• Мое избранное

Отправить по почте

3

Қазақстан Республикасының Су кодексі Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі № 178-VIII Кодексі

1) акватория – табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі;
2) ауызсу – сапасы жағынан белгіленген ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерге сай келетін, ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған, табиғи күйдегі немесе өңделгеннен кейінгі су;
3) ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері – су тұтынушылар үшін ауызсумен жабдықтаудың ауыстыру мүмкін болмайтын және мақсатқа сай келмейтін бірден-бір көзі;
4) балама су көздері – су ресурстары ретінде пайдалануға болатын жинақталған жаңбыр суы мен еріген су, тазартылған сарқынды және тұщытылған тұзды сулар;
5) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – иеленушілер арасында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу шегі;
6) гидротехникалық құрылысжайлар – су ресурстарын пайдалануды реттеуге (оның ішінде, жерүсті су объектілерінің суларын алуға, сақтауға, тасуға, бөлуге және дренаждық суларды бұруға) арналған құрылысжайлар, сондай-ақ судың зиянды әсерінен қорғауға арналған өзге де құрылысжайлар (су тежейтін, су ағызатын және су жіберетін құрылысжайлар, су басудан және жағалаудың бұзылуынан қорғауға арналған құрылысжайлар);
7) дренаж – жер бетінен су жинау әрі бұру және (немесе) ызасу деңгейін төмендету;
8) дренаждық сулар – коллекторлық-дренаждық желілер жинайтын және бұратын сулар;
9) жерасты сулары – жерасты су объектілерінің су ресурстары;
10) жерасты суларының көздері мен учаскесі – белгілі бір сападағы жерасты суларын оларды нысаналы пайдалану үшін жеткілікті көлемде алуға қолайлы жағдайлар бар, сутұтқыш жүйенің кеңістіктік шектелген бөлігі;
11) жерлерді гидромелиорациялау – топырақтың су режимін реттеу арқылы суармалы жерлерді пайдаланудың табиғи жағдайларын жақсартуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
12) жерүсті су ағынын реттеу – су объектілерін қорғауды және судың зиянды әсерін болғызбауды ескере отырып, әртүрлі су пайдаланушылардың суға деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін жылдың сулы болуына қарай тірек гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен өзен ағынын бөлу (қайта бөлу);
13) жерүсті су объектілерін санациялау – жерүсті су объектісінің гидрологиялық режимін су түбіндегі және лай шөгінділерден тазарту, түбін тереңдету, арнасын түзету, жағалауын нығайту және басқа да жұмыстар арқылы қалпына келтіру;
14) ирригация – ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін су беру;
15) көпфакторлы зерттеп-қарау – көзбен қарап-тексеру әдісімен және инженерлік (геодезиялық, геофизикалық, геотехникалық, гидрографиялық және басқа да) зерттеулер кешенін жүргізу арқылы гидротехникалық құрылысжайлар мен негізгі жабдықтың техникалық жай-күйін бағалау, олардың элементтерінің қалған ресурсын айқындау;
16) құбырлы сүзгіш құдық – жер бетінен бірінші су тұтқыш белдеуде орналасқан, қатарлас тесіктері бар, жерге бұрғыланған құбыр түріндегі құрылысжай;
17) өзендерге теңестірілген каналдар – суды бір бассейннен екіншісіне, бір өзен жүйесінен екіншісіне ағызуға арналған жасанды құрылысжайлар, мемлекетаралық каналдар;
18) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы – тараптардың келісімімен белгіленетін, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін міндеттер (оларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік) белгісі бойынша бөлу шегі. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы баланстық тиесілікті бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;
19) сарқынды сулар – адамның шаруашылық қызметі нәтижесінде пайда болатын немесе ластанған аумақта түзілетін сулар:
өндірістік немесе тұрмыстық мұқтаждықтарға пайдаланылған және бұл ретте судың бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен ластағыш заттардың қоспалары қосымша қосылған сулар;
елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарынан ағатын жаңбыр суы, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық сулар;
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ілеспе алынған жерасты сулары (карьер, шахта, кеніш сулары, көмірсутектермен ілеспе алынған қабаттық сулар);
20) сарқынды суларды жинақтағыштар – орталықтандырылған су бұру жүйелері кешендерінің бір бөлігі болып табылатын, сарқынды суларды жинақтауға арналған құрылысжайлар (жинақтағыш тоғандар, сүзгілеу алаңдары және буландырғыш тоғандар);
21) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу және бағалау – жағымсыз өзгерістерді анықтау және оларды болғызбау жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлеу үшін гидрогеологиялық, гидрологиялық көрсеткіштер мен топырақ көрсеткіштерін байқау және талдау жүйесі;
22) су бөлу орны – су пайдаланушыдан су тұтынушыға су ресурстарын беру орны;
23) су бұру – сарқынды суларды жинауды, тасуды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне, сарқынды суларды жинақтағыштарға немесе жергілікті жер бедеріне ағызуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
24) судың жай-күйіне теріс әсер ететін объектілер – пайдаланылуы судың ластануына және (немесе) қоқыстануына және (немесе) сарқылуына және (немесе) оған зиянды әсер етуге алып келуі мүмкін ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар және құрылғылар;
25) судың технологиялық шығыстары – елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысжайлары мен желілеріне қызмет көрсетуге жұмсалатын су көлемі;
26) суды ұйымдастырушылық-есепке алу шығыстары – суды есепке алу аспаптарының жеткілікті түрде сезімтал болмауы, өлшеуде дәлсіздіктің болуы салдарынан, сондай-ақ су тұтынушылардан суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін бір мезгілде алмау кезінде осындай аспаптарда тіркелмеген су көлемі;
27) су қорғау аймағы – судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметтің арнаулы режимі белгіленетін, су объектілеріне жанасып жатқан аумақ;
28) су қорғау белдеуі – су қорғау аймақтарындағы шаруашылық қызметтің арнаулы режиміне қосымша шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленетін, су объектілеріне жанасып жатқан су қорғау аймағының бір бөлігі;
29) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – су қорын қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
30) сумен жабдықтау – су ресурстарын алуды, сақтауды, дайындауды, беруді және бөлуді қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
31) сумен қамтамасыз ету – халықтың, қоршаған ортаның және экономика салаларының су ресурстарына қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
32) су объектілерін қорғау – су объектілерін сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған шаралар жүйесі;
33) су объектілерін пайдалану – су объектілерін табиғи ортаның құрамдас бөлігі ретінде пайдалану;
34) су объектісі – сарқынды суларды жинақтағыштарды қоспағанда, шекаралары, табиғи немесе реттелетін су режимі бар, құрлықтың табиғи немесе жасанды бедерінде не жер қойнауында судың тұрақты немесе уақытша шоғырлануы;
35) су пайдаланушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су пайдалану құқығын иеленетін және оны іске асыратын жеке немесе заңды тұлға;
36) су режимі – жерүсті және жерасты сулары деңгейлерінің, шығыстарының және көлемінің уақыт бойынша табиғи немесе жасанды өзгеруі;
37) су ресурстары – жерүсті және жерасты су объектілерінде болатын, оның ішінде ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды ескере отырып, пайдалануға қолжетімді су;
38) су тарту құрылысжайы – су объектілерінен су тартуға арналған құрылысжайлар мен құрылғылар кешені;
39) су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормасы – өндірілетін өнім бірлігіне (орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің белгілі бір көлеміне) тұтынылатын немесе бұрылатын сарқынды судың белгіленген мөлшері;
40) су тұтыну мен су бұрудың ірілендірілген нормасы – экономика саласы үшін су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормасы;
41) су тұтынушы – су беру бойынша су шаруашылығы ұйымдарының немесе су пайдаланушылардың көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын не ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінен су тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;