• Мое избранное

Отправить по почте

Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі № 2143-XII Заңы

Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен  
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында осы Заңды қабылдайды.
I БӨЛIМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда саяси қуғын-сүргiндер ретiнде мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде "еңбек армияларында", "iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында" деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады.
Осы Заңда адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте саяси қуғын-сүргiндердiң құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, ол шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру ақтау деп ұғынылады.
2-бап . Осы Заңның күшi бұрынғы КСР Одағы аумағында саяси қуғын-сүргiндерге тiкелей ұшыраған және қазiргi уақытта Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адамдардың бәрiне қолданылады.
2-бап өзгертілді ҚР 22.07.1999 жылғы №169 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен қатар саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi жағдайларда танылады:
а) бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы;
б) екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы;
в) Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндердiң қолдануы;
г) қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: КСРО Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКРО Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСРО Iшкi iстер халық комиссариаты - Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi - Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, КСРО Прокуратурасы мен КСРО iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша қолдануы;
г-тармақша өзгертілді ҚР 30.11.2000 жылғы №108 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
д) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады.
2-бап д-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.11.2000жылғы № 108 Заңына сәйкес(алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде сондай-ақ КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар да танылады.
Осы Заңда саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады.
2-баптың төртінші бөлігі өзгертілді ҚР 02.07.2018 жылғы № 165-VІ Заңымен (08.04.2010 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 03.07.2018 жылы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
3-бап . Саяси себептер бойынша елден аласталған, тұрған жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аулақтатылған (айдауға немесе жер аударуға жiберiлген), арнайы қоныс аударылған, бостандығын шектеп еңбекке ықтиярсыз тартылған, сондай-ақ әкiмшiлiк тәртiппен құқықтары мен бостандықтарынан айыруға немесе шектеулерге ұшыраған, әкiмшiлiк тәртiпте немесе сот емес органдар шешiмдерi бойынша психиатриялық мекемелерде емдеуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады.
3-бап өзгертілді ҚР 22.07.1999 жылғы №169-1 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
Елден аластату, тұратын жерлерiнен немесе мекен еткен аудандарынан аулақтатылу (айдауға немесе жер аударуға жiберу) арнайы қоныс аударуға жiберу түрiндегi саяси қуғын-сүргiндердiң қолданылғанын растайтын құжаттар болмаған жағдайда (олардың жойылып жiберiлуiне байланысты), қуғын-сүргiндердi қолдану фактiсiн тану үшiн негiз адамдардың қуғын-сүргiндер акцияларының салдарынан Қазақстанның аумағында нақты тұрғанын анықтау болып табылады.
4-бап. Мынадай айыптары үшiн сотталғандардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады:
а) революцияға қарсы үгiт-насихат жүргiзгенi;
б) шiркеудi мемлекеттен бөлу туралы ережелердi бұзғаны (дiни топтардың алым қаражаттарын күштеу арқылы жинағаны, дiни құрыптарды атқаруға бөгет жасағаны үшiн айыптау бойынша сотқа тарту жағдайларынан басқа реттерде), яғни 1958 жылғы 25 желтоқсандағы "Мемлекеттiк қылмыстар үшiн қылмыстық жауапкершiлiк туралы" КСРО Заңы қабылданғанға дейiн қолданылған РКФСР Қылмыстық кодексiнiң 58, 122, 123, 125, 126-баптары бойынша;
в) кеңеске қарсы үгiт және насихат жүргiзгенi;
г) мешiт пен шiркеудi мемлекеттен және мектептi мешiт пен шiркеуден бөлу туралы заңдарды бұзғаны;
д) КСРО-ның қоғамдық құрылысын даттайтын қасақана өтiрiк қауесеттер таратқаны үшiн, яғни Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 56, 130 (1992 жылғы 26 маусымдағы Қазақ КСР-iнiң Заңы қабылданғанға дейiн қолданылған редакцияда) 170-1 баптары бойынша.
5-бап. Мынадай саяси себептермен сотталған адамдардың бәрi ақталуға жатады:
а) мемлекеттiк және басқа қылмыстары үшiн сотталғандар;
б) саяси қуғын-сүргiндермен байланысты жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айыру орындарынан, айдаудан, жер аударудан, арнайы қоныс аударудан, не бас бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту орындарынан қашып шыққан үшiн сот емес органдар шешiмдерiмен сотталғандар немесе жазаланғандар;
в) саяси тұтқындардың бас бостандығынан айыру орындарында қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшiн сот емес органдар шешiмiмен сотталғандар немесе жазаланғандар;
г) Бүкiлодақтық Төтенше Комиссия, Саяси бас басқарма - Айрықша Саяси бас басқарма, Iшкi iстер халық комиссариаты басқармасы - Iшкi iстер халық комиссариаты, Мемлекет қауiпсiздiгi министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi органдарының, прокуратура мен оның алқалары, "айрықша кеңестер", "екiлiк", "үштiк", сот қызметiн жүзеге асыратын басқа да органдар шешiмдерi бойынша қылмыстық жазаға тартылғандар.
6-бап. Осы Заңның 5-бабында аталған, соттар негiздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешiмдерiмен қылмыстық жазаға тартылған, iстерiнде мына төмендегi жасаған қылмыстары жеткiлiктi дәлелденген адамдар ақталуға жатпайды:
а) шетелге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары; қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында Республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; тiмiскiлiк, терроризм актісі, бүлдiру әрекеттерiне қатысу;
а-тармақша өзгертілді ҚР 08.04.2010 жылғы № 266-IV Заңымен ( 29.04.2009  ж. редакцияны қараңыз)(алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он)  күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)21.04.2010 жылғы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды.
б) жай халық пен әскери тұтқындарға қатысты күштеу әрекеттерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға деп берушiлiк;
в) қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу.
7-бап. Осы Заңның 5-бабында аталған адамдарға арналған iстердiң бәрi, сондай-ақ саяси себептер бойынша психиатриялық мекемелерге күштеп емдеуге жатқызылған адамдарға арналған iстер осы Заң күшiне енген сәтiнде соттардың күшiн жоймаған шешiмдерiмен бiрге мiндеттi түрде тексеруге жатады.
Осы адамдардың жалпықылмыстар жасағаны туралы iстерде жеткiлiктi дәлелдер болған жағдайда аталған адамдар саяси себептер бойынша тартқан жазасы бөлiгiнде ғана ақталуға жатады.
II БӨЛIМ. АҚТАУ ТӘРТIБI
8-бап. Ақтау туралы өтiнiштi ақталушылардың өздерi, сондай-ақ кез келген адамдар немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктер қуғын-сүргiндердi қолдану туралы шешiм қабылдаған органның немесе лауазымды адамның тұрған жерi бойынша сот тәртiбiнде - прокуратура органдарына, әкiмшiлiк не басқа тәртiпте - iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдарына бередi.
9-бап. Ақтау туралы өтiнiш бойынша шешiм қабылдау үшiн мерзiм қарауына жататын органға өтiнiш түскен күннен бастап үш айдан аспауы керек.
Қосымша ақпарат, құжаттар, анықтамалар алу қажеттiгiмен байланысты ерекше жағдайларда шешiм қабылдау мерзiмiн жоғары тұрған прокуратура, iшкi iстер немесе ұлттық қауiпсiздiк органдары, кiдiрту себептерi мен мерзiмдерi туралы өтiнiш иесiне мiндеттi түрде хабарлай отырып, кемiнде алты айға дейiн ұзарта алады.
10-бап. Прокуратура органдары қуғын-сүргiнге ұшыраған азаматтардың не басқа адамдардың немесе мүдделi қоғамдық бiрлестiктердiң өтiнiштерi бойынша ақтауға жататын адамдарға арналған барлық iстердi осы Заң күшiне енгенге дейiн соттардың күшiн жоймаған шешiмдерiмен бiрге тексеруге мiндеттi.
Мұндай iстердi тексеру үшiн прокуратура органдары iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау органдарын қатыстырады, олардан қажеттi құжаттарды, материалдар мен басқа мағлұматтарды талап етедi.
Тексеру материалдары бойынша прокуратура органдары қорытынды жазып, соның негiзiнде өтiнiш иесiне ақтау туралы анықтама бередi.
Ақтау үшiн негiздер болмаған жағдайда прокуратура органдары ақтау туралы анықтаманы беруден бас тартқаны жөнiнде өтiнiш иесiне белгiленген мерзiмде хабарлауға және қорытындымен қоса iстi осы Заңның 13-бабына сәйкес сотқа жiберуге мiндеттi.
Прокуратура органдарына осы тұрғысына түскен өтiнiштерге қарамастан саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау жөнiнде ұдайы жұмыс жүргiзу жүктеледi.
Толық ақталған азаматтар туралы мағлұматтарды прокуратура органдары өтiнiш иелерiнiң талабы бойынша баспасөзге жариялау үшiн бередi.
11-бап. Iшкi iстер органдары мен ұлттық қауiпсiздiк органдары прокурордың талаптары бойынша және осы Заңның 3, 4-баптарына сәйкес адамның сөзсiз ақталу құқы туралы куәландыратын деректердiң дәлелденгенiн өтiнiм иелерi мәлiмдеген жағдайларда - әкiмшiлiк немесе басқа да соттан тыс тәртiпте елден аластау, өмiр сүру немесе мекендi аудандарынан аулақтату (айдау, не жер аудару), арнайы қоныс аударып жiберу, азаматтардың бостандығын шектей отырып еңбекке ықтиярсыз тарту немесе құқықтары мен бостандықтарынан айырулары мен шектеулерi, басқалай да зиян келтiрулерi фактiлерiн анықтауға мiндеттi.
11-бап өзгертілді ҚР 06.04.2024 жылғы № 71-VIII Заңымен (19.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 08.06.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Аталған фактiлердi анықтаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдары iс жөнiндегi материалдарды прокуратура органдарының атына жолдап, бұл жөнiнде өтiнiш иесiне хабарлайды.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған фактiлер анықталмаған жағдайда, не сөзсiз ақтау үшiн негiздер болмаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдары қаралған материалдарды мiндеттi түрде өтiнiш иесiне хабарлай отырып, белгiленген мерзiмде прокуратура органдарына жiбередi.
12-бап. Өтiнiш иесi прокуратура органдарының ақтау туралы анықтаманы беруден бас тартқаны жөнiндегi не iшiнара ақтау жөнiндегi шешiмiне азаматтар құқықтарына қысым жасаған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың терiс әрекеттерiне шағымдану үшiн көзделген тәртiпте сотқа шағым жасауға құқылы.
13-бап. Прокуратура органдары ақтауға негiздердi анықтамаған жағдайда ақтау мәселелерi бойынша шешiмдердi қабылдайды:
- сотталған адамдарға - соңғы сот шешiмдерiн шығарған соттар қабылдайды. Таратылған соттар мен әскери трибуналдар үкiмдер, ұйғарымдар мен қаулылар шығарған iстер қолданылып жүрген заңдар бойынша осы iстер өздерiне жататын соттардың қарауына берiледi. Ақтау туралы iстердiң аумақтық сотқа жататындығы соңғы сот шешiмi шыққан жерi бойынша анықталады;
- осы Заңның 3 және 4-баптарына сәйкес өздерiнде сөзсiз ақтау жөнiнде құжаттар болмаған жағдайда соттан тыс қуғын-сүргiндерге ұшырағандарға (психиатриялық мекемелерге күштеп жатқызылғандарды қоса алғанда) - қызмет көрсететiн аумағында соттан тыс органдар әрекет етiп, лауазымды адамдар шешiмдер қабылдаған тиiстi облыстық, Алматы қалалық соттары қабылдайды.
Iсi сотқа жататындағы бойынша ақтау туралы iстердi беру Қазақстан Республикасы қылмыстық iстер жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiпте жүргiзiледi.
14-бап. Прокуратура органдарының терiс қорытындыларымен сотқа түскен iстер қылмыстық iстер бойынша қадағалау тәртiбiнде сот шешiмдерiн қайта қарау ережелерi бойынша қаралады.
Сот азаматты толық ақталды деп таниды, бұрынғы шешiмнiң күшiн жояды және iстi қысқартады.
Сот азаматқа бұдан бұрын тағылған қылмыстың жекелеген құрамының немесе оқиғаның бiр бөлiгiне қатысты оны ақталды деп табады және бұрын қабылданған шешiмге өзгерiс енгiзе алады.
Сот азаматты ақтауға жатпайды деп тануға құқылы.
Соттың ұйғарымына (қаулысына) прокурор наразылық бiлдiре алады немесе өтiнiш иесi жоғары тұрған сотқа шағымдана алады.
15-бап. Азамат толық ақталған жағдайда сот өтiнiш иесiне ақталғаны туралы анықтама бередi.
Азаматты қылмыстың жекелеген құрамына немесе оқиғасына қатысты ақтаған немесе сот оны ақтауға жатпайды деп таныған жағдайда өтiнiш иесiне сот ұйғарымының (қаулысының) көшiрмесi берiледi.
16-бап. Толық ақталған азаматтар не олардың өкiлдерi, ал олар қайтыс болған жағдайда туған-туысқандары қысқартылған қылмыстық, немесе әкiмшiлiк iстердiң материалдарымен танысуға. сондай-ақ сақталған осы iстердегi қолжазбаларды, фотосуреттердi, басқа да жеке құжаттарды алуға құқылы.
Ақталған адам туысқандарының тек iс жүргiзу емес сипаттағы ғана құжаттармен танысуға құқы бар.
Аталған материалдармен басқа адамдар мемлекеттiк архивтер материалдарымен танысу үшiн белгiленген тәртiпте танысады.
Материалдармен танысу нәтижесiнде алынған мағлұматтарды iске қатысты адамдар мен олардың жақындарының құқтарына және заңды мүдделерiне залал келтiрiп, пайдалануға тыйым салынады.
Iс бойынша хатталған жеке заттарды, егер олардың сақталған орны анықталса, осы Заңның негiзiнде сот бойынша ақталған адам немесе оның туған-туысқандары талап ете алады.
17-бап. Қуғын-сүргiндермен байланысты архив материалдарын сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу органдарына қайтыс болуы туралы куәлiктi ресiмдеу үшiн хабархат жiберуге, сондай-ақ деректер болған кезде, өтiнiш иелерi жүгінген жағдайда оларға ақталған адамның қайтыс болу уақытын, себебiн және жерленген орнын хабарлауға мiндеттi.
17-бап жаңа редакцияда жазылды ҚР 14.07.2022 жылғы № 141-VII Заңына сәйкес (27.06.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 26.07.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
III БӨЛIМ. АҚТАУ НӘТИЖЕЛЕРI
18-бап. Осы Заңға сәйкес ақталған адамдарға ақталу туралы анықтамасын не заңды күшіне енген сот актісінің көшірмесін ұсынуы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бірыңғай үлгідегі куәлік беріледі.
18-баптың бірінші бөлігі жаңа редакцияда жазылды ҚР 24.11.2021 жылғы № 75-VII Заңына сәйкес (02.07.2018 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 06.12.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
19-бап. Қуғын-сүргiндерге ұшыраған және осы Заң белгiлеген тәртiпте ақталған адамдардың қуғын-сүргiндермен байланысты айрылған әлеуметтiк-саяси әрi азаматтық құқтары, наградалары, құрметтi, әскери әрi арнаулы атақтары қалпына келтiрiледi.
Адам өзiне тағылған айыптың тек бiр бөлiгiнде ақталған жағдайда оның саяси айыптаулармен байланысты бұзылған құқтары қалпына келтiрiледi.
20-бап. Ақталған адамдардың өздерi қуғын-сүргiнге түскенге дейiн тұрған жерлерi мен елдi мекендерде тұру құқы танылады. Бұл құқық қуғын-сүргiн зобалаңы қолданылған сәтте оған ұшыраған адамдармен бiрге тұрған олардың отбасы мүшелерiне және туған-туысқандарына қолданылады. Туған-туысқандарының қуғын-сүргiндер салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болуы фактiсiнiң құжаттық деректерi болмаған жағдайда сот арқылы анықталуы мүмкiн.
Егер қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдар қуғын-сүргiндерге байланысты тұрғын-жайға иелiк құқынан айырылған және қазiргi уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болған реттерде, сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген реттерде олар тұрғын үйдi кезектен тыс алуға құқылы.
Селолық жерлерде тұратын адамдардың осы категориялары тұрғын үй салу үшiн процентсiз қарыз алуға және құрылыс материалдарымен кезектен тыс қамтамасыз етiлуге құқылы.
21-бап. Осы Заңға сәйкес еркiн ой-пiкiрiн бiлдiруi жоқ азаматтығынан айрылған барлық ақталған адамдардың, сондай-ақ олардың ұрпақтарының "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы екiншi бөлiгiнiң ережелерi негiзiнде өтiнiш беруi (тiркелу) тәртiбiнде Қазақстан Республикасы азаматтығы қалпына келтiрiледi.
22-бап. Күзетпен қамауға алу, бас бостандығынан айыру, психиатриялық мекемелерге жатқызу, арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде негiзсiз қуғын-сүргiндерге ұшыраған немесе шектеулi бостандық жағдайларында (оның iшiнде «еңбек армиялары», «Ішкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналары» деп аталатындарда) мәжбүрлеп еңбекке тартылған және осы Заңға сәйкес ақталған адамдарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында олармен бiрге отырған балаларға, жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына не ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған балаларға олардың тұрғылықты жеріндегі әлеуметтiк қорғау органдары ақтау және көрсетілген орындарда болған уақыты туралы құжаттар негiзiнде бюджет қаражатынан көрсетілген орындарда болған әр айы үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасаған кезге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің төрттен үш бөлiгi есебiнен, бiрақ айлық есептік көрсеткiштің 100 еселенген мөлшерінен артық емес ақшалай өтемақы төлейдi.
22-бап өзгертілді ҚР 22.07.1999 жылғы №169 Заңымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізілуі тиіс)
22-бап өзгертілді ҚР 19.01.2001 жылғы № 145-II Заңымен (өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.01.2001 жылдан бастап)29.01.2001 жылғы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды.
22-баптың бірінші бөлігі жаңа редакцияда жазылды ҚР 02.07.2018 жылғы № 165-VІ Заңына сәйкес (08.04.2010 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 03.07.2018 жылы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
Өтем бiржолғы түрiнде, сондай-ақ басқа тәртiпте, ақталған адам әлеуметтiк қорғау органдарына өтiнiш жасағаннан кейiнгi алғашқы үш ай iшiнде жалпы соманың кемiнде үштен бiрi төленген жағдайда берiледi, ал қалған сомасы кемiнде екi жыл iшiнде төленедi.
Өтемнiң есептелген сомалары айлық есептік көрсеткіштің өзгеруiне сәйкес индекстеледi.
Өтем есептелiп, бiрақ оны ақталған адам қайтыс болуы себептi алмаған реттен басқа жағдайларда, мұрагерлерге төленбейдi.
"Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерiмен азамат шеккен зиянның орнын толтыру туралы" 1981 жылдың 18 мамырындағы КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасы Жарлығының күшi қолданылатын адамдарға өтем осы Жарлық негiзiнде төленген соманы шегеру арқылы төленедi.
КСРО-ның бұрынғы мемлекеттерiнiң - одақтас республикаларының заңдары бойынша өтем алуға құқы бар ақталған азаматтарға өтем алу орнын таңдау құқы берiледi.
КСРО-ның бұрынғы мемлекеттерiнде - одақтас республикаларында өтем алған адамдарға өтемдер төленбейдi немесе олардың мөлшерi қайта есептелмейдi.
