• Мое избранное
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 129 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 10 сәуірде № 38396 болып тіркелді

БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Тізбенің 2-тармағының елу алтыншы, елу жетінші, жүз бесінші, жүз алтыншы, жүз жетінші, жүз сегізінші, жүз тоғызыншы, жүз оныншы, жүз он бірінші, жүз он екінші, жүз он үшінші, жүз он төртінші, жүз он бесінші, жүз он алтыншы, жүз он жетінші, жүз он тоғызыншы, жүз жиырмасыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2026 жылғы 10 сәуірдегі
№ 129
бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі
1. «Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6321 болып тіркелген.):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидаларында:
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«25. Ветеринариялық іс-шараларды (профилактикалық вакциналау, аллергиялық, диагностикалық зерттеулер, жануарларды бірдейлендіру) қоспағанда, осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген мәліметтерді дерекқорға енгізу оқиға орын алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей, оның ішінде берілген ветеринариялық құжаттар (ветеринариялық анықтама, ветеринариялық сертификат) және (немесе) Заңның 25-бабының 6) тармақшасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары бойынша және (немесе) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Ветеринариялық іс-шаралар (профилактикалық вакциналау, аллергиялық, диагностикалық зерттеулер, жануарларды бірдейлендіру) бойынша мәліметтерді дерекқорға енгізу олар жүргізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Дерекқорға аллергиялық зерттеулердің нәтижелері туралы мәліметтерді енгізу аллергиялық зерттеулер оқылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Дерекқорға диагностикалық зерттеулердің нәтижелері туралы мәліметтерді енгізу диагностикалық зерттеулердің нәтижелері алынған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Дерекқорға ветеринариялық іс-шаралар (профилактикалық вакциналау, аллергиялық зерттеулер, диагностикалық зерттеулер, жануарларды бірдейлендіру) бойынша енгізілген мәліметтерді дерекқорға мәліметтер енгізілген күннен бастап күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде түзетуге (редакциялауға) жол беріледі.».
2. «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларында:
15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«15) жаңа, жетілдірілген ветеринариялық препараттарға, азықтық қоспаларға арналған нормативтік техникалық құжаттаманы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 7-1/625 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10298 болып тіркелген) бекітілген Жаңа, жетілдірілген ветеринариялық препараттарға, жемшөп қоспаларына нормативтік-техникалық құжаттаманы келісу қағидаларына сәйкес келісу;»;
мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:
«16) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарды сақтау.»;
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«29. Мал қорымын (биотермиялық шұңқырды) салу кезінде 5-6 метр тереңдікте жерасты сулары шығатын (жер бедерін ескере отырып) жерлерден басқа учаскенің ортасынан ұзындығы мен ені 3 метр, тереңдігі 10 метр болатын шұңқыр қазады. Шұңқырдың қабырғасын су өтпейтін материалмен қалайды да, қорғаныш құрылғысымен жер беті деңгейінен 40 сантиметрден 1 метрге дейін жоғары шығарады. Шұңқырдың түбін реттеп, кем дегенде 20 сантиметр қалыңдықпен бетондайды. Шұңқырдың жабыны екі қабаттап жасалынады. Қабат арасына жылу өткізбейтін төсеніш салады. Жабынның дәл ортасынан өлшемі 100х100 сантиметр болатын тесік қалдырады, оның құлыпталатын тығыз жабылатын қақпағы болады. Шұңқырдан диаметрі 25 сантиметр және биіктігі 3 метр болатын сорғыш мұржа шығарылады. Шұңқырдың үстіне биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 6 метр, ені 3 метр болатын қалқа тұрғызады.»;
30-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«30-1. Сібір жарасынан өлген жануарлардың өлекселері көмілген мал қорымдарын адамдар мен жануарлар кіре алмайтындай етіп бүкіл периметрі бойынша биіктігі кем дегенде 1,5 метр болатын бетон қоршаумен қоршайды, «Сібір жарасы» деген жазуы бар тақтайшалармен (аурудың пайда болған күні) белгіленеді.
