Toggle Dropdown
Сақтандыру қызметі туралы
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы № 126-II Заңы
Редакция 19.03.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-бап. Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Осы Заңмен тікелей реттелген қатынастарды қоспағанда, сақтандырудан туындайтын және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің қолданылатын аясына жататын қатынастар осы актілермен реттеледі.
2-1. Осы Заңның 9-бабының 8-тармағын қоспағанда, осы Заң Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің қызметіне байланысты қатынастарды, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, міндетті әлеуметтік сақтандыруға байланысты қатынастарды реттемейді.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
1-1-бап. Сақтандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары
Сақтандыру нарығына кәсіби қатысушылардың қызметін жүзеге асырудың құқықтық негіздерін белгілеу, Қазақстан Республикасында тұрақты сақтандыру жүйесін құру және ұстап тұру, ұлттық сақтандыру нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру, сақтанушылардың, сақтандырылушылардың және пайда алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау сақтандыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары болып табылады.
2-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар
1. Осы Заң кәсіпкерлік қызмет түрі ретінде сақтандыруды жүзеге асыру жөніндегі негізгі ережелерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерін құру, олардың қызметін лицензиялау, реттеу, тоқтату ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашу, олардың қызметін лицензиялау, реттеу, тоқтату ерекшеліктерін, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру нарығында қызмет ету шарттарын, сақтандыру нарығын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды.
2. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрі – Ұлттық Банк) осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерi сақтандыру нарығының барлық қатысушылары үшін мiндеттi болады.
3. «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру брокерлеріне және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және уәкілетті органның, Ұлттық Банктің осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.
4. Осы Заңның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру брокерлеріне қатысты қолданылатын ережелері (10-1, 10-2, 10-3, 13, 16-2, 16-3, 21, 24, 25, 25-1, 26, 27, 28, 30, 31, 32, 35, 40, 48, 49, 50, 51, 52, 52-3, 53-4, 62, 63, 65, 68, 69, 71, 72, 73, 74-1-баптарды қоспағанда) осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына қолданылады.
Осы Заңның 6, 9, 11-1, 12, 15-1, 15-2, 16, 17, 18, 18-1, 19, 20, 31-1, 34, 36-2, 36-3, 37, 37-1, 46, 47, 52-1, 53, 53-1, 54-1, 55-2, 56, 72-1, 75, 75-1, 77, 79, 81, 82-баптарында көзделген, уәкілетті органның және Ұлттық Банктің сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына және сақтандыру брокерлеріне байланысты құқықтық қатынастарды реттеу саласындағы өкілеттіктері, оның ішінде осы Заңды іске асыру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға өкілеттіктері Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.
3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аджастер - функциясына сақтандыру төлемі бойынша өтінішті қарау және сақтандыру жағдайынан болған залалды бағалау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;
1-1) актуарий – уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген актуарийлерді оқытудың ең төмен міндетті бағдарламасы бойынша емтихан тапсырған жеке тұлға;
1-2) актуарийдің кәсіби пайымы – актуарийдің кәсіби даярлығына, біліміне және актуарлық қызметті жүзеге асыру тәжірибесіне негізделген пайымы;
1-3) актуарийлер бірлестігі – актуарийлердің ерікті мүшелігіне негізделген, өз мүшелерінің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, кәсіби қызметіне жағдай жасау және өзге де функцияларды орындау үшін құрылған өзін-өзі реттейтін ұйым;
1-4) андеррайтер – функциясына сақтандыруға қабылданатын сақтандыру тәуекелдерін бағалау және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының талаптарын айқындау кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкері;
2) ассистанс – сақтандыру ұйымдарының, заңды тұлғалардың сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) саяхатта не тұрғылықты жерінен алыста жүрген уақытта қиын жағдайға душар болғанда сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан оған техникалық, медициналық жәрдемдесу арқылы ақшалай және (немесе) табиғи-заттай нысанда көмек көрсетуі;
3) бақылау – мынадай шарттардың бірі:
бір тұлға дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің, пайлардың не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленген және (немесе) пайдаланған және (немесе) оларға билік еткен;
бір тұлғаның заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болған;
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнаулы қаржы компаниясының немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық есептілігін аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның қаржылық есептілігіне қосқан;
шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті орган белгілеген жағдайларда өзгеше түрде заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін бір тұлғаның өз бетінше не бір немесе бірнеше тұлға бірлесіп айқындау мүмкіндігі болған кезде туындайтын, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
4) бас ұйым – басқа заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын басқа ұйымға бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым);
5) еншілес ұйым – өзіне қатысты басқа заңды тұлға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйым бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлға (заңды тұлға болып табылмайтын ұйым);
6) жанама иелену – заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысының және (немесе) заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның бірлесіп ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешіміне дауыс беретін акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену арқылы ықпал ету мүмкіндігі;
7) заңды тұлға болып табылмайтын ұйым – шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған (тіркелген), олардың шет мемлекетте заңды тұлға мәртебесіне ие болуына не болмауына қарамастан, дербес ұйымдық-құқықтық нысандар ретінде қаралатын қор, серіктестік, траст, компания, әріптестік, ұйым немесе басқа да корпоративтік құрылым;
7-1) исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы – Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде исламдық сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы;
7-2) капиталға жанама қатысу – заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның ірі қатысушысының және (немесе) заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның бірлесіп ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін дауыс беретін акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не басқа заңды тұлғаға немесе заңды тұлға болып табылмайтын басқа ұйымға үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету арқылы айқындау мүмкіндігі;
8) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
8-1) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалы – Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уәкілетті органның лицензиясы негізінде сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыратын, заңды тұлға болып табылмайтын оқшауланған бөлімшесі;
8-2) Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы – Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уәкілетті органның лицензиясы негізінде сақтандыру қызметін (қайта сақтандыру қызметін) жүзеге асыратын, заңды тұлға болып табылмайтын оқшауланған бөлімшесі;
9) қайта сақтандыру – өздерінің арасында жасалған қайта сақтандыру шартына сәйкес бір жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін қайта сақтандыруға беруіне және екінші жағынан осы тәуекелдерді қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
10) қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) – уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
11) қайта сақтанушы (цедент) – өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы;
11-1) құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты – сервистік компания мен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабының 1-тармағында аталған тұлға немесе «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлға немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы арасында жасалған, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) сенімгерлік басқару шарты;
12) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде:
аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау;
аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;
13) ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) – бiр мезгiлде бiрнеше сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерiн өздерінің арасында жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жауапкершіліктерін бөле отырып қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
13-1) ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты – сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың бірлескен қызметі туралы шарт шеңберінде сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар мен сақтанушы (цедент) арасында жасалатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты;»
14) өздігінен ұстап қалу – жауаптылық көлемінің бір бөлігі, соның шегінде сақтандырушы немесе қайта сақтанушы (цедент) сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебінен жауапты болады;
15) пруденциялық нормативтер – уәкілетті орган белгілейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшін міндетті нормативтер;