Bestprofi Logo

Кодекс № 253-VIII от 2026-01-09г./Қазақстан Республикасының Парламенті

Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі

Отправить на почту


Языки документа

Внимание! Документ вводится в действие с 01.07.2026 г.

Документ на казахском языке

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС КОДЕКСІ Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII Кодексі

Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға, адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) авариялық құрылыс объектісі – адамдардың құрылыс объектісінде қауіпсіз болуын қамтамасыз етудің мүмкін болмауына байланысты құрылыс объектісінің одан әрі пайдаланылуы дереу тоқтатылуға тиіс жай-күйі;

2) авторлық сүйемелдеу – құрылыс жобасы авторының (авторларының) құрылыс сатысын сүйемелдеуді жүзеге асыруы, оның ішінде оған өзгерістер енгізу жөніндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет;

3) адам өмір сүретін және тіршілік ететін орта – адам тұратын және тіршілік ететін орта. Адам өмір сүретін және тіршілік ететін орта мыналарды қамтиды:

қоршаған орта – табиғи орта мен антропогендік ортаны қамтитын, адамның айналасындағы жағдайлардың, материалдық әлем заттары мен объектілерінің жиынтығы;

сәулеттік-ландшафттық орта – адам шаруашылық қызметті және басқа да функцияларды жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттік нысандар ұштастырылған кеңістік. Әдетте, бұл адамның өмір сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйін айқындайтын, елді мекендер шегіндегі және олардың шегінен тысқары орта;

қолжетімді (кедергісіз) орта – орынға кедергісіз жетуге және көрсетілетін қызметті пайдалануға мүмкіндік беретін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ететін параметрлері бар құрылыс объектісінің, қызмет көрсету орнының қасиеті;

iшкi орта – тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, оның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жану өнiмдерiн, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды;

4) атқарушылық геодезиялық түсірілім – ғимараттардың, құрылысжайлардың, инженерлік коммуникациялардың жер учаскесінде нақты орналасуының дәл координаттар мен биіктіктер жүйелеріне байланыстырылған схемасы;

5) аумақтарды аймақтарға бөлу – қала құрылысына жоспарлау кезінде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін және оларды пайдалану бойынша ықтимал шектеулерді белгілей отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;

6) аумақтық-көліктік жоспарлау – қаладағы мобильділіктің орнықты түрлеріне және кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық бере отырып, сондай-ақ аумақты жедел жабдықтауды және қатынас жолдарын техникалық қамтуды ескере отырып, аумақтың көліктік жүйесін дамытуды жоспарлау, ол көліктің барлық түрінің инфрақұрылымын орналастыруды және көліктің маршруттық желісін салуды жоспарлауды да қамтиды;

7) бастапқы материалдар – жобалау құжаттамасын әзірлеу үшін қажетті материалдар;

8) бірегей құрылыс объектісі – құрылыс объектісі үшін арнаулы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттілігін айқындайтын, жобалау және салу жөніндегі мемлекеттік нормативтік құжаттар немесе мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар) белгіленбеген, ерекше, бұрын жеке-жеке немесе жиынтық түрінде қолданылмаған сәулет, көлемдік-жоспарлау, конструкциялық, инженерлік немесе технологиялық шешімдермен сипатталатын құрылыс объектісі және оның кешендері;

9) ғимарат – функционалдық мақсатына қарай адамдардың тұруы немесе онда болуы, өндiрiстiк процестердi орындау, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыру және сақтау үшін пайдаланылатын, мiндеттi түрде жер бетiндегі тұйық көлемдi құрайтын тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылыс. Ғимараттың жерасты бөлiгi болуы мүмкiн;

10) ғимараттардың және құрылысжайлардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау – нәтижесінде ғимараттар мен құрылысжайлардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі, сенімділігі және орнықтылығы, одан әрі пайдалану мүмкіндігі, құрылыс объектісін күрделі жөндеу, жаңғырту немесе реконструкциялау жұмыстарының құрамы мен көлемін, сондай-ақ нысаналы мақсатының өзгеруін анықтау үшін, уақыт аралығында болатын өзгерістер ескеріле отырып, конструкциялар сапасының нақты көрсеткіштерінің сандық бағалауын алу айқындалатын сараптама жұмыстарының түрі;

