• Мое избранное
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы № 102 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 26 желтоқсанда № 37699 болып тіркелді

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 48) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулысының жекелеген құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығының статистикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) Қағидалардың 11-тармағының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«11. Есептілікті қалыптастыру мақсатында шетел валютасындағы активтер мен міндеттемелер «Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысында және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген) көзделген тәртіппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша қайта есептеліп, көрсетіледі.»;
2) Қағидаларға 9-қосымшаның «Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар және олармен жасалған мәмілелер туралы есеп» әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысанына қосымшаның 21-тармағы екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Шетел валютасындағы шарт бойынша мәміле сомасы «Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысында және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген) көзделген тәртіппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша қайта есептеліп, көрсетіледі.».
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы   Т. Сулейменов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
2025 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 102 қаулысымен
бекітілді
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағы үшінші бөлігінің 48) тармақшасына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі – Ұлттық Банк) әкімшілік деректерді өтеусіз негізде жинауға арналған нысандарды қоса, есептілікті ұсыну тәртібі, кезеңділігі мен мерзімі айқындалады.
2-тарау. Есептілікті ұсыну тәртібі
2. Есептілік Ұлттық Банкке есептілікті ұсыну сервистеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесін білдіретін «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің веб-порталы» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде ұсынылады.
3. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің веб-порталы» ақпараттық жүйесіне ақпаратты жүктеу кезінде нысанішілік бақылау жүзеге асырылады. Нысанішілік бақылауды жүзеге асыру кезінде қателер анықталған жағдайда, ақпараттық жүйе ақпаратты қабылдамайды.
4. Көрсетілген есепті кезеңнің нысанішілік бақылаудан өткен ақпаратын «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Веб-порталы» ақпараттық жүйесіне соңғы жүктеудің нақты күні тиісті есепті кезең үшін есептілікті ұсынуды аяқтау күні болып табылады.
5. Басшының немесе есепке қол қою функциясы жүктелген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен есептілікті куәландыру есептілікті ұсыну аяқталған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
6. Есептіліктегі деректердің толықтығы мен дәйектілігін банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басшысы немесе есепке қол қою функциясы жүктелген адам қамтамасыз етеді.
7. Басшының немесе есепке қол қою функциясы жүктелген адамның және орындаушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған есептілік электрондық форматта сақталады.
8. Балама сәйкестендіру нөмірі банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасының бейрезидент-контрагенттерінің сәйкестендіргіштерінің бірі ретінде болады, есептілікті ұсынатын банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым үшін бірегей және банк ұйымдарының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы тұлғамен өзара қарым-қатынасы кезеңі ішінде өзгермейтін болып табылады.
9. Клиенттің және (немесе) респондент контрагенттің резиденттілігі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
10. Мәмілелерге дейін ақпаратты нақтылауды көздейтін нысандарда есеп беретін банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақпараттық жүйесінде мәміленің бірегей сәйкестендіргіші болатын мәміленің (транзакцияның) референсі (коды) көрсетіледі. Референс мәнінің жолында мәтіндік деректер форматы болады және мәтіндік және (немесе) сандық элементтерді қамтиды.
Мәмілелерге дейін ақпаратты нақтылауды көздемейтін нысандарда референс ретінде ұсынылатын деректер жиынтығының бірегей нөмірі көрсетіледі, ол мынадай тәртіпте қалыптастырылады:
алғашқы сегіз символ - «ЖЖЖЖААКК» форматындағы есепті күн, мұнда «ЖЖЖЖ» – жыл, «АА» – ай, «КК» – күн;
бір символ – белгіленген бөлгіш «_»;
соңғы алты символ – реттік нөмір (000001 бастап 999999 дейін).
Ақпараттық жүйеде есеп беретін банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, мәміленің (транзакцияның) референсі (коды) болмаған кезде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген алгоритмді пайдаланады.
11. Есептілікті қалыптастыру мақсатында шетел валютасындағы активтер мен міндеттемелер «Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 56 бірлескен қаулысында және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі № 544 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36983 болып тіркелген) көзделген тәртіпте айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша қайта есептеліп, көрсетіледі.
12. Қағидаларда көзделген есептер нысандары кестелерінің кез келгені бойынша деректер болмаған кезде ол бойынша мәліметтер ұсынылмайды, бұл туралы банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Ұлттық Банкке еркін нысанда жасалған және есеп беретін ұйымның басшысы қол қойған қағаз тасымалдағыштағы немесе электрондық түрдегі тиісті хатпен осы кесте бойынша мәліметтерді ұсынудың белгіленген мерзімінен кешіктірмейтін мерзімде хабарлайды.
13. Ипотекалық ұйымдар Ұлттық Банкке:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша баланстық және баланстан тыс шоттардағы қалдықтар туралы есепті – есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын;
ипотекалық ұйымдар желтоқсан айының қосымша есебін (банкішілік операциялар бойынша қорытынды айналымдарды ескере отырып) (есепті айда айналымдар болған кезде) аяқталған қаржы жылынан кейінгі жылғы отыз бірінші қаңтардан кешіктірмей ұсынады;
2) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған салымдардың, корреспонденттік және ағымдағы шоттардың талдамасы туралы есепті – есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын;
ипотекалық ұйымдар желтоқсан айының қосымша есебін (қорытынды айналымдарды ескере отырып) (есепті айда айналымдар болған кезде) аяқталған қаржы жылынан кейінгі жылғы отыз бірінші қаңтардан кешіктірмей ұсынады;
3) Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бағалы қағаздар портфелінің құрылымы туралы есепті – есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын;
ипотекалық ұйымдар (есепті айда айналымдар болған кезде) желтоқсан айының қосымша есебін (қорытынды айналымдарды ескере отырып) аяқталған қаржы жылынан кейінгі жылғы отыз бірінші қаңтардан кешіктірмей ұсынады;
4) Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша басқа заңды тұлғалардың капиталына инвестициялар туралы есепті – есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын;
ипотекалық ұйымдар (есепті айда айналымдар болған кезде) желтоқсан айының қосымша есебін (қорытынды айналымдарды ескере отырып) аяқталған қаржы жылынан кейінгі жылғы отыз бірінші қаңтардан кешіктірмей ұсынады;
5) Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша басқа да жіктелетін активтер және ірі дебиторлар туралы есепті,
басқа да жіктелетін активтер туралы мәліметтер бөлігінде – есепті айдан кейінгі айдың оныншы жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын;
ірі дебиторлар бөлігінде – есепті тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, тоқсан сайын;