Toggle Dropdown
Туристі мiндеттi сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 513-II Заңы
Редакция 11.07.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң туристі мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1) ассистанс – ассистанс компанияның сақтандырылушыға сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан техникалық, медициналық және өзге де жәрдемдесу арқылы көмекті ұйымдастыруы;
2) ассистанс компания – туристі міндетті сақтандыру шарты шеңберінде сақтандырушымен шетелге шығатын туриске (сақтандырылушыға) ассистанс беру туралы шарт жасасқан заңды тұлға;
3) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
4) сақтандыру жағдайы – басталғанынан кейін туристі міндетті сақтандыру шартында сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделетін оқиға;
5) сақтандыру омбудсманы – «Сақтандыру қызметі туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
6) сақтандыру сертификаты – жасалған сақтандыру шартын (сақтандыру полисін) растау үшін сақтандырушы ресімдеген, сақтандырылушыға қатысты қолданыстағы сақтандыру арқылы қорғаудың бар екені туралы куәландыратын және сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдері бойынша сақтандыруды жабу талаптары туралы ақпаратты қамтитын құжат;
7) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
8) сақтандыру сыйлықақысы – сақтандырушының туристі міндетті сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемелерін қабылдағаны үшін сақтанушы оған төлеуге міндетті болатын ақша сомасы;
9) сақтандыру төлемі – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырылушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
10) сақтандырушы – «жалпы сақтандыру» саласында немесе «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырылушыға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті сақтандыру ұйымы;
11) сақтандырылушы – шетелге шығатын турист;
12) сақтанушы – сақтандырылушының пайдасына сақтандырушымен туристі міндетті сақтандыру шартын жасасқан шығу туризмі саласындағы туроператор;
13) турагент – шығу туризмі саласындағы туроператор қалыптастырған туристік өнімді алға ілерілету мен өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
14) туристі міндетті сақтандыру – сақтандырылушының осы Заңда көрсетілген оқиғалар салдарынан күтпеген шығыстардың туындау тәуекеліне байланысты мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі қатынастар кешені.
2-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары
1. Туристі мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтықактiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Осы Заңның сақтандырушыға, оның ішінде сақтандыру ұйымына қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қолданылады.
3-бап. Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері және қағидаты
1. Осы Заңның негізгі мақсаты осы Заңда көрсетілген, сақтандыру жағдайлары ретінде танылатын оқиғалар салдарынан күтпеген шығыстар туындаған жағдайда, сақтандырылушының мүліктік мүдделерін сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері:
1) сақтандырылушының мүліктік мүдделерiн қорғауды осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қамтамасыз ету;
2) шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі міндетті сақтандыру шарты болған кезде әрбір туриске қатысты өз қызметін жүзеге асыру
3) туроператордың және турагенттiң туристiк қызмет көрсету қауiпсiздiгiн арттырудағы экономикалық мүдделiлiгi болып табылады.
3. Осы Заңның негізгі қағидаты сақтандырылушының мүліктік мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Туристі міндетті сақтандыру объектісі
Осы Заңда көрсетілген сақтандыру жағдайларының басталуы салдарынан өміріне, денсаулығына зиян келтірілген сақтандырылушының мүліктік мүддесі туристі міндетті сақтандыру объектісі болып табылады.
2-тарау. Туристі мiндеттi сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету
5-бап. Туристі мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау
1. Шығу туризмі саласындағы туроператордың осы Заңда белгіленген туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті орындауын мемлекеттік бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
2. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
3. Шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті орындауын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап. Туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын тұлғалар
Сақтандырылушының мүліктік мүдделерін міндетті сақтандыруды шығу туризмі саласындағы туроператор жүзеге асырады.
7-бап. Шығу туризмі саласындағы туроператордың туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай қызметті жүзеге асыруына жол бермеу
Шығу туризмі саласындағы туроператор туристі мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай туристiк қызметтер көрсету жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.
7-1-бап. Туроператордың және турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері
1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлға туристі мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына арналған лицензияны алғанға дейiн:
1) «Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын;
2) сақтандырылушы уақытша болатын елде (жерде) тәулік бойы жұмыс істейтін көптілді үйлестіру орталығы және өңірлік желісі бар ассистанс компаниямен шетелге шығатын туриске (сақтандырылушыға) осы Заңда көрсетілген сақтандыру жағдайлары ретінде танылатын оқиғалар басталған кезде ассистанс беру туралы шарт жасасуға немесе сақтандырылушыға ұсынылатын қызметтерді көрсетуге лицензиялары бар тасымалдаушылармен, медициналық және өзге де мекемелермен шарттар жасасуға міндетті.
Әрбір сақтандырылушы және сақтандыру жағдайы бойынша ассистанс компания беретін ассистанс көлемі сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемімен айқындалады.
Сақтандырушы сақтандырылушыға ассистанс беру туралы шарт жасасатын ассистанс компанияға қойылатын талаптар, сондай-ақ сақтандырушының ассистанс компаниямен өзара іс-қимыл жасау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)