Toggle Dropdown
Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы № 234-III Заңы
Редакция 01.01.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттейдi, бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен қаржылық есептiлiктi жасаудың принциптерiн, негiзгi сапалық сипаттамалары мен ережелерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу– уәкiлеттi органның осы Заңда көзделген, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлiкпен расталған бухгалтерлердiң кәсiби ұйымдарының және бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың құқықтылығын тануы;
2) бастапқы eceпкe алу құжаттары (бұдан әрi - бастапқы құжаттар) - бухгалтерлiк есеп жүргiзуге негiз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiнiң және оны жасауға берiлген құқықтың қағаз және электрондық жеткiзгiштегi құжаттық растамасы;
3) бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым (бұдан әрi – сертификаттау жөнiндегi ұйым) – кәсiби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүзеге асыратын, кәсіби ұйымдарды, сертификаттау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларына (бұдан әрі – акредиттеу қағидалары) сәйкес аккредиттелген заңды тұлға;
4) бухгалтерлердiң аккредиттелген кәсiби ұйымы (бұдан әрi – кәсiби ұйым) – бухгалтерлердің және (немесе) бухгалтерлiк ұйымдардың бiрлестiгi болып табылатын, аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттелген коммерциялық емес ұйым;
5) бухгалтерлiк есепке алу тiркелiмдерi - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiнде көрсету үшiн есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған нысандар;
6) бухгалтерлiк ұйым - бухгалтерлiк есеп саласында қызмет көрсететiн, кәсiби ұйымның мүшесi болып табылатын ұйым;
6-1) еншілес ұйым – халықаралық стандарттарға сәйкес негізгі ұйымның бақылауындағы ұйым деп танылатын және халықаралық стандарттар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау үшін негізгі ұйымның қаржылық есептілігін ұсынатын ұйым;
7) жария мүдделі ұйымдар – қаржы ұйымдары (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген кепілсіз микрокредиттер бермейтін, шаруашылық серіктестігі нысанында құрылған кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды, сондай-ақ шаруашылық серіктестігі нысанында құрылған микроқаржы ұйымдарын қоспағанда), нысаналы капитал қорлары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық еместерін қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін ұйымдардан басқа), астық қабылдау кәсіпорындары, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушылар, қызметін Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын уәкілетті компаниялар, шаруашылық жүргізу құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік монополия, арнаулы құқық субъектілері, сондай-ақ жарғылық капиталдарында мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
8-1) Кәсіби бухгалтерлердің әдеп кодексі (бұдан әрі – Әдеп кодексі) – Халықаралық бухгалтерлер федерациясы шығарған, кәсіби бухгалтерлердің, бухгалтерлік және кәсіби ұйымдардың кәсіптік қызметін жүзеге асыруы кезіндегі мінез-құлқының әдеп қағидаларының жинағы;
8) кәсіби бухгалтер – кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын, кәсіби бухгалтер сертификаты бар жеке тұлға;
9) кәсiби бухгалтер сертификаты (бұдан әрi - сертификат) - сертификаттау жөнiндегi ұйым берген, бухгалтердiң кәсiби бiлiктiлiгiн куәландыратын құжат;
10) қаржылық есептілік депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) – жылдық қаржылық есептілік және ұйымдар жыл сайын беріп отыратын аудиторлық есептер, ақционерлік қоғамдардың үлестес тұлғаларының тізімі, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпарат қамтылатын, пайдаланушылар үшін ашық қолжетімді электрондық деректер базасы;
11) қаржылық есептiлiк стандарты - бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiк жасау принциптерi мен әдiстерiн белгiлейтiн құжат;
12) қаржылық есептiлiктiң ұлттық стандарттары (бұдан әрi - ұлттық стандарттар) - қаржылық есептiлiктiң уәкiлеттi орган бекiткен стандарттары;
13) қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары (бұдан әрі – халықаралық стандарттар) және шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты (бұдан әрі – шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандарт) – Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі қор шығарған қаржылық есептілік стандарттары;
13-1) негізгі ұйым – халықаралық стандарттарға сәйкес бір және одан да көп еншілес ұйымды бақылайды деп танылатын және халықаралық стандарттар бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынатын ұйым;
14) уәкiлеттi орган - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
заңды тұлғаларға, шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында тiркелген филиалдарына, өкілдіктеріне және тұрақты мекемелеріне (бұдан әрi - ұйымдар) қолданылады.
2. Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келген кезде:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын және күнтізбелік жылдағы кірісі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 135000 еселенген мөлшерінен аспайтын;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмаған;
3) табиғи монополиялар субъектілері болып табылмайтын дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есепті жүргізу (бастапқы құжаттарды жасаудан және сақтаудан басқа) мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмауға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген шарттардың біріне сәйкес келмеген кезде дара кәсіпкер осындай сәйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілік жасауды жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген шарттарға сәйкес келетін және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізу туралы дербес шешім қабылдаған дара кәсіпкер мұндай шешім қабылданған айдан кейінгі айдан бастап мұндай есепті жүргізуді жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шағын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалар қаржылық есептілік жасауды ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырады.
3-1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ жедел басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар (қазыналық кәсіпорындар) қаржылық есептілікті шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасайды.
3-2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар болып табылатын, жария мүдделі ұйымдарға жатпайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды шағын және орта бизнеске арналған халықаралық стандартқа және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
4. Iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi мен жария мүдделi ұйымдар қаржылық есептiлiктi халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға мiндеттi.
Қаржы ұйымдары (шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын, жария мүдделі ұйымдарға жатпайтын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Арнайы қаржы компаниялары мен ислам арнайы қаржы компаниялары бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша есептілікті жасауды халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
5. Есептік саясатты бекіткен басшы органдардың шешімі бойынша:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға немесе шағын және орта бизнес ұйымдарына арналған халықаралық стандартқа сәйкес жасауға құқылы;
2) осы баптың 3-1 және 3-2-тармақтарында көрсетілген ұйымдар қаржылық есептілікті халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға құқылы.
3-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-тарау. БУХГАЛТЕРЛIК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТIЛIК ЖҮЙЕСI
4-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң мақсаты
Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң мақсаты мүдделi тұлғаларды дара кәсiпкерлер мен ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
4-1-бап. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік саласындағы реттеудің міндеті