• Менің таңдаулыларым
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Түсініктемелер жазу, айту
  • Белгі бауына қою
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца(beta)
  • 2

Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы № 340 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 3 қыркүйекте № 36783 болып тіркелді

Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабының 2-тармағы 12) тармақшасына, «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 443) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Мына бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10658 болып тіркелген);
2) «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 мамырдағы № 325 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32460 болып тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е. Нагаспаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
2025 жылғы 29 тамыздағы
№ 340
бұйрығына қосымша
  • 1
Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар), Су кодексінің 25-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына, «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы Ереженің 15-тармағының 443) тармақшасына сәйкес әзірленді және сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсыну және алу кезінде олардың теңгерімдік тиістілігіне қарамастан елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру (бұдан әрі – сумен жабдықтау және су бұру жүйелері) жүйелерін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - тоқтатуға әкеп соққан сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің немесе олардың жекелеген құрылыстарының, желілерінің, жабдықтарының, құрылғыларының зақымдануы немесе істен шығуы не адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіретін сумен жабдықтау және су бұру қызметтері көлемінің, ауыз су сапасының төмендеуі;
2) ауызсу - сапасы жағынан белгіленген ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерге сай келетін, ауыз су мен шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған, табиғи күйдегі немесе өңделгеннен кейінгі су;
3) бақылау құдығы – су тұтынушының сарқынды суларының сынамаларын іріктеп алуға және олардың көлемін есепке алуға арналған су бұру жүйесіне қосу алдындағысу тұтынушының су бұру желісіндегі соңғы құдық;
4) суды есепке алу аспабы – нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар, Қазақстан Республикасының Заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін қалпына келтіретін және сақтайтын су көлемін (ауыз су, техникалық, сарқынды және сулардың басқа да түрлері) өлшеуге арналған техникалық құрал;
5) есепке алу аспаптарын тексеру - есепке алу аспаптарының жай-күйін тексеру, оның техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау және растау, көрсеткіштерді алу, сондай-ақ суды есепке алу аспабында және (немесе)суды есепке алу торабында пломбалардың болуын және тұтастығын анықтау үшін жеткізушінің өкілі орындайтын операциялардың жиынтығы;
6) елді мекендердің техникалық сумен жабдықтау жүйелері – ауыз суды үнемдеу, су тұтынушыларды ауыз суға, тамақ дайындауға немесе тамақ өнімдерін өндіруге арналмаған техникалық сумен қамтамасыз ету мақсаттарына арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;
7) қосалқы тұтынушы – жеткізушімен келісім болған кезде сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелеріне қосылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелері меншігінде немесе өзге де заңды негіздерде бар және жеткізушінің сумен жабдықтау және (немесе су бұру) қызметтерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
8) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйым (бұдан әрі – жеткізуші) – елді мекендердегі оның теңгеріміндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін технологиялық және техникалық пайдалануды жүзеге асыратын су шаруашылығы ұйымы;
9) орталықтандырылған су бұру жүйелері - тазартылған сарқынды суларды су объектілеріне немесе сарқынды суларды жинақтағыштарға жинауға, тасымалдауға, тазартуға және ағызуға арналған елді мекеннің инженерлік желілері мен құрылыстарының кешені (бұдан әрі-су бұру жүйелері);
10) орталықтандырылмаған су бұру жүйелері – елді мекеннің орталықтандырылған су бұру жүйесіне технологиялық тұрғыдан қосылмаған жалғыз су тұтынушының немесе су тұтынушылар тобының су бұру жүйелері (қазылған шұңқырлар, септиктер, жергілікті тазарту құрылыстары).
11) жергілікті тазарту құрылыстары – су тұтынушының өз сарқынды суларын су бұру жүйесіне ағызар алдында тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;
12) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы - тараптардың келісімімен белгіленетін міндеттер (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;
13) суды есепке алу торабы - ауыз, техникалық, сарқынды және басқа да су түрлерін есепке алуды қамтамасыз ететін өлшеу құралдары (суды есепке алу аспабы, шығын өлшегіш, манометр) және (немесе) құрылғылар жүйесіне арналған арнайы жабдықталған орын (тиекті арматура, өлшеу құралдарына дейінгі және одан кейінгі құбырлардың тікелей учаскелері, деректерді жинау және беру құрылғылары, қысымды реттегіш және басқа да құрылғылар түрлері)
14) су бұру желілері – сарқынды суларды бұруға және тарзартуға арналған құбыржолдар, коллекторлар, арналар және олардың құрылыстары жүйесі;
15) су бұру жүйесіне шығару - ғимараттан немесе құрылыстан су бұру желісіндегі бірінші құдыққа дейінгі құбыр;
16) су құбырын іске қосу - қосылу нүктесіндегі тиекті арматурасы бар құдықты қоса алғанда, сумен жабдықтаудың тарату желісінен ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі құбыр;
17) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне өз бетінше қосылу-су тұтынушының елді мекеннің сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілерін сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілерімен технологиялық қосуға (қосуға) және сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін жеткізушінің тиісті рұқсатын алмай және (немесе) белгіленген тәртіпті бұза отырып пайдалануға бағытталған іс-әрекеттері.
18) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерін жоспарлы тексеру - өнім беруші жүргізетін су тұтынушы объектісінің нысаналы мақсатына сәйкестігін тексеруді қамтитын іс-шаралар.
19) сумен жабдықтау желілері - су алу нүктесінен су тұтынушыға дейін су беруге арналған құбырлар мен олардың құрылыстары жүйесі;
20) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің қорғау аймағы аймағы – сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне және олардағы құрылыстарға іргелес жатқан, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды қауіпсіз және үздіксіз пайдалануға қажетті жағдайлар жасауға арналған аумақ, оның шегінде оны белгілеу мақсаттарына сәйкес келмейтін қызмет түрлері шектелетін немесе тыйым салынатын аумақ;
21) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар (бұдан әрі – Техникалық шарттар) – қосылу үшін қажетті сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелері иесінің техникалық талаптарын белгілейтін құжат.
Техникалық шарттар су тұтынушыны сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне қосуға (технологиялық қосуға) рұқсат болып табылмайды.
22) су тұтыну (су бұру) лимиті - бір адамның, жеке қосалқы шаруашылық жануарларының тәуліктік қажеттілігін қанағаттандыру үшін судың есептік мөлшері немесе нақты елді мекендегі суармалы ауданның бір бірлігіне арналған;
23) суды тұтыну (су бұру) лимиті - белгілі уақыт кезеңіне су тұтынушыға белгіленген су тұтынудың (су бұрудың) ең жоғарғы көлемі;
24) су тұтынушы - су беру және (немесе) сарқынды суларды бұру және тазарту жөніндегі су шаруашылығы ұйымдарының немесе су пайдаланушылардың қызметтерін пайдаланатын не ортақ су пайдалану тәртібімен су объектілерінен суды тұтынатын жеке немесе заңды тұлға.
25) теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы - меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгілері бойынша иелері арасындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін бөлу сызығы.
3. Су тұтынушыларға сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін көрсету үздіксіз жүзеге асырылады. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін уақытша тоқтату және шектеу Қазақстан Республикасының Су кодексінде, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы қолданыстағы заңнаманың нормаларында және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Ауыз сумен жабдықтау қызметтерін көрсету кезінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету басымдылығы белгіленеді.
5. Су тұтынушылардың сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерін пайдалануға мынадай жағдайларда жол берілмейді:
1) елді мекеннің сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне техникалық шарттарды бұза отырып немесе олар болмаған кезде жалғанған кезде;
2) осы Қағидалардың 19-тармағында белгіленген сумен жабдықтау және (немесе) су бұру қызметтерін көрсетуге арналған шарттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін пайдаланылатын заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын жеке тұлғалар.
6. Су тұтынушы үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № 3 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде №22039 болып тіркелген) 3-қосымшада бекітілген сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлерінің іс-қимылдарының нақты тәртібімен қызметтер көрсетудің Үлгілік регламентінің (бұдан әрі - Үлгілік регламент) 6-тармағында көзделген жағдайларда сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желілеріне объектілерді қосуға арналған жаңа техникалық шарттарды алу үшін жеткізушіге жүгінеді.