Toggle Dropdown
Микроқаржылық қызмет туралы
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы
Редакция 19.03.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың және қайта ұйымдастырудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
1-1) банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңы – сауда-саттық өткізу үшін қатысушыларға инфрақұрылымды қамтамасыз ететін, «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылатын интернет-ресурс;
2) кредиттiк дерекнама – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым әрбiр қарыз алушыға қалыптастыратын құжаттар мен мәлiметтер;
3) қарыз алушы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен микрокредит беру туралы шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
3-1) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты – сервистік компания мен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабының 1-тармағында аталған тұлға немесе осы Заңның 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлға немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасында жасалған банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты;
4) микрокредит – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға осы Заңда айқындалған мөлшерде және тәртiппен ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беретiн ақша;
5) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым – микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард;
6) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
6-1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның ірі қатысушысы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін (артықшылықты акцияларды шегере отырып) акцияларының он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін жеке немесе заңды тұлға;
6-2) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде:
аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау;
аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;
7) өтініш беруші – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға микрокредит алуға өтініш берген жеке немесе заңды тұлға;
7-1) сервистік компания – құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты шеңберінде банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша, құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару бойынша, оның ішінде:
банктік қарыз шартының, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуге;
өзімен құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты жасалған тұлғаның мүдделерін сотта білдіруге;
борышкерден ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті қабылдауға;
осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және (немесе) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шартында көзделген өзге де өкілеттіктерге қатысты өкілеттіктерге ие стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйым, коллекторлық агенттік;
7-2) тұтынушылық микрокредит – жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит болып табылмайтын, жеке тұлғаға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға және (немесе) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де мақсаттарға берілетін микрокредит;
8) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. «Акционерлік қоғамдар туралы», «Шаруашылық серіктестіктері туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» және «Кредиттік серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4. «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдарына және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.
5. Осы Заңның екінші деңгейдегі банктерге қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына қолданылады.
2-1-бап. Микроқаржылық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін белгілеу микроқаржылық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты болып табылады.
2. Микроқаржылық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеу, қызмет стандарттарын белгілеу, микроқаржылық қызметті бақылау және қадағалау;
2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
3. Микроқаржылық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) реттеу ресурстары мен құралдарын тиімді пайдалану;
2) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің ашықтығы;
3) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жауапкершілігі.
2-тарау. Микроқаржылық қызмет
3-бап. Микроқаржылық қызмет
1. Микроқаржылық қызметке:
1) микроқаржы ұйымының жеке және (немесе) заңды тұлғаларға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;
2) ломбардтың жеке тұлғаларға жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлкін кепілге салғыза отырып, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған көлік құралын кепілге қойғыза отырып, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде бір жылға дейінгі мерзімге нысаналы емес микрокредиттер беру жөніндегі қызметі;
3) кредиттік серіктестіктің өз қатысушыларына кредиттік серіктестіктің жоғары органы бекіткен кредиттік серіктестіктің ішкі қағидаларында айқындалатын мөлшерде қамтамасыз етілетін не қамтамасыз етілмейтін микрокредиттер беру жөніндегі қызметі жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны уәкілетті орган береді.
3. Микроқаржы ұйымы осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметтен басқа, мынадай операцияларды жүзеге асыруға құқылы: