Toggle Dropdown
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V Заңы
Редакция 22.02.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
1-1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган – ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
1-2) әріптестік келісім – мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін талаптарға сәйкес келетін және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органның іріктеуінен өткен кәсіпкерлік субъектілерімен Мемлекеттік корпорация жасаған келісім;
1-3) әріптестік ұйым – осы Заңға сәйкес әріптестік келісім жасаған кәсіпкерлік субъектісі;
1-4) «бір өтініш» қағидаты – бір өтініш негізінде көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтер жиынтығын көздейтін мемлекеттік қызметті көрсету нысаны;
2) «бір терезе» қағидаты – мемлекеттік қызметті орталықтандырып көрсетудің мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және оның көрсетілетін қызметті берушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін нысаны;
2-1) жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызмет – мемлекеттік көрсетілетін қызметтің өлшемшарттарына сай келетін, бірақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілмеген мемлекеттік функция;
3) көрсетілетін қызметті алушы – орталық мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;
4) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;
4-1) қоғамдық маңызы бар көрсетілетін қызмет – үздіксіз негізде жүзеге асырылатын және қоғамның заңды мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет;
4-2) Мемлекеттік корпорацияның мобильдік қосымшасы – Мемлекеттік корпорациямен бейнебайланыс арқылы мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған ақпараттандыру объектісі;
5) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі немесе олардың жиынтығы;
5-1) мемлекеттік көрсетілетін қызметке қосымша сервис – көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметке қосымша түрде жеке тәртіппен көрсетілетін қызмет;
5-2) жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлерді және жеке практикамен айналысатын адамдарды, заң консультанттарын қоспағанда, жеке тұлғалардың бақуаттылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер немесе өзге де мемлекеттік қолдау нысандары;
6) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
7) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
8) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сыныпталған тізбесі;
9) Бiрыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;
10) мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі – мемлекеттік қызметтер көрсету, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсету процесін автоматтандыруға және мониторингтеуге арналған ақпараттық жүйе;
10-1) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жоба – мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі процестердің, тәсілдердің өзгеруін сынамалау жөніндегі процесс;
11) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі – жеке тұлғалардың, коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының деңгейі туралы ақпаратты жинау, талдау және ұсынымдарды тұжырымдау жөніндегі қызметі;
12) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау – көрсетілетін қызметті алушыларды орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері көрсететін қолжетімді және сапалы мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету бойынша шаралардың тиімділігін айқындау жөніндегі қызмет;
13) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау – орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын сақтауын тексеру, профилактикалық бақылау және оған мониторинг жүргізу жөніндегі қызмет;
14) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
15) мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыру – электрондық нысанда мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін көрсетілетін қызметті берушінің әкімшілік процестерін түрлендіру рәсімі;
16) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
17) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
17-1) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
17-2) реинжиниринг – ұйым қызметінің тиімділігін, сапасын және нәтижелілігін арттыру мақсатында ағымдағы жұмыс процесін қайта өзгерту;
17-3) стационарлық абоненттік құрылғы – сымдар арқылы берілетін электр сигналдарының немесе радиосигналдардың көмегімен абонент берген ақпаратты қашықтан беруді немесе қабылдауды қамтамасыз ететін байланыс құралы;
17-4) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке-дара пайдаланылатын байланыс құралы;
18) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
19) «электрондық үкіметтің» веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің мақсаты мен қағидаттары
Көрсетілетін қызметті алушыларға сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетілуін қамтамасыз ету мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты болып табылады.
Мемлекеттік қызметтер мынадай негізгі қағидаттар негізінде көрсетіледі:
көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;
мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;
мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;