Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі № 61-IV Заңы
Редакция 08.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ олармен байланысты қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін ресми танитын рәсім;
2) аккредиттеу аттестаты - аккредиттеу жөніндегі орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін куәландыратын құжат;
2-1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу – аккредиттеу субъектісі өзі сәйкестігіне аккредиттелген аккредиттеу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда, аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған себептер жойылғанға дейін аккредиттеу аттестатын немесе аккредиттеу субъектісінің аккредиттеу саласының бір бөлігін уақытша жарамсыз деп тану туралы аккредиттеу жөніндегі органның шешімі;
3) аккредиттеу белгісі - аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеу субъектісіне оның аккредиттеу рәсімінен өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін берілетін белгі;
3-1) Аккредиттеу жөніндегі кеңес – аккредиттеу жүйесін стратегиялық дамыту, аккредиттеу саласында ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган;
4) аккредиттеу жөніндегі орган – аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдарға мүше болып табылатын республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
4-1) аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар – аккредиттеу жөніндегі орган айқындайтын тәртіппен аттестатталған жеке тұлғалар;
5) аккредиттеу жүйесі - өз құзыреті шегінде сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу аясындағы жұмысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
6) аккредиттеу критерийлері - өтініш беруші өзінің аккредиттелуі үшін және аккредиттеу субъектісі қанағаттандыруы тиіс талаптар жиынтығы;
7) аккредиттеу материалдарын жаңарту - аккредиттеу субъектісінің құжаттарына аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеуге әкеп соқпайтын өзгерістер енгізу;
8) аккредиттеу саласы - аккредиттеу қолданылатын, сәйкестікті бағалаудың ресми танылған объектілері;
9) аккредиттеу саласын кеңейту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін ұлғайту процесі;
10) аккредиттеу саласын қысқарту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін азайту процесі;
11) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
12) аккредиттеу субъектілерінің тізілімі - аккредиттеу субъектілерін есепке алудың бірыңғай жүйесі;
13) аккредиттеу субъектісі – осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен, сәйкестікті бағалау жөніндегі орган;
13-1) аккредиттеу субъектісінің қызметін мониторингтеу – осы Заңға сәйкес аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын, аккредиттеу субъектілерінің қызметі туралы мәліметтер мен ақпаратты аккредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан жинау, өңдеу, талдау және пайдалану жөніндегі шаралар жиынтығы;
13-2) аккредиттеу схемасы – бірдей талаптар қолданылатын, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуге қатысты қағидалар мен процестер;
13-3) бағалау – стандарттау жөніндегі құжаттар негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш берушінің (аккредиттеу субъектісінің) құзыреттілігін айқындау мақсатында аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын процесс;
13-4) бағалау техникасы – аккредиттеу жөніндегі орган стандарттау жөніндегі құжаттарға, оның ішінде аккредиттеу жөніндегі орган мүшесі болып табылатын аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдардың стандарттау жөніндегі құжаттарына сәйкес бағалау жүргізу үшін пайдаланатын әдіс;
14) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
14-1) калибрлеу зертханасы (орталығы) – өлшем құралдарын калибрлеуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
15) куәгерлік бағалау – аккредиттеу жөніндегі органның өз аккредиттеу саласы шегінде сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті орындайтын сәйкестікті бағалау жөніндегі органды байқауы;
15-1) қайта аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі органның өтініш берушінің сәйкестікті бағалаудың белгілі бір саласындағы жұмыстарды орындау құзыреттілігін ресми тануының кезекті рәсімі;
15-2) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
16) өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар - өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге аккредиттелген заңды тұлғалар;
17) өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыру - өлшем құралдарының зерттеу нәтижелерін, метрологиялық сипаттамаларын салыстыру;
18) өтініш беруші - аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
19) салыстырма сынақтары - бірдей немесе ұқсас сынақ объектілерінде екі немесе одан көп зертхананың (орталықтың) сынақтар жүргізуі және олардың нәтижелерін бағалауы;
20) салыстырып тексеру зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын салыстырып тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
21) сәйкестікті бағалау – сәйкестікті бағалау объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама айқындау;
21-1) сәйкестікті бағалау жөніндегі орган – сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
22) сәйкестікті бағалау объектілері – техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда айқындалған, сәйкестікті растауға, зерттеуге, сынауға, өлшеуге, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, аттестаттауға және бағалаудың өзге де түрлеріне жататын объектілер;
23) сәйкестікті растау жөніндегі органдар - өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің, менеджмент жүйелерінің не персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
23-1) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар – уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен аттестатталған жеке тұлғалар;
24) сынақ зертханасы (орталығы) - зерттеулерді, сынақтарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
25) техникалық сарапшы - сәйкестігі бағаланатын объектіге қатысты арнаулы білімі немесе тәжірибесі бар жеке тұлға;
26) уәкілетті орган - техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары мен принциптері
1. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары:
1) өнімнің, процестердің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасы мәселелерінде тұтынушылардың мүдделерін қорғау;
2) отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;