Toggle Dropdown
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Отправить по почте

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 6 қыркүйектегі № 984 Жарлығы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл ретте Ереженің 14-тармағы 23) тармақшасының үшінші абзацы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 6 қыркүйектегі № 984 Жарлығына ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен БЕКІТІЛДІ
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкі) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттің ақша-кредит саясатын (бұдан әрі – ақша-кредит саясаты) әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын және өзге де тұлғаларды және Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасы саласындағы мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді.
2. Қазақстан Ұлттық Банкі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүзеге асырады.
3. Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері және ерекшелік белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тілдерінде өзінің атауы жазылған мөрлері мен қазақ және орыс тілдерінде өзінің атауы жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады.
Қазақстан Ұлттық Банкі өзінің филиалдарымен, өкілдіктерімен, республикалық мемлекеттік кәсіпорындарымен (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары) бірге тікелей бағыну схемасындағы біртұтас орталықтандырылған құрылымды құрайды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары (бұдан әрі – филиал) Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің шешімімен ашылады, оған есеп береді және өз қызметін Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітетін филиалдың құрылымына құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде айқындалатын бөлімдер мен басқа да бөлімшелер кіруі мүмкін.
Филиал өз қызметінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының, Ақша-кредит саясаты комитеті мен Директорлар кеңесінің қаулыларын, Қазақстан Ұлттық Банкінің бұйрықтарын, өкімдерін, осы Ережені және Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережені басшылыққа алады.
Филиалды ашу және жабу тәртібі, оның өкілеттіктері, міндеттері мен функциялары Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
Филиалдың қызметіне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымға тағайындайтын (лауазымнан босататын) оның директоры жүзеге асырады.
Филиалдың директоры өз қызметін филиал туралы ереже және Қазақстан Ұлттық Банкінің сенімхаты негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдіктері Қазақстан Ұлттық Банкі Директорлар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де ашылады және Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген өкілеттіктер шегінде Қазақстан Ұлттық Банкінің мүдделерін қорғауды және білдіруді жүзеге асырады.
Өкілдіктерді ашу, жабу тәртібі, олардың өкілеттіктері және құқықтық мәртебесі Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдіктері туралы ережелерде айқындалады.
Өкілдіктің қызметіне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымға тағайындайтын (лауазымнан босататын) өкілдік басшысы жүзеге асырады.
Өкілдік басшысы өз қызметін өкілдік туралы ереже және Қазақстан Ұлттық Банкінің сенімхаты негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі қызметіне байланысты өзге де мәселелер Қазақстан Ұлттық Банкінің жұмыс регламентінде, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерде және Қазақстан Ұлттық Банкінің өзге де құқықтық актілерінде белгіленеді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары республикалық заңды тұлғалар болып табылады, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар нысанында құрылады, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады және Қазақстан Ұлттық Банкінің біртұтас орталықтандырылған құрылымына кіреді.
Қазақстан Ұлттық Банкі өзі құратын ұйымдарға қатысты олардың құрылтайшысы және олардың қызметін реттеу және аталған ұйымдардың құқықтық мәртебесін өзгерту туралы шешімдер қабылдау бойынша өкілеттіктерді қоса алғанда, оларға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісі функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі өзі құратын ұйымдар қызметінің нысанасын және мақсаттарын, сондай-ақ олардың түрін (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы) дербес айқындайды, олардың жарғыларын, оларға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту, жарғылық капиталын ұлғайту не азайту, тарату және иеліктен шығару туралы шешімді Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі қабылдайды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдарын және олардың органдарын құру, қайта ұйымдастыру, тарату тәртібі, олардың қызметінің мәні мен мақсаттары, құқықтық мәртебесі мен жарғылық құзыреті Қазақстан Республикасының заңнамасында, ұйымдардың жарғыларында, осы Ережеде және Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде айқындалады.
Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдарының қызметіне басшылықты Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы қызметке тағайындайтын (қызметтен босататын) оның басшысы жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдарының жарғысын Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітеді.
Қазақстан Ұлттық Банкі филиалдарының, өкілдіктерінің және ұйымдарының өз мөрі және белгіленген үлгідегі бланкілері болады.
4. Қазақстан Ұлттық Банкі өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасайды.
5. Егер Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар жасауға құқығы бар.
6. Қазақстан Ұлттық Банкі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының бұйрықтарымен, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының, Ақша-кредит саясаты комитетінің, Директорлар кеңесінің қаулыларымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымын және жалпы штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
8. Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппаратының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Z05T8F6, Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 57А ғимараты.
9. Ереже Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылтай құжаты болып табылады.
10. Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметін қаржыландыру Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.
11. Қазақстан Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және осы Ережеде белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастар жасауға тыйым салынады.
Қазақстан Ұлттық Банкі ақылы негізде банктік операциялар және басқа да көрсетілетін қызметтерді жүргізуге құқылы. Көрсететін қызметтерінің түрлері мен ақысының мөлшерлерін Қазақстан Ұлттық Банкі дербес айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге де қорлар мен ұйымдардың активтерін басқару бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін ақы алмайды.
2-тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттері мен өкілеттіктері
12. Міндеттері:
1) ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;
2) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
3) валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;