Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
| Продукты: |
|
| Тип документа: |
|
Отправить по почте

«Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару, жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 859 қаулысына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 1096 қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару, жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 859 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару, жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы « » № қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 859 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару, жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару, жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 23) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын жою, кәдеге жарату және кәдеге жаратылған тауарларды өткізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – кәдеге жаратылған тауардың аукцион барысында қалыптасатын бағасы;
2) алғашқы баға – кәдеге жаратылған тауардың осы Қағидалардың 41-тармағына сәйкес айқындалатын бағасы;
3) аукцион – тізілімнің веб-порталы пайдаланылып электрондық форматта өткізілетін, қатысушылар өздерінің ұсыныстарын жария мәлімдейтін сауда-саттық нысаны;
4) аукцион залы – тізілім веб-порталының аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін бөлімі;
5) аукцион нөмірі – ЭЦҚ болған кезде қатысушыға аукционға қатысу үшін берілетін нөмір;
6) баға көтерілетін аукцион – бастапқы баға алдын ала жарияланған қадаммен көтерілетін аукцион әдісі;
7) баға төмендетілетін аукцион – бастапқы баға алдын ала жарияланған қадаммен төмендетілетін аукцион әдісі;
8) бастапқы баға – кәдеге жаратылған тауар бойынша аукцион басталатын баға;
9) ең төмен баға – кәдеге жаратылған тауарды одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
10) мемлекеттік материалдық резервтің жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімі – бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейтін тамақ өнімі;
11) жеңімпаз – кәдеге жаратылған тауар үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға қатысушы;
12) жұмылдыру резервi – материалдық құндылықтардың мемлекеттiк материалдық резервтiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезiнде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырысын орындау, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою бойынша шара қабылдау, бейбіт уақытта гуманитарлық көмек көрсету үшін қажетті шектеулi номенклатура бойынша запасы, сондай-ақ арнайы құралымдардың материалдық-техникалық құралдары;
13) кәдеге жаратылған тауарлар – мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары технологиялық өңдеуден өткеннен кейін алынған тауарлар;
14) кәдеге жаратылған тауарларды өткізу – кәдеге жаратылған тауарларды уәкілетті органның міндеттерін жүзеге асыру, басқа мемлекеттік органдарға беру және аукцион өткізу арқылы сату үшін қолдану;
15) кепілдік жарна – аукционға қатысу үшін кәдеге жаратылған тауардың алғашқы бағасының 15 %-ы мөлшерінде жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін, бірақ 30000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақша сомасы;
16) қатысушы – аукционға қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
17) материалдық құндылықтардың жарамдылық мерзімі – мерзімі өткеннен кейін материалдық құндылықтар одан әрі пайдалануға жатпайтын мерзім;
18) мемлекеттік материалдық резерв (бұдан әрі – мемлекеттік резерв) – жұмылдыру мұқтажына, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою бойынша шара қолдануға, нарыққа реттеушілік ықпал етуге, босқындарға көмек көрсетуге және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған материалдық құндылықтар запасы;
19) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын, мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің активтерін басқару және пайдалану жөніндегі функциялар жүктелген заңды тұлға;
20) мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы (бұдан әрі – ведомстволық бағынысты ұйым) – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шарт негізінде қалыптастыру мен сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
21) мемлекеттік резерв саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік резерв саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
22) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен операция жасау жоспары (бұдан әрі – операция жасау жоспары) – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын жеткізуді, сақтауды және шығаруды, сондай-ақ кәдеге жаратылған тауарларды өткізуді регламенттейтін құжат;
23) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару – тұтынушылық қасиеттерінен толық немесе ішінара айырылуы, оның ішінде физикалық және моральдық тозуы салдарынан мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын одан әрі нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп тануға байланысты іс-шаралар кешені;
24) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын жою – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарына оларды одан әрі пайдалану, оған адам мен жануарлардың қол жеткізу мүмкіндігін жоққа шығаратындай әсер ету (термиялық, химиялық, механикалық не өзге) рәсімі;
25) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын кәдеге жарату – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын нысаналы мақсаты бойынша пайдалануды жоққа шығаратын және (немесе) өзге өнім шығарып технологиялық өңдеу;
26) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтері (бұдан әрі – сақтау нормативтері) – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын күтіп ұстау және сақтау шарттары жөніндегі техникалық талаптар;
27) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері (бұдан әрі – сақтау пункттері) және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар – мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шарт негізінде сақтауды және сақтауға байланысты қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
28) мемлекеттік резервтің одан әрі пайдалануға жарамсыз материалдық құндылықтары – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан зақымдалған, жарамдылық және сақтау мерзімі өткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасының талаптары мен нормаларына сәйкес келмейтін материалдық құндылықтар;
29) мемлекеттік резервтің одан әрі пайдалануға жарамсыз материалдық құндылықтарын сынамалы кәдеге жарату – экономикалық пайданы айқындау үшін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын эксперименттік кәдеге жарату;
30) сақтау мерзімі өткен өзге материалдық құндылықтар – тамақ өнімдерін қоспағанда, сақтау мерзімі өткен және зертханалық зерттелуге (сыналуға) тиіс тауарлар;
31) сату бағасы – кәдеге жаратылған тауардың аукцион нәтижесінде белгіленген түпкілікті бағасы;
32) сатып алушы – сатып алу-сату шартын жасасқан аукцион жеңiмпазы;
33) сатып алу-сату шартының идентификаторы – тізілім веб-порталы беретін сатып алу-сату шартының бiрегей нөмiрі;
34) технологиялық есеп-қисап – кәдеге жаратылған тауардың шығуы үшін қажетті шикізаттың атауы мен мөлшерін қамтитын, оның көлемін көрсететін есеп-қисап. Қойылған міндеттерге байланысты нақты, теориялық немесе технологиялық өнімділік есептеледі;
35) тізілімнің веб-порталы – мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) кәдеге жаратылған тауарлары туралы электрондық деректер базасына бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
36) уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – ведомство) – уәкілетті органның мемлекеттік резерв саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
37) экономикалық есеп-қисабы – кәдеге жаратылған тауардың өзіндік құнының есеп-қисабы, ол шикізаттың есеп-қисабын, саны мен құнын, өңдеу бойынша өндірістік жұмыстардың атауы мен құнын есептеуді қамтиды;
38) экономикалық пайда – экономикалық және технологиялық есеп-қисаптарды салыстыру арқылы мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын кәдеге жаратудың рентабельділігін белгілеу;