Сібір жарасынан өлген жануарлардың өлекселері, сондай-ақ жануарлардан алынған шикізат пен өнім арнайы қондырғыларда өртеледі. Күл қалдығы Беккари шұңқырына салынады.
Сібір жарасынан өлген жануардың лажсыз сойылған, өлексесі жарып ашылған жерді мұқият өртейді, спорицидтік қасиеттері бар препараттармен олардың тиімділігіне мониторинг жүргізе отырып, дезинфекция жүргізіледі, содан кейін 20%-дық хлоры бар әк ертіндісін құяды, топырақты 25 сантиметр тереңдікте қазып, кемінде 25% белсенді хлордан тұратын құрғақ хлоры бар әкті топырақтың үш бөлігіне бір бөлік есебінде араластырады. Топырақты әкпен араластырғаннан кейін сумен ылғалдандырады.
Сібір жарасынан өлген жануарлардың өлекселері көмілген орындарды ветеринариялық-санитариялық карточка, кадастрлық мағлұматтар, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар бойынша, жергілікті жердегі комиссиялық іздестіруі бойынша анықтау мүмкін болмаған кезде, сібір жарасынан өлген жануарлар өлекселері көмілген орындар айқындалмаған деп саналады (бағдар жоқ, бірақ жануарлардың өлгендігі жөнінде мәліметтер кадастрда көрсетілсе, сібір жарасы бойынша стационариялық-саламатсыз пунктте эпизоотиялық ошақтың бар екендігі, бірақ сібір жарасынан өлген жануарлардың өлекселері көмілген орынның анықталмағандығы жөнінде акті жасалынады). Объектілердің аумақтары Санитариялық қағидаларға сәйкес санитариялық-қорғаныш аймағындағы елді мекендерден алыстатылады.
Төтенше жағдай кезінде сібір жарасынан өлген жануарлардың өлекселерін көмуге арналған мал қорымдарының аумақтарындағы топырақтың жай-күйіне зертханалық зерттеу үшін сібір жарасы қоздырғышының болуына топырақ сынамалары алына отырып, мониторинг жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 72-1-тармақпен толықтырылсын:
«72-1. Шектеу іс-шаралары ЖАО-ның шешімімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысының негізінде соңғы ауру жануар анықталған сәттен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн өткен соң және осы Қағидалардың 72-тармағында көзделген ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін алынады.»;
мынадай мазмұндағы 122-1, 122-2, 122-3, 122-4 және 122-5-тармақтармен толықтырылсын:
«122-1. Тиісті эпизоотологиялық бірліктің эпизоотологиялық мәртебесін айқындау мақсатында вакцинацияланған жануарларда вирустың құрылымдық емес ақуыздарына антиденелер анықталған кезде:
1) мемлекеттік ветеринариялық ұйым ауруға сезімтал жануарлармен жанасқан жануарлардан сынамалар алуды, Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйым айқындайтын іріктемелер бойынша ПТР-диагностика жүргізу немесе вирусты бөліп алу үшін пробанг-сынамаларын алуды жүргізеді;
2) Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйым:
ПТР-диагностика жүргізуді немесе вирусты бөлуді қоса алғанда, осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алынған сынамаларды зертханалық (диагностикалық) зерттеу;
бастапқы зерттеу кезінде пайдаланылған әдістерді қолдана отырып, вирустың құрылымдық емес ақуыздарына антиденелер анықталған ветеринариялық зертханада бар жануарлар қандарының бақылау сынамаларына қайта диагностикалық зерттеу жүргізеді.
Көрсетілген зерттеулердің қорытындылары бойынша оң нәтижелер болмаған жағдайда диагноз анықталмаған болып есептеледі.
Везикулярлық синдром түрінде өтетін ауру кезінде аусылға теріс зертханалық нәтиже болған кезде везикулярлық стоматит, везикулярлық ауру және везикулярлық синдроммен бірге жүретін өзге де аурулар мен уланулар алып тастауға жатады.
122-2. Аусыл вирусының республика аумағына әкелінуіне, пайда болуына және таралуына жол бермеу мақсатында Бірыңғай ветеринариялық талаптарды сақтау жөнінде шаралар қабылданады.
122-3. ХЭБ талаптарына сәйкес, жануарлардың орнын ауыстыру кезінде вирустың пайда болуын және таралуын болдырмау мақсатында вакциналау жүргізілген саламатты аймақта ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы республиканың аумағында жануарлардың орнын ауыстыру (тасымалдау) жөніндегі іс-қимылдардың тәртібін (алгоритмін) белгілейді.
122-4. Аусылға ветеринариялық мониторингті жүзеге асыру барысында:
1) аусылға барлық күдікті жағдайлар эпизоотологиялық мониторингтен өтеді;
2) жануарларды аусылға қарсы вакциналау жүргізілмейтін елде және аймақтарда ауруға сезімтал жануарлар популяцияларында вирус айналымының жоқтығына дәлелдер алу үшін белсенді мониторинг жүзеге асырылады, ол мыналарды жүргізуді қамтиды:
биологиялық материал сынамаларында вирустың құрылымдық полипротеиндеріне антиденелердің болмауына ауруға сезімтал үй, жабайы және хайуанаттар бағындағы жануарлар популяцияларындағы серологиялық зерттеулер. Егер вирустың құрылымдық полипротеиндеріне антиденелер табылған жағдайда, оң нәтиже көрсеткен жануарлардан алынған сынамалар вирустың құрылымдық емес полипротеиндеріне антиденелердің болмауына зерттеледі;
биологиялық материал сынамаларында қоздырғыштың болмауына, оның ішінде аусылға күдікті жағдайлар анықталған кезде ауруға сезімтал үй, жабайы және хайуанаттар бағындағы жануарлардың популяцияларында вирусологиялық зерттеулер;
3) жануарларды аусылға қарсы вакциналау жүргізілетін елде және аймақтарда ауруға сезімтал жануарлар популяцияларында вирус айналымының жоқтығына дәлелдер алу үшін белсенді мониторинг жүзеге асырылады, ол мыналарды жүргізуді білдіреді:
биологиялық материал сынамаларында вирустың құрылымдық емес полипротеиндеріне антиденелердің болмауына ауруға сезімтал үй, жабайы және хайуанаттар бағындағы жануарлардың және вирустың құрылымдық полипротеиндеріне антиденелердің болмауына ауруға сезімтал жабайы жануарлардың популяцияларында серологиялық зерттеулер. Вирустың құрылымдық емес полипротеиндеріне антиденелерді анықтау аусылға күдікті жағдай болып табылады;
биологиялық материал сынамаларында, оның ішінде өлген жануарларда қоздырғыштың болмауына және аусылға күдікті жағдайлар анықталған кезде ауруға сезімтал үй, жабайы және хайуанаттар бағындағы жануарлардың популяцияларында вирусологиялық зерттеулер;
4) аусылға қарсы жануарларды вакциналауды жүргізу аймақтарында иммундаудың тиімділігі серологиялық мониторинг арқылы бағаланады;
5) ауруға сезімтал жабайы жануарлар популяцияларында вирус айналымының болмауына дәлелдер алу үшін ауруға сезімтал жабайы жануарлар популяциясындағы қоздырғышты барынша ерте анықтауға бағытталған мониторинг жүргізіледі.
122-5. Аусылдың профилактикасы мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекаралас үшінші елдерде аусыл бойынша эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, вакциналарды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға (нұсқауларға) сәйкес аусылға сезімтал жануарларды вакциналармен вакциналау жүзеге асырылады. Мемлекет аумағында Қазақстан Республикасында және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген және диагностикалық тесттер мен ХЭБ вакциналары жөніндегі нұсқаулықтың ұсынымдарына сәйкес келетін аусылға қарсы вакциналар қолданылады.
