Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 169 Заңы
Редакция 31.08.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң депозиторлар – жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлік субъектілерінің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың және кәсіби медиаторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған және талап етуге дейінгі пайызсыз депозиттерді және ислам банктерінде (Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктерінің филиалдарында) орналастырылған инвестициялық депозиттерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында) орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның құрылу және қызмет ету, Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктерінің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібін, сондай-ақ жүйеге қатысушылардың өзара қарым-қатынастарының өзге де мәселелерін айқындайды.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агент банк - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң қатысушысы болып табылатын және депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйыммен жасалған келiсiмнiң негiзiнде депозиторларға кепiлдiк берiлген өтем төлеу жөнiндегi рәсiмдердi орындайтын банк;
2) банк - екiншi деңгейдегi банк;
2-1) депозитор – қатысушы банкпен банктік шот және (немесе) банктік салым шартын жасасқан не пайдасына салым енгізілген жеке тұлға, оның ішінде дара кәсіпкерлік субъектісі, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат және кәсіби медиатор;
3) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесi - осы Заңда көзделген, қатысушы банктер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешенi;
4) жарналар - депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымға қатысушы банктердiң осы Заңның талаптарына сәйкес төлейтiн төлемдерi;
5) кепiлдiк берiлген депозит - осы Заңға сәйкес депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру объектiсi болып табылатын депозит;
6) кепiлдiк берiлген өтем - осы Заңға сәйкес депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым кепiлдiк берiлген депозит бойынша депозиторға төлейтiн ақша сомасы;
6-1) кепілді өтем төлемдерінің электрондық порталы (бұдан әрі – төлемдердің электрондық порталы) – депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған күнге жасалған кепілдік берілген депозиттер бойынша кепілді өтемнің есеп-қисабы бар депозиторлар тізілімін (бұдан әрі – депозиторлар тізілімі) қамтитын және кепілді өтемді төлеуге өтініштер қабылдауға, сондай-ақ кепілді өтемді төлеудің автоматтандырылған есебін жүргізуге арналған, ақпараттық жүйесі;
6-2) кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы – кепілді өтемді төлеу басталған күннен бастап бір жыл ішінде депозитор талап етпеген кепілді өтем сомасы;
7) қатысушы банк – депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, тартылған депозиттерін қайтару жөніндегі міндеттемелеріне осы Заңға сәйкес кепілдік берілетін банк (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы);
8) тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
9) қосылу шарты – банктің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылу шарты, оның талаптарын депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым айқындайды және олар жүйеге кіретін барлық банктер (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары) үшін стандартты болып табылады;
10) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-1-бап. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымды құрудың, оның қызметінің құқықтық негіздерін белгілеу, сондай-ақ депозиттерді қабылдауды, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын банктердің (Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктері филиалдарының) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу талаптарын белгілеу депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты болып табылады.
2. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің инфрақұрылымын қалыптастыру;
2) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
3) қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда кепілдік берілетін депозиттер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
3. Депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның қызметі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) реттеу ресурстары мен құралдарын тиімді пайдалану;
2) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның жауапкершілігі.
3-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң мақсаты мен қағидаттары
1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң мақсаты қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның iшiнде қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылға жағдайда депозиторларға кепiлдiк берiлген өтемдi төлеу арқылы банк жүйесiне деген сенiмдi қолдау болып табылады.
1) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауды, банктік шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын банктердің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу міндеттілігі;
2) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң айқындығын қамтамасыз ету;
3) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң жұмыс iстеуiне байланысты тәуекелдердi азайту;
4) сарнайы резервтi қалыптастырудың жинақтаушы сипаты депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiнiң негiзгi қағидаттары болып табылады.
2-тарау. Депозиттергe мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйыmның құқықтық мәртебесi және oның қызметi
4-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымды құру
1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым акционерлiк қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өз қызметiн осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінiң және жарғының негiзiнде жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның құрылтайшысы – жалғыз акционерi болып табылады.
5-бап. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның негiзгi мiндеттерi мен функциялары
1. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйымның негiзгi мiндеттерi:
1) қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу;
2) қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда кепiлдiк берiлген депозиттер депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау болып табылады.
2. Депозиттерге мiндеттi кепiлдiк берудi жүзеге асыратын ұйым өзiнiң негiзгi мiндеттерiн орындау үшiн мынадай функцияларды орындайды:
1) осы Заңның талаптарына сәйкес кепiлдiк берiлген өтемдi төлейдi;
2) депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру жүйесiне қатысушы банктердiң тiзiлiмiн жүргiзедi;
2-1) осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайда банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысады;