Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі N 39-III Заңы
Редакция 09.07.2022 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;
2) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
2-1) жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін адам;
3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;
5) медициналық-әлеуметтік сараптама – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілей (белгілемей) отырып, куәландырылатын адамның организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау;
5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) – көмек пен күтімге, қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар балалардың стационар, жартылай стационар немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған ұйым;
6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;
7) мүгедектігі бар адам – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;
7-1) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау – мүгедектігі бар адамдардың бойында болмаған тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені;
8) мүгедектігі бар бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам;
9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
10) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;
13) Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
14-1) мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары – мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ ондағы қатысу үлестерінің жүз пайызы мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мына талаптарға сай келсе:
мүгедектігі бар адамдардың орташа жылдық саны қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;
бір жылда мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу жөніндегі жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдар;
15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;
16) мүгедектi абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;
17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;
17-1) оңалту – мүгедектігі бар адамның тұрмыстық, қоғамдық, кәсіби және өзге де қызметке қабілетін толық немесе ішінара қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;
18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;
19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
19-1) сурдоаударма – қандай да бір тілден дактильді әліпби және (немесе) ымдау тілі көмегімен аудару;
20) сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның ішінде дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары;
21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;
22) тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінара айрылуы.
24) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары – мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын, көлемін және шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер;
25) ымдау тілі маманы – еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызмет көрсетуге байланысты мүгедектігі бар адамға әлеуметтік қызметтер көрсететін маман.
2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.
2-тарау. Мүгедектігі бар адамдарды ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:
1) мүгедектiктiң алдын алуға;
2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;
3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған.