Toggle Dropdown
«Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы»
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 нормативтік қаулысы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Парламент Сенатының депутаты Л.М. Қалтаеваның,
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – Бірінші вице-министр А.Ә. Сарбасовтың және Вице-министр Н.Е. Сағындықованың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Вице-министр А.Қ. Мұқанованың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі – Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Н.А. Жанназарованың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Б.М. Нұрмұхановтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
2023 жылғы 16 наурызда Республика Парламенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін (бұдан әрі – Кодекс), «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдады және олар 2023 жылғы 24 наурызда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Сотқа аталған заңнамалық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтінішін жолдады.
Көрсетілген заңнамалық актілердің конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституциялық құрылыстың негіздері және басқа да негізге алынатын қағидаттар бекітілетін «Жалпы ережелер» деген І бөлімнің осы ережелері Қазақстан өз азаматтарының лайықты өмір сүруі және жеке адамның еркін дамуы үшін мемлекет мүмкіндіктеріне барабар жағдай жасау міндеттемесін өзіне алатын мемлекет ретінде дамуға ниетті екенін көздейді (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3, 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулылары және басқалары).
Мемлекеттің әлеуметтік сипаты Негізгі Заңда (24, 27, 28, 29-баптар және басқалар) бекітілген адамның және азаматтың бірқатар құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуынан көрінеді.
Конституция заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның айрықша қорғалатын мүдделерi мен құндылықтарына төнетiн сындарға барабap құқықтық ден қою мүмкіндігін береді (Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 23 тамыздағы № 6 нормативтік қаулысы).
Осыған байланысты, Кодекске бастама жасау мемлекеттің басты басымдығы ретінде азаматтардың әл-ауқаты деңгейін одан әрі арттыруға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың жаңа үлгісін енгізумен негізделеді. Оны қабылдау арқылы осы саладағы қолданыстағы заңнаманы кодификациялау негізінде құқықтық реттеудің анағұрлым жоғары деңгейі, тұтастығы және жүйлелігі, әлеуметтік-экономикалық құқықтарды жүзеге асырудың қосымша кепілдіктерін енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету кезінде цифрлық құралдар кеңейтіле отырып және өтініш беруден анықтау нысанына және ұсынудың проактивті форматына өте отырып қамтамасыз етіледі.
Барлық осы жаңашылдықтар елімізде жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Әлеуметтік саладағы бөлек-бөлек заңнаманы кодификациялау оның құқықтық реттелуін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
2. Кодекстің жалпы бөлімінде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын белгілейтін нормалар баяндалады, оларға мыналар жатқызылған: әлеуметтік қорғау саласында адамның және азаматтың тең құқықтылығы және құқықтарының шектелуіне жол бермеу; алдын алушылық; атаулылық, қолжетімділік және сараланған тәсіл; мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі ынтымақтастығы және ұжымдық жауапкершілігі; экономикалық ресурстарды пайдаланудың ашықтығы мен әділдігі, сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат міндеттерімен мөлшерлес болу (3 – 8-баптар).
Бұлар заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, кемсітуге жол бермеу туралы (Конституцияның 14-бабы) конституциялық ережелермен үйлеседі, қоғамда әлеуметтік әріптестікті дамытуды ынталандырады және әлеуметтік тұрғыдан ақталған өлшемшарттар бойынша азаматтардың құқықтарына саралау жүргізуге мүмкіндік береді.
Кодексте мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы құзыреті регламенттеледі және субъектілердің құқықтық жағдайы айқындалады (3 – 8-тараулар).
Кодекстің үш бөлімді құрылымдық жағынан біріктіретін ерекше бөлігі халықты әлеуметтік қорғау бағыттарына, әлеуметтік аударымдарға, зейнетақы жарналарына, әлеуметтік қорғау саласындағы жауаптылық және мемлекеттік бақылау мәселелеріне арналады.
Конституцияға сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (27-баптың 1-тармағы).
Аталған конституциялық ережелер балалардың ерекше құқықтық мәртебесін, құқықтары мен бостандықтарын, оларды іске асыру кепілдіктерін салалық заңнамада кейіннен бекіту және реттеу үшін мызғымас конституциялық құндылық ретінде баланы қорғаудың кешенді жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды. Қазақстан Республикасы әлеуметтік саясатының конституциялық мақсаттары өзара байланысты, кешенді сипатқа ие және балалардың дене бітімі, рухани, имандылық және психикалық толыққанды дамуына кепілдік беретін, соның ішінде отбасын, ана мен баланы мемлекеттік қолдау арқылы жағдайлар жасауға бағытталған (Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 және 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылары).
Көрсетілген конституциялық қағидаттарды дамыту үшін балалы адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік қорғау мәселелерін реттейтін 9-тарау нормалары қабылданды. Бұлар осындай адамдар санаттарын әлеуметтік қорғау түрлерін, тиісті төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру тәртібін айқындайды. Осы көрсетілетін қызметтер Отбасының цифрлық картасы пайдаланыла отырып, проактивті форматта көрсетілуі мүмкін, бұл отбасылардың (адамдардың) тізімін олардың әлеуметтік әл-ауқаты деңгейі бойынша қалыптастыруға және сегменттеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттің нақты әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері негізге алына отырып, кейбір әлеуметтік төлемдер мөлшерін және оларды жүзеге асыру мерзімдерін ұлғайту көзделеді. «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналардың мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді және наградталған адамдарға жәрдемақылар мөлшері сараланды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік береді.
Мемлекет өзінің конституциялық міндеттемелерін орындай отырып, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету үшін құқықтық және өзге де шаралар жүйесін күшейтеді.
Мәселен, Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтік негіздерін, мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың өздерінің зейнетақымен қамсыздандыруға конституциялық құқығын іске асыруға қатысуын регламенттейтін ережелер Кодекстің 15-тарауына бекітілді.
Зейнетақымен қамсыздандыру құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Олардың: мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі; жасына байланысты зейнетақы төлемдері; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері; бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері; ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері; зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан сақтандыру төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар (196-бап).
Мұндай тәсіл Конституцияның 12-бабының 4-тармағымен үйлеседі, оған сәйкес Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.
Зейнетақыға конституциялық құқықты іске асырудың құқықтық тетіктері зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібін белгілей отырып, оларды бюджет қаражаты есебінен де, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен де жүзеге асыруды көздейді (220 – 223-баптар, 19-тарау). Осы мақсатта зейнетақы жинақтарын пайдалану негіздері кеңейтілді және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының құқықтық жағдайы, құрылу тәртібі мен қызметі реттелді (5 – 7-тараулар). Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерін – 120 пайызына дейін жеткізу көзделеді (206-бап). Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін кірістің ең жоғары мөлшері ұлғайтылды (211-баптың 2-тармағы).
Кодекстің 207-бабының 1-тармағында әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгілей отырып, 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен көтеру көзделді. Бұл ретте тиісті жағдайлар (2 және 3-тармақтар) болған кезде анағұрлым ерте жаста да зейнеткерлікке шығу құқығы сақталады.
Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 11 шілдедегі № 3/1 нормативтік қаулысында «... не зейнеткерлік жас та, не зейнетақының ең төмен мөлшерi де Конституцияда белгіленбеген, демек, бұл көрсеткiштер Қазақстан Республикасының заңдарында регламенттелуге құқылы және олардың өзгертiлiп отыруы Конституцияға қайшы келмейдi ...» деп атап өтілген. Аталған құқықтық ұстаным өзінің маңыздылығын қазіргі уақытта да сақтап тұр.
Кодекстің 13-тарауында мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік қолдау шараларын көздейтін нормалар көрініс тапты. Бұлар организм функцияларының бұзылуына байланысты аса көңіл бөлуді мұқтаж ететін адамдарға ерекше қамқорлық танытуға, олардың салдарын барынша азайтуға, қоғамға интеграциялану үшін тең мүмкіндіктер мен жағдайлар жасауға бағытталған, бұл Конституцияның 28-бабының 1-тармағынан туындайды.
Осы мақсатта Кодекстің 154-бабында Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғалу, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, білім алу үшін жағдайлармен қамтамасыз етілу, тегін медициналық көмектің, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемдері, инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілу және басқа да құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады деп бекітілді.
Мүгедектігі бар адамдарды медициналық және әлеуметтік абилитациялау және оңалту субъектілері мен шаралары, оларды қажетті тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен жергілікті атқарушы органдардың кепілдік берілген сома шегінде олардың құнын өтеу шарттарымен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы қамтамасыз ету тәртібі заңнамалық тұрғыдан регламенттелді (2, 3-параграфтар). Мүгедектігі бар адамдардың мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар; еңбекке жарамдылығынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге және күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақылар түрінде әлеуметтік қорғалу құқығы бекітілді (4 – 8-параграфтар). Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары институты енгізіліп отыр. Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызметтер көрсететін жеке көмекшілер міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі. Сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бірінші топтағы мүгедектігі бар бір адамға жәрдемақы ала отырып, күтім жасай алады.
Конституциялық кепілдіктер негізге алына отырып, Кодексте жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын (атаулы әлеуметтік көмек), асыраушысынан айырылған, жетім, баспанасыз болуына, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуына байланысты және өзге де негіздер бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарды әлеуметтік қорғау шараларының кешені көзделеді (11, 12, 16-тараулар). Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізіліп отыр. 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегінің мөлшерін уәкілетті мемлекеттік орган халықтың медиандық кірісі негізінде айқындайтын болады.
