Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі № 573-II Заңы
Редакция 15.09.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасында кредиттiк тарихты қалыптастырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерін, кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтық жағдайын айқындайды, кредиттiк бюроларды құруға, олардың қызметін жүзеге асыруға және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды, осы саладағы мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалау ерекшелiктерiн реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
2) ақпарат беру туралы шарт- осы Заңда көзделген талаптарда және тәртіппен кредиттік бюро мен ақпарат беруші арасында жасалатын шарт;
3) ақпарат беруші - кредиттік бюроға ақпарат беруші жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға;
4) ақпарат берушінің кредиттік тарихтың деректер базасын жасауға және қорғауға қатысу жөніндегі қызметі - ақпарат берушінің осы Заңның талаптарына сәйкес кредиттік тарих субъектілерінен алынған мәліметтерді ресімдеу (өңдеу), сақтау және кредиттік бюроларға беру жөніндегі іс-әрекеттері;
5) жазбаша нұсқама – уәкілетті органның кредиттік бюроға, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға, коллекторлық агенттікке қолданатын ықпал ету шарасы;
6) кредиттік бюро - кредиттік тарихты қалыптастыруды, кредиттік есептер беруді және өзге де қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын ұйым;
7) кредиттік есеп - кредиттік тарихта қамтылған ақпаратты толық немесе ішінара беру нысаны;
8) кредиттік есептерді алу туралы шарт - осы Заңмен көзделген талаптарда және тәртіппен кредиттік бюро мен кредиттік есептерді алушы арасында жасалатын шарт;
9) кредиттік есепті алушы - кредиттік есепті алуға құқығы бар тұлға;
10) кредиттік есепті беру - кредиттік бюроның кредиттік тарихта қамтылған ақпаратты беру жөніндегі қызметі;
10-1) кредиттік скоринг – сапа мен сан сипаттамаларына негізделген математикалық және (немесе) статистикалық модельдің көмегімен есептелетін, кредиттік тарих субъектісінің кредит өтеу қабілетін және қарыз шарттары бойынша міндеттемелерін орындау ықтималдығын, күтілетін кредиттік шығасыларды бағалау;
11) кредиттік тарих - кредиттік тарих субъектісі туралы ақпарат жиынтығы;
12) кредиттік тарих субъектісі - өздеріне қатысты кредиттік тарих қалыптастырылатын жеке немесе заңды тұлға;
13) кредиттік тарих субъектісінің келісімі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ресімделетін, кредиттік тарих субъектісінің осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 1-1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілерге өзі туралы ақпаратты кредиттік бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге арналған рұқсаты не кредиттік тарих субъектісінің кредиттік бюродан өзі туралы кредиттік есепті басқа тұлғаларға беруге арналған рұқсаты;
13-1) кредиттік тарих субъектісінің трансшекаралық алмасуға келісуі – кредиттік тарих субъектісін шет мемлекеттің заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделетін, осы кредиттік тарих субъектісінің шет мемлекеттің уәкілетті ұйымдарына өзі туралы ақпаратты беруге және (немесе) шет мемлекеттің уәкілетті ұйымдарынан өзі туралы ақпаратты алуға рұқсаты. Келісімге кредиттік тарих субъектісі өз қолымен немесе шет мемлекеттің заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қолымен қойылған қолтаңбаға теңестірілген өзге де тәсілмен қол қоюға тиіс;
13-2) кредиттік тарих субъектісі туралы ақпарат (бұдан әрі – ақпарат) – кредиттік тарихтарды қалыптастыру және оларды пайдалану жүйесіне қатысушылар беретін, қажет болған кезде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылатын, кредиттік тарихтар субъектілеріне қатысты электрондық нысандағы және қағаз жеткізгіштегі мәліметтер;
13-3) кредиттік тарих субъектісі туралы теріс ақпарат – заңды тұлға болып табылатын кредиттік тарих субъектісінің сот шешімімен таратылуы туралы немесе кредиттік тарих субъектісінің күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өтіп кеткен берешегінің бар екендігі туралы немесе кредиттік тарих субъектісінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкрот деп танылғаны туралы мәліметтерді қамтитын, кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік есептің қысқаша нысаны;
13-4) кредиттік тарихтарды мониторингтеу – кредиттік тарихтар дерекқорында, өзге де ақпараттық жүйелерде бар ақпарат пен мәліметтердің негізінде кредиттік бюролар жүзеге асыратын кредиттік тарих субъектісінің кредиттік тарихының өзгерістерін талдау, сондай-ақ кредиттік тарих субъектісіне және (немесе) кредиттік есептерді алушыларға анықталған өзгерістер туралы ақпарат беру;
14) кредиттік тарихты қалыптастыру - кредиттік бюро осы Заңға сәйкес ақпарат берушілерден алған ақпаратқа қатысты жүзеге асыратын, оны сақтау, құпиялылығын қамтамасыз ету, мониторинг жасау, нақтылау және жаңарту жөніндегі іс-әрекет немесе іс-әрекеттер жиынтығы;
15) кредиттік тарихты қалыптастыру және оны пайдалану жүйесінің қатысушылары - кредиттік тарих субъектілері, ақпарат берушілер, кредиттік бюролар, кредиттік есептерді алушылар;
16) кредиттік тарихтың деректер базасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін ақпараттық жүйелерге және ақпараттық процестерге негізделген кредиттiк бюроның электрондық ақпараттық ресурстары;
16-1) кредиттік тарихты пайдаланушы – осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат беруші, сондай-ақ шет мемлекеттің аумағында тіркелген, кредиттік қатынастарды ресімдеу және (немесе) ресімделген кредиттік қатынастарды мониторингтеу мақсатында трансшекаралық алмасу үшін кредиттік тарих субъектісінің келісімін алған заңды тұлға;
16-2) нақты уақыт режимі – әрекет дереу немесе бір сағаттан аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс уақыт кезеңі;
16-3) өтініш беруші – кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына рұқсат және кредиттік бюроның кредиттік тарихтар дерекқорын, пайдаланылатын ақпараттық жүйелер мен үй-жайларды қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі кредиттік бюроға қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы актіні (бұдан әрі – рұқсат) алу мақсатында уәкілетті органға құжаттар ұсынған заңды тұлға;
16-4) проактивті режимдегі көрсетілетін қызметтер – кредиттік бюроның кредиттік тарих субъектілерін банктік қарыз және (немесе) микрокредит беру туралы, сондай-ақ осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда хабардар ету бойынша көрсететін қызметтері;
16-5) трансшекаралық алмасу – тиісті халықаралық шарт және трансшекаралық алмасу туралы шарт негізінде шет мемлекеттің уәкілетті ұйымдарымен және кредиттік бюролармен кредиттік тарих субъектілеріне қатысты мәліметтер алмасу;
16-6) трансшекаралық алмасу туралы шарт – трансшекаралық алмасуды жүзеге асыру талаптарын, трансшекаралық алмасуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттердің уәкілетті ұйымдары мен кредиттік бюролардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі мен талаптарын айқындайтын шарт;
17) уәкілетті орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
17-1) уәкілетті ұйым – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес кредиттік тарихты жинауды, өңдеуді, сақтауды және кредиттік есептерді ұсынуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
18) шартты және ықтимал міндеттемелер - өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер, вексельдер және кепілдемелер.
2-бап. Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының кредиттiк бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Осы Заң кредиттiк тарихты қалыптастыру және кредиттік есептер беру, кредиттiк бюроларды құру, олардың жұмыс iстеуi және қызметiн тоқтатуы, ақпарат берушiлердiң кредиттiк тарихтың деректер базасын құру мен қорғауға қатысу жөнiндегi қызметін жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарға қолданылады. Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерi қолданылатын салаға жататын қатынастар осы Заңда реттелмеген қатынастар бөлігінде сол актілермен реттеледi.
2-1. «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын кредиттік бюроларға және өзге заңды тұлғаларға осы Заңның және уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шектерде қолданылады.
2-2. Осы Заңның банктерге қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-1-бап. Кредиттік бюролардың қызметі және кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Кредиттік бюролар қызметінің және кредиттік тарихты қалыптастырудың құқықтық негіздерін белгілеу кредиттік бюролардың қызметі және кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты болып табылады.
2. Кредиттік бюролардың қызметі және кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:
1) кредиттік тарихтар дерекқорындағы ақпараттың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету;
2) кредиттік тарихтар дерекқорын қорғау және оның сақталуын қамтамасыз ету.
3. Кредиттік бюролардың қызметі және кредиттік тарихты қалыптастыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:
1) реттеу ресурстары мен құралдарын тиімді пайдалану;
2) кредиттік бюролар қызметінің ашықтығы;