Toggle Dropdown
Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 422-I Заңы
Редакция 09.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Осы Заң реттейтін қатынастар
Осы Заң селекциялық жетістіктерді қорғау саласындағы қызметтің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді, селекциялық жетістіктерді жасауға, ашуға, шығаруға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүліктік, сондай-ақ олармен байланысты мүліктік емес жеке қатынастарды реттейді.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) айрықша құқық - патент иесiнiң селекциялық жетiстiктi өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк құқығы;
2) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3) асыл тұқымды жануар – тұқым стандартына сай келетін және Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануар;
4) асыл тұқымдық өнім (материал) – асыл тұқымды мал, сондай-ақ асыл тұқымды малдан алынған ұрық, эмбриондар, инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар, уылдырық, құртшабақтар мен жас балықтар, асыл тұқымды аналық бал аралары, асыл тұқымды бал ара ұялары және бал ара пакеттері;
5) Ауыл шаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - өсiмдiк сорттарының патентке қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды және оны сынақтан өткізуді жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның қарауындағы ұйым;
6) бюллетень - селекциялық жетiстiктердi қорғау мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдiк басылым;
7) лицензиялық шарт - патент иесi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) селекциялық жетiстiктi белгiлi бiр түрде уақытша пайдалану құқығын беретiн шарт;
8) мемлекеттiк комиссиялар - агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның Ауылшаруашылық дақылдарының сортын сынақтан өткiзу жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы мен Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы;
9) отырғызылатын материал - репродукциялық және вегетациялық түрде көбейетiн материалды қоса алғанда, кез келген түрдегi отырғызылатын материал (тұқым, көшет, өсiмдiктер және өсiмдiктердiң оларды көбейтуге арналған бөлiктерi);
10) өтiнiш берушi - селекциялық жетiстiкке патент беруге өтiнiм берген жеке немесе заңды тұлға;
11) патент иеленушi - патенттiң иесi;
12) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер - жеке және заңды тұлғалардың уәкiлеттi орган мен сараптама жасау ұйымы алдындағы өкiлдiгiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
13) селекциялық жетістік – адамның зияткерлік шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын, патент берілген өсімдіктің жаңа сұрпы, жануардың жаңа тұқымы (аң шаруашылығы, қоян шаруашылығы, марал шаруашылығы, қашыр шаруашылығы, бұғы шаруашылығы, есек шаруашылығы, құс шаруашылығы, бал ара шаруашылығы, балық өсіру шаруашылығы, ит шаруашылығы сияқты мал шаруашылығының қосымша салаларын қоса алғанда);
14) селекциялық жетiстiк авторы (селекционер) (бұдан әрi - автор) - сортты, тұқымды жасаған, тапқан немесе өсiрiп шығарған жеке адам;
15) Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының қорғалатын өсiмдiк сорттарының мемлекеттiк тiзiлiмi мен Қазақстан Республикасының патенттер берiлген сорттарды, тұқымдарды қамтитын қорғалатын жануарлар тұқымдарының мемлекеттiк тiзiлiмi;
16) Селекциялық жетiстiктердiң пайдалануға ұсынылатын мемлекеттiк тiзiлiмi - пайдалануға ұсынылатын, өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн ұсынылатын сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi;
17) сұрып – аталған генотипті немесе генотиптер комбинациясын сипаттайтын белгілердің айқындылық дәрежесі бойынша айқындалатын, сол бір ботаникалық таксондағы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің басқа топтарынан бір немесе бірнеше белгісімен не белгілердің айқындылық дәрежесімен ерекшеленетін және тұрақты болып табылатын ең төменгі ботаникалық таксондар шеңберіндегі ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тобы. Клон, желі, бірінші ұрпақ буданы, популяция сұрыптың қорғалатын санаттары болып табылады;
18) тауарлық жануар - тауарлық өнiм өндiру үшiн пайдаланылатын жануар;
19) тұқым - белгiлi бiр шаруашылық және табиғи жағдайларда адамның шығармашылық қызметiнiң әсерiмен қалыптасқан, "өз iшiнде" өсiп-өнуi үшiн саны жеткiлiктi және шаруашылық және асыл тұқымдық құндылыққа ие, iрiктеу, таңдау, олардың генотипiне сай келетiн технологиялық жағдайлар жасау арқылы қалыпты күйi сақталатын, сондай-ақ оны бiр түрдегi басқа тұқымдардан ерекшелейтiн морфологиялық, физиологиялық және шаруашылық жағынан пайдалы қасиеттерiнде белгiлi бiр ерекшелiгi бар жалпы шығу тегi ортақ ауыл шаруашылық жануарларының бiр түрiнiң тобы. Тұқымның қорғалатын санаттары: тип, кросс, желi болып табылады;
20) Тұқымдарды сынақтан өткiзу және сапасын анықтау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - жануарлар тұқымдарының патентке қабiлеттiлiгiне және шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның консультативтiк-кеңесшi органы;
21) ұрық (тұқым) - тұқымдық материалдың барлық ботаникалық нысандары: тұқымның өзi, жемiстер, дән шоғыры, күрделi жемiстердiң бөлiктерi, баданалар мен түйнектер;
22) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3-бап. Селекциялық жетiстiктi құқықтық қорғау
1. Селекциялық жетiстiкке құқық Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады және патентпен расталады. Патент селекциялық жетiстiктi пайдалануға патент иесiнiң айрықша құқығын, оның басымдығын және селекционердiң авторлығын куәландырады.
2. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4. Патентпен селекциялық жетiстiкке берiлген құқықтық қорғау көлемi сорттың, тұқымның сипаттамасына енгiзiлген белгiлердiң жиынтығымен анықталады.
5. Өсiмдiктер сортына патенттiң қолданылу мерзiмi сараптама жасау ұйымына өтiнiм берiлген күннен бастап - 25 жыл, мал тұқымдарына - 30 жыл, жүзiм, сәндiк ағаш, жемiс және орман дақылдары сорттарына, оның iшiнде олардың қалемшелерiне - 35 жыл болады.
Патенттiң қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша әрбір ұзарту жылы үшін жүргізілген төлем ескеріле отырып, бiрақ он жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкін.
3-1-бап. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган
1. Селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және селекциялық жетiстiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
2. Уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:
1) селекциялық жетiстiктерді құқықтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
селекциялық жетiстiктерге арналған өтінімдерге алдын ала сараптама жүргізу қағидаларын;
Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізілімінде селекциялық жетiстiктерді тіркеу және қорғау құжаттары мен олардың телнұсқаларын беру, патенттердің күшін жою және қолданысын мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын;
селекциялық жетiстiкке айрықша құқық беруді, оны пайдалануға, ашық немесе мәжбүрлі лицензияға құқықты табыстауды Селекциялық жетiстiктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеу қағидаларын;
Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмелер беру қағидаларын;
апелляциялық кеңестің қарсылықтарды қарау қағидаларын;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес селекциялық жетістіктерге арналған өтінімдерді қарау қағидаларын;
аттестаттау комиссиясы туралы ережені;
апелляциялық кеңес туралы ережені;
апелляциялық комиссия туралы ережені әзірлеу және бекіту;