• Мое избранное
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы
Внимание! Документ вводится в действие с 01.07.2026 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII

1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – осы Заңда және саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнаулы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;
2) әкімшілік мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда лауазымдық өкілеттікті орындау жөніндегі өз қызметін тұрақты кәсіптік негізде «А» және «Б» корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші;
3) әкімшілік мемлекеттік лауазымның санаты – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жиынтығы;
4) басшы мемлекеттік лауазым (бұдан әрі – басшы лауазым) – қарамағында мемлекеттік қызметшілер болатын және олардың қызметін ұйымдастыру өкілеттігі берілген мемлекеттік лауазым;
5) «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық, талдамалық, қаржылық-экономикалық және өзге де функционалдық сүйемелдеуді, мемлекеттің функциялары мен міндеттерін тиісті мемлекеттік орган өкілеттігінің шегінде іске асыруды қамтамасыз ететін және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жатпайтын әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;
6) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшінің қызметін бағалау нәтижесі бойынша оған белгіленетін ақшалай төлем;
7) біліктілік талаптары – мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;
8) жұмыс орны – мемлекеттік қызметші тұрақты немесе уақытша болатын, құрылымдық тұрғыдан бөлінген және ұйымдастырылған және оның лауазымдық өкілеттікті орындауына арналған, оның ішінде мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған және ұйымдастырылған орын;
9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет ардагері – мемлекеттік қызметтегі өтілі кемінде жиырма бес жыл болатын, мінсіз беделі бар, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған не зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін мемлекеттік қызметте болуы осы Заңға сәйкес ұзартылған адам;
10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттік органдарда ақы төленетін мемлекеттік лауазымдарды атқаратын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсіптік қызметі;
11) қызметтік қажеттілік – мемлекеттік органның өкілеттігін үздіксіз және тиімді орындауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс сипатын немесе көлемін, еңбек жағдайларын уақытша өзгертуді талап ететін мән-жайлар немесе жағдайлар;
12) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша мемлекеттік органдарда билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
13) лауазымдық өкiлеттiк – нақты мемлекеттiк лауазымда көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар және мiндеттер;
14) мемлекеттік қызметтің кадр резерві – қажетті кәсіби және жеке қасиеттерге ие Қазақстан Республикасы азаматтарының кейіннен бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуына, сондай-ақ мемлекеттік органдарды білікті мамандардың қажетті санымен жасақтауға арналған, белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тізбесі;
15) мемлекеттiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердің қаражатынан не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетiн, саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң функциялары мен мiндеттерiн iске асыру жөніндегі лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
16) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген, әдеп қағидаттары мен қызметтік әдеп стандарттары көзделетін мінез-құлық қағидалары;
17) мемлекеттік қызметшінің құзыреті – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіптік қызметті тиімді орындау үшін қажетті білімнің, машықтар мен дағдылардың жиынтығы;
18) мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы – мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оның тікелей қарамағында болатын адам;
19) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган;
20) мемлекеттік лауазым – мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лауазымдық өкілеттік шеңбері жүктелген, сондай-ақ саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімiне енгізілген мемлекеттік органның құрылымдық штат бірлігі;
21) мемлекеттік орган басшысы – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда орталық мемлекеттік органның, оның ведомствосының, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшысы, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, тексеру комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган болып табылатын аппараттың басшысы;
22) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органға осы Заңда көзделген ерекшеліктері бар келісімшарт бойынша тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;
23) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижесімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижесіне (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;
24) мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі – мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмыскерлері туралы мәліметтерді жинауға, сақтауға, өңдеуге, пайдалануға, беруге және талдауға, персоналды басқару функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мониторингтеуге арналған мемлекеттік цифрлық жүйе;
25) сайланатын мемлекеттік лауазым – Қазақстан Республикасының азаматы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатын әкім лауазымы;
26) сайланған мемлекеттік қызметші – сайланатын мемлекеттік лауазымды атқаратын Қазақстан Республикасының азаматы;
27) саяси мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Құрылтайы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де адамдар (органдар) лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және (немесе) іске асыруға қатысатын және оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге саяси жауапты болатын адам;
28) төменгі лауазым – «Б» корпусының мемлекеттік органның штат кестесіне сәйкес төмен тұрған мемлекеттік лауазым болатын әкімшілік мемлекеттік лауазымы;
29) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға жіберілуіне, әлеуметтік демалыста не оқуда болуына, лауазымдық өкілеттігін орындаудан уақытша шеттетілуіне, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзіне қатысты үйқамақ не күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының қолданылуына, ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты оның болмауы кезеңіндегі осы бос мемлекеттік лауазым;
30) үстемеақы – мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
31) штат кестесі – мемлекеттік органның ұйымдық құрылымын, құрамын және мемлекеттік лауазымдарының санын белгілейтін құжат;
32) іссапарға жіберу – мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен басқа мемлекеттік органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінде мемлекеттік лауазымды және өзге де ұйымда лауазымды атқаруы.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінен, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Осы Заңның күші:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында немесе өзге де заңдарында өздері үшін өзге құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттік қызметшілерге;
2) құқық қорғау органдарына және азаматтық қорғау органдарына қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарына тестілеуден өту және жеке қасиеттерін бағалау бөлігінде;
3) құқық қорғау қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті, әскери қызметті, азаматтық қорғау органдарындағы қызметті қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің ерекше түрлерінде қызмет өткеретін саяси мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның саяси мемлекеттік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;
5) мемлекеттік қызметтің кадр резервінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік қызметке кіруге даярлықтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Заңда реттелген бөлікте;
6) мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуді жүзеге асыратын адамдарға, сондай-ақ еңбек шарты негізінде мемлекеттік органдарда қызметін жүзеге асыратын адамдарға осы Заңда реттелген бөлікте қолданылады.
3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері
1. Осы Заңның мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.
2. Осы Заңның міндеттері:
1) мемлекеттік қызметтің мақсатын, оның ерекшеліктерін және мемлекеттік қызмет өткеру негіздерін айқындау;
2) мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы өзге де адамдардың мәртебесін, құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін, құқықтық, әлеуметтік және өзге де кепілдіктерін реттеу;