Toggle Dropdown
Білім туралы құжаттарды тану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 15 маусымда № 32800 болып тіркелді
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 1-тармағына және 36-бабына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 11 маусымдағы № 917 Жарлығына, «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысының 15-тармағының 31) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Білім туралы құжаттарды тану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С. Нурбек
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
_____________________
2023 ж. «__» ___________
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2023 жылғы 12 маусымдағы
№ 268 бұйрығына
қосымша
Білім туралы құжаттарды тану қағидалары
1. Осы Білім туралы құжаттарды тану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысының 15-тармағының 31) тармақшасына сәйкес әзірленген және шетелдік білім беру ұйымдарында, оның ішінде олардың филиалдарында, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке адамдардың жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім туралы құжаттарын тану тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аттестациялық іс – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың шетелде алған ғылыми дәреже беру туралы құжатты тану үшін жіберілетін құжаттар топтамасы;
2) білім туралы құжаттарды тану – бұл шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханалар берген білім туралы құжаттарды ресми растау;
3) бiрыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;
4) диссертация – философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы, хабилитацияланған доктор даярлау бойынша нақты мамандық/білім беру бағдарламасы бойынша шетелде қорғалған біліктілік ғылыми жұмысы;
5) сараптамалық бағалау – білім туралы шетелдік құжаттың ұлттық заңнаманы ескере отырып, оның иегерінің оқуын жалғастыруға және/немесе жұмысқа орналасуына қол жеткізу мақсатында академиялық және (немесе) кәсіби құқықтарын бере отырып, оның тең маңыздылығын ресми түрде белгілеу;
6) философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор – ғылыми-педагогикалық бағыт немесе кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантура бағдарламасын меңгерген және Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерде диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәрежелер;
7) цифрлық құжаттар сервисі – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі.
3. Білім туралы құжаттарды тану жеке адамдарға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) қатысты жүзеге асырылады.
4. «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Білім туралы құжаттарды тану туралы шешімді көрсетілетін қызметті беруші қабылдайды.
5. Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы мәліметтерді енгізуді қамтамасыз етеді.
6. Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органы 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы көрсетілетін қызметті берушілерге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация), «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығына хабарлайды.
2-тарау. Білім туралы құжаттарды тану тәртібі
7. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметіне қойылатын Негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы не Мемлекеттік корпорация арқылы жібереді.
Көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік корпорация арқылы мемлекеттік қызметті алуға жүгінген кезде Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат береді, көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық емес топтамасын, сондай-ақ қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде құжаттарды қабылдаудан бас тартады және Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес қолхат береді.
Өтініш портал арқылы жіберілген кезде көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері келіп түскен күні өтінішті тіркейді және оны басшының жетекшілік ететін орынбасарына қайта жібереді, ол жауапты қызметкерді 1 (бір) жұмыс күні ішінде айқындайды. Құжаттар топтамасы толық жіберілмеген жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері көрсетілетін қызметті алушының өтінішін қабылдаудан/одан әрі қараудан бас тартады. Өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
8. Мемлекеттік көрсетілетін қызметіне қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Негізгі талаптардың тізбесі), оның ішінде процестің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтер Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген.
1-параграф. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану тәртібі
9. Құжаттарды тануға басқа мемлекеттерде және халықаралық немесе шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке адамдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттар жатады.
Ғылыми дәреже беру туралы құжатты тану Қағидаларға 2-параграфқа сәйкес жүргізіледі.
Білім туралы құжаттарды тану білім туралы құжаттың түпнұсқалығын анықтау, білім туралы құжатты берген білім беру ұйымында (ғылыми орталықта, зертханада) оны беру кезінде тиісті білім беру қызметін жүзеге асыру құқығының болуын анықтау, қажет болған жағдайда сараптамалық бағалау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
10. Заңдастырылған немесе апостильденген білім туралы құжаттарды тану туралы өтінішті қарау мерзімі портал не Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген кезде:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері келіп түскен күні өтінішті тіркейді және оны басшының жетекшілік ететін орынбасарына жолдайды, ол бір жұмыс күні ішінде жауапты қызметкерді айқындайды;
2) көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының аумағында заңдық күші бар білім туралы құжаттарды тану мәселелері бойынша халықаралық шарттарға (келісімдерге) сәйкес білім туралы құжаттарды тану рәсімін жүргізеді;
Діни білім туралы құжаттар келіп түскен кезде көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері тиісті саланың мамандарын тартады.
Халықаралық шарттар болмаған кезде білім туралы құжаттың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін сараптамалық бағалау жолымен тану рәсімін жүргізеді, қажет болған жағдайда тиісті салалардың мамандарын тартады.
3) көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері тану/сараптамалық бағалау негізінде 2 (екі) жұмыс күні ішінде білім туралы құжатты тану туралы бұйрық шығарады не Негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беріледі;
4) білім туралы құжатты тану туралы бұйрықтың негізінде 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қағидаларға 4 немесе 5-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша білім туралы құжатты тану туралы куәлік ресімделеді
5) мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі:
портал арқылы жүгінген кезде білім туралы құжатты тану туралы электрондық куәлік электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған электрондық құжат нысанындағы сенімхаттың электрондық көшірмесі негізінде көрсетілетін қызметті алушының немесе уәкілетті өкілдің «жеке кабинетіне» жіберіледі;
Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген кезде жауапты құрылымдық бөлімшенің жауапты қызметкері ілеспе хат дайындайды және білім туралы құжатты тану туралы куәлікті Мемлекеттік корпорацияға жібереді. Бұл ретте, көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз етеді.
11. Көрсетілетін қызметті берушіге заңдастырылмаған немесе апостильденбеген білім туралы құжаттарды тануға арналған құжаттардың толық топтамасы портал не Мемлекеттік корпорация арқылы келіп түскен кезде:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері келіп түскен күні өтінішті тіркейді және оны басшының жетекшілік ететін орынбасарына жолдайды, ол бір жұмыс күні ішінде жауапты қызметкерді айқындайды;
2) көрсетілетін қызметті берушінің жауапты қызметкері өтініш келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде білім туралы құжатты беру фактісін және білім туралы құжатты берген білім беру ұйымында білім беру қызметін жүзеге асыру құқығының болуын растауды алу мақсатында шетелдік білім беру ұйымына, ғылыми орталыққа немесе зертханаға ресми сұрау салу жібереді;