Осы Заңмен реттелетiн мәселелер коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
| Продукты: |
|
Отправить по почте

Коммерциялық емес ұйымдар туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142-II Заңы
Осы Заңда бүкіл мәтін бойынша «заң актiлерiнен», «заң актiлерiмен», «заң актiлерiнде», «Қазақстан Республикасының заң актiлерiне», «Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiн», «Заң актiлерiнде», «заңнамалық актілерде», «Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде», «Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде», «заң актiлерiне», «заңнамалық актілеріне» деген сөздер тиісінше «заңдардан», «заңдармен», «заңдарда», «Қазақстан Республикасының заңдарына», «Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын», «Заңдарда», «заңдарда», «Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында», «Қазақстан Республикасының заңдарында», «заңдарға», «заңдарына» деген сөздермен ауыстырылды ҚР 11.06.2026 жылғы № 306-VIII Заңына сәйкес (27.09.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.07.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 01.07.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетін мәселелер
Осы Заңмен реттелетiн мәселелер коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Саяси партиялардың, кәсiптiк одақтардың құқықтық жағдайларының, құрылуының, қызметiнiң, қайта ұйымдастырылуының және таратылуының ерекшелiктерi арнайы заңдармен регламенттеледi.
2-бап. Коммерциялық емес ұйым ұғымы
Кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады.
3-бап. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және басқа да заңдарған тұрады.
2. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететiн шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (оқшауланған бөлiмшелерiнiң) кез-келген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымының қызметiне қолданылады.
3. Жекелеген коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшелiктер осы Заңмен және өзге де заңдармен реттеледi.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3-бап 4-тармақпен толықтырылды ҚР 30.06.2025 жылғы № 200-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 31.08.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4-бап. Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары
4-бап өзгертілді ҚР 11.06.2026 жылғы № 306-VIII Заңымен (27.09.2025 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 01.07.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, білім беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу; жалпыұлттық бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын нығайту; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушылардың) игiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкiн.
Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары құрылтай құжаттармен айқындалады.
5-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшiн коммерциялық емес ұйымдардың:
1) заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;
2) мемлекеттік және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөртабаны және бланкiлерi, сондай-ақ белгiленген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;
3) меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;
4) мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;
5) егер заңдарда өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлғалар құруға;
6) филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;
7) қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;
8) жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға қаражаттарды пайдалануға;
9) сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Коммерциялық емес ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға;
2) белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге;
3) өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен (мекемелердi қоспағанда) жауап беруге;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.
6-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың нысандары
Коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативi, қор, дiни бiрлестiк, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалардың бiрлестiгi нысанында және заңдарда көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.
7-бап. Коммерциялық емес ұйымның атауы және орналасқан жерi
1. Коммерциялық емес ұйымның атауы оның атын және ұйымдық-құқықтық нысанының көрсетпесiн қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша ақпаратты қамтуы мүмкiн.
Коммерциялық емес ұйымның атауында заңдардың талаптарына немесе қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетiн атауларды; егер (қатысушылардың е сiмiмен үйлесiмдi болмаса не егер жеке есiмiн пайдалануға бұл адамдардың (олардың мұрагерлерiнiң) рұқсатын қатысушылар алмаған болса, адамдардың өз аттарын пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Коммерциялық емес ұйымның тұрақты қызмет iстейтiн органы орналасқан жер оның орналасқан жерi деп танылады.
3. Коммерциялық емес ұйымның атауы мен орналасқан жерi оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.
2-тарау. Коммерциялық емес ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысандары
8-бап. Мекеме
1. Құрылтайшысы басқару, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады.
Мекеменiң өзiне бекітілiп берiлген мүлiкке құқығы азаматтық заңдарға сәйкес айқындалады.
2. Меншiк нысанына байланысты мекемелер мемлекеттік және жеке меншiк мекемелер болып бөлiнедi.
3. Мекемелердiң жекелеген түрлерiнiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заңдармен реттеледi.
10-бап. Жеке меншiк мекеме
1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрған, мемлекеттік құрылымның бөлiгi болып табылмайтын ұйым жеке меншiк мекеме деп танылады.
2. Жеке меншiк мекеменiң мүлкi оған оралымды басқару құқығымен бекітілiп берiледi.
3. Жеке меншiк мекеме өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билiгіндегі ақшамен жауап бередi. Ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда мемлекеттік емес мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.