Кодекстің «Халықты жұмыспен қамту» деген 10-тарауында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауға, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға конституциялық құқықтарын (Негізгі Заңның 24-бабының 1 және 2-тармақтары) іске асырудың құқықтық тетіктері қамтылады. Бұларға жергілікті атқарушы органдардың жұмыс орындарына квота беруі, жалақыны субсидиялау, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын ашу, кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу, жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аудару, жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау, жұмыспен қамтудың платформалық және басқа да икемді нысандарын енгізу, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің қызметі, Электрондық еңбек биржасын пайдалану және басқалар кіреді.
Конституцияның 17-бабының 2-тармағына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Кодексте көзделген ұлттық алдын алу тетігі осы конституциялық ережелерді сақтау құралдарының бірі болып табылады, оның қатысушыларына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерге және өзге де ұйымдарға бару құқығы беріледі (12-тараудың 4-параграфы).
Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына конституциялық құқығы (Негізгі Заңның 18-бабының 1-тармағы) Кодекстің зейнетақы жинақтарының, шартты зейнетақы шоттарының құпиясы, адамның денсаулық жағдайы, әлеуметтік жұмыскерлердің кәсіптік құпиясы туралы мәліметтердің және басқалардың құпиялылығы мәселелерін реттейтін ережелерімен қамтамасыз етіледі (Кодекстің 55, 56-баптары, 64-бабының 2-тармағы, 65-бабы 4-тармағының 4) тармақшасы және өзге де баптары).
Осылайша, Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп есептейді.
3. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары Кодекспен өзара байланысты және одан туындайтын немесе онымен мәні бойынша байланысты түзетулер Қазақстан Республикасының заңдарына енгізіліп отыр.
Конституциялық Сот аталған ілеспе заңнамалық актілер шеңберінде қабылданған, қолданыстағы конституциялық және өзге де заңдарға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен енгізілген жаңа құқықтық реттеуге негізделеді және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп есептейді.
Қаралып отырған заңнамалық актілердің жобалары Парламент Мәжілісіне Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Үкіметті заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілді және оны Парламент белгіленген конституциялық рәсімдерді сақтай отырып қабылдады (Негізгі Заңның 55-бабының 5) тармақшасы, 61-бабының 3-тармағы, 62-бабының 1, 4 және 6-тармақтары).
4. Конституциялық Сот Кодекстің конституциялылығын тани отырып, оның жекелеген кемшіліктеріне назар аудару қажет, олар құқықтық нормаларды әртүрлі түсінуге және соның салдарынан қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды тиісінше қолданбауға алып келуі мүмкін деп пайымдайды.
4.1. Кодексте: «Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шартты қолдану үшін Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етілетіннен басқа жағдайларда, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады» деп бекітілген. Бұл ретте Конституцияның 4-бабының 3-тармағында 2017 жылғы конституциялық реформадан кейін өзге норма қамтылады: «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады».
4.2. Кодекстің 11-бабында Үкіметтің құзыреті айқындалған. Бұл ретте оның өкілеттігі түпкілікті бекітілген, бұл Конституцияның 66-бабының 10) тармақшасынан туындамайды, оған сәйкес Үкімет өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Кодекстің 12-бабының 2) тармақшасына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган «халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, сондай-ақ оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады».
Аталған функция Үкіметтің «мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; Республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітеді, сондай-ақ олардың орындалуын қамтамасыз етеді» (Негізгі Заңның 66-бабының 1) тармақшасы) деген конституциялық өкілеттіктерімен үндеседі.
Кодекстің көрсетілген ережелерін Конституциялық Соттың 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 7 нормативтік қаулысында берілген құқықтық ұстанымдарымен үйлестірген жөн.
4.3. Кодекстің 4-бабының ережелерінің Негізгі Заңның 14-бабы 2-тармағымен айырмасы бар: «Әркім әлеуметтік қорғау саласында өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда кез келген түрдегі кемсітушілікті болдырмайтын тең мүмкіндіктерге ие. Нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына, денсаулық жағдайына, оның ішінде мүгедектігі бойынша немесе өзге де мән жайлар бойынша кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады және оған тыйым салынады».
Конституцияның 14-бабының 2-тармағында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деп бекітілген.
Бұдан басқа, Кодекстен әлеуметтік құқықтарды кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады деп түсінуге болады, алайда Конституция конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында 39-бапқа сәйкес заңмен шектеулер енгізуді жоққа шығармайды.
4.4. Кодекстің 9-бабының 2-тармағында адамдардың әлеуметтік саладағы құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іске асырылады деп айқындалған.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына өзге нормативтік құқықтық актілер де жатқызылған, сондай-ақ Республика ратификациялаған халықаралық шарттың қағидаларын қолдану көзделген (Кодекстің 2-бабы), бұл Конституцияның 4-бабының 1 және 3-тармақтарынан туындайды.
Бұдан басқа, Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады (Конституцияның 12-бабының 4-тармағы).
Осы ережелерді негізге алсақ, Кодекстің 9-бабының 2-тармағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді және ратификацияланған халықаралық шарттарды алып тастап, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы құқық құрамын негізсіз тарылтады.
4.5. Кодекстің 125-бабында учаскелік комиссияның өтініш берушіге атаулы әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі жоқ екендігі туралы қорытынды шығаруы үшін негіздер санамаланған. Бұл ретте мұндай қорытынды шығару үшін қосымша негіздерді жергілікті атқарушы орган жергілікті өкілді органның келісімі бойынша белгілейді деп бекітілген.
Учаскелік комиссияның теріс қорытындысы адамның атаулы әлеуметтік көмек алуын болғызбайды, азаматтардың құқық субъектілігін, құқықтары мен бостандықтарын қозғайды, осыған байланысты мұндай акт шығару үшін негіздер заңда көзделуге тиіс.
4.6. Кодекстің 234-бабының 4-тармағында қайтыс болған адамның отбасы мүшелері, егер олар оның толық асырауында болған болса немесе одан өздері үшін тіршілік етуінің тұрақты және негізгі қаражат көзі болған көмекті алып тұрған болса, оның асырауында болған деп есептеледі деп белгіленген.
Аталған нормада тіршілік етуінің тұрақты негізгі қаражат көзінен айырылған адамдарды материалдық қолдау туралы әңгіме болып отыр. Алайда, Кодексте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін (236-баптың 2 және 3-тармақтары, 240-баптың 2-тармағы) айқындау кезінде осы жәрдемақылар мен төлемдерге құқығы бар адамдардың санына қарай осы төлемдер мөлшерінің (жәрдемақы мөлшерінің азайтылуын тікелей көрсетумен де, енгізіліп отырған кірісті алмастыру коэффициенттері мен асырауындағы адамдар санына азайтылуымен де) кері тәуелділігі белгіленген – асырауындағы адамдар көп болған сайын әрбір алушы аз алады. Бұл ретте аталған жәрдемақылар мен төлемдердің барлығының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болады.
Жәрдемақылар мен төлемдер әртүрлі жағдайларда сол бір немесе түрлі адамдарға төленуі мүмкін. Осылайша жаңа заңнамада асыраушысынан айырылған адамдардың аз және көп тобының, адам санына қарай түрлі отбасылардың заң алдында кемсітушілік және теңсіздік фактісі анық көрініп тұр. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша көрсетілген әлеуметтік төлемдердің мөлшерін осылай саралау мемлекеттің әлеуметтік саладағы конституциялық міндеттемелері тұрғысынан онша орынды емес болып табылады. Ең төмен күнкөріс деңгейі бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс ретінде шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең (Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 38) тармақшасы). Адамның тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ең аз жинағы адамның өмір сүруге табиғи құқығынан (Конституцияның 15-бабы) туындайды және мемлекет әрбір азаматқа оны қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға тиіс.
4.7. Кодекстің қабылдануына байланысты күші жойылуға жататын заңнамалық актілердің көптеген ережелері Кодекске ауыстырылған. Бұл ретте олардың конституциялық-құқықтық негізділігі тұрғысынан оларға кешенді талдау жүргізілмеген.
Олардың қатарында Кодекстің 207-бабы 3-тармағының нормасы бар, оған сәйкес 5 және одан көп бала туған (асырап алған) әйелдердің оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген кезде ғана 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы болады. Мұнда әйел баланы әлдеқайда кексе жасында (45 жастан кейін) туатын және тиісінше, 53 жасында кіші балалары сегіз жасқа толмайтын қазіргі заманғы ақиқат ескерілмеген. Бұдан басқа, бала көрсетілген жасқа толмай қайтыс болу жағдайы назарға алынбаған.
Конституциялық Сот Кодексте жазылған құқықтық тетіктердің конституциялық-құқықтық қисындылығы ол қолданысқа енгізілгеннен кейін құқық қолдану практикасын қалыптастыру барысында айқындалатын болады деп ойлайды. Экономиканың дамуына қарай, азаматтарды әлеуметтік қорғаудың бірқатар мәселелері мемлекеттің ең қымбат қазынасына сәйкес келетін мазмұнмен толықтыруды талап етеді, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына болып табылады (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы).
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 55 – 58, 62, 64-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
1. 2023 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған және 2023 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және басқа да заңдарға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда қамтылатын құқықтық ұстанымдарына сәйкес түзетулер көзделетін заң жобасын енгізуге бастама жасау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты