• Менің таңдаулыларым

Отправить по почте

8

Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2023 жылғы 30 наурыздағы № 49 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 наурызда № 32160 болып тіркелді

Осы Бұйрық өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 23.10.2025 жылғы № 115 Бұйрығына сәйкес (өзгерту 01.01.2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 7-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 3 ақпандағы № 85 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13392 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. А. Ғиният
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2023 жылғы 30 наурыздағы
№ 49 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты
Осы Стандарт жаңа редакцияда жазылды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 23.10.2025 жылғы № 115 Бұйрығына сәйкес (03.12.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.11.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Осы Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 7-тармағының 32) тармақшасына, 138-бабына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының халқына медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы Стандартта пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
1) алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандары (бұдан әрі – МСАК мамандары) – жалпы практика дәрігерлері (отбасылық дәрігерлер), учаскелік терапевттер, педиатр, фельдшерлер, акушерлер, кеңейтілген практика мейіргерлері (жалпы практика), учаскелік мейіргерлер, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкер, психолог.
2) бейінді маман – денсаулық сақтау саласында сертификаты бар жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкері;
3) динамикалық байқау – пациенттің денсаулық жағдайын жүйелі бақылау, сондай-ақ осы байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;
4) дәрігерге дейінгі медициналық көмек – орта медицина қызметкерлері дербес немесе мультипәндік команданың құрамында көрсететін, денсаулықты насихаттауды, пациенттің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейін диагноз қоюды, дәрігерге дейінгі араласу жоспарын тағайындауды, дәрігерге дейінгі манипуляциялар мен емшараларды орындауды және пациенттерге, мүгедектігі бар адамдар мен хал үстіндегі адамдарға күтімді қамтитын медициналық көмек;
5) жылжымалы медициналық кешендер – ауылдық жерлердің және шалғайдағы елді мекендердің халқына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тізбесін кеңейту үшін не қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін пайдаланылатын, қажетті медициналық жабдықпен жарақтандырылған автомобиль көлігі базасындағы мобильді клиникалар (кабинеттер);
6) клиникалық хаттама – профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар және белгілі бір ауруға немесе пациенттің жағдайына арналған паллиативтік медициналық көмек;
7) кеңейтілген практика мейіргері – мейіргер ісі саласында орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар, мейіргерлік күтім шеңберінде кеңейтілген функцияларды жүзеге асыратын маман;
8) кезек күттірмейтін медициналық көмек – пациенттің өміріне анық қатер төндірмейтін, кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;
9) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер – аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
10) медициналық ақпараттық жүйе (бұдан әрі – МАЖ) - Денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
11) мультипәндік топ – пациент организмінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жай-күйінің ауырлығына байланысты қалыптастырылатын әртүрлі мамандар тобы;
12) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) –адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, аурулар мен жай-күйлердің профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді қамтитын халықтың мұқтажына бағдарланған медициналық көмекке алғашқы қол жеткізу орны;
13) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;
14) мобильді бригада – бұл инфекциялық және басқа да аурулар кезінде азаматтарға медициналық қызметтер көрсетуге бағытталған МСАК мамандарының үйде қызмет көрсету жұмысының нысаны;
15) отбасылық дәрігер – отбасы мүшелеріне медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы көпбейінді даярлықтан өткен және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты бар дәрігер;
16) профилактика – аурулардың пайда болуының, аурулардың ерте сатыларда өршуінің алдын алуға және өршіп кеткен асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
17) патронаж – медицина қызметкерлерінің үйде профилактикалық және ақпараттық іс-шаралар өткізуі (жаңа туған нәрестенің патронажы, жүкті әйелдің, перзентхананың, диспансерлік пациенттің патронажы);
18) стационарды алмастыратын көмек – дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, медициналық бақылаумен медициналық көмекті ұсыну нысаны;
19) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) – бюджет қаражаты есебінен берілетін медициналық көмектің көлемі.
3. МСАК қызметтерін көрсетуді «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы қызмет түріне лицензиясы бар медициналық ұйымдар (бұдан әрі – МСАК ұйымдары) жүзеге асырады.
4. МСАК қызметтерін көрсету ТМККК шеңберінде, МӘМС, жеке және заңды тұлғалардың жарналары есебінен көрсетілетін ерікті және (немесе) жүктелген медициналық сақтандыру жүйесінде, сондай-ақ «Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету қағидаларын және ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21559 болып тіркелген) сәйкес ақылы түрде жүзеге асырылады.
5-тармақ 2027 жылдың 1 қантардан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің 23.10.2025 жылғы № 115 Бұйрығынын 4-тармағына сәйкес
5. Пациент бірінші рет жүгінген кезде МСАК медициналық қызметтерін көрсету осы Стандартқа 8-қосымшаға сәйкес ТМККК шеңберінде жүзеге асырылады.
3) Кодекстің 123-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес аумақтық қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдауды;
4) пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттануын;
5) меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқықтылық және адал бәсекелестікті қамтитын МСАК қызметтері.
7. МСАК қызметтерін алу үшін азаматтар «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21642 болып тіркелген) сәйкес МСАК ұйымына бекітіледі.
8. Ауыл халқына МСАК, оның ішінде жылжымалы медициналық кешендер және (немесе) медициналық пойыздар арқылы көрсетілетін қызметтер «Жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар арқылы медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-241/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21745 болып тіркелген) сәйкес ұсынылады.
9. Тергеу изоляторлары мен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға МСАК «Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-61/2022 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28669 болып тіркелген) сәйкес көрсетіледі.
10.  МСАК-ті жалпы практика дәрігерлері (отбасылық дәрігерлер), учаскелік терапевтер, педиатрлар, фельдшерлер, акушерлер, кеңейтілген практика (жалпы практика) мейіргерлері, учаскелік мейіргерлер, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкерлер, психологтар көрсетеді.