Toggle Dropdown
Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шілдедегі N 580-II Заңы
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың қирауы, бақылауға болмайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындысы;
2) инцидент – аварияға алып келмеген, қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың жұмыс істемей қалуы немесе бүлінуі, технологиялық процесті жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін параметрлерден ауытқу;
3) қауіпті өндірістік фактор – қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар, инциденттер кезінде туындайтын, үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіретін физикалық құбылыс;
4) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектінің иесі – қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектіге меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару құқығында не кез келген басқа да заңды негізде иелік ететін жеке және (немесе) заңды тұлға;
5) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объект иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі – үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне қауіпті өндірістік фактор келтірген зиянды жеке және (немесе) заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген өтеу міндеті;
6) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
7) сақтандыру жағдайы – оның басталуына орай қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;
7-1) сақтандыру омбудсманы – «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
8) сақтандыру сомасы – міндетті сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
9) сақтандыру сыйлықақысы – сақтандырушының объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттемелер қабылдағаны үшін сақтанушының сақтандырушыға төлеуге міндетті ақша сомасы;
10) сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасының шегінде төлейтін ақша сомасы;
11) сақтандырушы – сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген және сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта белгіленген сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;
12) сақтандырылушы – өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;
13) сақтанушы – сақтандырушымен қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объект иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады;
14) уәкілетті орган – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
15) үшінші тұлға – өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне қауіпті өндірістік фактор зиян келтірген тұлға.
Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектінің қызметкерлері мен иелері үшінші тұлға болып табылмайды.
2-бап. Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары
1. Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Осы Заңның сақтандырушыға, оның ішінде сақтандыру ұйымына қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қолданылады.
3-бап. Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру объектiсi
Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру (бұдан әрi - объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру) объектiсi қауіпті өндірістік фактор өзінің үшiншi тұлғалардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтірген зиянды өтеудiң қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объект иесiнiң Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген мiндетiне байланысты мүлiктiк мүддесi болып табылады.
4-бап. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты мен негiзгi принциптерi
1. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты қауіпті өндірістік фактор өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне зиян келтірген үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
2. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың негiзгi принциптерi:
үшiншi тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiн қорғауды осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қамтамасыз ету;
объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз мiндеттемелерiн атқаруын қамтамасыз етуi болып табылады.
4-1-бап. Объектiлер иелерiнiң жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері
1. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
2. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, объектілер иелерінің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарын жасасу бойынша бір сақтандырушыларға басқаларының алдында негізсіз артықшылықтар беруге немесе алуға, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған қызметке жол берілмейді.
5-бап. Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер
1. «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздігі декларациялануға жататын объектілер қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер болып табылады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациялары тіркелген объектілер туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Егер объект иесінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі ішінде объект уәкілетті орган бекіткен, қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланатындарға жатқызу өлшемшарттарына сәйкес келмесе, онда сақтанушы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне объектідегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпарат береді.
Объектінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеуі объект иесіне объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімімен бұрын тоқтату құқығын береді. Бұл ретте сақтандырушының сақтандыру қолданылған мерзім ішіндегі уақытқа пропорционал сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігіне құқығы бар.
6-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандыруға жататын тұлғалар
1. Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандыруға жатады.
1-1. Қызметі үшінші тұлғаға зиян келтіру қаупімен байланысты объектіні объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамай пайдалануға тыйым салынады.
2. Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң үшiншi тұлғалардың өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн еркiн сақтандыру шартын жасасуы, қауіпті объектіні уақытша пайдалану құқығын басқа тұлғаға беру оларды объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттен босатпайды.
7-бап. Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк қадағалау және бақылау
1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
7-1-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл жасау
Авариялар, оқыс оқиғалар мен қауіпті өндірістік факторлар және олардың салдары туралы ақпаратқа ие уәкілетті орган, оның бөлімшелері, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті орган, прокуратура органдары, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар осы ақпаратты сақтандырушыға, сақтанушыға (пайда алушыға), сақтандыру омбудсманына олар өтініш жасаған кезде беруге міндетті.