1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:










Отправить по почте

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 12 маусымдағы № 311-VIIІ
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:
1) 26-баптың 2-тармағында:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) егер адам еңбек қызметін тоқтатар алдындағы соңғы бір жылда өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай коммерциялық ұйымның қызметін тексеру нысанында бақылауды тікелей жүзеге асырған болса не осы коммерциялық ұйымның мүддесін қозғайтын шешім қабылдаған болса не осы коммерциялық ұйымның қызметі оның лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес аталған адаммен тікелей байланысты болса, мемлекеттік қызметті немесе мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындауға байланысты өзге де қызметті тоқтатқаннан кейін бір жыл бойы осы адамды, квазимемлекеттік сектор субъектісі болып саналатын ұйымды қоспағанда, осы коммерциялық ұйымға басқару функцияларын орындауға байланысты лауазымға;
2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшісі лауазымына;
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет ететін, авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымның, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшісі лауазымына;
мемлекеттік ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқару функцияларын орындауға байланысты лауазымдарға, сондай-ақ аталған ұйымдарда сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруға не мемлекеттік бюджеттің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды және (немесе) бағдарламаларды іріктеуді немесе қаржыландыруды немесе іске асыруды немесе мониторингтеуді жүзеге асыруға байланысты дербес құрылымдық бөлімше басшысынан төмен емес лауазымдарға;
мемлекеттік қызметтердің тікелей көрсетілуін көздейтін немесе мемлекеттік қызметтерді көрсетуге байланысты не жеке тұлғалардың қолжетімділігі шектеулі дербес деректеріне және (немесе) қолжетімділігі шектеулі өзге де ақпаратқа қол жеткізуді көздейтін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясындағы лауазымдарға;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
1-тармағының 1) тармақшасының оныншы абзацының қолданысы 2029 ж. 14 маусымға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде осы абзац Заңның 2-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының редакциясында қолданылады
«2-1) жұмысқа орналасқанға дейінгі үш жыл ішінде әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған адамды осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген лауазымға;»;
2) 32-баптың 3-тармағында:
«азаматтық қызметтің мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымына немесе квазимемлекеттік сектор субъектісіндегі жұмысқа» деген сөздер «осы Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген лауазымға» деген сөздермен ауыстырылсын;
«қылмыс» деген сөз «құқық бұзушылық» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 52-бапта:
1-тармақтың 23) тармақшасындағы «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі аудит қызметі» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ішкі аудит қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
1-тармағының 1) тармақшасының төртінші абзацының қолданысы 2029 ж. 14 маусымға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде осы абзац Заңның 2-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының редакциясында қолданылады
«2) осы Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген лауазымды атқаратын жұмыскер сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс.»;
1-тармағының 4) тармақшасы қолданысы 2029 ж. 14 маусымға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде осы абзац Заңның 2-бабының 2-тармағы 3) тармақшасының редакциясында қолданылады
4) 53-баптың 12-тармағы 2) тармақшасындағы «қаулысы негізінде жүргізіледі.» деген сөздер «қаулысы;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттың заңды күшіне енген қаулысы негізінде жүргізіледі.»;
5) 139-бапта:
3-тармақ «қабылдау» деген сөзден кейін «осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар мен қойылатын шектеулер сақтала отырып,» деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақ алып тасталсын;
6) 140-бапта:
тақырып «ішкі аудит қызметі» деген сөздерден кейін «, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет» деген сөздермен толықтырылсын;
1-тармақ «ішкі аудит қызметі», «ішкі аудит қызметі,» деген сөздерден кейін тиісінше «, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет,» деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақ «ішкі аудит қызметінің» деген сөздерден кейін «, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің» деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақ «ішкі аудит қызметінің» деген сөздерден кейін «, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің» деген сөздермен толықтырылсын;
7) 2-бөлім мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:
«12-1-тарау. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кадр процестерін цифрлық кадр жүйесінде жүргізу ерекшеліктері
146-3-бап. Цифрлық кадр жүйесі туралы жалпы ережелер
1. Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) кадр процестері – ауыстыруды, көтермелеуді, тәртіптік жауаптылыққа тартуды, еңбек қатынастарын тоқтатуды құжаттандыруды қоса алғанда, жұмысқа қабылдауға, еңбек қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ үміткерлерді іріктеуді жүзеге асыруға және өзге де кадр рәсімдеріне байланысты құжаттарды ресімдеу, жүргізу, есепке алу және сақтау жөніндегі әрекеттердің жиынтығы;
2) цифрлық кадр жүйесі – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде кадр процестерін автоматтандыруға, сондай-ақ онда қамтылатын ақпаратты жинауға, сақтауға, беруге және өңдеуге арналған цифрлық жүйе.
2. Осы тараудың ережелері:
1) өзге цифрлық кадр жүйелері бар мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерге;
2) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
146-4-бап. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің кадр процестерін цифрлық кадр жүйесінде жүргізу тәртібі
1. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері кадр процестерін цифрлық кадр жүйесінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді.
2. Цифрлық кадр жүйесіне жұмыскер туралы деректер, жұмыскердің Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналатын жұбайының (зайыбының) және жақын туыстарының жеке сәйкестендіру нөмірлері, сондай-ақ бар болған кезде – жұмыскер бұрын еңбек қызметін жүзеге асырған ұйымдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (дара кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлері) және жұмысқа қабылдауға, еңбек қызметін жүзеге асыруға және еңбек шартын тоқтатуға байланысты өзге де мәліметтер енгізіледі.
1-тармағының 7) тармақшасының он төртінші абзацы осы Заңның 2-бабының 2) тармақшасына сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Жұмыскердің жұбайы (зайыбы) мен жақын туыстарының жеке сәйкестендіру нөмірлерін, сондай-ақ бұрын еңбек қызметін жүзеге асырған ұйымдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін (дара кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін) ұсыну мүмкіндігі болмаған кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мүдделер қақтығысын анықтау мақсатында тиісті деректерді цифрлық жүйелерден алады.
3. Цифрлық кадр жүйесінің толықтырылуын мониторингтеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық кадр жүйесінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтауын мониторингтеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.

Эта возможность доступна только для зарегистрированных пользователей. Пожалуйста, войдите или зарегистрируйтесь. |
|
| Регистрация | |