Аусылға қарсы вакциналаудың тиімділігін бағалау мақсатында вакцинация жасалған күннен бастап күнтізбелік 30-60 күннен кейін ауруға сезімтал түрлерге вакциналанған жануарлар популяциясына серологиялық зерттеулер жүргізу арқылы мониторинг жүзеге асырылады.
Поливалентті вакциналарды пайдаланған кезде вакцинадағы серотиптердің әрқайсысына антиденелерді анықтау үшін зерттеулер жүргізіледі. Серологиялық зерттеулер қорғалған жануарлардың пайызын айқындау және ХЭБ басшылығы ұсынған әдістерді қолдана отырып, вирустың ықтимал айналымын анықтау үшін жүргізіледі.»;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) биоматериалдардың сынамаларын алу және одан әрі молекулярлық деңгейде вирустардың сипатын анықтай отырып, зертханалық зерттеулер жүргізу;
Жануарлардың ауруға сезімтал түрлерінен репрезентативті іріктемені алу кезінде талдау нәтижелері шектеу аймақтарындағы эпизоотиялық жағдайды көрсетуі үшін іріктеме көлемін көздейді;»;
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«14) аусылдың шығу себептерін, ауру таралуының болжамды ауқымын және клиникалық белгілерін белсенді түрде іздеу арқылы вирустардың айналымын анықтау мақсатында аумақтарда, шаруашылықтарда, малдарды өткізуді жүзеге асыратын сауда объектілерінде және жеке аулаларда эпизоотологиялық тексеру жүргізу; аурудың өршу ошағынан 10 (он) километр радиуста шектеу аймақтарында ауру жануарлармен жанасқан жануарларға зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету;»;
126-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«126. Аусыл бойынша саламатсыз пункттерде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің ЖАО бөлімшесі Заңның 11-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйыммен (бұдан әрі – РҚО) бірлесіп мынадай іс-шараларды ұйымдастырады:
1) пункттен апаратын барлық жолдарды (соқпақтарды) жабады және тәулік бойы кезекшілігі бар күзет-карантиндік бекеттердің қажетті санын қояды, сондай-ақ «Жүруге тыйым салынады», «Айналып өту», «Аялдау міндетті», «Аялдауға тыйым салынады» деген тиісті көрсеткіштерді (жол белгілерін) орнатады;
2) күзет-карантиндік бекеттерде кезекшілік атқару үшін қажетті адамдар санын бөледі және олардың міндеттерін айқындайды. Күзет-карантиндік бекеттер бойынша кезекшіге арнайы куәліктер мен қолға байлайтын таңғыштар беріледі. Бекеттер шлагбаумдармен, дезинфекциялық тосқауылдармен және кезекшілерге арналған будкалармен жабдықталады, мүмкіндігінше байланыс орнатады;
3) барлық жануарларды қорада ұстауға немесе арнайы бөлінген оқшауланған жайылым учаскесіне ауыстыруды қамтамасыз етеді, саламатсыз пункттегі аусылға бейім барлық жануарларды есепке алады;
4) саламатсыз пункттегі барлық сезімтал жануарларды алдыңғы егу мерзіміне қарамай аусылға қарсы міндетті түрде вакциналайды;
5) үй құсын саламатсыз пункттің аумағында жабық үй-жайларда, ал иттерді байлап ұстайды;
6) мал шаруашылығы үй-жайлары мен өндірістік аумақтарға күнделікті дезинфекция жүргізуді, арнайы киімді, күтім заттарын, көлік құралдарын өңдеуді қамтамасыз етеді;
7) жануарларға арналған үй-жайларға немесе қораларға, жануарлар иелерінің аулаларына кірген кезде, сондай-ақ жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), өңдеуді, өндіруді, сақтауды жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде аяқ киім мен көлікті өңдеуге арналған дезинфекциялық кедергілер орнатады.»;
144-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«13) аусыл бойынша эпизоотиялық жағдайды зерделеу жөніндегі алынған деректерді нақты режимде талдау үшін географиялық байланысы бар деректерді және карта жасауды қамтитын цифрлық жүйені дамыту;»;
145-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«145-3. Жеке және заңды тұлғалар жануарлар ауруының алдын алу мақсатында:
1) ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етеді;
2) ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын ЖАО бөлімшелерін, ЖАО құрған мемлекеттік ветеринариялық мекемелерді, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарын:
жаңадан сатып алынған жануар (лар), туылған төлдер, оның (олардың) сойылғаны және сатылғаны туралы;
екі және одан да көп жануарлардың өлуі, бір мезгілде ауырғаны немесе олардың әдеттен тыс мінезі туралы және ветеринария саласындағы мамандар келгенге дейін ауруға күдік тудырған жануарларды оқшаулап ұстау шараларын қабылдау туралы хабардар етеді;
3) ветеринария саласындағы мамандарға ветеринариялық іс-шараларды орындау кезінде жәрдем көрсетеді;
4) сою алдында жануарларға ветеринариялық қарап-тексеруді жүргізбей және сойылғаннан кейін ұшалары мен органдарына ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатуға арналған жануарларды союды болдырмайды.»;
12-1-тараудың 3-параграфының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«3-параграф. Кәсіпорындарда, ішкі сауда объектілерінде сібір жарасы анықталған кезде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібі»;
145-24 және 145-25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«145-24. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша ЖАО шешімімен кәсіпорындарда дереу:
1) ауру ошағын жою жөніндегі ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар аяқталғанға және шектеу іс-шараларын алғанға дейін союға әкелген жануарлардың жаңа партияларын, басқа орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді қабылдауды тоқтатуды;
2) кәсіпорынның аумағынан орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді шығаруға, сондай-ақ қалдықтарды және кез келген заттарды зарарсыздандырмаған күйде одан тысқары шығаруға (әкетуге) жол бермеуді;
3) аталған кәсіпорынға тікелей қатысы жоқ бөгде адамдардың кәсіпорынға кіруіне жол бермеуді;
4) кәсіпорынның қызмет көрсететін персоналын санитариялық тазалықтан өткізу режимін күшейтуді;
5) оқшауланған ұшаларды, ішкі органдар мен терілерді жағуды көздейтін шектеу іс-шаралары енгізіледі.
Шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты, кәсіпорындарда мынадай шаралар қабылданады:
1) жануарлар, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат тасымалданған көлік құралдарын көңнен, азық қалдықтарынан және қоқыстардан, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат ұсталған аумақтар мен қора-жайларды, өндірістік үй-жайларды, сою цехтарын, сондай-ақ жабдықтарды, мүкәммалды тазарту және оларды мұқият дезинфекциялау;
2) аумақтағы жабдықталған көң сақтағыштарда көңдерді биотермиялық тәсілмен жағып жіберу немесе зарарсыздандыру;
3) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің партияларын жеткізуге, оны өңдеуге, сақтауға, союға, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуге, тазалау, дезинфекциялау жөніндегі жұмыстарға қатысатын адамдарды және ауру жануарларды немесе олардан алынған жануарлардан алынатын өнімдермен және шикізатты ұстаған басқа да адамдарға санитариялық өңдеу, сондай-ақ адамдардың киімдері мен аяқ киімдерін зарарсыздандыру.
Дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін сою алдында базада қалған жануарларға термометрия жүргізіледі. Ауруға күдік тудырмаған жануарларды союға жібереді.
Жанурлардың өлекселері немесе ауру жануар табылған жағдайда жануарларды қабылдау тоқтатылады, барлық қолда бар мал басы міндетті термометриямен клиникалық қарап-тексеруден өтеді.
Жануарлардың партиясы орын ауыстырған, олардың арасында ауру жануар табылған қашалар, айдау жолы кейіннен көңнен механикалық тазарта және дезинфекциялай отырып, дезинфекцияланады. Ауру жануар табылған қашадан және оған іргелес қашалардан алынған көң өртеледі.
