• Мое избранное
Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы
Внимание! Документ вводится в действие с 25.08.2026 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца

Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 10 тамыздағы № 767 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 10 тамызда № 39551 болып тіркелді

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі  Е. Сарсембаев
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2026 жылғы 10 тамыздағы
№ 767
Бұйрығымен бекітілген
Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесідей ұғымдар пайдаланылады:
1) атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – Цифрлық жүйе) – атқарушылық іс жүргізуді есепке алуды электрондық нысанда жүзеге асыруға, сот орындаушысының процестік әрекеттерін автоматтандыруға, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу тараптарының атқарушылық іс жүргізу барысында деректер алуына арналған цифрлық жүйе;
2) аумақтық орган – астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ аудандар мен қалалардың аумақтық әділет органдары;
3) аумақтық органның қаулысы – мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету және өзге де шараларын жою үшін қалыптастырылатын, аумақтық органның уәкілетті тұлғасы қағаз жеткізгіште қол қойған не Цифрлық жүйеде оның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған процестік құжат;
4) борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізілімнен алып тастау туралы акт (бұдан әрі – Алып тастау туралы акт) – Борышкерлердің бірыңғай тізілімнен мәліметтерді алып тастау кезінде Цифрлық жүйемен автоматты түрде қалыптастырылатын және аумақтық органның лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық құжат;
5) Борышкерлердің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын деректердің біріздендірілген электрондық банкі;
6) сот орындаушысы –атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау бойынша заңмен өздеріне жүктелген функцияларды орындайтын және тең құқықтар мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы мен жеке сот орындаушысы;
7) уәкілетті орган – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-тарау. Тізілімді жүргізудің ерекшеліктері
3. Тізілім Цифрлық жүйе арқылы қалыптастырылады және жүргізіледі.
Атқарушылық іс жүргізу, оның ішінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қозғалғаннан кейін борышкер туралы мәліметтер Цифрлық жүйе арқылы Тізілімге автоматты түрде енгізіледі.
4. Борышкерлер туралы мәліметтер уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
5. Тізілімге мәліметтерді енгізу үшін мыналар негіз болып табылады:
1) сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғауы;
2) оңайлатылған іс жүргізудің қозғалуы;
3) мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша үш айдан астам берешектің қалыптасуы;
4) борышкердің баламен араласу тәртібі туралы атқарушылық құжаттың талаптарын дәлелді себептерсіз қатарынан екі реттен артық орындамау фактісінің анықталуы.
6. Талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдау және күшін жою туралы атқарушылық құжаттар Тізілімге енгізілмейді.
7. Тізілімде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не борышкер ұйымның атауы;
2) атқарушылық құжатты берген орган, оның берілген күні және борышкердің орындалмаған міндеттемесінің мазмұны;
3) көрсетілген мәліметтерді жолдайтын сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), аумақтық бөлімнің атауы мен мекенжайы немесе жеке сот орындаушысы кеңсесінің мекенжайы.
3-тарау. Тізілімнен мәліметтерді алып тастаудың негіздері мен тәртібі
8. Тізілімнен мәліметтерді алып тастауды аумақтық орган сот орындаушысының электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жолдаған ақпараты негізінде үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
9. Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен борышкерді алып тастау мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуы;
2) мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжат бойынша берешектің болмауы;
3) борышкердің баламен қарым-қатынас тәртібі туралы атқарушылық құжаттың талаптарын орындауы (қатарынан екі және одан көп рет);
4) ол атқарушылық құжаттың талаптарын орындаған кезде Заңның 48-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізудің аяқталуы;
5) атқарушылық құжат Заңның 48-бабында көзделген негіздер бойынша қайтарылғаннан кейін оны Заңның 11-бабында көзделген мәжбүрлеп орындатуға ұсыну мерзімінің өтуі.
Сот орындаушысы Заңның 48-бабында көзделген негіздер бойынша аяқталған атқарушылық іс жүргізулер жөніндегі атқарушылық құжат талаптарының орындалғаны туралы мәліметтерді алған кезде Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен борышкерді алып тастау үшін тиісті ақпаратты үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жібереді.
10. Тізілімнен мәліметтерді алып тастау Цифрлық жүйеге енгізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша мәліметтер және сот орындаушысы ұсынған растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
11. Тізілімнен мәліметтерді алып тастаудан бас тартылған жағдайда аумақтық орган сот орындаушысына бас тарту негіздерін көрсете отырып дәлелді жауап жолдайды.
