• Мое избранное
Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2017» бағдарламасын бекіту туралы
Внимание! Документ утратил силу с 13.03.2017 г.

Отправить по почте

Toggle Dropdown
  • Комментировать
  • Поставить закладку
  • Оставить заметку
  • Информация new
  • Редакции абзаца
  • 7

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2017» бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 151 қаулысы

Осы Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 07.11.2016 жылғы № 668 Қаулысына сәйкес (29.10.2015 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 13.03.2017 жылғы № 113 Қаулысына сәйкес
Редакция 07.11.2016 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2017» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 07.11.2016 жылғы № 668 Қаулысына сәйкес (29.10.2015 ж. редакцияны қараңыз)
2. Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық холдингтер, компаниялар мен ұйымдар (келісім бойынша) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу, бағалау және бақылау, сондай-ақ Елді аумақтық кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлеу, іске асыру және бақылау қағидаларына сәйкес Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 07.11.2016 жылғы № 668 Қаулысына сәйкес (29.10.2015 ж. редакцияны қараңыз)
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 шілдедегі № 749 қаулысы;
3) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 маусымдағы № 776 қаулысы.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                 С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2013 жылғы 18 ақпандағы
 № 151 қаулысымен
 бекітілген
  • 3
Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2017» бағдарламасы
Бағдарлама өзгертілді ҚР Үкіметінің 30.06.2014 жылғы № 750 Қаулысымен (18.02.2013 ж. редакцияны қараңыз)
Бағдарлама өзгертілді ҚР Үкіметінің 29.10.2015 жылғы № 860 Қаулысымен (30.06.2014 ж. редакцияны қараңыз)
Бағдарлама жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 07.11.2016 жылғы № 668 Қаулысына сәйкес (29.10.2015 ж. редакцияны қараңыз)
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес-2017» бағдарламасы
Әзірлеу үшін негіз Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Әзірлеу және іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – ҚР АШМ), облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері
Мақсаты Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) агроөнеркәсіптік кешені (бұдан әрі – АӨК) субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау
Міндеттері 1. АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру.
2. АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру:
1) өсімдік шаруашылығындағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
2) астық сақтау жөніндегі қызметтердің физикалық қолжетімділігін арттыру;
3) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (бұдан әрі – АШТӨ) үшін судың экономикалық қолжетімділігін арттыру;
4) мал шаруашылығындағы және тауарлы балық өсірудегі тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
5) ауыл шаруашылығы шикізатын терең қайта өңдеу өнімінің өндірісі үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
6) қаржылық қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
7) басым инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыру;
8) білім беру қызметтерінің, аграрлық ғылым нәтижелерінің және консультациялық көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру.
3. АӨК субъектілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерін дамыту:
1) фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту;
2) ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту.
4. АӨК-ні мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру:
1) ауыл шаруашылығына агрохимиялық қызмет көрсету тиімділігін арттыру;
2) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу мен бағалаудың тиімділігін арттыру;
3) ауыл шаруашылығы дақылдарының мемлекеттік сорттық сынау тиімділігін арттыру;
4) АӨК субъектілері үшін мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін дамыту;
5) ауыл шаруашылығындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту;
6) АӨК-дегі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру;
7) органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен айналымын дамыту үшін жағдайлар жасау;
8) ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту;
9) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Іске асыру мерзімі 2013 – 2017 жылдар
Нысаналы индикаторлар 1) АӨК субъектілерін субсидиялау есебінен ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 2017 жылы 3,6 есе ұлғайту;
2) АӨК субъектілерінің борыштық жүктемесін қарыздарды қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау есебінен жалпы сомасы 500 млрд. теңгеге кемінде 9 жылға ұзарту;
3) кредиттер мен лизингтің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар есебінен АӨК-ге тартылған мемлекеттік емес кредит қаражатының көлемі 2013 – 2017 жылдары 1,1 трлн. теңгеге дейін болады;
4) карантиндік және аса қауіпті зиянды организмдер таралуының қауіптілік коэффициенті 2017 жылы 0,94 % болады;
5) мониторингтік зертханалық зерттеулерге ұшырайтын тамақ өнімдерінің үлесі 2017 жылы 0,27 % болады;
6) электрондық форматқа көшірілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлесі 2015 жылы 62 % болады.
