• Мое избранное

Отправить по почте

Өзара сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі № 163-III Заңы

Редакция 06.01.2020 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң өзара сақтандыруды жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi және өзара сақтандыру қоғамдары қызметiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1-бап өзгертілді ҚР 15.07.2011 жылғы № 461-IV Заңымен (05.07.2011 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
1) қосымша жарна - өзара сақтандыру қоғамы мүшесiнiң өзара сақтандыру қоғамының өзара сақтандыру ережелерiнде көзделген тәртiппен және жағдайларда қосымша енгiзетiн сақтандыру сыйлықақысының бiр бөлiгi; 
2) өзара сақтандыру - сақтандыру нысандарының бiрi, онда әрбiр сақтандырушы өзара сақтандыру қоғамының мүшесi болып табылады; 
2-тармақша өзгертілді ҚР 30.12.2009 жылғы №234-IV Заңымен (07.05.2007  ж. редакцияны қараңыз)
3) өзара сақтандыру қоғамы (бұдан әрi - қоғам) - өз мүшелерiнiң мүлiктiк мүдделерiн өзара сақтандыруды жүзеге асыру мақсатында тұтыну кооперативi ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға; 
4) уәкiлеттi орган - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
4-тармақша өзгертілді ҚР 03.07.2019 жылғы № 262-VІ Заңымен (26.07.2016 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2-бап. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi әрi осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 
3. «Тұтыну кооперативi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қоғамдар қызметiне осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде қолданылады.
3-бап. Өзара сақтандыру принциптерi
Өзара сақтандыру принциптерi мыналар: 
1) қоғам мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiнiң теңдiгi; 
2) қоғам мүшелерiн өзара қорғау және олардың өзара жауапкершiлiгi.
4-бап. Өзара сақтандыру объектiлерi
4-бап өзгертілді ҚР 07.05.2007 жылғы №244 Заңымен (05.07.2006 ж. редакцияны қараңыз)
4-бап өзгертілді ҚР 30.12.2009 жылғы №234-IV Заңымен (07.05.2007  ж. редакцияны қараңыз)
1. Өз қызметтерiне байланысты белгiлi бiр тәуекелдермен бiрiккен қоғам мүшелерiнiң заңды мүлiктiк мүдделерi өзара сақтандыру объектiсi болуы мүмкiн. 
2. Өзара сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасынасәйкес "өмiрдi сақтандыру" саласы және "жалпы сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылады. 
3. Өзара сақтандырудағы сақтандыру салалары мен сыныптарын бiрiктiру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 
4. Қоғам Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленетiн сақтандыру сыныптарын бiрiктiру жөнiндегi шектеулер ескерiлген, қоғамның жарғысында көзделген сақтандырудың екi және одан да көп сыныптарының белгiлерi мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрiн әзiрлеуге құқылы. 
5. Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
5-тармақ алынып тасталды ҚР 28.10.2019 жылғы № 268-VІ Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 06.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
5-бап. Уәкiлеттi органның қоғамға қатысты құзыретi
5-баптың тақырыбы өзгертілді ҚР 30.12.2009 жылғы №234-IV Заңымен (07.05.2007  ж. редакцияны қараңыз)
5-бап өзгертілді ҚР 19.03.2010 жылғы №258-IV  Заңымен (30.12.2009  ж. редакцияны қараңыз)
5-бап өзгертілді ҚР 15.07.2011 жылғы № 461-IV Заңымен (05.07.2011 ж. редакцияны қараңыз)
Уәкiлеттi орган:
1) қоғамдардың тізілімін жүргізеді;
2) қаржылық есептiлiкті қоспағанда, қоғамдардың есептілік тiзбесiн, нысандарын, оны беру мерзiмдерi мен тәртiбiн белгілейді;
3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайды және әкiмшiлiк жаза шараларын қолданады;
4) қоғамның активтерін инвестициялаудың тәртібі мен мөлшерін белгілейді;
5) қоғамдардың қаржылық есептілік тізбесін, нысандарын және оны беру мерзімдерін белгілейді;
6) қоғамдардың бастапқы статистикалық деректерінің тізбесін, оларды беру нысандары мен мерзімдерін айқындайды;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2-тарау. ҚОҒАМДЫ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТIН ТОҚТАТУ,  МҮШЕЛЕРIНДЕ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
6-бап. Қоғамның атауы
6-бап өзгертілді ҚР 30.12.2009 жылғы №234-IV Заңымен (07.05.2007  ж. редакцияны қараңыз)
1. Қоғамның атауында «өзара сақтандыру қоғамы» деген сөздер болуға тиiс.
2. Егер қоғам өзара сақтандырудың бір ғана түрін жүзеге асыратын болса, онда оның атауында сақтандырудың осы түрі көрсетілуге тиіс.
3. Қоғамның атауында кез келген тiлде толық не қысқартылған түрде «ұлттық», «мемлекеттiк», «орталық», «бюджеттiк», «республикалық» деген сөздер болмауға тиiс.
4. Қоғам өзінің тұрақты жұмыс істейтін оқшауланған бөлімшесі орналасқан жерін өзгерткен кезде бұл туралы уәкілетті органға он бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
7-бап. Қоғамды мемлекеттiк тiркеу
7-бап өзгертілді ҚР 15.07.2011 жылғы № 461-IV Заңымен (05.07.2011 ж. редакцияны қараңыз)
7-бап өзгертілді ҚР 24.12.2012 жылғы № 60-V Заңымен ( 05.07.2012 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi)
Қоғам мемлекеттiк тiркелген күннен бастап отыз жұмыс күні iшiнде уәкiлеттi органды мемлекеттiк тiркеуден өткенi туралы:
1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы анықтаманы және жарғының нотариат куәландырған көшiрмесін;
2) қоғамды құру туралы шешім қабылданғанын куәландыратын құжаттарды қоса беріп, жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
8-бап. Қоғамның құрылтай құжаттары
1. Қоғамның құрылтай шарты мен жарғысы оның құрылтай құжаттары болып табылады. 
2. Қоғамның құрылтай шартында: 
1) құрылтайшылардың сақтандыру шартына қол қою және сақтандыру сыйлықақыларын енгiзу жөнiндегi мiндетi; 
2) құрылтайшылардың қоғамды құруға және оның қызметiн ұйымдастыруға байланысты әкiмшiлiк шығыстарға енгiзетiн ақшалай жарналарының мөлшерi қамтылуға тиiс. 
3. Қоғамның жарғысында, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген мәлiметтерден басқа: 
1) өзара сақтандыруға жататын мүлiктiк мүдделердiң ортақтығын, қоғам мүшелерiнiң қай кәсiп иесi екенiн, қызметтер аясы мен мүдделерiнiң ортақтығын көрсетудi қоса, қоғам мүшелерiн бiрiктiру негiздемесi; 
2) қоғам мүшелерiнiң жауапкершiлiгi, оның iшiнде сақтандыру мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ қосымша жарналар енгiзу жөнiндегi субсидиарлық жауапкершiлiгi; 
3) сақтандыру сыныптары; 
4) сақтандыру сыйлықақылары мен өзге жарналарды төлеу тәртiбi; 
5) қоғам құратын сақтандыру және өзге де резервтердi қалыптастыру мен пайдалану тәртiбi; 
6) Тармақ алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
7) қоғам мүшелерiне қоғам қызметi туралы ақпарат беру тәртiбi; 
8) қоғам мүшелiгiне кiру тәртiбi, сондай-ақ қоғамға мүшелiктi тоқтату негiздемелерi және тәртiбi қамтылуға тиiс. 
Қоғам жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн. 
4. Қоғамның жарғысына жеке тұлғалар үшiн - тегi, аты және қалауы бойынша әкесiнiң аты, сондай-ақ тұратын жерi мен жеке басын куәландыратын құжат деректерi, заңды тұлғалар үшiн - толық атауы, орналасқан жерi мен мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы деректер көрсетiлген қоғам мүшелерiнiң тiзiмi қоса берiледi. 
Қоғам өз мүшелерiнiң тiзiмiн жүргiзу мен сақтауды қамтамасыз етедi. 
5. Қоғам жарғысы қоғам мүшелiгiне кандидаттарға танысу үшiн берiлуге тиiс. 
6. Қоғам жарғылық, соның ішінде әділет органдарында қайта тіркеуді талап ететін құжаттарына енгізілетін өзгерістер немесе толықтырулар мемлекеттiк тiркелгеннен кейін күнтізбелік он күн iшiнде уәкiлеттi органға жарғылық құжаттарға енгізілген өзгерістердің немесе толықтырулардың нотариат куәландырған, оны тіркеген әділет органының белгісі мен мөрі бар көшірмесін табыс етуге міндетті.
6-тармақша өзгертілді ҚР 15.07.2011 жылғы № 461-IV Заңымен (05.07.2011 ж. редакцияны қараңыз)
9-бап. Қоғам мүшелерi
1. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қоғамның мүшелерi болып табылады. 
Қоғам мүшелерiнiң саны екі жүз елуден кем болмауға тиiс. 
2. Қоғамға мүше болу жасалған сақтандыру шартына сәйкес алғашқы сақтандыру сыйлықақысын төлеген соң туындайды.
10-бап. Қоғам мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi
10-бап өзгертілді ҚР 07.05.2007 жылғы №244 Заңымен (05.07.2006 ж. редакцияны қараңыз)
1. Қоғам мүшелерi: 
1) қоғам көрсететiн сақтандыру қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалануға; 
2) қоғамды басқаруға қатысуға және оның органдарына сайлануға; 
3) өзара сақтандыру ережелерiнде және қоғам қызметiн реттейтiн өзге де құжаттарда белгiленген шарттарда өздерiнiң мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруға; 
4) қоғамның органдарынан өздерiнiң қызметi, қоғам қызметi туралы кез келген ақпаратты алуға, оның iшiнде қоғам жарғысында белгiленген тәртiппен бухгалтерлiк есеп, есептiлiк деректерiмен және басқа да құжаттамамен танысуға; 
5) қоғам жарғысында көзделген тәртiппен және жағдайларда қоғамдағы мүшелiгiн тоқтатуға; 
6) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде қоғамнан қарыз алуға; 
7) сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар алуға; 
8) қоғамның атқарушы органының қарауына сақтандыру жағдайының басталу тәуекелiнiң алдын алу үшiн ақша беру туралы өтiнiш беруге; 
9) қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғам мақсаттары үшiн өзге де жарналар енгiзуге; 
10) қоғамның атқарушы, бақылаушы және өзге де органдарының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) қатысты қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысына шағымдар жасауға; 
11) қоғам мүшелерiнiң мүдделерiн қозғайтын қоғам органдарының шешiмдерiне сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы. 
2. Қоғам мүшелерi: 
1) қоғам жарғысын сақтауға; 
2) қоғам органдарының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерiн орындауға; 
3) сақтандыру сыйлықақыларының төлемдерiн уақтылы төлеуге; 
4) осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы белгiлеген мөлшерде қосымша жарналар төлеуге мiндеттi. 
3. Қоғамның жарғысында қоғам мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де құқықтары мен мiндеттерi белгiленуi мүмкiн. 
4. Осы Заңның 22-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам мүшесiн сақтандыру сыйлықақыларын және қосымша жарналарды төлеу мiндетiнен босатуға, оның iшiнде қоғамға қойылатын талаптарды есепке алу жолымен босатуға жол берiлмейдi. 
11-бап. Қоғамға мүшелiктi тоқтату
1. Қоғамға мүшелiк: 
1) қатысушылар құрамынан өз еркiмен шыққан; 
2) қоғам жарғысында көзделген негiзде және тәртiппен қоғам мүшелiгiнен шығарылған, оның iшiнде сақтандыру сыйлықақысын төлеу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындамаған; 
3) қоғам мүшесi - заңды тұлға таратылған; 
4) қоғам мүшесi қайтыс болған, өлдi деп жарияланған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен хабарсыз кеттi деп танылған; 
5) қоғам таратылған жағдайларда тоқтатылады. 
2. Егер қоғам мүшесi қоғам мақсаты үшiн бұрын өзге жарналар енгiзген жағдайда, ол қоғамға мүшелiгi тоқтатылған кезде қоғам алдындағы берешегiн шегере отырып, оларды қоғамның жарғысында көзделген мерзiмде керi қайтарып алуға құқылы. 
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғам мүшесi төлеген сақтандыру сыйлықақылары мен қосымша жарналар қайтарылуға жатпайды. 
3. Қоғамға қатысушылардың оның құрамынан ерiктi түрде шығу туралы өтiнiшiн қарауды және өтiнiш берушiге осы баптың 2-тармағында көрсетiлген жарналарды қайтаруды қоғам өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырады. 
4. Қоғам мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерi қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамға кiруге құқылы. 
Мұрагер қоғамға кiруден бас тартқан жағдайда, қоғам мұра қалдырушының бұрын енгiзген осы баптың 2-тармағында көзделген өзге де жарналарын төлейдi. 
5. Құрылтай шартында белгiленген мерзiмде сақтандыру сыйлықақыларын енгiзбеген және сақтандыру шартына қол қоймаған құрылтайшы құрылтайшылар құрамынан шығарылады.
12-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату
Қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3-тарау. ҚОҒАМНЫҢ ҚЫЗМЕТI
13-бап. Өзара сақтандыру қызметін жүзеге асыру талаптары
13-бап өзгертілді ҚР 07.05.2007 жылғы №244 Заңымен (05.07.2006 ж. редакцияны қараңыз)
1. Өзара сақтандыру қызметі лицензиялауға жатпайды.
2. Қоғам:
1) азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша;
2) міндетті сақтандыру түрлері бойынша қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
2-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 28.10.2019 жылғы № 268-VІ Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 06.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
14-бап. Қоғамның өзара сақтандыруды жүзеге асыру тәртiбi
1. Қоғамның өзара сақтандыруды жүзеге асыру қызметi осы Заңға сәйкес жүргiзiледi. 
2. Қоғам өз мүшелерiнiң мүлiктiк мүдделерiн өзара сақтандыруды сақтандыру шартын жасасу арқылы жүзеге асырады. 
3. Өзара сақтандыру жүзеге асырылатын жалпы шарттар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 825-1-бабының талаптарына сәйкес келетін өзара сақтандыру ережесінде айқындалады.
4. Өзара сақтандыру ережесі қоғам мүшелігіне кіруге тілек білдірген адамдарға таныстыру үшін ұсынылуға тиіс.
15-бап. Қоғамның қызметi
1. Өзара сақтандыру қоғам жүзеге асыратын қызметтiң негiзгi түрi болып табылады. 
2. Қоғам өзара сақтандырудан басқа мынадай қызмет түрлерiн: 
1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен көзделген тәртiппен инвестициялық қызметтi;
2) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде өз мүшелерiне қарыздар берудi; 
3) өз мүшелерiне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар берудi; 
4) қоғамдар қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету өнiмiн сатуды; 
5) сақтандыру және сақтандыру қызметi жөнiндегi арнайы әдебиеттi ақпарат жеткiзгiштiң кез келген түрiнде сатуды; 
6) қоғамның мұқтаждары үшiн бұрын сатып алынған мүлiктi сатуды немесе жалға берудi; 
7) сақтандыру қызметiне байланысты мәселелер бойынша консультация беру қызметiн көрсетудi; 
8) өзара сақтандыру саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастырып, өткiзудi жүзеге асыруға құқылы. 
3. Қоғамға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген мәмілелерді жүзеге асыруға және операциялар жүргізуге тыйым салынады. 
3-1. Қоғам «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтерді және ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
15-бап 3-1-тармақпен толықтырылды ҚР 26.07.2016 жылғы № 12-VІ Заңына сәйкес (өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.07.2017 жылдан бастап)
4. Қоғамдар өзара сақтандыру бойынша қауымдастықтарға (одақтарға) бiрiккен, сондай-ақ олар бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде консорциум құрған жағдайларды қоспағанда, қоғамның басқа заңды тұлғаларға қатысуына жол берiлмейдi. 
5. Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құруға құқылы.
6. Қоғам осы Заңда көзделген тең құқықтарды қоғамның барлық мүшелеріне беруге міндетті.
16-бап. Қайта сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға тыйым салу
Қоғамның өзi қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн уәкiлеттi органның тиiстi лицензиясы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына немесе Қазақстан Республикасының резидентi емес қайта сақтандыру ұйымына қайта сақтандыруға беруіне, сондай-ақ делдалдық қызметті немесе қайта сақтандыруға арналған тәуекелдерді қабылдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
4-тарау. ҚОҒАМНЫҢ ОРГАНДАРЫ
17-бап. Қоғамның органдары
1. Қоғамның органдары мыналар: 
1) жоғары орган - қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы; 
2) атқарушы орган - алқалы орган (басқарма) немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам (төраға); 
3) бақылау органы - iшкi аудит қызметi. 
2. Қоғамның жарғысында қоғамның өзге де органдарды құруы көзделуі мүмкiн.