Сою цехында, конвейерде сібір жарасы ауруына тән патологиялық өзгерістер табылған кезде:
1) жануарларды сою және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың қозғалысы тоқтатылады;
2) патологиялық материалды зерттеу үшін ветеринариялық зертханаға жіберіледі;
3) бүлінген ұша және оның екі жағындағы ұшалар ішкі органдармен және терілермен бірге оқшауланады;
4) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді кәсіпорын аумағынан шығаруға, сондай-ақ оның шегінен тыс қалдықтарды және кез келген заттарды зарарсыздандырылмаған түрде шығаруға (әкетуге) жол берілмейді.
145-25. Ішкі сауда объектілерінде (сауда базарларын, дүкендерді, қоғамдық тамақтану объектілерін және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізуге байланысты басқа да объектілерді қоса алғанда) сібір жарасының белгілері анықталған кезде осы Қағидаларда көзделген іс-шараларды жүргізеді.
Ішкі сауда объектілерінде (сауда базарларын, дүкендерді, қоғамдық тамақтану объектілерін және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізуге байланысты басқа да объектілерді қоса алғанда) сібір жарасына тән патологиялық өзгерістер анықталған, күдік туындаған кезде:
1) жануарлардың (жануарларды сататын сауда базарлары үшін ғана), жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың орнын ауыстыру (тасымалдау) тоқтатылады;
2) патологиялық материалды зерттеу үшін ветеринариялық зертханаға жіберіледі;
3) санитариялық қағидалар мен нормалардың талаптарына сәйкес жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, ветеринариялық зертханалық зерттеулер жүргізу кезеңінде сібір жарасына залалданған деген күдік тудыратын жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың арнайы оқшауланған және мөрленген камераларда, тоңазытқыштарда сақталуын қамтамасыз етіледі;
4) ауру жануарлардың (жануарларды сататын сауда базарлары үшін ғана), сойғаннан кейін алынған, оның ішінде ошақтың шегінен тыс әкетілген еттің, ет өнімдерінің, терілер мен шикізаттың орналасу жерлері анықталады;
5) өлген жануарларды (жануарларды сататын сауда базарлары үшін ғана) және инфекцияның ықтимал көздері және (немесе) инфекцияның берілу факторлары болып табылатын жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, былғары, тері мен өндірістерді жою жөніндегі шаралар ұйымдастырылады;
6) ішкі сауда объектісінің аумағынан (сауда базарларын, дүкендерді, қоғамдық тамақтану объектілерін және жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізуге байланысты басқа да объектілерді қоса алғанда) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді шығаруға, сондай-ақ оның шегінен тыс қалдықтарды және кез келген заттарды зарарсыздандырылмаған түрде шығаруға (әкетуге) жол берілмейді.
Ішкі сауда объектілерінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша ЖАО шешімімен:
1) ветеринариялық-санитариялық шектеу іс-шаралары аяқталғанға дейін жануарлардың жаңа партияларын, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қабылдауды тоқтатуды;
2) ішкі сауда объектісінің аумағынан орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді шығаруға, сондай-ақ оның шегінен тыс қалдықтарды және кез келген заттарды зарарсыздандырылмаған түрде шығаруға (әкетуге) жол бермеуді;
3) осы объектіге тікелей қатысы жоқ бөгде адамдардың ішкі сауда объектісіне баруына жол бермеуді;
4) ішкі сауда объектісінің қызмет көрсетуші персоналын санитариялық өңдеу режимін күшейтуді көздейтін шектеу іс-шаралары дереу енгізіледі.
