Toggle Dropdown
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32922 болып тіркелді
Редакция 24.05.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 12-бабының 5) тармақшасының жиырма екінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбір бұйрықтарының және бұйрықтың құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының 3-тармағының 30) тармақшасын, 8-тармағының 7) тармақшасын, 10, 11, 12-тармақтарын, 15, 16-тармақтарын, 17-тармағының екінші бөлігін, 20-тармағының 3) тармақшасын, 24-тармағының 2) тармақшасын, 25-тармағын, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48-тармақтарын, 51-тармағының үшінші бөлігін, 56-тармағын, 72-тармағын; Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына 3-қосымшаның 2-тармағының екінші абзацын, 3-тармағының 3) тармақшасын, 7-тармағының 1) тармақшасының үшінші абзацын, 8-тармағының 13) тармақшасының төртінші абзацын, 10-тармағының 4) тармақшасын, 5, 9, 15, 16, 24-қосымшаларын қоспағанда 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дуйсенова
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Премьер-
Министрінің орынбасары -
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 260 бұйрығына
1-қосымша
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексінің 12-бабы 5) тармақшасының жиырма екінші абзацына, сондай-ақ «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының 1-тармақшасына сәйкес әзірленді және медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы (бұдан әрі – МӘС) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) жүргізеді.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) абилитация – мүгедектігі бар адамдардың бойында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені;
2) біліктілік – жұмыскердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, жұмыстың белгілі бір дәрежедегі күрделілігін орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы;
3) емдеуші дәрігер – пациент медициналық ұйымда байқауда болған және емделген кезеңде оған медициналық көмек көрсететін дәрігер;
4) еңбекке қабілеттіліктен айырылу – жұмыскердің жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінен айырылуы, оның дәрежесі айырылған еңбекке қабілеттілігіне пайыздық қатынаста көрсетіледі;
5) еңбек қабілеті – жұмыстың орындалу мазмұнына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыру қабілеті;
6) «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «Еңбек нарығы» ААЖ) – әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының қызметін автоматтандыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
7) кәсіптік ауру – жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жұмыскерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе жіті ауруы;
8) кәсіптік еңбекке қабілеттілік – жұмыскердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты атқару қабілеті;
9) кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – КЕА дәрежесі) – жұмыскердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару қабілетінің төмендеу деңгейі;
10) куәландыру – оңалту әлеуеті мен болжамын белгілей және ескере отырып, МӘС жүргізу;
11) куәландырылатын адам – өзіне қатысты МӘС жүргізілетін адам;
12) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «Е-Собес» ААЖ) – материалдық және заттай мәнде әлеуметтік көмек, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға, жергілікті атқарушы органдар жүргізетін іс-шаралардың дерекқорын қалыптастыруға, жүргізуге және пайдалануға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
13) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) – өз құзыреті шегінде әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыздандыру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның ведомствосы;
14) қысқа мәтіндік хабарлама (бұдан әрі-sms – хабарлама) – ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдау және беру бойынша ұялы байланыс операторы көрсететін қызмет;
15) МӘС – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организмі функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажетсінуін айқындау;
16) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі (бұдан әрі – МӘС ӘББ) – аумақтық бөлімшенің МӘС мәселелері бойынша әдіснаманы және бақылауды, бақылау жүргізу бойынша қайта куәландыру, МӘС бөлімдерінің сараптамалық қорытындысына шағымдарды қарауды жүзеге асыратын бөлімі;
17) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі (бұдан әрі – МӘС бөлімшесі, бөлімі) – уәкілетті мемлекеттік органның МӘС жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;
18) медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшысы (бұдан әрі – МӘС тәуелсіз сарапшысы) – уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшыларының тізілімінде тұратын жеке тұлға;
19) медициналық-әлеуметтік сараптаманың эксаумақтық сарапшысы – қызмет көрсету өңірінен тыс жерде тұратын көрсетілетін қызметті алушыларға, сырттай проактивті куәландыру жүргізетін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің маманы;
20) мүгедектігі бар адам – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;
21) мүгедектігі бар бала – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және әлеуметтік жағынан қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам;
22) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау – мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені;
23) мүгедектігі бар адамдарды оңалту – мүгедектігі бар адамның тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптік және өзге қызметке қабілетін толық немесе ішінара қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;
24) «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «МОДБ» ААЖ) – мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу, абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға, сондай-ақ МӘС бөлімдерінде куәландырудан өткен адамдар бойынша деректерді сақтау мен өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
25) мүгедектік – организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының нашарлауы салдарынан адамның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі;
26) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедектігі бар адамды абилитациядан және оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін оның жеке қажеттіліктері негізінде белгілейтін құжат;
27) оңалту әлеуеті – мүгедектігі бар адамдардың организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;
28) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедектігі бар адамдарды қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі;
29) оңалту-сараптамалық диагностика – оңалту әлеуетінің, оңалту болжамының бағасы;
30) «Оңалтудың техникалық құралдары» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ОТҚ АЖ) – ОЖБ-ға сәйкес мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын іріктеу процесін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе;