• Мое избранное
Салық төлеушілерді салықтық тіркеуге қоюға байланысты кейбір мәселелер туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Салық төлеушілерді салықтық тіркеуге қоюға байланысты кейбір мәселелер туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 640 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 қазанда № 37257 болып тіркелді

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 94-бабы 7-тармағына, 95, 96, 97, 99, 105 баптарына, 104-бабы 1-тармағына, 113-бабы 2-тармағына және 716-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар: 1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Салық төлеушілерді салықтық тіркеу Қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш нысаны;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес бейрезидентті салық төлеушісі ретінде тіркеу туралы тіркеу куәлігі нысаны;
4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші нысаны;
5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес жеке практикамен айналысатын адамның тіркеу есебі туралы хабарлама нысаны;
6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес жекелен ойын түрлерін – ойын бизнесі қызметін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарлама нысаны;
7) осы бұйрыққа 7-қосымшаға сәйкес қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтініш нысаны;
8) осы бұйрыққа 8-қосымшаға сәйкес қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама нысаны бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 9-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі  М. Такиев
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
  • 1
Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 28 қазандағы
№ 640 бұйрығына
1-қосымша
Салық төлеушілерді салықтық тіркеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Салық төлеушілерді салықтық тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 94-бабы 7-тармағына сәйкес әзірленіп, салық төлеушілерді салықтық тіркеудің бірыңғай тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) салық агенті – Салық кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен салық агенті деп танылатын жеке тұлға, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға, заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, интернет-платформа операторы;
2) салық төлеуші – салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
3) уәкілетті мемлекеттік органдар – мемлекеттік кірістер органдары мен жергілікті атқарушы органдарды қоспағанда, жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты, оның ішінде бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;
4) уәкілетті орган – салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
5) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi (нөмірлер тізілімі) – жеке және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есептерiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйелер.
2-тарау. Салық төлеушілерді салықтық тіркеу тәртібі
3. Мемлекеттік кірістер органдары төлеушілерді Салық кодексінің 94-бабы 2-тармағына сәйкес көзделген салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорын қалыптастыру жолымен есепке алады.
4. Жеке және заңды тұлғаларды, заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін салық төлеуші ретінде тіркеу мыналарды қамтиды:
1) аталған тұлғалар туралы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына енгізу;
2) тіркеу деректерін өзгерту және (немесе) толықтыру;
3) салық төлеуші туралы мәліметтерді мемлекеттік дерекқорынан алып тастау.
5. Мемлекеттік дерекқорға мәліметтер мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне нөмірлер тізілімі тағайындалғаннан кейін, нөмірлер тізілімінен алынған деректер негізінде енгізіледі.
6. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес резидент заңды тұлғаның және оның құрылымдық бөлімшесін коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын мемлекеттік тіркеуін (қайта тіркеуін) әділет органдары жүзеге асырады, ал коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырады (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация).
7. Мемлекеттік кірістер органы:
1) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде бейрезидент – заңды тұлға туралы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына 2 (екі) жұмыс күні ішінде енгізуді жүзеге асырады;
2) салық төлеуші ретінде тіркелген кезде берілген тіркеу деректеріне жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың және олардың құрылымдық бөлімшелерінің нөмірлер тізілімі автоматтандырылған режимде келіп түскен мәліметтердің негізінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді 2 (екі) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады;
3) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде және (немесе) «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасы профиліндегі мәліметтердің негізінде заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің бюджетпен есеп айырысуға жауапты қызметкері, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы туралы мәліметтерге өзгерістер енгізуді 2 (екі) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
8. Салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу үшін салықтық тіркеуге қою туралы салықтық өтініш салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына өзгерістер туындаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылады.
9. Салық кодексінің 74, 75, 76 және 77-баптарында айқындалған салықтық міндеттемелер болмаған жағдайда, мемлекеттік кірістер органы 3 (үш) жұмыс күні ішінде резидент заңды тұлғаны және оның құрылымдық бөлімшесін салықтық тіркеуден шығарады. Бұл әрекет резидент заңды тұлғаны және оның құрылымдық бөлімшесін алып тастау туралы «Заңды тұлғалар» Мемлекеттік дерекқорынан (бұдан әрі – ЗТ МДҚ) келіп түскен хабарламаға немесе заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін есептік тіркеуден шығару туралы нөмірлер тізілімінен алынған мәліметке сәйкес жүзеге асырылады.
10. Жеке тұлғаны дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеуден шығаруды мемлекеттік кірістер органы Салық кодексінің 74-бабы 7-тармағында, 98-бабында және (немесе) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 38-бабында айқындалған тәртіппен 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
11. Кәсіпкерлік кодексінің 38-бабы 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеуден шығаруды мемлекеттік кірістер органы орындалмаған салық міндеттемелері болмаған жағдайда жүргізеді.
1-параграф. Бейрезидент-заңды тұлғаны салық төлеуші ретінде тіркеу тәртібі
12. Салық кодексінің 95-бабына сәйкес бейрезидент – заңды тұлғаны салық төлеуші ретінде тіркеуді мемлекеттік кірістер органы бейрезидент – заңды тұлғаның салықтық өтініші, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың немесе резидент-банктердің мәліметтері негізінде, нотариалды куәландырылған құжаттардың көшірмелерімен қоса жүзеге асырады:
1) құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент – заңды тұлға – Қазақстан Республикасындағы қызметін бастаған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде, осы Қағидалардың 1-қосымшасында көзделген салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына көрсетілетін қызметті алушылар (бейрезидент) туралы мәліметтер енгізу үшін қажетті құжаттарды қоса отырып, тіркеуге тұру үшін салықтық өтінішті ұсынуға міндетті;
2) шетелдік заңнамаға сәйкес құрылған, басқарудың тиімді орны (нақты басқару органы орналасқан жері) Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлға – Қазақстан Республикасын басқарудың тиімді орны ретінде тану туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде, осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына көрсетілетін қызметті алушылар (бейрезидент) туралы мәліметтер енгізу үшін қажетті құжаттарды қоса отырып, тіркеуге тұру үшін салықтық өтінішті Мемлекеттік кірістер органына тапсыруға міндетті;
3) Қазақстан Республикасында мүлік сатып алатын (сататын) және төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару бойынша міндет пен жауапкершілік жүктелген салық агенті болып табылатын бейрезидент – заңды тұлға – мүлікті сатып алуға (сатуға) дейін мүлік орналасқан жердегі Мемлекеттік кірістер органына осы бұйрықтың 2-қосымшасында көзделген салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына көрсетілетін қызметті алушылар (бейрезидент) туралы мәліметтер енгізу үшін қажетті құжаттарды қоса отырып, тіркеуге тұру үшін бірге салықтық өтініш ұсынуға міндетті;
4) Салық кодексіне сәйкес қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын сақтандыру ұйымы (сақтандыру брокері) немесе тәуелді агент (бейрезиденттің осы мақсаттарда жұмысқа алған қызметкерлері немесе персоналы арқылы жүзеге асырылған қызметті қоспағанда), бір немесе байланысты жобалар аясында кәсіпкерлік қызметін бастау күнінен бастап кез келген бірізді он екі айлық кезең ішінде күнтізбелік 183 (бір жүз сексен үш) күннен асатын мерзімге – қызметін бастаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорына көрсетілетін қызметті алушылар (бейрезидент) туралы мәліметтер енгізу үшін қажетті құжаттарды қоса отырып, тіркеуге тұру үшін мемлекеттік кірістер органына салықтық өтініш ұсынуға міндетті;