Ішкі сауда объектілерінде мынадай шаралар қабылданады:
1) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат тасымалданған көлік құралдарының, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат сақталған, өткізілген аумақтар мен үй-жайлардың, өндірістік үй-жайлардың, сондай-ақ мүкәммалдың қоқыстарын тазарту ұйымдастырылады және оларды мұқият дезинфекцияланады;
2) залалданған және ауру жұқтырған жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты жою жүргізіледі;
3) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің партияларын жеткізуге, оны өңдеуге, сақтауға, өткізуге, ветеринариялық-санитариялық сараптама, тазалау, дезинфекциялау, сондай-ақ адамдардың киімдері мен аяқ киімдерін зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қатысқан адамдарды санитариялық өңдеу ұйымдастырылады;
4) жануарлар тасымалданған көлік құралдарын көңінен, азық қалдықтарынан және қоқыстардан, жануарлар ұсталған аумақтар мен үй-жайларды, өндірістік үй-жайларды, сондай-ақ мүкәммалды тазарту ұйымдастырылады және оларды мұқият дезинфекцияланады, аумақтағы жабдықталған көң сақтағыштарда (жануарларды сататын сауда базарлары үшін ғана) көңді биотермиялық тәсілмен кәдеге жарату немесе зарарсыздандыру қамтамасыз етіледі.»;
1088-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1088. Қазақстан Республикасының аумағында бруцеллезге қарсы вакциналауға жол беріледі.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында Бірыңғай ветеринариялық талаптарға сәйкес вакциналанған ірі қара малды, қойлар мен ешкілерді, вакциналанған жануарлардан алынған тұқымдық жануарлардың шәуетін тасымалдауға жол берілмейді. Вакциналанған тірі жануарларды және вакциналанған жануарлардан алынған өнімді үшінші елдерге экспорттау импорттаушы елдің талаптарына сәйкес келген кезде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы аумағының ішінде әртүрлі мәртебедегі эпизоотологиялық бірліктер арасында жануарлардың орнын ауыстыруға жол берілмейді. Вакциналау жүргізілген эпизоотологиялық бірліктен вакциналау жүргізілмеген эпизоотологиялық бірлікке вакциналанған жануарлардың орнын ауыстыруға рұқсат етілмейді. Эпизоотологиялық бірліктерден вакциналау жүргізіліп жатқан эпизоотологиялық бірлікке вакциналанған жануардың орнын ауыстыруға рұқсат етіледі.
Вакциналау жүргізілген эпизоотологиялық бірліктен вакциналау жүргізілмеген эпизоотологиялық бірлікке вакциналанған тұқымдық жануарлардан алынған шәуеттің орнын ауыстыруға рұқсат етілмейді. Эпизоотологиялық бірліктен вакциналау жүргізіліп жатқан эпизоотологиялық бірлікке вакциналанған тұқымдық жануардан алынған шәуеттің орнын ауыстыруға рұқсат етіледі.
Бруцеллезге қарсы вакцина Қазақстан Республикасында немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген болуы және www.oіe.іnt сайтында жарияланған Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымы ұсынған тізімде болуы тиіс.
Бруцеллезге қарсы вакцинаны таңдауды жануарлардың иелері жүзеге асырады. Бұл ретте, жануарлардың иесі МВҰ ветеринариялық дәрігеріне жануарларды вакциналау басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 7 күн бұрын вакциналау жүргізілгені туралы, сондай-ақ таңдап алынған бруцеллезге қарсы вакцина және оны қолдану әдісі туралы хабарлайды.
МВҰ-ның және ВП-ның ветеринариялық дәрігері және/немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері бруцеллезге қарсы вакцинаны қолдану бойынша өндіруші белгілеген мерзім ішінде жануарлардың орнын ауыстыруға, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізуге арналған ветеринариялық анықтаманы ресімдемейді. МВҰ-ның және ВП-ның ветеринариялық дәрігері және/немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері жануарларды вакциналау туралы деректерді/мәліметтерді тиісті цифрлық жүйеге және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына енгізеді.
Жануарларға вакциналау жүргізілген эпизоотологиялық бірлік 3 жылдық мерзімге қосымша диагностикалық зерттелетін саламатты эпизоотологиялық бірлік мәртебесіне өтеді. Бұл жағдайда, қосымша диагностикалық зерттеулер жануарлар иелерінің есебінен жүргізіледі. Қосымша диагностикалық зерттелетін саламатты эпизоотологиялық бірлік өзінің мәртебесін жануарларды бруцеллезге қарсы соңғы вакциналаған сәттен бастап 3 жыл бойы сақтайды.
МВҰ-ның ветеринариялық дәрігері вакцина қолдану туралы ақпаратты алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде оны аудандық аумақтық инспекцияға (бұдан әрі – ААИ) жолдайды.
ААИ аудандық ветеринариялық зертханамен бірлесіп бруцеллезге қарсы вакцинаны қолдану жөніндегі тәлімдемеге сәйкес Диагностикалық зерттеулер жоспарын және әдістерін түзетеді, (бруцеллезге қарсы вакцинаны қолдану жөніндегі тәлімдемеде көрсетілген мерзім ішінде жануарлар бруцеллезге диагностикалық зерттеулерге тартылмауы тиіс).
Бруцеллезге қарсы вакцина қолданылғанға дейін күнтізбелік 20 күн бұрын ауыл шаруашылығы жануарлары диагностикалық зерттеулерден өтеді. Егер диагностикалық зерттеулерді жүргізу мерзімдері вакциналау жүргізгенге дейін күнтізбелік 15-20 күннен аспайтын болса, онда вакциналауды жоспарлы диагностикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жүргізуге болады.
Тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жоспарлы зерттеулер мөлшерінен артық бұл диагностика осы эпизоотологиялық бірліктің алдыңғы жоспарлы диагностикалық зерттеулері жүргізілген зертханаларда Заңның 35-бабы 2-тармағына сәйкес мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілері иелерінің есебінен ақылы негізде жүргізіледі. Егер жануарлар иелері вакцина қолдану мерзімі аяқталғаннан кейін тексерілетін вакциналанған жануарларды қайталама диагностикалық зерттеу нәтижелерімен келіспесе, онда жануарлар иелері штамды (далалық немесе вакциналанған) айқындауға сараланған диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес құрылған ветеринариялық зертханаға жүгінуге рұқсат етіледі. Бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алу және оларды қолдану жануарлар иелерінің есебінен жүзеге асырылады.
Жануарларды диагностикалық зерттеулерге жол берілмейтін мерзім аяқталғаннан кейін осындай зерттеулер эпизоотологиялық бірліктің саламаттылығына қарай жүргізіледі.»;
1100-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1100. Осы Қағидалардың 1097-тармағында көрсетілген әдістер бойынша теріс нәтиже алынған кезде мемлекеттік ветеринариялық-санитарялық инспектор:
1) жануарлар иелеріне мал шаруашылығы қора-жайлары мен олардың аумақтарына санитариялық тазарту (механикалық тазарту), дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізу туралы нұсқама береді;
2) күнтізбелік 15-20 күннен кейін жануарларға қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады.
Қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін ветеринариялық зертханаға қан сынамалары жіберіледі. Ветеринариялық зертханада қан сынамаларын диагностикалық зерттеу РА, КБР, РБС әдістері қолданыла отырып жүргізіледі. Қосымша диагностикалық зерттеу нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген жануарлар бруцеллезін диагностикалық зерттеу нәтижелеріне сәйкес ресімделеді.
Мемлекеттік ветеринариялық дәрігер қосымша диагностикалық зерттеулер нәтижелері бойынша оң әсер беретін жануарларды анықтаған жағдайда:
оң әсер беретін жануарлар бойынша осы Қағидалардың 1094, 1097-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар жүргізіледі;
теріс әсер беретін жануарлар бойынша осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген іс-шаралар жүргізіледі.
Егер, қатарынан екі қосымша диагностикалық зерттеулер жүргізу қорытындылары бойынша оң әсер беретін жануарлар анықталса, онда осы Қағидалардың 1098 және 1099-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар жүргізіледі.»;
1377-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1377-1. Тамақ өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелері цифрлық жүйеге енгізіледі.».