- 1
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен және қабылдануы осы Кодексте көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.










Бесплатные документы
Обзоры изменений законодательства
Аннотации
Аннотации
Отправить по почте

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КОДЕКСІ Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 14.07.2025 жылғы № 206-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 18.07.2025 жылғы № 215-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен және қабылдануы осы Кодексте көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші болады және ол барлық жеке және заңды тұлғаға қолданылады.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің ережелері, «Астана» халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйымды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, оның ведомстволарына және оның құрылымына кіретін ұйымдарға, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға, акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
3. Осы Кодекстің ережелері мемлекеттік құпиялар, Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкiмдерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, жедел-іздестіру, барлау, қарсы барлау қызметін жүзеге асыру, елдің сыртқы саяси қызметін, қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының сот жүйесін қаржыландыру, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды қаржыландыру мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың кезекті қаржы жылына арналған тиісінше республикалық және жергілікті бюджеттерден ақша бөлу туралы актілері, осы актілердің қайтарымды негізде ақша бөлу туралы ережелерін қоспағанда, тиісті қаржы жылы аяқталғаннан кейін күшін жояды.
Жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші жылдары бойынша республикалық бюджет туралы заңға (жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне) қосымшалардың қолданысы келесі жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңның (жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің) қолданысқа енгізілуімен күшін жоятын болады.
6. Республикалық бюджет туралы заң, жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың оларды іске асыру туралы актілері, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілер тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
2-бап. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаты мен міндеттері және бюджет қаражатын алушыларға қойылатын жалпы талаптар
1. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаты жүргізіліп жатқан бюджет саясатына сәйкес мемлекеттік басқарудың стратегиялық мақсаттарын, мемлекеттің міндеттері мен функцияларын оларға қол жеткізу немесе іске асыру үшін қажетті бюджет қаражатының көлемдерімен үйлестіруді қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі міндеттері:
1) бюджет жүйесінің жұмыс істеуінің, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі ережелерін, қағидаттары мен тетіктерін белгілеу;
2) бюджеттік, бюджетаралық қатынастарды реттеу;
3) бюджет жүйесінің қағидаттары арқылы мемлекеттік қаржы мен бюджетті тиімді басқару үшін құқықтық негіздер құру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының негізгі мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін мынадай талаптар көзделеді:
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, жергілікті атқарушы органдардың және бюджет қаражатын өзге де алушылардың Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға бюджетті жоспарлау процесінен тыс кезде бюджет шығыстарын ұлғайту туралы ұсыныстар енгізуіне тыйым салынады;
бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, жергілікті атқарушы органдардың және бюджет қаражатын өзге де алушылардың бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның, сондай-ақ қажет болған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның және мемлекеттік қазынашылықтың келісімінсіз Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы баптың 2-тармағында белгіленген міндеттерін орындау тетіктерін немесе құралдарын өзгертуге байланысты ұсыныстар енгізуіне тыйым салынады;
жергілікті уәкілетті салалық мемлекеттік органдардың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның келісімінсіз және осы Кодекстің 73-бабының 2-тармағында көзделген рәсімдерді сақтамай орталық салалық мемлекеттік органдардың бюджет шығыстарын ұлғайту, қысқарту және (немесе) қайта бөлу туралы ұсыныстарын келісуіне тыйым салынады.
4. Жергілікті қоғамдастық жиналысы қарайтын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары арасындағы келіспеушіліктерді қоспағанда, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және (немесе) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді тиісті бюджет комиссиясы қарайды.
3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бекітілген бюджет – Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет;
2) бюджет – мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры;
3) бюджет жүйесі – бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджет процестері мен қатынастардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерімен, бюджеттен тыс қорлармен қатынастардың жиынтығы;
4) бюджет қаражаты – мемлекеттік меншікке түсуі және жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетілетін мемлекеттің ақшасы мен өзге де активтері;
5) бюджет қаражатының игерілмеуі – бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың бастамаларына арналған резервтің бөлінбеген қалдығын, Қазақтан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген нысаналы трансферттердің қайтарылуын және есепті қаржы жылында бөлінген, осы Кодекске сәйкес толық пайдалануға рұқсат етілген нысаналы даму трансферттерінің қайтарылуын шегергенде, төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қалыптасқан асып кетуі;
6) бюджет процесі – бюджет процесіне қатысушылардың бюджетті болжау, жоспарлау, қарау, бекіту, атқару, нақтылау, секвестрлеу және түзету, бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілікті, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу, мониторинг және нәтижелерді бағалау кезеңдеріндегі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында регламенттелген қызметі;
7) бюджет саясаты – мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару жөніндегі шаралардың жиынтығы;
8) бюджеттен тыс қор – негізгі мақсаты республиканы немесе өңірді дамытудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыру болып табылатын, мемлекет құрылтайшысы және жалғыз акционері болып табылатын заңды тұлға немесе қолма-қол ақшаны бақылау шоты нысанында құрылатын орталықтандырылған ақша қоры;
9) бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуы – бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражаты толық игерілген кезде қол жеткізбеу;
10) бюджеттік қатынастар – бюджет процесінде туындайтын қатынастар;
11) бюджеттік операциялар – бюджетті атқару процесінде жүзеге асырылатын операциялар;
12) есепті қаржы жылы – жоспарлы кезеңнің ағымдағы қаржы жылының алдындағы жыл;
13) жоспарлы кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі үш қаржы жылы;
14) кезекті қаржы жылы – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі жыл;
15) қаржы жылы – бюджеттің атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып, 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңі;
16) қаржыландыру – бюджет ақшасын оны алушыларға бөлу;
17) қысқа мерзімді кезең – ұзақтығы бір жылға дейінгі кезең;
18) мемлекет активтері – өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар;
19) мемлекеттік инвестициялық жоба – жаңа өндірістер құруды, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуді және (немесе) жаңартуды қоса алғанда, активтер құруға және (немесе) дамытуға бағытталған, осы Кодексте көзделген іс-шаралар кешені;
20) мемлекеттік қаржы – республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бюджеттен тыс қорлардың мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерін қалыптастыру, бөлу, қайта бөлу кезінде туындайтын қатынастар жүйесі;
21) мемлекеттік қаржының орнықтылығы – ұзақ мерзімді кезеңде мемлекет міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік қаржының жай-күйі;
22) нақтыланған бюджет – атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген бюджет;
23) нәтижелердің көрсеткіштері – мемлекеттік органның даму жоспарын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органның, сондай-ақ өздерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын іске асыру бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, түпкілікті нәтижелердің жиынтығы;

Бұл мүмкіндік тек қана тіркелген пайдаланушыларға беріледі. Өтініш, кіріңіз немесе тіркеліңіз. |
|
| Тіркелу | |