Toggle Dropdown
Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 Қаулысы
Редакция 25.08.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 100-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 9 тамыздағы
№ 920 қаулысымен
бекітілген
Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы
1. Осы Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 100-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі және шет елде дипломатиялық қызмет органдарына бекітілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жағдайларын қоспағанда, жекешелендіру объектілерін аукцион мен тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату тәртібін реттейді.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – жекешелендіру объектісінің бағаны көтеру аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын бағасы немесе бағаны төмендету аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын жарияланған баға;
2) алғашқы баға – жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы берген есептің негізінде айқындалатын және қайсысының ең жоғары болатынына байланысты баланстық құн не бағалау құны мөлшерінде мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейтін жекешелендіру объектісінің бағасы;
3) аукцион – тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық форматта өткізілетін сауда-саттықтың қатысушылар өз ұсыныстарын жария түрде мәлімдейтін нысаны;
4) аукцион залы – тізілім веб-порталының аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін бөлімі;
5) аукцион нөмірі – Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңбасы болған кезде қатысушыға аукционға, тендерге қатысу үшін берілетін нөмір;
6) әлеуетті сатып алушының (ие болушының) үлестес тұлғасы – осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) шешімдерін айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешімге, оның ішінде жазбаша түрде жасалған мәмілеге байланысты ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;
7) бастапқы баға – әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық басталатын баға;
8) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс – конкурс жеңімпазын сатушы тәуелсіз консультанттардың қатысуымен кезең-кезеңімен келіссөздер жүргізу арқылы айқындайтын сауда-саттық нысаны;
9) ең төменгі баға – жекешелендіру объектісін одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
10) жекешелендіру объектісі – мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын; жекешелендірілуі тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның өндірістік және өндірістік емес бөлімшелері мен құрылымдық бірліктері; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершілегі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар;
11) жеңімпаз – жекешелендіру объектісі үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға және тендерге қатысушы; екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың екінші кезеңінің ең жоғары баға және (немесе) ең үздік шарттар ұсынған қатысушысы;
12) кепілдік жарна – сауда-саттық немесе өзге міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеуші кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы;
13) қатысушы – аукционға, тендерге немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
14) қатысушының ақшалай балансы (бұдан әрі – электрондық әмиян) –екінші деңгейдегі банктегі бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына әлеуетті қатысушы құйған:
екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, аукцион, тендер және жабық тендер нысанындағы сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарналарды қабылдауға;
осы Қағиданың 23-тармағының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілдік жарналарды қайтаруға байланысты ақша қаражатын есепке алу үшін бірыңғай оператор пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты;
15) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – Заңда және осы Қағидада көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құратын алқалы орган;
16) сату бағасы – өткізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша белгіленген жекешелендіру объектісінің түпкілікті бағасы;
17) сатушы (мүлікті иеліктен айыруды жүргізетін адам) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
18) сатып алушы (ие болушы) – мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлікті сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
19) сауда-саттық – жекешелендіру түрі;
20) сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын әдіс;
21) сауда-саттықтың бағаны төмендету әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы жарияланған қадаммен төмендетілетін әдіс;
22) тәуелсіз консультанттар – жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында сатушы тартатын заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдіктер немесе олардың бірлестіктері, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар;
23) тендер – тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында жабық электрондық конвертке жүктелетін, қатысушылар өздерінің баға ұсыныстарын мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;
24) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сатылатын объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
25) ұйымдастырушы – қор биржасында және шет елдегі мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған тәртіппен тартылатын сатушы не заңды немесе жеке тұлға;
26) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
27) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
3. Объектіні жекешелендіру туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты қабылдайды, олар күнтізбелік он күн ішінде жекешелендіру объектілері туралы ақпаратты (жекешелендіру кестесі) тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешімді «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті түрде жария тыңдау жүргізе отырып қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау барысында коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша жүзеге асырады, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Кәсіпорында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бар болса, кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешім дайындау кезінде шешімнің жобасы мемлекеттік материалдық резерв, жұмылдыру даярлығы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.
4. Екінші және одан кейінгі сауда-саттық өткізілетін жағдайларды қоспағанда, жекешелендіру объектілері сатуға жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасынан төмен болмайтын бастапқы бағамен қойылады.
5. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару Заңда және осы Қағидада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 7-тарауына сәйкес екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурста иеліктен шығарылады.