Toggle Dropdown
Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы
1-бап. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі
Алатау қаласы осы Конституциялық заңға сәйкес қоғамдық қатынастарды, оның ішінде мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу ерекшеліктерін белгілеуді көздейтін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимінде (бұдан әрі - арнаулы құқықтық режим) Қазақстан Республикасының Конституциясы негізінде жұмыс істейді және дамиды.
2-бап. Алатау қаласының аумағы мен қала маңындағы аймағы
1. Алатау қаласының аумағы кішірейтілмеуге тиіс.
2. Алатау қаласының аумағын Алматы облысы шекараларын ескере отырып ұлғайту Алатау қаласы Кеңесінің (бұдан əрі - Кеңес) шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде жүзеге асырылады.
3. Алатау қаласын дамыту перспективасын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелері, оның ішінде қала құрылысын реттеу режимі, жерді пайдалану тəртібі мен режимі қолданылатын Алатау қаласының қала маңындағы аймағы Кеңестің шешімі бойынша əкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3-бап. Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамасы (бұдан əрі - арнаулы құқықтық режим туралы заңнама) Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді жəне осы Конституциялық заң мен оны іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін өзге де мемлекеттік органдардың, Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихаты мен əкімдігінің, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы жəне өкілді органдарының нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілері, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған заңға тəуелді нормативтік құқықтық актілер арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастарға қолданылады.
3. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ережелері мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері арасында қайшылықтар болған кезде Қазақстан Республикасы Конституциясының жəне арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың ережелері қолданылады.
Арнаулы құқықтық режим туралы заңнама мəтінінің мазмұнын əртүрлі түсіну ықтималдығы кезінде арнаулы құқықтық режимді енгізудің тарихи алғышарттары ескеріле отырып, оның мақсаты мен міндеттеріне барынша сай келетін түсіндіруге артықшылық беріледі.
4. Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың нормаларына қайшы келетін не Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға, мемлекеттік басқаруға жəне Алатау қаласында қызмет пен қызмет əрекетін жүзеге асыруға қойылатын қосымша талаптарды белгілейтін нормалары осы Конституциялық заң мен арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана осындай қатынастарға қолданылуы мүмкін.
5. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Конституциялық заңнан басым болады. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тəртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
Инвестициялар, кəсіпкерлік қызметті жүргізу, Алатау қаласында қызмет əрекетін ұйымдастыру мен мемлекеттік басқару жəне (немесе) оның тыныс-тіршілігі мен оны дамыту мəселелерін қозғайтын, Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар мен Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына қол қойылғанға дейін олар əкімшілікпен міндетті түрде келісілуге тиіс.
4-бап. Осы Конституциялық заңмен реттелетін қатынастар
1. Осы Конституциялық заң мен оның негізінде қабылданатын, арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілер Алатау қаласының тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жəне онда қызмет пен қызмет əрекетін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
2. Мемлекеттік органдар, əкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке жəне заңды тұлғалар осы Конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастардың қатысушылары болады.
3. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, оның қолданылуы жəне арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуы мыналармен:
1) елдің қорғаныс қабілетін жəне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың қызметін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының қорғанысы жəне Қарулы Күштері туралы, Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы, қарсы барлау қызметі туралы, жедел-іздестіру қызметі туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, прокуратура туралы, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі туралы, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы, аумақтық қорғаныс саласындағы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы, экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар жəне олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы заңнамасымен;
2) Қазақстан Республикасының азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне, дербес деректерге қатысты заңнамасымен, Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасымен;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасымен;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасымен;
5) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет жəне заң көмегі туралы заңнамасымен;
6) Қазақстан Республикасының сайлау жəне республикалық референдум туралы заңнамасымен;
7) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы, аудиторлық қызмет туралы, бағалау қызметі туралы, коллекторлық қызмет туралы, акционерлік қоғамдар, инвестициялық жəне венчурлік қорлар туралы заңнамасымен;
8) Қазақстан Республикасының табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жəне олардың зардаптарының алдын алу жəне оларды жою, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық жəне психологиялық көмек көрсету, Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысын құру жəне оның жұмыс істеуі, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау жəне пайдалану, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын ұйымдастыру жəне олардың қызметі, сондай-ақ азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мəртебесі мен əлеуметтік қорғалуы мəселелері жөніндегі заңнамасымен;
9) инвестициялар, кəсіпкерлік қызметті жүргізу, Алатау қаласында қызмет əрекеті мен мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, оның тыныс-тіршілігі жəне қала құрылысын дамыту мен инфрақұрылымдық даму мəселелерін қозғамайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттелетін қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.