23-бап. Айыптың жекелеген құрамына немесе бiр оқиғасына қатысты ақталған адамдардың осы Заңның 22-бабында көзделген өтемдi алу құқын, осылардың талап ету жөнiндегi өтiнiшi бойынша, ақталу туралы шешiм қабылдаған сот белгiлейдi.
24-бап. Саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының, сондай-ақ осы Заңға сәйкес ақталған, мүгедектiгi бар немесе зейнеткер болып табылатын осы Заңның 2-бабында аталған саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдардың:
24-бап өзгертілді ҚР 19.06.1997 жылғы № 134-І Заңымен(01.01.1998ж бастап қолданысқа енгізілуі тиіс)
24-бап жаңа редакцияда ҚР 17.12.1998 № 323 Конституциялық заңымен (01.01.1999ж бастап қолданысқа енгізілуі тиіс)
24-бап өзгертілді ҚР 07.04.1999 жылғы № 374 Заңымен(01.04.1999ж бастап қолданысқа енгізілуі тиіс)
24-бап өзгертілді ҚР 24.11.2021 жылғы № 75-VII Заңымен (02.07.2018 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 06.12.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
24-бап өзгертілді ҚР 27.06.2022 жылғы № 129-VII ҚРЗ Заңымен (24.11.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 09.07.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
қамауда болған, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеген, айдауда болған, арнайы қоныстарда бостандығын шектей отырып, мәжбүрлеп еңбекке тартылған және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емделген уақыттарын зейнетақы алу үшiн еңбек стажына - үш еселенген мөлшерде есептеуге;
кезектi еңбек демалысын өздерiне қолайлы уақытта алуға, сондай-ақ жылына екi аптаға дейiнгi мерзiмге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуға;
4-8 азатжолдар
жекешелендiру купондарын сақтай отырып, тұрғын үй-жайды меншiкке тегiн алуға;
бiрiншi кезекте телефон орнатуға;
бау-бақша қоғамдарына және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерiне бiрiншi кезекте кiруге;
қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерге (ұйымдарға) бірінші кезекте орналасуға, оларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық мемлекеттің қамтамасыз ету жағдайында тұруға;
протез-ортопедиялық бұйымдарымен жеңiлдiктi қамтамасыз етуге;
ақталуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегiн кеңес алуға құқылы.
Саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына, мүгедек болып қалған және зейнеткер болып табылатын, саяси қуғын-сүргiндер салдарынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйдi ұстау, коммуналдық қызмет көрсетулер (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтiлерге қызмет көрсету) үшiн, телефонды пайдаланғаны үшiн, қалалық жолаушылар көлiгiнiң барлық түрiмен (таксиден басқа) жүруге және темiр жолда, су, әуе, қалааралық көлiкте жылына бiр рет жүруге жұмсалатын шығындарды төлеу үшiн арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төленедi.
Жоғарыда аталған жеңiлдiктердi алу үшiн халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен бiрыңғай үлгiдегi куәлiк негiз болып табылады.
Басқа мемлекеттерде - КСР Одағының бұрынғы одақтас республикаларында саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған, бiрақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және оның азаматы болып табылатын ақталған адамдар осы бапта көзделген барлық жеңiлдiктердi пайдаланады.
25-бап. Осы Заңда көзделген жеңілдіктер мен өтемақыларды беру халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
25-бап жаңа редакцияда жазылды ҚР 19.04.2023 жылғы № 223-VII Заңына сәйкес (14.07.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.05.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
26-бап. Осы Заңның 18-24-баптарының күшi осы Заң күшiне енгенге дейiн ақталған саяси қуғын-сүргiндердiң құрбандарына қолданылады.
IV БӨЛIМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңмен көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
27-бап өзгертілді ҚР29.04.2009 жылғы № 145-II  Заңымен (  19.01.2001 ж. редакцияны қараңыз)(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
28-бап. Бап алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
28-бап алынып тасталды ҚР 29.04.2009 жылғы № 145-II  Заңымен (19.01.2001 ж. редакцияны қараңыз)(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
Қазақстан Республикасының Президентi