12. Егер атқарушылық құжат бірнеше сот орындаушысының орындауында болған болса, борышкерді Тізілімнен алып тастау туралы ақпаратты атқарушылық құжат соңғы рет орындауында болған сот орындаушысы жолдайды.
Көрсетілген ақпаратта тиісті атқарушылық құжат бойынша бұрын басқа сот орындаушыларының орындауында болған барлық атқарушылық іс жүргізулер туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
13. Тізілімнен мәліметтерді алып тастау кезінде Цифрлық жүйеде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Тізілімнен мәліметтерді алып тастау туралы акт автоматты түрде қалыптастырылады.
Тізілімнен мәліметтерді алып тастау туралы актіге аумақтық органның басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға немесе аумақтық орган басшысының уәкілетті орынбасары электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды.
4-тарау. Ұсыну мерзімдері өткен атқарушылық құжаттар бойынша Тізілімнен мәліметтерді автоматты түрде алып тастау тәртібі
14. Мәжбүрлеп орындатуға ұсыну мерзімі өткен атқарушылық құжат бойынша борышкер туралы мәліметтерді Тізілімнен алып тастау Цифрлық жүйе арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және аумақтық орган басшысының не оның міндетін атқарушы тұлғаның немесе аумақтық орган басшысының уәкілетті орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады.
15. Мәліметтерді автоматты түрде алып тастау Цифрлық жүйемен атқарушылық құжаттың мынадай мәліметтері салыстырылған кезде жүзеге асырылады:
1) атқарушылық құжаттың нөмірі;
2) атқарушылық құжаттың санаты;
3) борышкердің ЖСН (БСН);
4) өндіріп алушының ЖСН (БСН).
16. Сот орындаушысы толық емес не анық емес мәліметтерді енгізген жағдайда, бұл атқарушылық іс жүргізулер арасындағы байланысты салыстыруға кедергі келтірсе, борышкер туралы мәліметтерді Тізілімнен автоматты түрде алып тастау жүзеге асырылмайды.
17. Борышкер туралы мәліметтер Тізілімнен автоматты түрде алып тасталғаннан кейін Цифрлық жүйеде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мәжбүрлеп орындату шараларының күшін жою туралы аумақтық органның қаулысы қалыптастырылады.
18. Сот орындаушысы Цифрлық жүйеге нақты мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз етеді.
Борышкерлердің
бірыңғай тізілімін
жүргізу Қағидаларына
1 - қосымша
Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алып тастау туралы акт
 «__»______ 202 _ж. ________________
 (қабылдау орны)
Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен борышкер
 ___________________________________ алып тастау туралы осы акт
 (ТАӘ) (болған жағдайда)
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11, 36, 47 және 48-баптарына сәйкес жасалды:
1. Атқарушылық іс жүргізудің нөмірі:
2. Санат/кіші санат:
3. Қозғалған күні:
4. Аяқталған күні:
 Борышкер _____________________ байланысты алып тасталды.
 (негіздеме)
Лауазымды адамның
Т.А.Ә. (болған жағдайда) қолы
Борышкерлердің
бірыңғай тізілімін
жүргізу Қағидаларына
2 - қосымша
Мәжбүрлеп орындату шараларының күшін жою туралы ҚАУЛЫ
 20__жылғы «__» ________                                                                             __________________
                                                                                                                               (облыс, қала атауы)
 _____________________________________________________________________
 (Аумақтық органның атауы) атақарушылық іс жүргізу
 _____________________________________________________________________
 (атқарушылық құжаттың атауы, атқарушылық құжатты берген соттың немесе органның атауы,
 берілген күні) негізінде қозғалған 20 __ жылғы «____»
 _____________________________________________________________________
 № ____________ (атқарушылық құжаттың талаптары, борышкерге қатысты деректер
 (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)) іс жүргізу материалдарын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесінің деректері бойынша атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өтіп кеткен.
Осыған байланысты, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 6-тармағының 2) тармақшасын, 1-бабының 1-2) тармақшасын басшлыққа ала отырып,
ҚАУЛЫ ЕТТІ
 1.____________________________________________________________________
 (атқарушылық құжаттың талабы, борышкерге қатысты деректер (тегі, аты, әкесінің аты
 (ол болған жағдайда) 20__жылғы «____» __________ № ___________
мәжбүрлеп орындату шараларының күші жойылсын.
2. Қабылданған шешім туралы оңайлатылған іс жүргізу тараптарына хабарлансын.
3. Қаулы шыққан күнінен бастап күшіне енеді және оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
Лауазымды адамның
 Т.А.Ә. (болған жағдайда)                                                                     _______________________________
Электрондық цифрлық қолтаңбаның орны