5-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Конституциялық заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Алатау қаласының басым салалары - Алатау қаласының даму стратегиясын ескере отырып, əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде басым секторлар ретінде айқындалған Алатау қаласы экономикасының секторлары;
2) Алатау қаласының жер қоры - арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау жəне оны дамыту мақсатында осы Конституциялық заңға сəйкес қалыптастырылатын жеке жер қоры;
3) Алатау қаласының заңнамасы - осы Конституциялық заң мен оның негізінде қабылданған Алатау қаласы əкімшілігінің, мəслихаты мен əкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінен тұратын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жиынтығы;
4) Алатау қаласының органдары - Алатау қаласын мемлекеттік басқару органдары;
5) Алатау қаласының стандарттары - Алатау қаласының заңнамасына сəйкес қолданылатын Алатау қаласының міндетті стандарттары;
6) Алатау резиденті - осы Конституциялық заңға жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес тиісті құқықтық мəртебе берілген жеке немесе заңды тұлға. Əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған жағдайларда əкімшілік, əкімшіліктің органдары Алатаудың резиденттері болып танылады;
7) əкімшілік - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған, функцияларын осы Конституциялық заңға сəйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
8) əкімшіліктің актілері - осы Конституциялық заң мен əкімшілік туралы ережеге сəйкес өз құзыреттері шегінде қабылданатын əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері жəне əкімшіліктің немесе əкімшілік органдарының нормативтік емес құқықтық актілері;
9) əкімшіліктің бюджеті - əкімшіліктің мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты мен əкімшіліктің осы Конституциялық заңда жəне əкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған түсімдер есебінен қалыптастырылатын жəне арнаулы құқықтық режим туралы заңнамада белгіленген құзырет шегінде əкімшілік пен əкімшілік органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз етуге арналған екінші деңгейдегі банктердегі шоттарын біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры;
10) əкімшіліктің органдары - əкімшіліктің жекелеген өкілеттіктерін беру мақсатында əкімшілік Алатау қаласында оқшауланған ұйымдар түрінде құратын əкімшілік органдар;
11) бизнес-лицензия - Алатау резидентінің Алатау қаласы аумағында кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын жəне осындай қызметті жүргізудің рұқсат етілген түрлері мен шарттарын айқындайтын құжат;
12) бизнес-лицензиялау - бизнес-лицензияны беруге жəне соған қатысты Алатау қаласының заңнамасында көзделген өзге де əрекеттер жасауға байланысты іс-шаралар мен əрекеттер кешені;
13) бюджеттің өзіне жеткілікті болуы - Алатау қаласындағы көздерден қалыптастырылатын түсімдер сомасы қатарынан бес жыл бойы Алатау қаласының ағымдағы шығыстары мен оны дамытуға арналған шығыстардан асып түсетін Алатау қаласы жиынтық бюджетінің жай-күйі;
14) инвестициялар - пайда алу мақсатының болуына немесе болмауына қарамастан, Алатау қаласының заңнамасына сəйкес Алатау қаласының аумағында осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілген күннен бастап инвестор салатын (салған) мүліктік игіліктер мен құқықтардың барлық түрлері, оның ішінде:
ақша, жылжымалы жəне жылжымайтын мүлік, сондай-ақ сервитуттан, кепілдіктен, кепілгерліктен, ипотекадан, кепілден, жалға алудан туындайтын басқа да мүліктік құқықтар жəне өзге де осыған ұқсас құқықтар;
облигациялар мен акциялар, бағалы қағаздар мен борыштық міндеттемелердің басқа да түрлері, пайлар, үлестік қатысу немесе заңды тұлғаға қатысудың кез келген ұқсас нысандары;
ақшалай талаптар, жұмыстарды орындау немесе экономикалық құндылығы бар кез келген өзге талап ету құқығы;
зияткерлік меншік құқықтары, зияткерлік шығармашылық қызмет нəтижелеріне құқықтар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес қорғалатын авторлық жəне сабақтас құқықтар, патенттер, өнертабыстар, өнеркəсіптік үлгілер, пайдалы модельдер, тауар белгілері немесе қызмет көрсету белгілері, фирмалық атаулар, сондай-ақ іскерлік бедел (гуд-вилл), техникалық процестер мен ноу-хау;
заң, лицензия немесе шарт негізінде, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік əріптестік шеңберінде берілген, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналған кез келген құқықтар;