• Мое избранное

Отправить по почте

Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістемені бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 21 қазандағы № 335 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 қазанда № 30299 болып тіркелді

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е. Карашукеев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2022 жылғы 21 қазандағы
№ 335 бұйрығымен
бекітілген
Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезіндегі фотограмметриялық жұмыстар жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4-9) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Әдістеме цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезінде фотограмметриялық жұмыстар жүргізу үшін қолданылады.
3. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталарын жасау кезінде фотограмметриялық өңдеу үшін ғарыштық аппараттардан, басқарылатын әуе кемелерінен және пилотсыз ұшу аппараттарынан алынған суреттер қолданылады.
4. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аэрофототүсірілім – жер иеліктерінің шекарасын картаға түсіру, анықтау, қоршаған ортаны зерттеу мен оның мониторингі үшін аэрофотосуреттерді пайдалану мақсатында аэрофотоаппараттың көмегімен әуе кемелерінен және басқа да ұшу аппараттарынан жергілікті жерді фотосуретке түсіру;;
2) аэрофотограмметрия – әуе кемелерінде орнатылған түсіру жүйелерінен алынған фотограмметриялық суреттерді өңдеуге жататын фотограмметрия бөлімі;
3) бөлшектеу – көп парақты топографиялық картаны жеке номенклатуралық парақтарға бөлу;
4) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректері – Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппаратынан тікелей алынған бастапқы деректер (бұдан әрі – ЖҚЗ), сондай-ақ оларды алдын ала өңдеу (радиометриялық және геометриялық түзетулер) нәтижесінде алынған материалдар;
5) ғарыштық сурет – бір ғарыш аппаратынан бір немесе бірнеше түсіру жүйесімен түсірілімнің бір күні мен уақытына түсірудің бірыңғай геометриясында алынған және жер бетінің тиісті учаскесінің бейнесін білдіретін өңдеудің белгілі бір деңгейіндегі Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерінің жиынтығы;
6) ғарыштық фотограмметрия – Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін өңдеуге жататын фотограмметрия бөлімі;
7) көлбеу қабаттасу – аэрофотосуреттердің маршрут бағытындағы қабаттасуы;
8) көлденең қабаттасу – аэрофотосуреттердің маршрутқа перпендикуляр бағытындағы қабаттасуы;
9) қабаттасу – фотограмметриялық түсіру объектісінің сол бір ғана учаскесінің бейнесі бар стереожұптың көршілес екі фотограмметриялық суреттерінің бөліктері;
10) мультиспектралді арналар – электромагниттік сәулелену спектрінің аймақтары бойынша түрлі-түсті бейнені құрайтын спектрлік арналар;
11) ортофотожоспар – ортотрансформалау әдісі арқылы суреттерді орталық проекциядан ортогоналдыға кейіннен түрлендіре отырып, аэрофототүсірілім немесе ғарыштық түсірілім негізінде алынған дәл геодезиялық негіздегі жергілікті жердің фотографиялық жоспары;
12) ортобейнелеу – бастапқы бейнені (суретті) ортогональды проекцияға математикалық дәлме-дәл түрлендіру және жер бедерінен, түсірілім жағдайларынан және камера типінен туындаған ауытқуларды жою;
13) ортофотомозаика – аэроғарыш түсірілім нәтижесінде алынған бірнеше дара ортофотосуреттерден тұратын бірыңғай, жіксіз және тоналды теңдестірілген сурет;;
14) ортотрансформалау – мақсаты фотограмметриялық суретті бастапқы проекциядан ортогональдыға түрлендіру болып табылатын фотограмметриялық суреттерді фотограмметриялық өңдеу процесі;
15) пилотсыз ұшу аппараты – бортта пилотсыз (экипажсыз) ұшатын және ұшу кезінде автоматты түрде басқарылатын пункттен оператормен осы әдістердің жиынтығымен басқарылатын әуе кемесі;
16) ұтымды көпмүше коэффициенттері (бұдан әрі – RPC-коэффициенттер) – түсірілімнің қатаң геометриялық моделінде құрылған геобайлаудың талдамалық функцияның аппорксимациясы үшін ғарыштық суретпен бірге жеткізілетін коэффициенттер;
17) стереожұп – оптикалық жобалау орталықтарының әртүрлі қалыптары кезінде алынған бір топографиялық фототүсіру объектісінің қабаттасатын екі топографиялық фотосуреті;
18) сыртқы бағдарласу элементтері – түсіру кезінде фотограмметриялық түсіру объектісінің координаттық есептеу жүйесіне қатысты оның орны мен бағдарын анықтайтын фотограмметриялық суреттің сызықтық және бұрыштық параметрлері;
19) түсірілім негіздемесі – топографиялық түсірілімді қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын геодезиялық желі;
20) тірек геодезиялық желі – жағдайы олар үшін жалпы координаттық есептеу жүйесінде айқындалған фотограмметриялық түсіру объектісі бетінің бекітілген нүктелер жиынтығы.
21) фотограмметриялық жұмыстар – , негізгі мақсаты фотографиялық немесе стереотопографиялық түсірілім нәтижелері бойынша түпнұсқалық ақпараттық өнімдер жасау болып табылатын камералдық жұмыстар;
22) суреттердің өзара бағдарласуы – стереожұптың фотограмметриялық суреттерін бір-біріне қатысты бағдарлау;
23) суреттердің сыртқы бағдарласуы – фотограмметриялық суретті фотограмметриялық түсірілім объектісінің координаттар жүйесіне қатысты бағдарлау;
24) суреттің ішкі бағдарласуы – фотограмметриялық суретті оның жобалау орталығына қатысты бағдарлау;
25) фотосуретке түсіру базисі – көршілес екі аэроғарыштық суреттердің негізгі нүктелері арасындағы арақашықтық;
26) фотожоспар – жергілікті жердің нақты жоспарлы бейнесін көрсететін жергілікті жердің нақты фотографиялық жоспары;;
27) фототон – сол бір түсті реңктің баяу ауысулары болатын картаның бейнесі;
28) фототриангуляция – фотограмметриялық түсірілім объектісі нүктелерінің координаттарын және объектінің координат жүйесіндегі фотограмметриялық суреттің сыртқы бағдарлау элементтерінің мәнін анықтау мақсатында фотограмметриялық жиілету әдісі;
29) фотограмметриялық сурет – фотограмметриялық өңдеу мақсаттары үшін пайдаланылатын, ұқсас немесе цифрлық түрдегі материалдық жеткізгіште бекітілген аэрофотосурет немесе ғарыштық сурет түріндегі фотограмметриялық түсіру объектісінің бейнесі;
30) цифрлық ауыл шаруашылығы картасы (бұдан әрі – карта) – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы өзекті және шынайы мәліметтерді көрсететін, ауыл шаруашылығы алқаптарының кеңістікте орналасуы, алаңы, сапалық жай-күйі және нақты пайдаланылуы туралы ақпаратты қамтитын, мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге және мәліметтерді қалыптастыруға арналған салалық карта;
31) цифрлық суреттердің кеңістіктік дәлдігі – жергілікті жердегі ең кіші кескін элементінің (пикселдің) өлшемі;
32) цифрлық фотограмметриялық станция – аэроғарыштық түсірілім, лазерлік сканерлеу, пилотсыз ұшу аппараттарынан алынған деректерді өңдеу сияқты ЖҚЗ деректерін фотограмметриялық өңдеуге арналған арнайы бағдарламалық және аппараттық құралдар жиынтығы;
33) ішкі бағдарлау элементі – фотограмметриялық суреттің оптикалық жобалау ортасына қатысты оның орнын анықтайтын фотограмметриялық суреттің геометриялық параметрлері (түсіру камерасының фокустық қашықтығы және суреттің координаттар жүйесіндегі фотограмметриялық суреттің негізгі нүктесінің координаттары).