Toggle Dropdown
Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы
Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы № 172-VІI ҚРЗ Заңы
Редакция 01.05.2023 жылғы жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау қағидаттарын жəне құқықтық негіздерін белгілейді, Қазақстан Республикасы жеке жəне заңды тұлғаларының өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін жүзеге асыру, эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсету кезіндегі, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың эксаумақтық кері экспортын жəне транзитін жүзеге асыратын шетелдік тұлғалардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) əскери мақсаттағы тауарлар – өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімінде көрсетілген қару-жарақ, əскери техника, технологиялар, бағдарламалық қамтылым, техникалық жəне арнайы құралдар, материалдар, өндіруге жəне сынауға арналған жабдық, олардың жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектері;
2) бəрін қамтитын бақылау – өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізіміне кірмейтін тауарларды бақылау;
3) жаппай жою қаруы – химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық, ядролық жəне уытты қару;
4) жеткізу құралдары – жаппай жою қаруын жеткізуге қабілетті, өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімінде көрсетілген зымырандар мен пилотсыз əуе кемелері;
5) импорт – тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына əкелу;
6) кепілдік міндеттеме – алушы елдің құзыретті органы берген импортталатын тауарларды мəлімделген мақсаттарда пайдалану жəне экспорттаушы елдің жəне (немесе) шығарған елдің құзыретті органының рұқсатынсыз оларды үшінші елдерге немесе үшінші тұлғаларға беруге жол бермеу туралы оның ресми растауы қамтылған құжат;
7) кері экспорт – Қазақстан Республикасының аумағына бұрын əкелінген, оның шегінен тыс жерлерде өндірілген тауарларды əкету;
8) коммерциялық құжаттар – сыртқы сауда жəне өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізуге байланысты сыртқы экономикалық мəмілелердің жасалуын растау үшін пайдаланылатын құжаттар (шот-фактуралар (инвойстар), өзіндік ерекшеліктер, тиеу (буып-түю) парақтары);
9) көлік (тасымалдау) құжаттары – өзіндік ерекшелігі бар тауарларды тасымалдау шартының бар екенін растайтын құжаттар жəне осындай тасымалдау кезінде оларға ілеспе құжаттар (коносамент, жүкқұжат);
10) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақыланатын тауарлар (бұдан əрі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақыланатын тауарлар) – өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімінде көрсетілген, қосарланған немесе əскери мақсаттағы тауарларға жатпайтын, Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейде ұлттық мүдделеріне жəне саяси имиджіне нұқсан келтіруді болғызбау, сондайақ азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризмге жəне қылмысқа қарсы ісқимыл бөлігінде ұлттық қауіпсіздік мүдделері үшін бақыланатын тауарлар;
11) Қазақстан Республикасының халықаралық импорттық сертификаты – импорттаушының тауарларды импорттауға жəне экспорттаушы елдің жəне (немесе) шығарған елдің жəне уəкілетті органның тиісті рұқсатын алмастан, оларды үшінші елдерге немесе үшінші тұлғаларға беруге жол бермеуге міндеттенетіні туралы уəкілетті органның растауын қамтитын құжат;
12) Қазақстан Республикасы түпкілікті пайдаланушысының сертификаты – түпкілікті пайдаланушының импортталған тауарларды мəлімделген мақсаттарда пай далануға жəне экспорттаушы елдің жəне (немесе) шығарған елдің жəне уəкілетті органның тиісті рұқсатын алмастан, оларды үшінші елдерге жəне үшінші тұлғаларға беруге жол бермеуге міндеттенетіні туралы уəкілетті органның растауын қамтитын құжат;
13) қосарланған мақсаттағы тауарлар – өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімінде көрсетілген, азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ жаппай жою қаруын жəне оны жеткізу құралдарын, қару-жарақты, əскери техниканы жасау үшін қолданылуы мүмкін өнім (оның ішінде бағдарламалық қамтылым мен технологиялар);
14) өзіндік ерекшелігі бар тауарлар – қосарланған жəне əскери мақсаттағы тауарлар, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақыланатын тауарлар;
15) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау – осы Заңда жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген, Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасының талаптарын жəне Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін сақтау жөніндегі шаралар жиынтығы;
16) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылаудың фирмаішілік жүйесі – Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды жəне Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсаттарында жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, əкімшілік, ақпараттық жəне өзге де сипаттағы іс-шаралар кешені;
17) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау жүйесінің мемлекеттік органдары – осы Заңда жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары;
18) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сəйкестендіру – тауарлардың, оның ішінде бағдарламалық қамтылымның жəне технологиялардың өзіндік ерекшелігі бар тауарларға тиесілігін белгілеу;
19) өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімі (бұдан əрі – бақылау тізімі) – осы Заңға сəйкес бақылауға жататын өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың тізбесі;
20) техникалық көмек – Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының жеке жəне заңды тұлғалары жүзеге асыратын, қосарланған жəне (немесе) əскери мақсаттағы тауарларды жөндеу, дайындау, жинау, тестілеу, жаңғырту жəне оларға өзге де техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызмет, оның ішінде консультациялар, нұсқау, оқыту, жұмыс тəжірибесімен жəне дағдылармен алмасу;
21) транзит – тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізу;
22) уəкілетті орган – өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
23) шетелдік тұлғалар – Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын жəне өзінің өзге мемлекеттің азаматтығына тиесілігінің дəлелдемелері бар жеке тұлғалар, сондай-ақ азаматтық құқық қабілеттілігі шет мемлекеттің құқығы бойынша айқындалатын заңды тұлғалар;
24) эксаумақтық делдалдық көрсетілетін қызметтер – Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының жеке жəне заңды тұлғалары жүзеге асыратын, бір үшінші елден басқа үшінші елге қосарланған жəне (немесе) əскери мақсаттағы тауарларды сату, сатып алу жөніндегі мəмілеге алып келетін келіссөздер немесе тікелей əрекеттер жөніндегі қызмет, сондай-ақ делдалдың иелігіндегі немесе оның бақылауындағы қосарланған жəне (немесе) əскери мақсаттағы тауарларды бір үшінші елден басқа үшінші елге сату, сатып алу, тасымалдау;
25) эксаумақтық кері экспорт – Қазақстан Республикасында өндірілген, қайта өңдеуге ұшырамаған өзіндік ерекшелігі бар тауарларды басқа шет мемлекеттің аумағынан үшінші елдерге əкету;
26) экспорт – тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге əкету, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым мен технологияларды Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік тұлғаларға беру.
2-бап. Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді жəне осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін жүзеге асыру, эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсету кезіндегі уəкілетті органның, өзіндік ерек шелігі бар тауарларды бақылау жүйесі мемлекеттік орган дарының, Қазақстан Республикасының жеке жəне заң ды тұлғаларының, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың эксаумақтық кері экспортын жəне транзитін жүзеге асыратын шетелдік тұлғалардың қатынастарын реттейді.
2. Осы Заңның күші осы Заңда белгіленген мақсаттарда өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асыру бөлігінде өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортына, кері экспортына, импортына, транзитіне, эксаумақтық кері экспортқа, эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсетуге қолданылады.
4-бап. Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мақсаттары мен қағидаттары 1. Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) жаппай жою қаруын таратпау режимін нығайту;
3) халықаралық қатынастардың тұрақты жəне қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға жəрдемдесу;
4) халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, жаппай жою қаруы мен оны жеткізу құралдарының таралуын болғызбау болып табылады.
2. Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау қағидаттары:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделерінің басымдығы;
2) жаппай жою қаруын жəне оны жеткізу құралдарын таратпау жөніндегі, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын сақтау;
3) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асырудағы саяси мүдделердің басымдығы;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы ақпараттың ашықтығы;
5) терроризмді қолдауға жол бермеушілік;
6) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау рəсімдері мен қағидаларының жалпыға танылған халықаралық нормалар мен практикаға сəйкестігі болып табылады.