Toggle Dropdown
Зияткерлік меншік саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 26 мамырдағы № 579 Қаулысы
Осы редакция 06.11.2012 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 34 бабының 2-тармағына және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 9-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1) «Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға байланысты басқаға беру шарттарын мемлекеттік тіркеу »;
2) «Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу »;
3) «Туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеу »;
4) «Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға байланысты лицензиялық, сублицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеу »;
5) «Патенттік сенім білдірілген өкілдерді мемлекеттік тіркеу және аттестаттау »;
6) «Қолжазбаларды сақтауға тапсыру, жарияланбаған туындылардың қолжазбаларын сақтау туралы анықтамалар беру »;
7) «Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу » мемлекеттік қызмет стандарттары бекітілсін.
2. «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімінде:
«Заңды және жеке тұлғалардың мүліктерін тіркеу» деген 3-бөлімде:
реттік нөмірі 47-жолдың 2-бағанындағы «және сабақтас құқықтармен» деген сөздер алынып тасталсын;
реттік нөмірі 49-жолдың 2-бағаны мынадай редакцияда жазылсын:
«Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға байланысты лицензиялық, сублицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеу».
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күні өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 26 мамырдағы
№ 579 қаулысымен
бекітілген
«Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға байланысты басқаға беру шарттарын мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызмет стандарты
1. «Өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға байланысты басқаға беру шарттарын мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті (бұдан әрі - Комитет) көрсетеді.
Заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, № 13 кіреберіс.
2. Мемлекеттік қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет Казақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 1000, 1029-баптары, «Патент заңы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңының 11-бабының 6-тармағы, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі Заңының 21-бабының 1, 2, 3-тармақтары, «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы Заңының 8-бабы, «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңының 18, 19, 20-баптары негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызмет стандарты Комитеттің: www.іntellkаz.kz Интернет-ресурсында орналасқан. Анықтама телефоны: (87172) 74-07-54.
5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің аяқталу нысаны қағаз тасымалдағышта берілетін шарттың тіркелген күні мен ағымдағы нөмірі бар мөртабан басылған тіркелген шартты беру не бас тарту себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап беру болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтарына не жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі — тұтынушылар) көрсетіледі.
7 Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдері:
1) мемлекеттік қызмет тұтынушы осы стандарттың 11-тармағында белгіленген қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап 35 (отыз бес) жұмыс күні ішінде көрсетіледі;
2) құжаттарды тапсыру кезінде кезекте күтудің ең көп рұқсат берілген уақыты 10 минуттан аспайды;
3) құжаттарды алу кезінде кезекте күтудің ең көп рұқсат берілген уақыты 10 минуттан аспайды.
8. Мемлекеттік қызмет қолма-қол және (немесе) қолма-қол емес есеп айырысу бойынша ақылы түрде көрсетіледі.
Мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының банктік мекемелері арқылы уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңды мәні бар әрекеттер жасау және (немесе) құжаттарды беру орны бойынша төленеді, олар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексіне сәйкес белгіленген төлем мөлшері мен күнін растайтын төлем құжаттарын береді.
Мемлекеттік бажды төлеу үшін қажетті банктік деректемелер осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.
9. Мемлекеттік қызмет демалыс және мереке күндерін қоспағанда аптасына бес күн сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін көрсетіледі.
Қабылдау кезек бойынша жүргізіледі. Алдын ала жазылу немесе жедел қызмет көрсету көзделмеген.
10. Құжаттарды толтыру орны қажетті құжаттар тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар тағанмен жабдықталған.
Физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін пандустар мен лифтілер көзделген.
2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
11. Мемлекеттік қызметті алу үшін Комитетке мынадай құжаттар тапсырылады:
1) осы стандарттың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) нысаны өнеркәсіптік меншіктің біртектес объектілері болатын титулдық парақпен жабдықталған басқаға беру шартының түпнұсқалары немесе нотариалды куәландырылған көшірмелері төрт данада. Шарттың әрбір данасы тігіледі, қағаз пломбамен бекітіледі, оған тігілген және нөмірленге парақтардың саны туралы жазба жасалады, мөр бедері мен екі тарапты уәкілетті тұлғаларының немесе өтініш берушінің қолдары қойылады;
3) өтінішті патенттік сенім білдіруші немесе өзге өкіл арқылы берген жағдайда — сенімхат;
4) белгіленген мөлшерде тиісті төлемді растайтын құжат;
5) ұлттық тұтынушылар (Қазақстан Республикасының резиденттері) үшін шартты жасасу және басқарушы орган жетекшісі қол қоюына өкілеттік беру мәселесі бойынша (құрылтайшылар немесе акционерлердің жалпы жиналысының) иеленушінің басқару органдарының шешімі.
12. Өтініштердің бланкілерін Комитет кеңсесінен мына мекенжай бойынша: Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, № 13 кіреберіс, № 1019 кабинетінен (бұдан әрі - Комитеттің кеңсесі) немесе Интернет-ресурсынан: www.іntellkаz.kz алуға болады.
13. Мемлекеттік қызметті алуға қажетті құжаттар Комитеттің кеңсесіне тапсырылады.