Toggle Dropdown
Халықты жұмыспен қамту туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149-II Заңы
Редакция 01.01.2018 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдық қатынастарды реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтiк жұмыс орны – жұмыс беруші Қазақстан Республикасының нысаналы топтардағы азаматтарын жұмысқа орналастыру үшiн жергiлiктi атқарушы органмен шарт негізінде құратын, жұмыс берушiнiң олардың еңбегiне ақы төлеу шығындары iшiнара өтелетiн жұмыс орны;
2) әлеуметтік келісімшарт – бір жағынан, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысушы және табысы аз азаматтары және оралмандар қатарындағы жеке тұлға және екінші жағынан, халықты жұмыспен қамту орталығының арасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 28.10.2015 жылғы № 369-V Заңына сәйкес 2-тармақша келесідей редакцияда әрекет етеді:
2) әлеуметтік келісімшарт – отбасының атынан әрекет ететін кәмелетке толған жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шараларды көрсету мен алу жөніндегі құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ шартты ақшалай көмек төлеуді айқындайтын келісім;
2-1) әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі;
3) бос орын – жұмыс берушiдегi бос жұмыс орны (лауазым);
4)ұзаққа созылған жұмыссыздық - он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық
5) еркiн таңдап алынған жұмыспен қамтылу – Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбекке, жұмыс орны мен кәсiптi таңдауға қабiлетiн еркiн пайдалану арқылы өздерi таңдап алған қызметi;
6) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылған қызметкерлердің еңбегіне жұмыс берушінің ақы төлеу шығындарының бір бөлігін өтеу;
7) жастар практикасы – жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып ұйымдастыратын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берудің кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында іске асыратын еңбек қызметінің түрі;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 28.10.2015 жылғы № 369-V Заңына сәйкес 7-тармақша келесідей редакцияда әрекет етеді:
7) жастар практикасы – жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып ұйымдастыратын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында іске асыратын еңбек қызметінің түрі;
8) жеке жұмыспен қамту агенттiгi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелген, жұмысқа орналастыруда жәрдем көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;
9) жұмысқа орналастыру – халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық iс-шаралар кешенi;
10) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын, өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды мемлекеттік қолдау шаралары;
11)өз бетiнше жұмыспен айналысушылар - өздерiн жұмыспен қамтамасыз еткен еңбекке жарамды адамдар
12) жұмыспен нәтижелi қамтылу – орнықты экономикалық өсу мен әлеуметтiк тиімділікті қамтамасыз ететiн жұмыспен қамтылу;
13) жұмыссыздар – кіріс әкелетiн еңбек қызметiмен айналыспайтын, жұмыс iздеп жүрген және еңбек етуге әзiр, еңбекке жарамды жастағы жеке тұлғалар;
14)Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
15) жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет жүзеге асыратын шаралар кешенi;
15-1) корпоративішілік ауыстыру – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдің аумағында құрылған, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасқан және сонда жұмыс істейтін заңды тұлғада басшы, менеджер немесе маман лауазымында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды осы заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған филиалдарына, еншілес ұйымдарына, өкілдіктеріне еңбек шартында айқындалған, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге, бір жылға ұзарту құқығымен уақытша ауыстыру;
15-2) кәсіптік бағдарлау – Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға олардың қажеттіліктерін, мүмкіндіктерін және еңбек нарығындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескере отырып, өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындауға, жұмыспен қамтудың оңтайлы түрін таңдауға жәрдемдесудің арнайы шаралар кешені;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 28.10.2015 жылғы № 369-V Заңына сәйкес 16-тармақша алынып тасталады:
16) Қазақстан Республикасының табысы аз азаматтары (отбасылары) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атаулы әлеуметтiк көмек және (немесе) он сегіз жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар, еңбекке жарамды жастағы жеке тұлғалар;
17) қоғамдық жұмыстар – жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын, қызметкердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, әлеуметтiк пайдалы бағыттағы және Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн уәкілеттi органның жолдамасы бойынша олар орындайтын еңбек қызметiнiң түрлерi;
17-1) мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектің жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
18) нысаналы топтар – жұмысқа орналасуда қиындық көрiп жүрген және әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн адамдар ретiнде осы Заңмен белгiленген адамдар топтары;
19) орталық атқарушы орган – халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасынд а көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
19-1) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама – экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік талаптарына және білім деңгейіне сай келетін шетелдік жұмыскерге орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен берілетін белгіленген нысандағы құжат;
20) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 28.10.2015 жылғы № 369-V Заңына сәйкес 1-бап 20-1-тармақшамен толықтырылады:
20-1) табысы аз адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);
21) уәкiлеттi орган – өңірлік деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi;
22) ұзаққа созылған жұмыссыздық – он екі және одан да көп айға созылған жұмыссыздық;
22-1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
23) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 28.10.2015 жылғы № 369-V Заңына сәйкес 23-тармақша келесідей редакцияда әрекет етеді:
23) халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – Орталық) – халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы орган ауданда, облыстық немесе республикалық маңызы бар қалада, астанада құратын мемлекеттік мекеме;
23-1) «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесі – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартатын немесе өз бетінше келетін шетелдік жұмыскерлерді тіркеуге, оларға рұқсаттар, анықтамалар беруге, мониторинг жүргізуге арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
24) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушіге тартуға рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің рұқсат етілетін шекті саны;
25) экономикалық тұрғыдан белсендi халық (жұмыс күшi) – тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіру үшін жұмыс күшін ұсынуды қамтамасыз ететін, халықтың экономикалық белсенділігін өлшеу үшін белгіленген жастағы халықтың бөлігі (экономикада жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар);
26) экономикалық тұрғыдан енжар халық – жұмыспен қамтылғандар немесе жұмыссыздар болып табылмайтын жеке тұлғалар.
2-бап. Жұмыспен қамтылған халық
Жұмыспен қамтылған халыққа:
1) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, соның iшiнде жұмысты сыйақы үшiн толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында орындайтын немесе ақы төленетiн өзге жұмысы (қызметi), табысы бар;
2) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3) өз бетінше жұмыспен айналысушылар, оның ішінде өзінің тұтынуына арналған өндірісті қоса алғанда, кіріс алу үшін тауарлар өндірумен, жұмыстар орындаумен және қызметтер көрсетумен (өткізумен) жеке-дара айналысатын жеке тұлғалар, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) еңбекақы төленбейтін жұмыскерлері мен жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер жатады.
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды айқындау әдістемесін орталық атқарушы органмен келісу бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекітеді;
4) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)