«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Продукты: | Судебная практика |
Отправить по почте
Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 303 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 2 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің 23.06.2015 жылғы № 475 Қаулысына сәйкес «Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 27.02.2015 жылғы № 152 бұйрығын қараңыз
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Қағидалардың 15 , 20 , 23 , 24 , 25-тармақтарын , 26-тармақтың 1) және 3) тармақшаларын, 27 , 28 , 29 және 30-тармақтарын қоспағанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 303 қаулысымен бекітілген
Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-2) тармақшасына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар қолданылады:
1) генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттау – жүйелік оператор жүргізетін және электр қуатының нарығына қатысу үшін жүктеме көтеруге энергия өндіруші ұйымдар (жұмыс істеп тұрғандардың да, жаңадан пайдалануға берілгендердің де) генерациялайтын қондырғылардың техникалық әзірлігін айқындауға бағытталған іс-шаралар;
2) аттестатталған электр қуаты – энергия өндіруші ұйымның генерациялайтын қондырғыларда жүктемені көтеруге дайын электр қуаты;
3) электр энергиясының және қуатының болжамды теңгерiмi – жүйелік оператор әзірлеген және уәкілетті орган бекіткен электр энергиясын тұтынудың/өндірудің болжамды көлемі, тұтынудың/генерациялаудың ең жоғарғы қуаты, Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі - БЭЖ) электр қуатының резерві және электр энергиясының экспортының/импортының болжамды көлемдері;
4) генерациялайтын қондырғылардың технологиялық минимумы - генерациялайтын қондырғылар генерациясының ең аз қуаты;
5) электр қуатының нарығы – энергия өндiрушi ұйымдардың генерациялайтын жабдықтың электр энергиясын өндiруге әзiрлiгi жағдайында ұстап тұруға, қолда бар өндiрiстiк активтердi жаңартуға, ұстап тұруға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға, сондай-ақ оларды құруға байланысты электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерi арасындағы өзара қарым-қатынастар жүйесi;
6) орталықтандырылған сауда нарығының операторы (бұдан әрі – нарық операторы) – электр энергиясының спот-сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының және электр қуатының әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтiң орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
7) электр қуатының әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызмет (бұдан әрі – қуатты ұстап тұру бойынша қызмет) – энергия өндiрушi ұйымдардың белгiленген тәртiппен аттестатталған генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының жүктеме көтеруге әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша жүйелiк операторға көрсететiн қызметi;
8) электр қуатының жүктеме көтеруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету бойынша көрсетiлетiн қызмет (бұдан әрі - қуатты қамтамасыз ету бойынша қызмет) – Қазақстан Республикасының бiрыңғай электр энергетикалық жүйесiнде белгiленген тәртiппен аттестатталған, генерациялайтын қондырғылар электр қуатының жүктеме көтеруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету бойынша жүйелiк оператор көрсететiн қызмет;
9) электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығы - электрондық сауда жүйесінде энергия өндіруші ұйымдар мен жүйелік оператор арасында электр қуатының (тендерлік негізде жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын қоспағанда) әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға бағытталған процесс;
10) электр қуатының спот-сауда-саттығы – бiр күн бұрын режимiнде қысқа мерзiмдi негiзде электрондық сауда жүйесiнде электр қуатының (тендерлiк негiзде жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын қоспағанда) әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтердiң ұйымдастырылған саудасы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар мен анықтамалар электр энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының Заңы мен нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданылады.
3. Энергия өндіруші ұйым электр қуаты нарығына жүйелік операторға қуатты әзірлікте ұстап тұру бойынша қызметтерді жеткізуші ретінде қатысады.
4. Жүйелік оператор электр қуаты нарығына қуатты әзірлікте ұстап тұру бойынша қызметтерді тұтынушы, сондай-ақ тұтынушыларға қуатты қамтамасыз ету бойынша қызметтерді жеткізуші ретінде қатысады.
5. Қуатты қамтамасыз ету бойынша қызмет тұтынушылары (бұдан әрі – тұтынушылар) жүйелік оператормен электр қуатының жүктеме көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуге арналған шарттарды жасасқан мынадай электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері болып табылады:
1) көтерме сауда тұтынушылары;
2) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;
3) энергия беруші ұйымдар.
6. Электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыруды және өткізуді нарық операторы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
2. Электр қуатының нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу
тәртібі
Электр қуатының ұзақ мерзімді нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу тәртібі
7. Электр қуатының ұзақ мерзімді нарығы – электр энергиясына сұранысты қанағаттандыруға және электр қуатының шамасын электр қуатының болжамды теңгерiмiнiң негiзiнде айқындалған Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде ұстап тұруға жеткiлiктi көлемде жаңа электр қуаттарын енгiзу үшiн инвестициялар тарту мақсатында жұмыс iстеп тұрған электр қуатының нарығы.
8. Жүйелiк оператор жыл сайын он бесiншi қазанға дейiнгi мерзiмде алдағы жетi жылдық кезеңге электр энергиясының және қуатының болжамды теңгерiмiн әзiрлейдi және оны бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.
