Toggle Dropdown
Қоғамдық бiрлестiктер туралы
Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы № 3-I Заңы
Редакция 02.01.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн мәселелер
Осы Заңмен реттелетiн мәселелер - Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығын iске асыруға, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктердiң құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастар.
2-бап. Қоғамдық бiрлестiк ұғымы
Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшiн ерiктi негiзде құрылған, заңдарға қайшы келмейтiн басқа да бiрлестiктерi қоғамдық бiрлестiктер деп танылады. Қоғамдық бiрлестiктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
3-бап. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдар
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен оған қайшы келмейтiн басқа да заң актілерінен тұрады.
Осы Заңның күшi азаматтардың бастамасымен құрылған барлық қоғамдық бiрлестiктерге қолданылады, бұған дiни бiрлестiктер, құрылу тәртібі мен қызметi өзге заң актілерімен белгiленетiн өзiн-өзi басқару органдары мен қоғамдық ынталы органдар кiрмейдi.
Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және жұмыс iстейтiн шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметiне қолданылады, бұған дiни бiрлестiктер кiрмейдi.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Саяси партиялардың, кәсіптік одақтардың, ерікті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу ұйымдарының және басқа да жекелеген қоғамдық бірлестіктер түрлерінің құрылуына, қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшеліктер Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелуі мүмкін. Аталған қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелмеген қызметі осы Заңмен регламенттеледі.
4-бап. Мемлекет және қоғамдық бiрлестiктер
Мемлекет қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктер iстерiне және қоғамдық бiрлестiктердiң мемлекет iстерiне заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттік органдардың мiндеттерiн жүктеуге жол берiлмейдi.
Қоғамдық бiрлестiктер мемлекеттік органдармен ынтымақтасуы және өзара iс-қимыл етуi, олармен келісімдер жасасуы мүмкiн, мемлекеттік органдармен шарттар бойынша олар үшiн заңдарда көзделген белгiлi бiр жұмыстар орындауы мүмкiн.
Қоғамдық бірлестіктер аппараттарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы қолданылады.
Заң актілерінде көзделген жағдайларда қоғамдық бiрлестiктердiң мүдделерiн қозғайтын мәселелердi қоғамдық бiрлестiктермен келiсе отырып, мемлекеттік органдар шешуi мүмкiн.
5-бап. Қоғамдық бiрлестiктер қызметiнiң негiздерi
Қоғамдық бiрлестiктер азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтары мен бостандықтарын iске асыру мен қорғау, белсендiлiгi мен ынталылығын дамыту; кәсiби және әуесқойлық мүдделерiн қанағаттандыру, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамыту, адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны қорғау; қайырымдылыққа қатысу; мәдениет-ағарту, спорт-сауықтыру жұмыстарын жүргiзу; тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау; патриоттық, құқықтық және адамгершiлiк тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастық кеңейту және нығайту; Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметтi жүзеге асыру мақсаттарында құрылып, жұмыс iстейдi.
Экстремистiк мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендiрілген құралымдарды құруға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы аумағында әскерилендiрiлген құрылымы, түрi, арнаулы айырым белгiлерi, гимндерi, жалаулары, вымпельдерi, iшкi тәртiп пен басқарудың ерекше ережелерi, қаруы, соның iшiнде қару iспеттес заттары бар әскерилендiрiлген құрамалар үлгiсінд егі қоғамдық бiрлестiктер құруға тыйым салынады.
Басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының, дiни негiздегi партиялардың қызметiне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
Азаматтардың денсаулығы мен адамгершiлік негiздерiне қастандық жасайтын қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ тiркелмеген қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне жол берiлмейдi.
6-бап. Қоғамдық бiрлестiктер құрудың және олардың қызметiнiң принциптерi
Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында тең. Қоғамдық бiрлестiктер қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заң актілері шеңберiнде жүзеге асырады.
Қоғамдық бiрлестiктер өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) ерiктiлiгi, тең құқықтылығы, өзiн-өзi басқару, қызметiнiң заңдылығы, есептiлiгi мен жариялылығы негiзiнде құрылып, жұмыс iстейдi.
Азаматтың қоғамдық бiрлестiк қызметiне қатысуы немесе қатыспауы оның құқықтары мен бостандықтарын шектеу үшiн негiз бола алмайды. Ресми құжаттарда қоғамдық бiрлестiкке мүшелiк (қатысу) туралы көрсетудi талап етуге жол берiлмейдi.
7-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң мәртебесi
Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жартысынан астамының аумағында өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар бiрлестiктер республикалық қоғамдық бiрлестiктерге жатады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жартысынан азының аумағында өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар бiрлестiктер аймақтық қоғамдық бiрлестiктерге жатады.
Жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктерге бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана шегiнде жұмыс iстейтiн бiрлестiктер жатады.
Республикалық және аймақтық қоғамдық бiрлестiктер өз мәртебесiн растау үшiн тiркелген күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн осы бiрлестiктi тiркеген органға құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) аумақтық әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өткенiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн табыс етуге мiндеттi.
8-бап. Қоғамдық бiрлестiктер одақтары (қауымдастықтары)
Белгiленген тәртiппен құрылған және тiркелген қоғамдық бiрлестiктер, түрiне қарамастан, одақтар (қауымдастықтар) қабылдаған құрылтай шарттары мен жарғылары негiзiнде жаңа заңды тұлға жасай отырып, қоғамдық бiрлестiктер одақтарын (қауымдастықтарын) құруға, сондай-ақ халықаралық одақтарға (қауымдастықтарға) қатысушы болуға құқылы.
Қоғамдық бiрлестiктер, соның iшiнде халықаралық бiрлестiктер одақтарының (қауымдастықтарының) қызметi мен мемлекеттік тiркелу тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгiленедi.
9-бап. Халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметi
Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) құрылып, жұмыс iстей алады.
Халықаралық және шетелдiк коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн болса, сол бiрлестiктердiң жарғыларын басшылыққа алады.
2-тарау. Қоғамдық бiрлестiктердi құру, қайта ұйымдастыру, тарату
10-бап. Қоғамдық бiрлестiктi құру
Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде үш адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады.
Азаматтардың қоғамдық бірлестіктерді құру құқығы тікелей жеке тұлғаларды біріктіру жолымен де, саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер арқылы да іске асырылады.
Жарғы қабылданатын және басшы органдар қалыптастырылатын құрылтай съезін (конференцияны, жиналысты) шақыратын жеке тұлғалар және (немесе), саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары болып табылады. Қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары – жеке және (немесе) заңды тұлғалар тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады.
Кәсіптік одақ кәсіптік одақтың құрылтайшысы болып табылуы мүмкін.
Қоғамдық бiрлестiктердiң заңды тұлға ретiндегi құқықтық қабiлеттiлiгi ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiп бойынша тiркелген кезден бастап пайда болады.
11-бап. Қоғамдық бiрлестiкке мүшелiк (қатысу)
Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе), саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi (қатысушылары) бола алады. Саяси партиялардан басқа, қоғамдық бiрлестiктердiң жарғыларында оларға шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың мүшелiгi (қатысуы) көзделуi мүмкiн.
Кәсіптік одақтар кәсіптік одақтардың мүшелері (қатысушылары) болып табылуы мүмкін.
Он алты жасқа толған азаматтар саяси партиялар жанындағы жастардың қоғамдық бiрлестiктерiнiң мүшелерi (қатысушылары) бола алады. Өзге де қоғамдық жастар және балалар бiрлестiктерi мүшелерiнiң жас шамасы солардың жарғыларымен (ережелерiмен) белгiленедi.
Мүшелiкке ие болу және одан айрылу ережелерi мен тәртiбi қоғамдық бiрлестiктердiң жарғыларымен белгiленедi.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Төрағасының орынбасары, судьялары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және өзге де соттардың Төрағасы мен судьялары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап әрекет етпеуге тиіс.
Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді қоспағанда, осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдар тағайындалған, сайланған, қызметке кірген күннен бастап он күн ішінде саяси партиялардан, кәсіптік одақтардан шығуға тиіс.
Әскери қызметке қабылданған немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кірген жағдайда саяси партияға, кәсіптік одақтарға мүшелік автоматты түрде тоқтатылады.
12-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң жарғысы
Қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында мыналар көзделуге тиiс:
1) қоғамдық бiрлестiктiң атауы, қызметiнiң мәнi мен мақсаттары;
2) қоғамдық бiрлестiкке мүшелiк (қатысу), мүшелiкке ие болу және одан айырылу ережесi мен тәртібі, мүшелерiнiң (қатысушылардың) құқықтары мен мiндеттерi;
3) қоғамдық бiрлестiктiң ұйымдық құрылымы, құрылымдық бөлiмшелердiң (филиалдар мен өкiлдiктердiң) құқықтық жағдайы және шегiнде өз қызметiн жүзеге асыратын аумақ;
4) басшы органдарды құру тәртібі, олардың құзыретi мен өкiлеттiк мерзiмдерi, қоғамдық бiрлестiктiң тұрақты жұмыс iстейтiн басшы органы орналасқан орын;
5) қоғамдық бiрлестiктiң ақша қаражаты мен өзге де мүлкiнiң қалыптастырылу көздерi, қоғамдық бiрлестiк пен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) мүлiктi басқару жөніндегі құқықтары;
6) қоғамдық бiрлестiктiң жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
7) қоғамдық бiрлестiктi қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі, қоғамдық бiрлестiк таратылған жағдайда оның мүлкiнiң тағдыры.
Жарғыда қоғамдық бiрлестiктiң қызметiне қатысты, Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелердiң көзделуi мүмкiн.
Жарғы қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы - съездiң (конференцияның, жиналыстың) құзыретiне ғана жатады.
13-бап. Қоғамдық бiрлестiктi мемлекеттік тiркеу және қайта тiркеу
Республикалық, аймақтық қоғамдық бiрлестiктердi, шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) мемлекеттік тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жүзеге асырады.
Жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктердi, филиалдар мен өкiлдiктердi мемлекеттік тiркеудi аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
Қоғамдық бiрлестiктердi мемлекеттік тiркеу мен қайта тiркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу туралы заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмдерде жүргiзiледi.
Қоғамдық бiрлестiктi тiркеу үшiн ол құрылған күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде тiркеушi органға өтiнiш берiледi. Өтiнiшке жарғы, жарғыны қабылдаған құрылтай съезiнiң (конференциясының, жиналысының) хаттамасы, бiрлестiктi құру бастамашылары туралы мәлімет және қоғамдық бірлестіктің тұрған жерін, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеуден өткiзгенi үшiн алымның төленгенiн растайтын құжаттар қоса тiркеледi.
Қоғамдық бiрлестiктi тiркеу туралы өтiнiш беру үшiн белгiленiп, дәлелдi себептермен өткiзiп алынған мерзiмдi тiркеудi жүзеге асыратын орган қалпына келтiредi.
Заңдарда көзделген реттерде қоғамдық бiрлестiк қайта тiркелуге тиiс.
Қоғамдық бiрлестiктердi тiркеу және қайта тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген тәртiппен заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеуден өткiзгенi үшiн алым алынады.
14-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу
Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) есептiк тiркелуге тиiс.
Шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі жүргiзедi.
Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеу аумақтық әдiлет органдарында жүргiзiледi.
Есептiк тiркеуден өту тәртібі мен мерзiмдерi заңды тұлғаларды тiркеу туралы заңдармен реттеледi.
15-бап. Мемлекеттік тiркеу мерзiміндегі үзiлiс
Мемлекеттік тiркеу мерзiмiнде құрылтай құжаттарына сараптама жүргiзiлген, саяси партиялар мүшелерiнiң тiзiмдерi тексерiлген жағдайларда, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу туралы заң актілерінде көрсетiлген негiздер бойынша үзiлiс жасалады.
16-бап. Мемлекеттiк тiркеуден бас тарту
Қоғамдық бiрлестiктi, оның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) тiркеуден бас тарту Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
Тiркеуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.
17-бап. Қоғамдық бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
Қоғамдық бiрлестiктi қайта ұйымдастыру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру оның жарғысында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қоғамдық бiрлестiк органының шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамдық бiрлестiктi тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
18-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң рәмiзi
Қоғамдық бiрлестiктердiң Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өз рәмiзi (жалауы, гимнi, эмблемасы, вымпелдерi, омырау белгiлерi) болуы мүмкiн.
Қоғамдық бiрлестiктердiң толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң, мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген қоғамдық бiрлестiктердiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған қоғамдық ұйымдардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгін қайталамауға тиiс.
Қоғамдық бiрлестiк рәмiзінiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда бекітіледi
3-тарау. Қоғамдық бiрлестiктiң құқықтары мен мiндеттерi. Қоғамдық бiрлестiктiң меншiгi
19-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң құқықтары мен мiндеттерi
Қоғамдық бiрлестiктер жарғыда және Қазақстан Республикасының заңдарында берiлген өкiлеттiк шегiнде жұмыс iстейтiн басшы органдары арқылы құқықтарға ие болып, өздерiне мiндеттер алады.
Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшiн қоғамдық бiрлестiктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
- өз қызметi туралы ақпарат таратуға;
- соттар мен басқада мемлекеттік органдарда, өзге де қоғамдық бiрлестiктерде өз мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiруге және қорғауға;
- бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;
- бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге;
- баспа қызметiн жүзеге асыруға;
- халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге кiруге;
- Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де өкiлеттiктi жүзеге асыруға құқылы.
- Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ жарғыда көзделген нормаларды сақтауға;
- өз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен және шешiмдермен олардың танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
- ақша қаражатының келiп түсуi мен жұмсалуы туралы өз мүшелерiн хабардар етуге;
- тұрақты жұмыс iстейтiн басшы орган орналасқан жердiң және бiрыңғай мемлекеттік тiзбеге енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде басшылар туралы деректердiң өзгергенi туралы тiркеушi органға хабарлап отыруға мiндеттi.
20-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметi
Қоғамдық бiрлестiктер жарғылық мақсаттарға қол жеткiзетiндей кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыра алады. Кәсiпкерлiк қызметтi қоғамдық бiрлестiктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын табысқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салынуға тиiс.
Қоғамдық бiрлестiктердiң кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын табысты қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi (қатысушылары) арасында қайта бөлуге болмайды және ол жарғылық мақсаттарға жету үшiн пайдаланылуға тиiс. Қоғамдық бiрлестiктердiң өз қаражатын қайрылымдылық мақсаттарға пайдалануына жол берiледi.
21-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң меншiгi
Қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында көзделген қызметтi материалдық жағынан қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер оның меншiгi болып табылады, бұған Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған объектiлер қосылмайды.
Қоғамдық бірлестіктің мүлкі, егер кіру жарналары мен мүшелік жарналарды төлеу жарғыда көзделген болса, кіру жарналары мен мүшелік жарналардан, ерікті жарналар мен қайырмалдықтардан, жарғыға сәйкес лекциялар, көрмелер, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуден түскен түсімдерден, өндірістік және өзге де шаруашылық қызметтен алынған кірістерден және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да кірістерден қалыптасады.
Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, қоғамдық бiрлестiктер мүшелерiнiң (қатысушыларының) осы бiрлестiктерге өздері берген мүлікке, оның iшiнде мүшелік жарналарға құқықтары болмайды. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.
Қоғамдық бiрлестiктердiң меншiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
4-тарау. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
22-бап. Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк
Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiп бойынша жауап беруге әкеп соқтырады.
Қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн бұған кiнәлi заңды және жеке тұлғалар, соның iшiнде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және қоғамдық бiрлестiктердiң басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауапты болады.
23-бап. Қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру
Қоғамдық бiрлестiктiң қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бұзылған немесе қоғамдық бiрлестiк өз жарғысында белгiленген мақсаттар мен мiндеттер шегiнен шығатын әрекеттерi бiрнеше рет жасаған жағдайларда прокуратура, iшкi iстер органдарының ұсынулары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері немесе азаматтардың арыздары негiзіндегі сот шешiмi бойынша үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Қоғамдық бірлестіктің қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда оған барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгіт пен насихат жүргізуге, бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Қоғамдық бірлестіктің банктік салымдарды пайдалану құқығы да тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары, қызметінің нәтижесінде келтірілген залалдардың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу бойынша есеп айырысулар кірмейді.
Егер қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн тоқтата тұруға негiз болған тәртiп бұзушылықты қызметi тоқтатыла тұратын болып белгiленген мерзiм iшiнде жойса, аталған мерзiм аяқталған соң қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды. Қоғамдық бiрлестiк Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын жоймаған жағдайда, не оларды қайталап бұзған жағдайда прокуратура, ішкi iстер органдары, сондай-ақ азаматтар сотқа оны тарату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.
5-тарау. Қорытынды ережелер
24-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi өздерiнiң жарғыларына сәйкес халықаралық байланыстар орнатып, тиiстi келісімдер жасасуы, дiни бiрлестiктерден басқа халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiруi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктерi жалпы жұрт таныған принциптер мен халықаралық құқық нормалары, халықаралық шарттар мен тиiстi мемлекеттердiң заңдары негiзiнде шет мемлекеттерде өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құра алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев