Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:










Отправить по почте

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысы
Редакция 28.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) бекітілсін.
2. Жергілікті атқарушы органдар осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап екі ай ішінде Үлгілік қағидаларға сәйкес әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын әзірлесін және жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсынсын.
3. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы « »__ ___№ _ қаулысымен бекітілген
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік тәртібін белгілейді.
2. Осы Үлгілік қағидалар негізінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі (бұдан әрі – ЖАО) әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын әзірлейді.
3. Осы Үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
3-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 27.03.2024 жылғы № 228 Қаулысымен (30.06.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 08.04.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 3-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 16.09.2024 жылғы № 750 Қаулысына сәйкес (27.03.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 29.09.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесі» дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Үлгілік қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
5-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.03.2026 жылғы № 202 Қаулысына сәйкес (16.09.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін ЖАО-ның ұсынуы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.
6-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.03.2026 жылғы № 202 Қаулысына сәйкес (16.09.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2,5 еселенген мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік бір жылда бір рет тағайындалады.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелерді уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
8. Алушылар санаттарының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
8-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 16.09.2024 жылғы № 750 Қаулысына сәйкес (27.03.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 29.09.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.03.2026 жылғы № 202 Қаулысына сәйкес (16.09.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 28.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.
Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді органдар облыс ЖАО-мен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.
10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
11. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
11-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 16.09.2024 жылғы № 750 Қаулысына сәйкес (27.03.2024 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 29.09.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |