• Мое избранное
Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есептің нысандары мен оны жасау қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есептің нысандары мен оны жасау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 шiлдедегi № 500 қаулысы

Редакция 18.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 57-бабының 10-тармағына, 60-бабының 3-тармағына, 64-бабының 5-тармағына және 116-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті жасау нысандары;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті жасау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледi және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 12-тармағын қоспағанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады, бұл ретте Қағидалардың 11-тармағы 2025 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы « »
№ қаулысымен
бекітілген
Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 57-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына (бұдан әрі – Ұлттық қор) есепке жатқызу және оның қаражатын пайдалану тәртібін айқындайды.
2-тарау. Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу тәртібі
2. Ұлттық қор Бюджет кодексінде белгіленген түсімдердің есебінен қалыптастырылады.
2-1. Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін бөлінген бюджеттік кредиттерді өтеу жасалған кредиттік шарттарда көрсетілген мерзімдерде республикалық бюджетке аудару арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау 2-1-тармақпен толықтырылды ҚР Үкіметінің 06.04.2026 жылғы № 230 Қаулысына (өзгерту 18.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін бөлінген бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша болжанатын түсімдерге балама қаражатты Ұлттық қорға қайтаруды республикалық бюджеттің жобасына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік сұрау салу жібереді.
Ұлттық қорға қайтару кезекті қаржы жылының соңына дейін төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының Үкіметіне (бұдан әрі – Үкімет) Ұлттық қор қаражатын есепке алу және оны жұмсау үшін теңгелік шот және шетел валютасында түсетін қаражаттың теңгелік баламасын есепке алу үшін теңгеде тиісті шот ашады.
4. Мұнай секторы ұйымдарына:
1) шикі мұнайды, газ конденсатын өндірумен айналысатын заңды тұлғалар;
2) шикі мұнайды, газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңды тұлғалар;
3) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушылар жатады.
Мұнай секторы ұйымдарының келесі қаржы жылына арналған тізбесі ағымдағы қаржы жылының желтоқсанында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және жер қойнауын пайдалану, мұнай келісімшарттарын жасасу және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын құзыретті органмен бірлесіп бекітіледі.
5. Мемлекеттік қазынашылық айдың басына дейін кемінде бес жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық қорға жіберілетін және Үкіметтің Ұлттық Банкте ашылған шоттарына аударылатын түсімдер сомаларының алдағы айға арналған болжамын Ұлттық Банкке ұсынады.
6. Ұлттық қорға ұлттық валютадағы түсімдер Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылады. Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылған ағымдағы жұмыс күні үшін түсімдер сомасын мемлекеттік қазынашылық келесі жұмыс күнінен кешіктірмей Үкіметтің Ұлттық Банкте ашылған теңгелік шотына аударуға тиіс. Ұлттық қорға түсімдер сомасын аудару Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 208 қаулысыменбекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14419 болып тіркелген) 1-қосымшаға сәйкес күн сайын төлем тапсырмасы негізінде жүзеге асырылады.
7. Ұлттық қорға жіберілетін, бюджетке артық төленген, қате немесе жаңылыс түскен сомаларды төлеушілерге қайтару, түсімдердің бюджеттік сыныптамасы кодтары арасында, мемлекеттік кірістер органдары арасында есепке жатқызу Үкіметтің Ұлттық Банкте ашылған шоттарынан есептен шығармай, Бюджет кодексінің 101-бабының 8-тармағына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын бюджеттің қазынашылық атқарылуы және оларға кассалық қызмет көрсету рәсіміне сәйкес (бұдан әрі – бюджетті атқару рәсімі) Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жүзеге асырылады. Бұл ретте Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотында дебеттік сальдоға жол беріледі.
8. Үкіметтің Ұлттық Банкте ашылған теңгелік шотында түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін келесі ай сайынғы кепілдендірілген трансфертті аудару шеңберінде жүзеге асырылатын алып қою үшін жеткілікті сомада қаражат жиналғаннан кейін қаржы нарығындағы ахуалға қарай қаражат Ұлттық қордың Ұлттық Банкте шетел валютасында ашылған шотына есепке жатқызыла отырып, теңгелік шоттан айырбасталады.
9. Шетел валютасындағы түсiмдердi Ұлттық Банк мемлекеттiк қазынашылықтың корреспонденттiк шоттарына шетел валютасында есепке жатқызады. Ұлттық қорға есепке жатқызуға арналған валюталар түрлері бойынша шетел валютасын қайта айырбастауды мемлекеттік қазынашылық Ұлттық Банктен электрондық түрдегі төлем құжаттары қоса берілген шетел валютасындағы шоттар бойынша үзінді көшірмелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Шетел валютасы қайта айырбасталғаннан кейін мемлекеттік қазынашылық теңгемен алынған соманы Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызады және сол жұмыс күні бюджетті атқару рәсіміне сәйкес шетел валютасында түсетін қаражаттың теңгелік баламасын есепке алу үшін Үкіметтің тиісті шотына теңгемен аударады, Үкіметтің шоттарына есепке жатқызылатын шетелдік валютаны дәйекті түрде қайта айырбастау және айырбастау операциясы үшін Ұлттық Банк белгілеген хабарламалар, өтініштер беру және соманы теңгемен есепке жатқызу кестесін сақтайды.
10. Ұлттық Банк Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістерді есепке алуды кастодиандардан түсетін ақпараттың негізінде есепке жазу әдісімен жүргізеді. Инвестициялық кірістердің сомасы Ұлттық қор кастодианының шоттарында Ұлттық қор активтерінің құрамында көрсетіледі.
11. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бірінші күні Үкіметке осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы туралы есепті ұсынады.
12. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бірінші күні Үкіметке осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы туралы есепті ұсынады.
13. Ұлттық қорға түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге түсімдер мен кірістерді заңды және жеке тұлғалар Үкіметтің Ұлттық Банкте ашылған шотына аударады.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану тәртібі
14. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану Бюджет кодексінде көзделген мақсаттарға ғана жүзеге асырылады. Ұлттық қордың қаражатын жұмсау Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт түрінде, Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға аса маңызды объектілер мен жалпы елдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер (бұдан әрі – Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер) түрінде, нысаналы талаптарды төлеу және нысаналы жинақтарды аударуға, есепке жатқызу мен төлеуге байланысты банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу түрінде, сондай-ақ Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабу түрінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысының негізінде мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды және бекітеді, оларға сәйкес республикалық бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді қаржы жылы ішінде тиісті кезеңге көзделгеннен аспайтын көлемде тарту жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қазынашылық республикалық бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің бекітілген көлемін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттердің бекітілген көлемін айларға бөле отырып, Ұлттық Банкке жеткізеді және Ұлттық Банк аударуды жүзеге асыратын деректемелер туралы хабарлайды.
«Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру мен есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қаңтардағы № 16 қаулысының негізінде Ұлттық Банк «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамынан нысаналы талаптарды аударуға арналған өтінімді алғаннан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының нысаналы активтерінің шотына ақша аударуды жүзеге асырады.
15. Мемлекеттік қазынашылық республикалық бюджеттің Ұлттық қордан берілетін кепілдік берілген трансфертке қажеттілік көлемін ай сайын болжайды.
Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертке республикалық бюджет қажеттілігінің алдағы айға арналған көлемін болжау республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы бюджет қаражатының қалдығы, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемінің болжамдары мен республикалық бюджет шығыстарының алдағы айда күтілетін атқарылуы және республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ай сайын мемлекеттік қазынашылыққа ұсынатын ақпарат ескеріле отырып айқындалады.
16. Ұлттық қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлуге арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасайды, оған бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға қол қояды және келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей Ұлттық Банкке жіберіледі.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің ақша қажеттілігінің қажетті көлемін аудару ай сайын Ұлттық Банкке жіберілетін өтінімнің негізінде жүзеге асырылады.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттерді аудару Ұлттық Банкке жіберілетін өтінімнің негізінде жүзеге асырылады.
Ұлттық Банк бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өтінімі негізінде оны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кепілдік берілген трансферттің мәлімделген сомасын, он бес жұмыс күні ішінде Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансфертті республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударады.
Ұлттық қордың өтінімді/өтінімдерді орындау үшін қажетті теңгедегі қаражатын есепке алу үшін Үкімет шотында ақша болмаған немесе ықтимал жеткіліксіз болған жағдайларда Ұлттық Банк Ұлттық қордың шетел валютасындағы шотынан шетел валютасындағы ақшаның немесе активтердің бір бөлігін Ұлттық Банк басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 67 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін айырбастау және қайта айырбастау қағидаларына (бұдан әрі – Айырбастау қағидалары) сәйкес қайта айырбастауды жүргізеді.
17. Республикалық бюджеттің болжамның негізінде айқындалған алдағы айға арналған бюджеттік ақшасы жеткілікті болған кезде мемлекеттік қазынашылық әрбір айдың 25-і күніне дейін Ұлттық Банкке хат жібереді, онда алдағы айға Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің ақшасын аудару талап етілмейтінін хабарлайды.
18. Келесі айларда тиісті түзетумен белгілі бір айда Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген немесе нысаналы трансферттің көлемін түзетуді (азайтуды не арттыруды) талап ететін факторлар туындаған кезде республикалық бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
19. Ағымдағы қаржы жылының басында төленбеген тіркелмеген міндеттемелердің сомасынан аспайтын көлемде Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен өткен жылдың бюджеттік даму бағдарламаларын қаржыландыру үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарына дейінгі мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға өткен қаржы жылында іс-шаралардың толық орындалмау себептерін көрсете отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және инвестициялық жобалар бөлінісінде бюджеттік даму бағдарламалары бойынша қаржыландыру жоспарларының орындалуы туралы ақпаратты ұсынады.