18-бап. Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы
18-бап өзгертілді ҚР 07.05.2007 жылғы №244 Заңымен (05.07.2006 ж. редакцияны қараңыз)
1. Қоғам мүшелерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне: 
1) қоғамның өз мүшелерiмен жасаған сақтандыру шарттарының талаптарын айқындау; 
2) қоғамның бюджетiн бекiту; 
3) қоғам аудитiн жүргiзу туралы шешiм қабылдау және аудиторлық ұйымды таңдау; 
4) қоғам мен оның мүшелерi арасындағы дауларды қарау тәртiбiн айқындау; 
5) өзара сақтандыру ережелерiн бекiту; 
6) сақтандыру тарифтерiн есептеу тәртiбiн айқындау; 
7) қоғамның қызметiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi, қоғамның сақтандыру және өзге де резервтерiн қалыптастыру мен толықтыру, оларды пайдалану тәртiбiн айқындау; 
8) қоғамның инвестициялық саясатын бекiту; 
9) сақтандыру тәуекелдерiн оларды қайта сақтандыру үшiн беру саясатын бекiту және сақтандырудың әрбiр түрi бойынша өзiнiң ұстап қалу лимиттерiн белгiлеу; 
10) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде қоғам мүшелерiне қарыздар беру туралы шешiм қабылдау; 
11) қоғам мүшелерiне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге қарыздар беру туралы шешiм қабылдау; 
12) қоғамның атқарушы органы ұсынған қорытынды негiзiнде сақтандыру жағдайының басталу тәуекелдерiнiң алдын алуға арналған iс-шараларды өткiзуге ақша бөлу туралы шешiм қабылдау; 
13) iшкi аудит қызметiнiң жұмыс тәртiбiн, iшкi аудит қызметi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу мөлшерiн және шарттарын айқындау; 
14) қоғамға жаңа мүшелердiң кiруi туралы шешiм қабылдау; 
15) Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актiлерiнде, сондай-ақ қоғамның жарғысында көзделген өзге де мәселелер жатады. 
2. Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы қоғам қызметiне байланысты кез келген мәселенi қарауына қабылдауға құқылы. 
3. Жалпы жиналысты (оның iшiнде кезектен тыс жиналысты) шақыру, өткiзу, шешiм қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының тұтыну кооперативi туралы заңнамасында айқындалады. 
4. Жалпы жиналыстың шешімі қабылданған кезде қоғамның әрбір мүшесі қоғам мүлкіндегі өз үлесінің шамасына қарамастан, бір дауысқа ие болады. 
19-бап. Атқарушы орган
1. Қоғамның атқарушы органының құзыретiне: 
1) қоғам қызметiнiң басым бағыттары бойынша ұсыныстар қалыптастыру; 
2) қоғамның инвестициялық саясатын әзiрлеу; 
3) сақтандыру тәуекелдерiн оларды қайта сақтандыру үшiн беру саясатын және сақтандырудың әрбiр түрi бойынша өзiнiң ұстап қалу лимиттерiн әзiрлеу; 
4) жылдық қаржылық есептi және қоғамның келесi жылға арналған бюджетiнiң жобасын әзiрлеу; 
5) бекiтiлуi қоғам мүшелерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған есептердi қоспағанда, қоғам есептерiн бекiту; 
6) Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актiлерiнде, сондай-ақ қоғамның жарғысында айқындалған өзге де мәселелер жатады. 
2. Қоғамның төрағасы қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында қызметке сайланады және қызметтен босатылады. 
Қоғамның төрағасы қоғамның мүшесi болмауы да мүмкiн. 
3. Қоғамның басшысын қоса алғанда, оның атқарушы органы (басқармасы) өзiнiң жарғысында көзделген санда және мерзiмге қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында сайланады. 
Қоғам мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғам басқармасының кез келген мүшесiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 
4. Қоғамның атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi және оның отырыстарын басқарады. 
5. Егер қоғам басқармасының отырысына оның мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысса, ол шешiм қабылдауға құқылы. Шешiмдер жай көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда басқарма төрағасының даусы шешушi болып табылады. 
6. Қоғамның атқарушы органы қызметiнiң және оның шешiмдер қабылдауының тәртiбi қоғамның жарғысында және қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданған өзге де құжаттарда айқындалады.
20-бап. Қоғамның iшкi аудит қызметi
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне бақылауды жүзеге асыру үшiн iшкi аудит қызметi құрылады, егер қоғам жарғысында өзгеше көзделмеген болса, ол қоғам мүшелерiнен тұрады. 
2. Қоғамның iшкi аудит қызметiнiң жұмыс iстеу тәртiбi қоғамның жарғысында және iшкi құжаттарда айқындалады. 
3. Қоғамның атқарушы органының мүшесi iшкi аудит қызметiнiң мүшесi бола алмайды. 
4. Iшкi аудит қызметi қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзедi, қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысына қоғамның жылдық қаржылық есебi мен бухгалтерлiк балансы бойынша қорытынды бередi. Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы қоғамның iшкi аудит қызметiнiң қорытындысы болмаған кезде қоғамның жылдық қаржылық есебi мен бухгалтерлiк балансын бекiтуге құқылы емес. 
5. Iшкi аудит қызметiнiң мүшелерiн, оның iшiнде оның төрағасын қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы қоғам жарғысында белгiленген мерзiмге сайлайды. Iшкi аудит қызметiнiң мүшелерi өз өкiлеттiктерiн басқа тұлғаларға беруге құқылы емес. 
Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша iшкi аудит қызметiнiң кез келген мүшесiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. 
6. Iшкi аудит қызметi мүшелерiнiң қоғам қызметi туралы кез келген ақпаратты алуға құқығы бар. 
Iшкi аудит қызметiнiң мүшелерi қоғам басқармасының отырыстарына қатысады. 
7. Iшкi аудит қызметi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысын: 
1) егер атқарушы органның қызметi қоғамның мақсаттарына қол жеткiзудi және мiндеттерiн орындауды қамтамасыз ете алмаған жағдайда; 
2) егер қоғамның атқарушы органы қоғам мүшелерi жалпы санының оннан бiр бөлiгiнiң жалпы жиналыс шақыру туралы талабын мұндай талап мәлiмделген күннен бастап он төрт күн iшiнде орындамаса, дербес шақырады.
5-тарау. ҚОҒАМНЫҢ МYЛКI
21-бап. Қоғамның мүлкiн қалыптастыру көздерi
1. Қоғамның мүлкiн қалыптастыру көздерi: 
1) құрылтайшылардың жарналары; 
2) Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
3) Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
4) ақшалай және өзге де ерiктi жарналар; 
5) сақтандыру резервтерiн және өзге де қаражатты орналастырудан алынған кiрiстер; 
6) осы Заңда көзделген өзге де қызметтен түскен кiрiстер. 
2. Қоғам меншiгiндегi мүлiкке билiк ету тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында белгiленедi.
22-бап. Сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерi
1. Қоғам мүшелерi төлеген сақтандыру сыйлықақыларын қоғам сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтандыру төлемдерi түрiнде пайда алушыға төлейдi. 
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi мен оларды есептеу тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамның өзара сақтандыру ережелерiнде белгiленедi. 
3. Егер есептiк кезеңнiң аяғында қоғамда сақтандыру төлемдерi бойынша берешектер, сондай-ақ салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектер болмаса, қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы кезектi сақтандыру сыйлықақыларын азайту немесе оларды төлеудi тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауы мүмкiн. 
4. Сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбi мен шарттары қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамның өзара сақтандыру ережелерiнде белгiленедi.
23-бап. Қосымша жарналар
1. Қосымша жарналарды есептеу мен енгiзу тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамның өзара сақтандыру ережелерiнде белгiленуге тиiс. 
2. Қоғам мүшелерiнiң қосымша жарналары сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға ғана жұмсалады. 
3. Тармақша алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
24-бап. Қоғамның сақтандыру және өзге де резервтерi
1. Қоғам өзiнiң мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн алынған сақтандыру сыйлықақыларынан сақтандыру резервтерiн қалыптастырады. Сақтандыру сыйлықақыларының алынған сомасы толық көлемде сақтандыру резервтерiн қалыптастыруға жiберiлуге тиiс.
Сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, оны есептеу әдістемесіне және олардың құрылымына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
Егер қоғам жарғысында өзге резервтер құру көзделмеген болса, онда қоғамның инвестициялық кiрiсi мен өз қаражаты да сақтандыру резервтерiн қалыптастыруға жiберiледi. 
2. Егер қаржылық жылдың аяғында қоғамда сақтандыру төлемдерi бойынша берешектер, сондай-ақ салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектер болмаса, қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы сақтандыру резервтерiнiң бiр бөлiгiн немесе бүкiл сомасын қоғамның қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабiлетiн қамтамасыз ету үшiн қоғамның қоғам жарғысында көзделген өзге де резервтерiне жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн. Алдағы қаржы жылына арналған сақтандыру резервтерiнiң қажеттi сомасы мiндеттi түрде кезектi сақтандыру сыйлықақыларының есебiнен қалыптастырылуға тиiс. 
3. Сақтандыру резервтерiнiң қаражаты инвестициялау және (немесе) сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру үшiн пайдаланылады. 
4. Қоғамда оның өзара сақтандыру ережелерiне сәйкес актуарий жүзеге асыратын өз мүшелерi алдындағы мiндеттемелерiнiң, қоғамның сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру резервтерi есептерiнiң актуарлық бағасы болуға тиiс.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарынасәйкес жауаптылыққа әкепсоғады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының 
Президенті