Toggle Dropdown
Автомобиль жолдары туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі № 245-II Заңы
Редакция 18.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын мемлекеттік басқарудың, оларды мемлекеттің және автомобиль жолдарын пайдаланушылардың мүдделерінде салудың, пайдаланудың және дамытудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық негіздерін реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автоматтандырылған өлшеу станциясы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автомобиль көлігі құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және габариттік параметрлерін, осьтік жүктемелерін және жүру жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарының, аспаптар мен жабдықтардың зияткерлік көлік жүйесімен интеграцияланған кешені;
1-1) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор (бұдан әрі – Ұлттық оператор) – осы Заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам;
1-2) автомобиль жолдарын басқарушылар – автомобиль жолдарының меншік иелері болып табылатын немесе мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде шарттардың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының, оның ішінде концессия шарттарының, мүлікті сенімгерлік басқару, жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық немесе аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз пайдалану шарттарының негізінде шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында автомобиль жолдарын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
2) автомобиль жолдарын пайдаланушылар - жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлiнген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегiнде өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
3)жол органдары - жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, оның аумақтық органдары
4) Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
5) автомобиль жолын жөндеу - ағымдағы, орташа және күрделі жөндеулерді қамтитын, автомобиль жолы ақауларының алдын алу және оларды жою, сондай-ақ көліктік-пайдалану сапаларын қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі жұмыстар кешені;
6) автомобиль жолын күрделі жөндеу - қолданыстағы техникалық санатын өзгертпей, автомобиль жолының көліктік-пайдалану сипаттамаларын қалпына келтіру және (немесе) жақсарту жөніндегі жұмыстар кешені;
7) автомобиль жолын күтіп ұстау - автомобиль жолын тиісті техникалық жай-күйде ұстау, оның техникалық жай-күйін бағалау жөніндегі, сондай-ақ жолда жүру қауіпсіздігін ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар кешені;
8) автомобиль жолын орташа жөндеу - автомобиль жолының бастапқы пайдалану сапаларын және жол құрылыстарын қалпына келтіруге байланысты жұмыстар кешені;
9) автомобиль жолын реконструкциялау - автомобиль жолын немесе оның жекелеген учаскесін неғұрлым жоғары техникалық санатқа ауыстыра отырып, көліктік-пайдалану сапаларын, қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруды қамтамасыз ететін жұмыстар кешені;
9-1) автомобиль жолының учаскесі (бұдан әрі – жол учаскесі) – автомобиль жолының жалпы ұзындығы шегіндегі жол кесіндісі;
10) автомобиль жолының ұзындығы - километрлiк белгiлер бойынша нақты (жергiлiктi жерде) көрсетiлген, объектiлердiң немесе елдi мекендердiң арасындағы жолдың нақты ұзындығы;
11) ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) – ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылданған және жүріп өту үшін ақы алынатын автомобиль жолдары (жол учаскелері);
11-1) ақылы қозғалысты ұйымдастыру – жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешендерін енгізу және орнату, сондай-ақ ақылы автомобиль жолын басқару арқылы ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін ақы алу жөніндегі іс-шаралар;
12) ауыр салмақты көлiк құралы - толық массасы немесе жүктеменiң оның осi бойынша бөлiнуi осы жол санаты мен ондағы құрылыстар үшiн рұқсат етiлген шектi жүктеме мөлшерiнен асатын, жүгi бар немесе жүксiз көлiк құралы;
13) жолаушылар мен багажды тұрақты емес тасымалдау – жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтініштері) бойынша автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, тасымалдаушылар көрсететін көлік қызметтері
13-1) жол активтері – нақты көліктік-пайдалану жай-күйі мен құн бағасы ескерілген автомобиль жолдары мен ондағы құрылысжайлар;
13-2) жол активтерін басқару – автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға бюджет шығыстарын тиімді жоспарлауға бағытталған, жол активтерінің диагностикасы және аспаптық зерттеп-қарау, сондай-ақ жол инфрақұрылымы қауіпсіздігінің мониторингі жөніндегі қызмет;