Қаржыландыру көздері мен көлемдері «Бағдарламаны 2013 – 2017 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар барлығы 2 102,3 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
2013 жылы – 339,7 млрд. теңге
2014 жылы – 466,0 млрд. теңге*
2015 жылы – 543,2 млрд. теңге*
2016 жылы – 356,7 млрд. теңге
2017 жылы – 396,7 млрд. теңге
* – сомалар тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік бюджетке сәйкес нақтыланатын болады.
2. Кіріспе
ҚР тәуелсіздігі кезеңінде елдің АӨК-сінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: нарықтық қатынастар негізінде өндірістің тұрақты өсуі байқалады, еңбек өнімділігі мен өндіргіштігі артуда, саланың негізгі қорларын жаңарту және инфрақұрылымын қалпына келтіру жүргізілуде, негізгі тамақ өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізілді, дәнді, майлы дақылдар, балық аулау өнімдері экспортының айтарлықтай өсуі орын алды.
2011 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің (бұдан әрі – ЖІӨ) көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 5,1 %-ды құрады, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің еңбек өнімділігі 2005 жылдан бастап 2011 жылдар аралығындағы кезеңде жылына 9,3 % орташа жылдық өсу қарқынымен бір жұмыс істейтін адамға 304,2 мың теңгеден 498 мың теңгеге дейін өзгерді, ауылдық жерлерде шамамен 7,48 млн. адам немесе Қазақстанның жалпы халқының 45%-ы тұрды.
Қазіргі уақытта әлемдік аграрлық экономика мен демографияның жаңа үрдістері қалыптасуда, өңірдегі ықпалдастыру процестері нақты дами бастады, жаһандық климаттық өзгерістер болуда. Қазақстан Кеден одағына (бұдан әрі – КО) кірді, таяу кезеңде Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіреді деп жоспарлануда. Алайда, саладағы еңбек өнімділігінің төмен деңгейі, пайдаланылатын технологиялардың жетілдірілмеуі, өндірістің ұсақ тауарлы болуы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды негізде жүргізуге, материалдық, еңбек және басқа ресурстарды неғұрлым толық пайдалануды қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бермейді. Бұл факторлар отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, мұның өзі ДСҰ мен КО жағдайларында шетелдік өнім импортының үстем болуына, жергілікті өндірушілердің өткізу нарықтарынан ығыстырылуына әкелуі мүмкін.
Ел халқының көбеюі орын алуда, тиісінше азық-түлік өнімдерін тұтыну қарқынды өсіп, тұтыну құрылымы неғұрлым сапалы өнімдер жағына қарай өзгеруде. Елді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі, халықты жұмыспен қамтуды арттырудағы және республиканы экономикалық дамытудағы ауыл шаруашылығының рөлін Мемлекет басшысы бірнеше рет, оның ішінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті.
Сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларында Қазақстанның КО-ға кіруі мен ДСҰ-ға алдағы кіруіне, саланы мемлекеттік реттеу мен жаңғыртудың жаңа тетіктерін қолдану қажеттілігіне байланысты ҚР АӨК-сін дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленді.
3. Агроөнеркәсіптік кешендегі ағымдағы ахуалды талдау
ҚР АӨК жалпы өнімінің көлемі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2007 жылғы 1089,4 млрд. теңгеден 2011 жылғы 2286 млрд. теңгеге дейінгі және қайта өңдеу өнімдерінің 2007 жылғы 490,8 млрд. теңгеден 2011 жылғы 828 млрд. теңгеге дейінгі өсуімен орнықты үрдісті көрсетті. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің орташа өсу қарқыны 20 %-ды, қайта өңдеу өнімдері 12,2 %-ды құрады.
1-сурет. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерін өндіру көлемі
Дереккөз: ҚР Статистика агенттігі
2-сурет. Тамақ өнімдері өндірісінің көлемі
Дереккөз: ҚР Статистика агенттігі
5 жылда түйінді қайта өңдеу өнімдері өндірісінің орташа жылдық жалпы көлемі 650 млрд. теңгеден асты.
1-кесте. Қайта өңдеу өнімдерін өндіру, млрд. теңге
Көрсеткіш 2007 2008 2009 2010 2011
Тамақ өнімдерін өндіру 490,8 623,5 629,8 695,2 828,0
Етті қайта өңдеу мен консервілеу және ет өнімдерін өндіру 50,2 59,7 69,7 77,6 102,8
Балықты, шаян тәрізділерді және ұлуларды қайта өңдеу және консервілеу 6,3 6,9 7,3 8,1 9,6
Жемістерді және көкөністерді қайта өңдеу мен консервілеу 68,2 60,8 69,6 68,3 87,6
Өсімдік және жануарлар майлары мен тоңмайларын өндіру 43,6 60,4 42,9 85,6 72,3
Сүт өнімдерін өндіру 89,4 101,5 103,5 117,3 132,8
Ұн тарту өнеркәсібінің өнімдерін, крахмалдар мен крахмал өнімдерін өндіру 79,3 133,2 128,0 119,6 168,2
Нан-тоқаш және ұн өнімдерін өндіру 89,8 110,8 115,3 120,1 133,6
Өзге де тамақ өнімдерін өндіру 57,0 82,5 86,2 90,9 109,0
Жануарларға арналған дайын азық өндіру 6,9 7,6 7,4 7,8 12,1
Дереккөз: ҚР Статистика агенттігі
ҚР ауыл шаруашылығы әлемдік азық-түлік нарықтарына ықпалдасты және сауда теңгерімін қалыптастыруға белсене қатысады.
Алайда, АӨК қайта өңдеу өнімдерінің көптеген түрлері бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі қалыптасты, айталық, жеміс-көкөніс өнімдері, етті және сүтті қайта өңдеу өнімдері бойынша импортқа тәуелділік деңгейі жоғары.
2-кесте. Қазақстанда 2009 – 2011 жылдары өнімдерді тұтынудағы импорттың үлесі, мың тонна
Өнім Импорт Тұтыну Тұтынудағы импорт үлесі %
2009 – 2011 жылдары орта есеппен, мың тонна
Жемістер, жүзім және оларды қайта өңдеу өнімдері 573,6 678,3 84,57
Балық және балық өнімдері 67,2 88,7 75,72
Өсімдік майы және құрамында май бар өнімдер 165,4 342,3 48,33
Ет және ет өнімдері 209,2 1 122,2 18,64
Сүт және сүт өнімдері 870,6 5 756,8 15,12
Күнбағыс тұқымы 28,7 316,4 9,06
Көкөністер, бау-бақша дақылдары және оларды қайта өңдеу өнімдері 193,2 3 169,0 6,10
Картоп және оны қайта өңдеу өнімдері 145,3 2 518,7 5,77
Астықты қайта өңдеу өнімдері 43,8 1 989,8 2,20
Жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері, млн. дана 33,4 3 565,5 0,94
Астық 110,0 11 973,7 0,92
Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (өзара сауда-саттықты қоса алғанда); ҚР Статистика агенттігі; «АӨК-тегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС.
2011 жылы ауыл шаруашылығында 2 196,1 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 26 %-ы) жұмыс істеді, оның ішінде жалданғандар – 604,8 мың адам (секторда жұмыс істейтіндердің 27,5 %-ы), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 1591,3 мың адам (секторда жұмыс істейтіндердің 72,5 %-ы).
ҚР-дағы егіс алаңдары 2011 жылы 21 083 мың гектарды құрады. Барлық егіс алаңдарының шамамен 65,7 %-на (13 848,9 мың гектар) бидай егілді. Дәнді дақылдарға 2011 жылы барлық егіс алаңдарынан 76,9 % (16 219,4 мың гектар) бөлінді. Мал басының саны 2012 жылдың басында 5,7 млн. бас ірі қара мал (бұдан әрі – ІҚМ), 18,1 млн. бас ұсақ мал (бұдан әрі – ҰМ), 1,6 млн. бас жылқы, 1,2 млн. бас шошқа, 0,17 млн. бас түйе және 32,9 млн. бас құс болды.
3.1. ҚР АӨК өнімін өткізудің нысаналы ішкі және сыртқы нарықтары
Орталық Азия елдері мен Ауғанстан халқының тез өсуін ескере отырып, Орталық Азия, Еуропалық Одақ (бұдан әрі – ЕО) елдеріне, Ауғанстанға Қазақстан 2018 жылға қарай 7 млн. тоннадан астам астық өнімдерін (бидай, ұн, бидайды терең өңдеу өнімдері) жеткізе алады. Түйінді міндеттердің бірі ұн экспорты бойынша көшбасшылық позицияны сақтап қалу болып табылады, ол импорттаушы елдердің ұн өндіру жөніндегі меншікті қуаттылықтарын дамытуға бағдарлануына байланысты қысқаруы мүмкін. Бидайды терең өңдеу өнімдерінің (крахмал, глютен, дән маңызы және басқалары) экспорты қазіргі уақытта іске қосылып жатқан ұнды терең өңдеу жобалары табысты іске асқан жағдайда шикізат баламасында 0,1 млн. тоннаны құрайды.
Алманың ішкі нарығы 2018 жылға қарай 300 мыңнан астам тоннаны құрайды, бұл ретте импорттық өнімдерге жоғары тәуелділік байқалады (шамамен 50 %), осыған байланысты, мақсат осы өнім бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуді ұлғайту болып табылады.
Көкөніс өнімдерінің, оның ішінде қызанақтардың ішкі нарығы 2018 жылға қарай шамамен 4,3 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде жергілікті өндірушілер ішкі сұраныстың 90 %-дан астамын қамтамасыз ете алады. Көкөніс өнімдерінің экспорты 2018 жылға қарай негізінен Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) елдеріне 55 мың тоннаға дейін құрауы мүмкін. Қайта өңделген және консервіленген көкөністердің, оның ішінде қызанақтың ішкі өндірісі 2018 жылға қарай болжам бойынша 17 мың тоннаға дейін өседі.
Ішкі нарықтағы жүгеріге деген сұраныс 2018 жылға қарай негізінен мал шаруашылығы тарапынан астық түрінде шамамен 0,8 млн. тоннаны құрайды. Иран қазіргі уақытта жыл сайын 5,5 млн. тоннадан астам астық түріндегі жүгері импорттайды және осы өнімді өткізудің перспективалы әлеуетті нарығы болып табылады.
Рапстың ішкі нарығы 2018 жылға қарай шамамен 160 мың тоннаны құрайды, ол жергілікті өніммен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, экспорт көлемін шамамен 100 мың тоннаға дейін ұлғайту әлеуеті бар.
Сояның ішкі нарығы 2018 жылға қарай шамамен 230 мыңнан астам тоннаны құрайды, ол жергілікті өніммен қамтамасыз етілетін болады.
Ресей Федерациясында (бұдан әрі – РФ) импорттық сиыр етінің әлеуетті нарығы жыл сайын кемінде 600 мың тоннаны құрайды, оған Қазақстан 2018 жылға қарай шамамен 10 мың тонна салқындатылған ІҚМ етін жеткізе алады. Сондай-ақ сиыр етінің ішкі нарығы 2018 жылға қарай шамамен 440 мың тоннаны құрайды, қой еті – шамамен 170 мың тонна, жылқы еті – 110 мың тонна, ол отандық өніммен қамтамасыз етілетін болады.
Қой еті мен жылқы еті бойынша ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағдар перспективалы, өйткені шектес елдердің ішкі нарықтарының ерекшелігіне байланысты осы өнім түрлерін үлкен көлемде экспорттау мүмкін емес.
Етті қайта өңдеу өнімдерінің ішкі нарығы болжам бойынша 2018 жылға қарай шамамен 74 мың тонна шұжық өнімдерін, 14 мың тоннадан астам ет консервілерін құрайды, оның ішінде жергілікті өнім шамамен 45 мың тонна шұжық өнімдерін және 11 мың тоннадан астам ет консервілерін құрауы мүмкін.