Toggle Dropdown
«Суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 шілдедегі № 19-1/718 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2023 жылғы 17 шілдедегі № 220 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 шілдеде № 33121 болып тіркелді
1. «Суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 шілдедегі № 19-1/718 бұйрығына (Нормативтық-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12109 тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. Н. Шарбиев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау
министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар
министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігі
Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2023 жылғы 17 шілдедегі
№ 220 Бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 31 шілдедегі
№ 19-1/718 бұйрығымен
бекітілген
Суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидалары
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Суларды және олардың пайдаланылуын мемлекеттік есепке алуды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және суларды мемлекеттік есепке алуды және оларды пайдалануды, мемлекеттік су кадастрын және су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік су кадастры (бұдан әрі – МСК) су объектілерінің жай-күйі мен пайдаланылуы туралы, олардың су ресурстары туралы, су пайдаланушылар туралы жүйелендірілген ресми деректер жиынтығын білдіреді.
3. Жер үсті және жер асты суларын мемлекеттік есепке алу деректері жер үсті және жер асты су объектілерінің сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша жай-күйін, олардың адам өмірі мен денсаулығы үшін өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік дәрежесін, зерделенуі мен пайдаланылуын сипаттайды.
4. Жер үсті және жер асты суларын мемлекеттік есепке алу Қазақстан Республикасының аумағында бар су ресурстарының сандық және сапалық көрсеткіштерін жүйелі түрде айқындау мен тіркеуді білдіреді.
5. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингі жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын су объектілерінің мемлекеттік мониторингі олардың жай-күйінің гидрологиялық, гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, санитариялық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштерін тұрақты байқаулар жүйесін, теріс процестерді уақтылы анықтау мақсатында алынған ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді, оның ішінде Жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып жинауды, өңдеуді және беруді, олардың дамуын бағалау және болжау, зиянды салдардың алдын алу және жүзеге асырылатын су шаруашылығы іс-шараларының тиімділік дәрежесін айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлеуді білдіреді.
2 - тарау. Суды мемлекеттік есепке алуды жүргізу және оларды пайдалану тәртібі
6. Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы:
1) судың мемлекеттік есебін жүргізуге және оларды пайдалануға байланысты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді;
2) ведомстволық бағынысты су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарында судың есебін жүргізуді жүзеге асырады;
3) бастапқы су пайдаланушыларды тіркеуді жүзеге асырады.
Суды алу, пайдалану және су бұру туралы деректер осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес «Жер үсті және жер асты суларының ресурстары, оларды пайдалану және сапасы» МСК басылымының суды пайдалану туралы бөліміне енгізіледі.
7. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер асты суларын мемлекеттік есепке алу бөлігінде жер қойнауын гидрогеологиялық зерттеу материалдары негізінде жер асты суларының болжамды және пайдалану қорларын есепке алуды қамтамасыз етеді.
Жер асты суларының болжамды және пайдалану қорларын есепке алу туралы деректер осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес «Жер үсті және жер асты суларының ресурстары, оларды пайдалану және сапасы» МСК басылымының жер асты су ресурстары жөніндегі бөліміне енгізіледі.
8. Су пайдаланушылар «Суды бастапқы есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11131 болып тіркелген) бекітілген тәртіппен суды пайдаланудың есебін жүргізеді;
9. Жер үсті суларының гидрологиялық мониторингі бөлігінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып, жер үсті суларының мемлекеттік гидрологиялық мониторингін жүзеге асырады;
2) жыл сайын гидрологиялық мониторинг нәтижелері бойынша режимдік-анықтамалық ақпаратты (судың орташа айлық және орташа жылдық шығыстары) дайындайды және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының 8 бассейні бойынша өзен ағыны ресурстарының одан әрі есебін орындау үшін есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей уәкілетті органның ведомствосына береді.
Су шаруашылығы бассейндері бойынша өзен ағынының ресурстары бойынша есептік деректер, байқалған және табиғи ағын туралы ақпарат осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес «Жер үсті және жер асты суларының ресурстары, оларды пайдалану және сапасы» МСК басылымының жер үсті су ресурстары жөніндегі бөліміне енгізіледі.
3 - тарау. Су объектілеріне мемлекеттік мониторинг жүргізу тәртібі
10. Су объектілеріне мемлекеттік мониторинг жүргізу үшін:
1) Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:
Қазақстан Республикасындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізуді;
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына, ұлттық гидрометеорологиялық қызметке азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомствосы уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына және ұлттық гидрометеорологиялық қызметке ұсынатын гидрологиялық ақпарат тізбесінде көрсетілген ақпаратты өтеусіз беруді қамтамасыз етеді.
2) Жер асты су объектілерінің мемлекеттік мониторингі шеңберінде жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті орган мыналарды:
«Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 312 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17056 болып тіркелген) жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру қағидалары негізінде жерасты су объектілерінің мониторингін жүзеге асыруды;
гидрогеологиялық өңірлер мен бассейндер, облыс аумақтары бойынша және жалпы Қазақстан Республикасы бойынша жерасты су объектілерінің жай-күйі туралы деректерді өңдеу, жинақтау және сақтау, жыл сайын қорытындылауды қамтамасыз етеді.
3) Жер үсті су объектілерінің мемлекеттік мониторингі шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мыналарды:
жер үсті су объектілерінде станциялар мен бекеттердің мемлекеттік бақылау желісін құру және дамыту, сондай-ақ физикалық, химиялық, гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша жер үсті суларының режимін, саны мен сапасын бақылауды ұйымдастыруды;
ақпаратты жинауды, өңдеуді, жалпылауды, жинақтауды, сақтауды және таратуды ұйымдастыру, өзендер, теңіздер бассейндері, олардың учаскелері бойынша жер үсті суларының мониторингінің деректер банкін жүргізуді;
мемлекеттік органдарға, су пайдаланушыларға су объектілерінің ластану деңгейі (жерасты суларынан басқа) және шаруашылық қызметтің және гидрометеорологиялық жағдайлардың әсерінен оның өзгеру мүмкіндігі туралы ақпаратты, жер үсті суларының ластану деңгейінің күрт өзгеруі туралы шұғыл ақпаратты беруді;
уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына, дағдарыс жағдайларында басқару орталығына және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне өтеусіз беруді:
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына, дағдарыс жағдайларында басқару орталығына және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне ұсынатын болжамдық және гидрологиялық ақпарат тізбесінде көрсетілген болжамдық және гидрологиялық ақпаратты;
осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына, дағдарыс жағдайларында басқару орталығына және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне ұсынатын жедел гидрологиялық ақпарат тізбесінде көрсетілген жедел гидрологиялық ақпаратты;
осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес уәкілетті органның ведомствосына және оның өңірлік органдарына Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын режимдік-анықтамалық ақпарат тізбесінде көрсетілген режимдік-анықтамалық ақпаратты қамтамасыз етеді.