13-3) Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы – жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу, жол активтерін басқару, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру жөніндегі функциялар, сондай-ақ автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерді қолдау жөніндегі функциялар жүктелген, автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қарамағындағы заңды тұлға;
14) жол бойындағы белдеулер - көлiк жүрісін және халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн шекарасында жер пайдаланудың ерекше шарттары белгiленетiн, автомобиль жолдарына бөлiнген белдеуге жалғасып жатқан жер учаскелерi;
14-1) жол бойындағы сервис объектілері – жол бойындағы белдеуде орналасқан және жол жүрісіне қатысушыларға жүру жолында қызмет көрсетуге арналған ғимараттар мен құрылысжайлар (мотельдер, қонақүйлер, кемпингтер, техникалық қызмет көрсету станциялары, автожанармай құю станциялары, электрқуаттау станциялары, тамақтану, сауда, байланыс, медициналық көмек пункттері, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілері және өзге де қызметтер көрсету объектілері);
15) жолдама парақ – жүргізуші мен автокөлiк құралының жұмысын есепке алуға және бақылау жүргізуге арналған құжат
15-1) жол дерекқоры – автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін ашық, автомобиль жолдарының көліктік-пайдалану жай-күйі туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйесі;
15-2) жол инфрақұрылымы қауіпсіздігінің мониторингі – автомобиль жолдарының қолданыстағы жол инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, оларды ұстап-тұру және жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені;
16) жол қызметі – автомобиль жолдары мен олардағы құрылысжайларды жобалау, салу, реконструкциялау мен жөндеу, күтіп-ұстау және пайдалану, жол активтерін басқару, сондай-ақ ақылы жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі қызмет;
17) жол қызметiн басқару - жолдардағы қозғалысты ұйымдастыруға және қауiпсiздiк пен қолайлылықты қамтамасыз етуге, автомобиль жолдары мен құрылыстардың көлiктiк-пайдалану жай-күйiн арттыруға, оларды қорғау тәртібін қамтамасыз етуге, ұлттық стандарттар мен озық технологияларды енгізу негiзiнде автомобиль жолдарын жобалауды, салуды, реконструкциялауды, жөндеудi, күтiп ұстауды және пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған iс-шаралар кешенi;
18) жол қызметінің объектілері – жол-пайдалану кешендері, пайдалану қызметінің жұмыскерлеріне арналған тұрғын үйлер, автобус аялдамалары, павильондар, демалыс алаңдары, автомобильдердің аз уақытқа аялдауына арналған алаңдар, автомобильдерді техникалық қарауға арналған құрылғылар, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылыстар мен құрылғылар, орман белдеулері, көпірлерге қызмет көрсету және оларды күзету пункттері, технологиялық және авариялық-шақыру байланысының құрылғылары, жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешені;
19) жол органы – жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
19-1) жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама – автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезіндегі техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптама жұмыстарының түрі;
20) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
20-1) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешені – жүріп өту үшін ақы алуға арналған, автомобиль жолы жабдығының, бағдарламалық жасақтамасының және элементтерінің жиынтығы;
21) көше (көшенiң көлiк жүретiн бөлiгi) – елдi мекендер шекарасының шегiндегi автомобиль жолы.
22) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
2-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
3-бап. Автомобиль жолдарының жіктелімі
1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, сондай-ақ елді мекендердің көшелері болып бөлінеді.
2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары өздерінің маңызы бойынша халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болып бөлінеді:
1) халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарына көршілес мемлекеттердің астаналарын жалғастырып жатқан, сондай-ақ мемлекетаралық келісімдерге сәйкес халықаралық автомобиль жолдары желісіне кіретін автомобиль жолдары жатады;
2) республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жолдарды қоспағанда, республиканың және көршілес мемлекеттердің әкімшілік, мәдени және экономикалық орталықтары арасында көлік қатынасын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары, сондай-ақ қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдары жатады;
2-1) Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына, осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жолдарды қоспағанда, республиканың әкімшілік орталықтарын облыс, аудан орталықтарымен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңызы бар жолдармен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады.