін анықтау;
4) жоспарлы кезең - тиісті жоспарлау құжаты әзірленетін кезең;
5) қызметтік жазба - Министрліктің басшылығына кез-келген ұсыныстар немесе қызметтік жұмыс процесінде оларды шешу жолдарын көрсете отырып, проблемалар енгізілетін бастамалық құжат;
6) баянат - қызметкердің тікелей немесе өкілетті басшылығына өтінішпен (оның ішінде жеке) және ұсыныстармен (демалыс, өтемақы, жәрдемақы, жұмыстан босату, шығу және тағы басқалары) жүгінген кездегі жазбаша баяндамасы;
7) кеңес - алқалы жұмысты ұйымдастыру нысаны онда істердің ағымдағы ахуалы қаралады, ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының әр түрлі бағыттары бойынша жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған басқару шешімдері пысықталады және қабылданады;
8) жедел кеңес - жедел-қызметтік жұмыс барысында туындайтын және туындаған проблемаларды шешу әдістері мен жолдарын табу бойынша шұғыл (жедел) шаралар қабылдауды талап ететін өзекті мәселелер қаралатын кеңес;
9)-аппараттық кеңес - тиісті ведомство аппаратының басшы құрам өкілдерінің қатысуымен өтетін кеңес, онда қызметтердің ұйымдастырушылық жұмысына, бағынысты органдарға және бөліністерге басқарушылық ықпал ету бойынша қабылданатын шешімдерге байланысты ағымдағы мәселелер қаралады;
10)-жұмыс кеңесі (жиналыстар) - өз құзыреті шеңберінде қойылған міндеттерді шешу үшін құрылымдық бөліністерде өтетін кеңес;
11) селекторлық кеңес - жұмыс орындарында отырып, қатысушыларға қарым-қатынас жасауға мүмкіндік тудыратын коммуникация құралдарын пайдалана отырып, өткізілетін кеңес;
12) басқарушылық шешім - ішкі істер органдарының жедел-қызметтік жұмысының әр түрлі бағыттары бойынша жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған кеңесте пысықталған іс-шаралар;
13) қызметтік іссапар - қызметкердің тұрақты жұмыс орнынан тыс еңбек міндеттерін орындау үшін белгіленген мерзімге басшының өкімі бойынша, сондай-ақ оқуға, қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға белгіленген мерзімге шығуы.
2. Ақпараттық-аналитикалық жұмысы
13. Министрліктің ақпараттық-аналитикалық жұмысын қызметтің тиісті бағыттары бойынша Штаб, комиттеттер, департаменттер жүзеге асырады және мыналарды:
1) Қазақстан Республикасында криминогенді жағдайға ықпал ететін әлеуметтік-саяси, экономикалық, демографиялық, ұлтаралық және өзге де болып жатқан процестер туралы қарамағындағы органдар мен ішкі істер бөліністерінен және өзге де дереккөздерден келіп түскен ақпаратты жинақтау, қорыту және талдауды;
2) Қылмысқа қарсы күресу, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстық-құқықтық әсер ету шараларын орындау, төтенше жағдайларды жою және т.б. мәселелері бойынша ақпаратты кешенді талдауды;
3) Әлеуметтік және криминалогиялық зерттеулерді өткізуді, криминалдық саласында үрдістер мен процестерді болжауды ұйымдастыруды;
4) Министрліктің басшылығы үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің, Үкіметтің, Конституциялық Кеңестің, Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің және өзге де жоғары және консультативтік-кеңесші органдарының отырыстарында ақпараттық-аналитикалық материалдарды, баяндама тезистерді және сөйлейтін сөзін дайындау, сондай-ақ көрсетілген инстанцияларға талап етілген материалдарды (ақпаратты) жолдауды;
5) Штабтың анықтамалық-ақпараттық қорын қалыптастыруды қамтиды.
14. Қызметтер ай сайын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бекіткен статистикалық есептер негізінде, оларды бекіткеннен кейін 3 күн ішінде Штабқа қызметтердің барлық бағыттары бойынша жұмыс нәтижелері туралы анықтамаларды және тиісті статистикалық мәліметтерді ұсынады;
1) Қазақстан Республикасындағы құқықтық тәртібінің, қылмысқа қарсы күресудің, қылмыстық-құқықтық әсер ету, төтенше жағдайларды жою шараларын орындау нәтижелерінің ахуалын сипаттайтын статистикалық мәлімет;
2) Ішкі істер органдарының күштері мен құралдары, олардың жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері, тәртіп пен заңдылықтың ахуалы туралы мәлімет;