Toggle Dropdown
Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі N 444-II Заңы
Редакция 31.08.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы туындайтын қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдық негіздерін белгілейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жәбірленуші – тасымалдауды жүзеге асыру кезінде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жолаушы;
2) жолаушы – тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша нысанда тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;
3) жолаушының мүлкі – тасымалдау кезінде зиян келтірілгені үшін тасымалдаушы жауап беретін жолаушының багажы және жолаушының өзімен алып жүретін қол жүгі;
4) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
5) сақтандыру жағдайы – басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;
6) сақтандыру омбудсманы – «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
7) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
8) сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемесін қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;
9) сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
10) сақтандырушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;
11) сақтандырылушы – өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;
12) сақтанушы – сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады;
13) тасымалдаушы – меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде, қалалық рельстік көлікті қоса алғанда, теміржол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігі құралын иеленетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларды және олардың мүлкін ақы төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
14) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі – тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеуінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген өтеу міндеті;
15) франшиза – сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.
2-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3. Осы Заңның сақтандырушыға, оның ішінде сақтандыру ұйымына қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қолданылады.
3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың объектісі
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі - тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру) объектісі болып табылады.
4-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты, қағидаттары мен міндеттері
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың мүліктік мүдделерін қорғауды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі қағидаттары:
жәбірленушілердің мүліктік мүдделерін осы Заңда белгіленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;
тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілігі сақтандырылған тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы;
тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету болып табылады
3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ету;
2) тасымалдау кезінде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жолаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруға жататын тұлғалар
1. Жолаушыларды және олардың мүлкін темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігімен және қалалық рельстік көлікпен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.
2. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралының әр бірлігі бойынша сақтандырылуға жатады.
Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің ерікті сақтандыру шартын жасасуы тасымалдаушыны тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.
2-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету
6-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
2. Тасымалдаушының осы Заңды тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу бөлігінде орындалуына мемлекеттік бақылау жасау:
1) автомобиль көлігін және қалалық рельстік көлікті пайдалануға қатысты жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелеріне;
2) әуе көлігін пайдалануға қатысты көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарына жүктеледі.
7-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейді.
2. Халықаралық тасымалды жүзеге асыратын тасымалдаушы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.