11) дизайн-код – елді мекендердің үйлесімді және стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған, оның ішінде абаттандыру элементтерін, ақпараттық және жарнамалық конструкцияларды, шағын сәулет нысандарын, стационарлық емес объектілерді, сауда қызметі және (немесе) қоғамдық тамақтандыру үшін пайдаланылатын стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға, көгалдандыруға, жарықтандыруға, қасбеттерге, қоршауларға қатысты, құрылыс салынатын ауданның ерекшеліктері ескерілетін талаптар мен қағидалардың жиынтығы;

12) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тысқары орналасқан аумақтар үшін әзірленетін қала құрылысы жобасы;

13) елдi мекен аумағы – қалалық немесе ауылдық елдi мекеннiң белгiленген шекарасы (шегі) шегiндегi кеңiстiк;

14) елдi мекеннiң бас жоспары – қала құрылысы регламенттері ескеріле отырып, елді мекенді аймақтарға бөлудi, оның жоспарлы құрылымын және аумағын функционалдық ұйымдастыруды, көлiктік және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйесін белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды дамытуды және оларда құрылыс салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;

15) елді мекеннің (елді мекеннің құрамдас бөліктерінің) сәулеттік келбеті – құрылыс объектілерінің, құрылыс салудың, абаттандырудың және қоршаған ортаның барлық элементтерінің орналасуы тұтас эстетикалық сәулетті, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған аумақтың кеңістіктік-композициялық шешімі;

16) ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi – аумақтарды, елдi мекеннiң, жекелеген құрылыс объектiсiнiң аумағын пайдаланудың жалпыға бiрдей қабылданған қағидаларына (тәртiбіне) ерекшелiктер белгiленбей не толықтырулар енгiзiлмей іске асырылуы қиын болатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi;

17) ескірген құрылыс объектісі – құрылыс объектісінің конструкциясы, негізі физикалық тозу салдарынан берілген пайдалану талаптарына сай келмейтін жай-күйі;

18) жалпы сейсмикалық аймақтарға бөлу карталары – болжалды бағалары топырақтың жоғары үдеулерінде және сейсмикалық қарқындылық шәкілі бойынша балдармен берілген, ықтимал сейсмикалық қауіптілігі әртүрлі аймақтар бөліп көрсетілген, елдің бүкіл аумағы үшін салыстырмалы түрде ұсақ масштабта жасалған карталар;

19) жеке тұрғын үй – жеке (отбасымен) тұруға арналған, мансарды мен ірге қабатын қоса алғанда биіктігі үш қабаттан аспайтын, шаруашылық және басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бірге жеке тұлғаның меншігіндегі бөлек тұрған ғимарат;

20) жеке тұрғын үй құрылысы – адамдардың белгіленген тәртіппен өздеріне бекітіліп берілген жер учаскесінде өз күшімен немесе мердігерлік тәсілмен жеке тұрғын үйлер салуы;

21) жеке тұрғын үй құрылысын салу аумағы – әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-ағартушылық мақсаттағы объектілермен, сондай-ақ инженерлік және көліктік инфрақұрылымдармен бірге жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын елді мекен аумағының бір бөлігі;

22) жобалардың мемлекетаралық сараптамасы – құрылыс туралы халықаралық шартқа екі және одан көп қатысушы мемлекет үшін қызығушылық туғызатын жобалар сараптамасының міндетті нысаны;

23) жобалар сараптамасы – жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалауға арналған бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарының шарттарына сәйкестігін (сәйкессіздігін), сондай-ақ жобалау шешімдері мен есеп-қисаптарда қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттер талаптарының, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің сақталуын анықтау арқылы құрылыс жобаларына, қала құрылысы жобаларына талдау және олардың сапасын бағалауды жүргізуді білдіретін сараптама қызметі;

24) жобалау алдындағы құжаттама – жобалау құжаттамасын әзірлеу алдындағы және бағдарламаларды, есептерді, негіздемелерді, техникалық-экономикалық есеп-қисаптарды, ғылыми зерттеулер мен инженерлік ізденістер нәтижелерін, технологиялық және конструктивтік есеп-қисаптарды, эскиздерді, сызбаларды, макеттерді, өлшеулерді және объектілерді зерттеп-қарау нәтижелерін, сондай-ақ өзге де бастапқы материалдарды және жобалау құжаттамасын әзірлеу туралы шешімдер қабылдау және құрылыс жобаларын кейіннен іске асыру үшін қажетті материалдарды қамтитын құжаттама;

25) жобалау құжаттамасы – жобалау барысында жасалатын мәтіндік және графикалық құжаттар жиынтығы, ол мыналарды қамтиды:

абаттандыру және көгалдандыру жобалары. Абаттандыру және көгалдандыру жобалары құрылыс жобасының құрамында болуы мүмкін;

қала құрылысы жобалары – аумақтар мен елді мекендерді немесе олардың бөліктерін ұйымдастыруды, дамытуды және оларда құрылыс салуды кешенді қала құрылысына жоспарлау шешімдерін қамтитын жобалар (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары (елді мекендерді дамыту және оларда құрылыс салу схемалары), егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары);

құрылыс жобасы – осы Кодекстің тиісті талаптарын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру және жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру үшін сметалық есеп-қисаптарды қамтитын жобалау-сметалық құжаттама. Құрылыс жобаларына құрылыс объектілерін консервациялау және кейіннен кәдеге жарату жобалары да жатады;

сәулет жобасы – жобалауына сәулетшінің қатысуы қажет болатын құрылыс объектісін (монументті) тұрғызу жобасы;

26) жобалау қызметі (жобалау) – жобалау құжаттамасын жасау жөніндегі өзара байланысты жұмыстар кешенін жүзеге асыруды білдіретін қызмет;

27) жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері – мемлекеттік сараптама ұйымы, сараптама ұйымдары, сондай-ақ олардың жұмыскерлері болып табылатын не осы ұйымдар штаттан тыс сарапшылар ретінде уақытша жұмысқа тартқан сарапшылар;

28) жобалау саласындағы сарапшы – сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін осы Кодексте көзделген тәртіппен сертификатталған және мемлекеттік сараптама ұйымының немесе сараптама ұйымдарының бірінің штатындағы жеке тұлға;

29) жобалау ұйымы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жобалау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

30) жобаны басқару – құрылыс объектілерін ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, жобалауды, салуды және пайдалануға беруді бақылау жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызмет, ол техникалық қадағалау мен авторлық сүйемелдеуді қамтуы мүмкін;

31) инженерлiк инфрақұрылым – адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер айналымының орнықты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай жасайтын кәсiпорындардың (ұйымдардың), құрылыс объектілерінің, коммуникациялар мен инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету желiлерiнiң жиынтығы;

32) инжинирингтік көрсетілетін қызметтер – оңтайлы жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында құрылысты дайындауды және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін, техникалық қадағалауды, авторлық сүйемелдеуді және жобаны басқаруды жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтер;

33) кезекші топографиялық жоспар – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылатын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің объектілері, инженерлік инфрақұрылым, жоспарланатын құрылыс объектілері, абаттандыру және көше-жол жүрісі объектілері, көлік желісі туралы мәліметтерді қамтитын цифрлық картографиялық негіз;

34) кепілдік мерзім – құрылыс объектілерін пайдаланудың осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне немесе шартқа сәйкес белгіленген мерзімі, оның барысында тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер) мемлекеттік нормативтік құжаттарға, құрылыс жобасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс объектісінің көрсеткіштері сапасының сақталуына кепілдік береді;

35) консервациялау – құрылысы аяқталмаған объектінің салынуы уақытша тоқтатыла тұрған кезеңде оның конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені;

36) көліктік инфрақұрылым – көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылысжайларының, жол айрықтары мен жолөткелдердiң, реттеушi сигнал беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысын инженерлiк жағынан қамтамасыз ету, көлiк құралдарына, тасымалданатын жүктерге, жолаушыларға қызмет көрсету, жол жүрісінің және жол жүрісіне әрбір қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi персоналдың функционалдық қызметiн қамтамасыз ету объектiлерінiң, қойма үй-жайлары мен аумақтарының, санитариялық-қорғаныш және күзет аймақтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген және көрсетiлген қатынас жолдарына және жылжымайтын мүлiк объектiлерi бар объектiлерге бекітіліп берілген жерлер кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiржол) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) қатынас жолдарының жиынтығы;

Ссылка на абзац скопирована в буфер обмена

Комментарий успешно добавлен

Ссылка на документ скопирована в буфер обмена

Документ добавлен в избранное

Комментарий удален

Закладка успешно добавлена

Закладка удалена

Закладка изменена

Функция доступна только для подписчиков системы

Содержание