• Мое избранное
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекіту туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 1144 Жарлығы.

"Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 747 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы ереженің 32-тармағына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуын орта мерзімді перспективада қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022 - 2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1014 Жарлығы;
2) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 195 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 35-тармағы.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
 Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1144 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны

1-бөлім.

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының паспорты

2-бөлім.

Ағымдағы ахуалды талдау

3-бөлім.

Халықаралық тәжірибеге шолу

4-бөлім.

Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат жүйесінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамту пайымы

5-бөлім.

Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

6-бөлім.

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асырудың нысаналы индикаторлары мен күтілетін нәтижелері

1-бөлім. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының паспорты

Тұжырымдаманың атауы

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы

Әзірлеу үшін негіздеме

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы хаттамасының 1.1.2-тармағы (2025 жылғы 30 сәуірдегі № 25-35-1.1)

Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі;

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі;

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі;

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі;

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі;

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі;

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері

Іске асыру мерзімдері

2030 жылға дейін

2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау
         Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекетті, қоғамды және азаматтарды топтастыру, елдің қоғамдық-саяси тұрақтылығын, орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты өркендеген, демократиялық мемлекет, тең мүмкіндіктер қоғамын - Әділетті Қазақстанды құру процесінде іске асыруға қатысуын қамтамасыз ету.
         Тұжырымдама Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын, "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде қоғамды топтастыруды, этностардың үйлесімді дамуы мен құқықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекетті құрудың жаңа даму кезеңіндегі мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес Ассамблеяны трансформациялау үшін жаңа тәсілдерді ескеруді қамтамасыз етуге арналған.
         Қазақстан тәуелсіздік алған кезінен бастап азаматтық бірегейлік пен бірлік саясатын дәйекті түрде жүргізіп, қоғамдағы этностардың қауіпті бөлінуіне жол бермей, халықтың азаматтық-саяси, рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалды, экономикалық және әлеуметтік модельдің ауқымды трансформациялануын қамтамасыз етіп, бүгінгі таңда жаңа сүбелі өзгерістер жүргізіп, Әділетті Қазақстанды құруда.
         Ассамблеяның заңнамалық-құқықтық дамуы Қазақстан этностарының бірлігі мен интеграциясын нығайту тетіктерін күшейту жоніндегі нормативтік құқықтық базаны дәйекті дамытумен сипатталады.
          Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған.
         Ассамблея бастапқыда Қазақстанның болмысына, сондай-ақ этностардың интеграциясын қамтамасыз етудің озық әрі озат тетіктеріне толық бейімделген, қазақстандық мемлекеттіліктің өзіндік ерекшелігі бар институты ретінде құрылды. Ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастыратын тұғырға айналды.
         2007 жылғы конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық мәртебесі бар мекеме ретінде айқындап, оның Қазақстан Республикасының Парламентіндегі кепілді өкілдігін қамтамасыз етті.
          Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 370 Жарлығымен Қазақстан халықтары Ассамблеясының атауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді.
          2008 жылы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда оның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
         2012 - 2022 жылдары аталған Заңға Ассамблея қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
         2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблея туралы ереже бекітіліп, ол 2024 жылы жаңартылды, онда Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері бекітілген.
         Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы (2011 жылға дейін) және Ассамблеяның даму тұжырымдамасы дәйекті түрде (2020 жылға дейін, 2025 жылға дейін) іске асырылды, нәтижесінде мемлекеттік саясаттың институционалдық негізі және этносаралық қатынастар саласын реттейтін мемлекеттік жүйесі құрылды, ол Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерімен және қоғамдық құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
          "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяның Төрағасы болып табылады. Ол Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады, оның қызметінің бағыттарын айқындайды, басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, Ассамблея Кеңесінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бес депутатын тағайындайды, Ассамблея Сессиясын шақырады, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.
         Ассамблеяның негізгі органы - ел Президентінің төрағалығымен өтетін жыл сайынғы сессия. Оның шешімдерін мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауға тиіс.
         Сессиялар арасында Ассамблеяға басшылықты этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен, қоғам қайраткерлерінен, Парламент депутаттарынан, Үкімет мүшелерінен, өңір әкімдерінен тұратын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.
         Ассамблея Хатшылығы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады, оның қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледі. Хатшылықты Ассамблея Төрағасының орынбасары - Хатшылықтың меңгерушісі басқарады.
         Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" РММ) құрылды. Өңірлік деңгейде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, елорда әкімдерінің аппараттары жанынан "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекетгік мекемелері (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" КММ) құрылды.
         2020 жылы "Қоғамдық келісім" РММ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына, "Қоғамдық келісім" КММ жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының қармағына берілді.
         2020 жылы құрылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіріп, ұйымдастырады, республикадағы этносаралық келісімнің жай-күйіне талдау жүргізіп, талдамалық материалдар дайындайды.
         "Қолданбалы этно-саяси зерттеулер институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ҚЭЗИ) этносаралық қатынастар саласында зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік саясатты жетілдірудегі ғылыми көзқарасты және жаңа әдістерді қолдануды қамтамасыз етеді.
         Өңірлерде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдері аппараттарының ішкі саясат басқармалары іске асырады.
         Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыстарда әкімдер басқаратын өңірлік ассамблеялар жұмыс істейді.
         Этносаралық саладағы саясатты тиімді іске асыру мақсатында алғаш рет 2025 жылы Алматы (Еңбекшіқазақ, Ұйғыр), Жамбыл (Қордай), Жетісу (Панфилов), Түркістан (Сайрам) облыстарында аудандар деңгейінде ассамблеялар құрылды.
         2022 жылғы маусымда өткен жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Сенатының бес депутатын Ассамблея Кеңесінің ұсынысы бойынша тағайындайды, барлық этностардың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдіру мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді.
         2023 жылы Қазақстан Республикасының Парламентінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің 30 депутатынан тұратын "Бір ел - бір мүдде" палатааралық депутаттық тобы құрылды, ол заңнамалық деңгейде жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
         Барлық өңірде облыстық мәслихаттар жанынан Ассамблеяның депутаттық топтары құрылды, олар Ассамблеяның жұмысын өңірлік деңгейде қолдауды жүзеге асырады.
         Ассамблея саяси партиялармен белсенді ынтымақтастық жасайды әрі бірлескен жобаларды іске асырады.
         Ассамблеяға Қазақстанның барлық этносының өкілдері - этномәдени бірлестіктердің басшылары, танымал қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары кіреді.
         Ассамблея шеңберінде елдің барлық өңірін қамтитын және "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде халықтың қалың топтарын интеграциялау процесіне тартатын инклюзивті әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым қалыптастырылған.
         Жергілікті жерлерде 36 достық үйі жұмыс істейді, олар этномәдени бірлестіктер, интеграция, медиация және волонтерлік жұмыс саласындағы қоғамдық жобалар үшін көпфункционалды ресурстық орталық ретінде қызмет етеді. Достық үйлерінде түрлі этностардың мемлекет қолдау көрсететін шығармашылық ұжымдары да жұмыс істейді.
         Қазіргі кезеңде Ассамблеяны дамытудағы жетекші үрдістердің бірі - оның маңызды әлеуметтік міндеттерді тиімді шешуге қабілетті және қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік, мәдени, ұрпақтан ұрпаққа берілетін және кәсіби бай әралуандығын бойына сіңірген қоғамдық құрылымдарының рөлін арттыру.
         "Бірлігіміз - әралуандықта", "Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар", "Адал азамат", "Мемлекеттік тіл - этносаралық қатынас тілі", "Салауатты сана", "Жомарт жан", "Біртұтас қоғам: келісім және сенім", "Елдесу және татуласу", "Жаңа толқын", "Тамырлас" қоғамдық жобалары іс жүзіндегі әлеуметтік әсерін көрсетіп келеді.
         2025 жылдан бастап ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында, ұйымдар мен мекемелер ұжымдарында еңбек ассамблеялары құрылуда.
         Бұл "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру, қазақстандық азаматтық бірегейлік пен патриотизмді қалыптастыру және дамыту процестеріне халықтың барлық этно-әлеуметтік, ұрпақтар буыны мен аумақгағы топтарын қамтып әрі тартып, Ассамблея жұмысын республика деңгейінде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.