9. Уәкiлеттi орган электр энергиясының және қуатының болжамды теңгерiмдерiнiң негiзiнде жыл сайын электр қуатының болжамды тапшылығын белгiлейдi, сондай-ақ электр қуаттарын орналастырудың перспективалық схемасын әзiрлейдi және бекiтедi, оған өзiнiң интернет-ресурсында орналастыра отырып, тендер өткiзiлген жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар басымдықпен енгiзiледi.
10. Электр қуатының болжамды тапшылығын жабу үшін уәкiлеттi орган жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар құрылысына тендер өткiзу туралы шешім қабылдайды.
11. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар құрылысына тендер өткiзеді.
12. Жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар құрылысына арналған тендерге әлеуеттi инвесторлар қатысады.
13. Уәкiлеттi орган тендердiң жеңiмпазымен жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар құрылысына арналған шарт жасасады.
14. Жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылар құрылысына арналған шартты жасасқан күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүйелiк оператор уәкiлеттi орган белгiлеген баға, көлем бойынша және мерзiмге тендердiң жеңiмпазымен жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын әзiрлiкте ұстап тұру бойынша қызметтердi сатып алу туралы шарт жасасады.
15. Жүйелiк оператор қуатты ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын әзiрлiкте ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi осы генерациялайтын қондырғылар пайдалануға берiлгеннен және аттестаттаудан өткiзiлгеннен кейiн қызметтер көрсету туралы шарт негiзiнде сатып алады.
Электр қуатының қысқа мерзімді нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс
істеу тәртібі
16. Электр қуатының қысқа мерзімді нарығы – электр энергиясына сұранысты қанағаттандыруға және электр қуатының шамасын электр қуатының болжамды теңгерiмiнiң негiзiнде айқындалған Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінде ұстап тұруға жеткiлiктi көлемде қолданыстағы электр қуаттарын ұстап тұру үшiн инвестициялар тарту үшін жұмыс iстеп тұрған электр қуатының нарығы.
17. Жүйелік оператор 2015 жылғы 1 наурызға дейін кейін оның мониторингін жүргізумен және тізбеге жаңа тұтынушыларды енгізумен тұтынушылардың тізбесін қалыптастырады және Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялайды.
18. Көтерме сауда нарығының субъектiлерi электр энергиясын және қуатын өндiруге-тұтынуға арналған болжамды өтiнiмдердi айларға бөле отырып, алдағы жылға қалыптастырады және есептi жылдың алдындағы жылдың бiрiншi қазанынан кешiктiрмей жүйелiк операторға жiбередi.
19. Жүйелiк оператор есептi жылдың алдындағы жылдың он бесiншi қазанынан кешiктiрмей, көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясын және қуатын өндiруге-тұтынуға арналған болжамды өтiнiмдерiнiң негiзiнде электр энергиясының және қуатының алдағы жылға арналған болжамды теңгерiмiн әзiрлейдi.
20. Жүйелiк оператор қуатты ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығының қорытындылары бойынша жасалған электр қуатының әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша қызметтер көрсету туралы шарт негiзiнде сатып алады.
21. Энергия өндіруші ұйымдар электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығына генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын аттестаттауын өткізгеннен кейін қатысады.
22. Жүйелік оператор энергия өндіруші ұйымдардың генерациялайтын қондырғыларының электр қуатын аттестаттауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
23. Энергия өндiрушi ұйымдар электр қуатының әзiрлiгiн ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтердi электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығында өткiзудi аттестатталған электр қуатынан аспайтын көлемде:
1) экспортқа шығарылатын электр энергиясының электр қуатының ең жоғары көлемiн;
2) тендерлiк негiзде жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының көлемiн;
3) өзiнiң тұтынуын шегере отырып, жүзеге асырады.
Энергия өндіруші ұйым сататын электр қуатын ұстап тұру бойынша қызмет көрсету көлемі былайша айқындалады:
Рқызм Рат – Рөн+шн - Рөзіндік тұтыну. - Рэкс, мұндағы
Рат - аттестатталған электр қуатының шамасы;
Рөн+шн - энергия өндіруші ұйымның өзіндік және шаруашылық қажеттілігіне тұтынуға арналған ең үлкен қуат;
Рөзіндік тұтыну. - энергия өндіруші ұйымның құрамына кіретін өндірістік кәсіпорындардың өзіндік тұтынуының ең үлкен қуаты;
Рэкс - экспортқа шығарылатын электр энергиясын жеткізудің ең үлкен қуаты.
24. Өз құрамында генерациялайтын қондырғылары бар кәсіпорынға көрсетілген қуатты қамтамасыз ету бойынша қызметтің нақты көлемі тұтынудың нақты максималды электр қуаты мен өзінің генерациялайтын қондырғыларының нақты электр қуатының айырмасы ретінде айқындалады.
25. Қуатты ұстап тұру бойынша қызметтер көрсету туралы шартпен айқындалған қуат шамасының төмендеуіне алып келген генерациялайтын қондырғыларының авариялық және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары кезінде қызмет құнын есептеу кезінде қуатты ұстап тұру бойынша қызмет көрсетілген нақты көлемін азайтатын авариялық коэффициент қолданылады. Бұл ретте, авариялық коэффициент мынадай формула бойынша есептеледі:
Кав = (Сай – САР)/ Сай, мұндағы
Сай – есептік айдағы сағат саны;
САР– генерациялық қондырғылардың авариялық, жоспардан тыс жөндеу жұмыстарында тоқтап тұрған нақты сағат саны.
26. Энергия өндіруші ұйымдар электр қуаты нарығында өз қызметін жүзеге асырғанда:
1) тендерлiк негiзде жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын қоспағанда, қуатты ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметке арналған шектi тарифтен аспайтын баға бойынша қуатты ұстап тұру бойынша көрсетiлетiн қызметтi өткiзудi жүзеге асырады;
2) жүйелік операторға электр энергиясының және қуатының электр жүктемені көтеруге дайын болжамды көлемін ұсынады;
3) жүйелік оператор диспетчерінің командасы бойынша қуатты ұстап тұру бойынша қызметтердi көрсетуге арналған шарттарға сәйкес жүктемені көтеруге техникалық әзірлігін растау мақсатында генерациялауды арттыруды орындайды. Жүйелік оператор диспетчерінің командаларын орындау нәтижесінде қосымша өндірілген электр энергиясы электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында қаржылай реттеледі.
27. Қуатты ұстап тұру бойынша қызметті толық көлемде электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығында сатпаған, немесе генерациялайтын қондырғыларды жаңғыртуды және/(немесе) қайта құруды өткізу нәтижесінде аттестатталған электр қуаты артқан жағдайда энергия өндіруші ұйым электр қуатының спот-сауда саттығына қатысады.
28. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясын экспортқа шығарғанда энергия өндіруші ұйымдардың электр қуатының әзірлігін ұстап тұруға шығындары электр энергиясын экспорттауға арналған шартта ескеріледі.
29. Жүйелік оператор электр қуаты нарығында өз қызметін жүзеге асырғанда:
1) қуатты ұстап тұру бойынша қызметті электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығында және жаңадан пайдалануға берiлетiн генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметті сатып алу жөнiнде шарт негізінде сатып алады. Қуатты ұстап тұру бойынша қызметтің көлемі Қазақстан Республикасы электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілері тұтынуының максималды электр қуатымен және электр қуатының бекітілген болжамды теңгерiмiнде көзделген электр қуатының қажетті резервімен айқындалады, бұл ретте, тұтынудың электр қуатының нақты максималды көлемі қуаттың орташа арифметикалық орта сағаттық мәні ретінде жұмыс күндерінде бақылау сағаттарында күнтізбелік ай үшін есептеледі. Бұл ретте, бақылау сағаттары 17-00-ден 23-00-ге дейінгі кезең болып табылады (Астана уақыты);
2) қуатты ұстап тұру бойынша қызметті энергия өндіруші ұйымдар – жылу электр орталықтарынан (бұдан әрі - ЖЭО) жылу электр орталықтың өзiнiң тұтынуын және шаруашылық қажеттілігін, өзінің максималды тұтынуын, экспортқа шығарылатын максималды қуатты шегере отырып, станция жұмысының жылу режимімен ескерілген технологиялық минимумынан кем емес көлемде сатып алады;
3) қуатты ұстап тұру бойынша қызметті энергия өндіруші ұйымдар – су электр станцияларынан (бұдан әрі - СЭС) су электр станцияларының өзiнiң тұтынуын және шаруашылық қажеттілігін, өзінің максималды тұтынуын, экспортқа шығарылатын максималды қуатты шегере отырып, судың белгіленген шығындарын қамтамасыз ететін көлемде сатып алады;
4) қуатты қамтамасыз ету бойынша қызметті осы тармақтың 1) тармақшасында айқындалған көлемде көрсетеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүйелік операторға қуатты қамтамасыз ету бойынша қызметке тарифті табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетiн нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлейді;
5) жүктемені көтеруге әзір электр қуатының нақты бар болуын энергия өндіруші ұйымға жөндеулердің келісілген кестесіне сәйкес жоспарлы жөндеуге шығарылған қондырғылардың электр қуатын есепке ала отырып, қуатты ұстап тұру бойынша қызмет көрсетуге арналған шартпен айқындалған көлемге дейін генерациялауды арттыруға командалар беру арқылы қадағалайды.
30. Тұтынушылардың өз генерациялайтын көздерінің электр қуатын қоспағанда, тұтынушылар электр қуаты нарығына қуатты қамтамасыз ету бойынша қызметті сатып алушы ретінде міндетті түрде қатысады.
31. Тұтынушылар 2015 жылғы бірінші қазаннан кешіктірмей жүйелік оператормен электр қуатының жүктеме көтеруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету бойынша қызметті көрсетуге шарт жасасады.
32. Электр қуатының жүктеме көтеруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету бойынша қызметті көрсетуге шарт жыл сайын ұзартылады.
33. Тұтынушылар жүйелік операторға электр энергиясын тұтынудың болжамды көлемі мен электр қуатының максималды көлемін жоспарлауды және ұсынуды жүзеге асырады.