Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізудің кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 637 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 қазанда № 37255 болып тіркелді
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 21-бабының 5) және 12) тармақшаларына, 113-бабының 2-тармағына, 122-бабының 1 және 4 тармақтарына, 510-бабының 3-тармағына және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес салықтарды, бюджетке төлемдерді, кедендік төлемдерді, өсімпұлдарды, пайыздар мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге салықтық өтініш нысаны бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі М. Такиев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 28 қазандағы
№ 637
бұйрығына 1-қосымша
Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу қағидалары
1. Осы Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 21-бабының 5) және 12) тармақшасына, 510-бабының 3-тармағына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу, оның ішінде «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлдарды, айыппұлдарды есепке жатқызуды мен қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) артық төлем – ағымдағы жылдың алдындағы жылдың жеке шотынан есеп айырысу сальдосын ескере отырып, ағымдағы жылдың жеке шотында көрсетілген салық, бюджетке төленетін төлем, өсімпұлдар, айыппұлдар, әлеуметтік төлемдер сомаларының төленген (есептелген, қайтарылған минуспен) және есептелген, есепке жазылған (азайтылған минуспен) арасындағы оң айырма;
2) есепке алуды жүргізуге жауапты лауазымды адам – салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған (есептелген, азайтылған) және төленген (есептелген, қайтарылған) сомаларының, сондай-ақ жеке шоттардағы өсімпұлдар мен айыппұлдар сомаларының және есептілікті жасаудың дұрыс жүргізілуін бақылау функцияларын орындайтын адам;
3) міндеттемелердің орындалуын бақылау жөніндегі лауазымды адам – салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемелердіің, әлеуметтік төлемдерді аудару жөніндегі міндеттемелердің орындалуын бақылау, сондай-ақ салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдардың есепке жазылған (есептелген, азайтылған) сомаларының заңдылығын бақылау функцияларын орындайтын адам;
4) салық есептілігі бойынша бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам – салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген (есепке жазылған, азайтылған) сомалары бойынша ақпаратты енгізу және (немесе) бақылау функцияларын орындайтын адам;
5) салықтық тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам – мемлекеттік кірістер органының салықтық тексеруді тағайындау (жүргізу) туралы актісінде айқындалған адам;
6) салық төлеушінің (салық агентінің) жанама салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам – Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар импорты кезінде жанама салықтарды төлеу жөніндегі салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемелерді орындауын бақылау функцияларын орындайтын адам;
7) салық және бюджетке төленетін төлем коды – Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасы бойынша бюджет кірістерінің сыныптамасы бойынша төлемді цифрлық белгілеу;
8) түзетпе жасау – жеке шотта бұрын жүргізілген соманы нөлге келтіру мақсатында растайтын құжаттардың негізінде жеке шоттың тиісті бағандарындағы («Есепке алынған», «Кемітілді») қосымша есепке алу жазбасы.
3. Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты (бұдан әрі – жеке шот) – салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылған және қайтарылған) сомаларын есепке алуға арналған құжат.
4. Жеке шот ұлттық валютада, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында заттай нысанда төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау тікелей көзделгенде, заттай нысанда жүргізіледі.
5. Салық түсімдерін, бюджетке төленетін төлемдерді есепке алу «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 151 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасына сәйкес жүргізіледі.
Республикалық және жергілікті бюджеттер арасында салықтар мен бюджетке түсімдерді бөлу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 152 бұйрығымен бекітілген Бюджет түсімдерін бюджеттердің деңгейлері, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, салықтық емес төлемдер есебінен қалыптастырылатын бюджеттен тыс қорлардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлу кестесіне сәйкес жүргізіледі.
6. Мемлекеттік кірістер органы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік кірістер органдарында есеп жүргізілетін, салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің тізбесіне сәйкес кірістердің, әлеуметтік төлемдердің бюджеттік жіктеуішінің тиісті кодтары бойынша әрбір салық төлеушіге (салық агентіне) жеке шоттар ашады.
7. Мемлекеттік кірістер органы салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке алуды салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – СӘАЖ) жүргізеді.
8. Жеке шоттардағы ақпаратқа қол жеткізу мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамдарына беріледі. Ақпараттық жүйе рұқсатсыз кіруден қорғауды және ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді.
9. Есепке алуды жүргізуге жауапты лауазымды адамдар есептелген (есепке жазылған, кемітілген), түскен (есепке жатқызылған, қайтарылған) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдер сомаларының, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарындағы өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасының есепке алуын жүргізудің дұрыстығын бақылайды.
10. Жеке шоттардағы барлық жазбалар, жазба жүргізілген күнді, сондай-ақ мұндай жазбалардың заңдылығын растайтын құжаттарды көрсете отырып, хронологиялық тәртіпте жүргізіледі.
11. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдарды есепке алу жөніндегі құжаттама қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде жүргізіледі:
1) уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған құжаттар;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомаларын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі құжаттар;
3) қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) есепке жатқызу және қайтару жөніндегі құжаттар;
4) жеке шоттарды беру жөніндегі құжаттар;
5) салықтарды, төлемдер мен өсімпұлдарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындау мерзімдерінің өзгеруі туралы құжаттар;
6) банкрот деп танылған салық төлеушілердің (салық агенттерінің) салық берешегі бойынша құжаттар;
7) таратылған салық төлеушілердің (салық агенттерінің), сондай-ақ заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кездегі салықтық міндеттемені орындау жөніндегі құжаттар.
2 тарау. Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізу тәртібі
Параграф 1. Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарын ашу тәртібі
12. Жеке шотты жүргізу тәртібі:
1) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың есептелген, есепке жазылған, төленген сомаларын есепке алуды, оның ішінде салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысуларды салыстырып тексеруді жүзеге асыруды, берешектің жоқтығы (бар болуы) туралы мәліметтерді және салық төлеушінің (салық агентінің) барлық немесе жекелеген салық түрлері, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, өсімпұлдар, айыппұлдар бойынша бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы жеке шотынан үзінді көшірмені ұсынуды;
2) салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомасын есепке жатқызуды;
3) салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомасын қайтаруды;
4) салықты, бюджетке төленетін төлемді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды;